|
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Күллi мұсылман әлемiнде "Tөрт шаһарияр" деген атпен белгiлi, Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ең жақын, ең адал серiктерi, мұсылмандардың әмiршiлерi болған, Исламды өркендетуге айрықша еңбек сiңiрген әдiлеттi төрт халиф туралы жазылған бұл кiтапта олардың өмiрi мен қызметi туралы көптеген қызықты деректер баяндалады. Кiтап оқырмандарға Ислам тарихынан қысқаша мағлұмат беру мақсатында жазылды.
Алғы сөз
Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өлгеннен кейiн мұсылман қауымы алдында Халифатты басқару iсiн шешу мәселесi тұрды. Жаңа басшы кiм болмақ? Мұсылмандар қауымының басшылығынан үмiткер төрт адам бар едi:
Әбу Бәкiр әс-Сыддық, осыдан он жыл бұрын Пайғамбардың Мәдинаға қарай жолбастаушысы болған, әрi Пайғамбар, салла Аллаһа алейһи уә сәллам, ең соңғы рет ауырған тұста оның орнын ауыстырып, имамдыққа тағайындалған;
Омар бин әл-Хаттаб, Пайғамбардың адал да қабiлеттi сахабасы;
Осман ибн Аффан – Исламға бет бұрғандардың бұрыннан қадiрмендi адамы;
Әли ибн бу Талиб, Расулдiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, әрi туысы, әрi күйеу баласы.
Әр түрлi топтар арасында алауыздық шығып кетпесiн деп Омар алқалы жиында көпшiлiк күтпеген жерден Әбу Бәкiрдiң қолын қысты, мұның өзi сол тұста жаңа әмiршiнi мойындаудың дәстүрлi белгiсi болатын. Оның үлгiсiн басқалар да қайталады, сөйтiп күн батқанша Әбу Бәкiрдi барлығы Мұхаммедтiң халифi деп таныды. Арабша “халиф” сөзi мұрагер деген мағына бередi.
Әбу Бәкiрдiң халифтығы көпке созылмаса да, Ислам тарихында алатын орны зор. Үлгiлi басшы ретiнде ол қарапайым тiрлiк кештi, өзiнiң дiни парыздарын мүлтiксiз орындады, адамдарға есiгi ашық болды және әрқашан да оларға қайырымдылық танытты. Ол қатал да болды, бұл Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, о дүниелiк болғаннан кейiн бiрқатар тайпалардың Исламнан бас тартуы кезiнде көрiндi, Әбу Бәкiр оларды тез сабасына түсiрдi. Содан соң ол Арабстандағы әрқилы тайпалардың басын бiрiктiрiп, шығыстағы құдiреттi империялар – Парсының сасанидтерiне, Сириядағы византиялақтарға, Палестина және Мысыр елдерiне қарсы күрестi күшейтуге назар аударды. Ол бүкiл әлемге мұсылман мемлекетiнiң өмiршеңдiгiн тағы да дәлелдеп бердi.
Одан соң халифатты – Омар ибн әл-Хаттаб басқарды. Ол Әбу Бәкiрдiң жазып қалдырған өсиетi бойынша тағайындалды. Мұсылмандар әмiршiсi деген атқа ие болған Омар мұсылман әскерлерiн жеңiстi жорықтарға бастап, Исламды Сирияға, Мысырға, Иракқа және Парсы елдерiне таратты. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қайтыс болғаннан кейiнгi төрт жыл iшiнде мұсылман мемлекетi өзiнiң иелiгiн Сирияға дейiн кеңейттi.. Омар он жыл халифтiк еттi, бұл уақыт ертедегi Ислам тарихының шоқтығы биiк кезеңдерiнiң бiрiнен боп саналады. Ол өзiнiң әдiлдiгiмен, үлгiлi қоғамдық әдебiмен және мемлекет басқару iсiн жетiк бiлуiмен даңққа бөлендi. Омар өлгеннен кейiн Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сахабаларынан құралған құрылтай кеңесi үшiншi халифтi сайлады:
ол – Осман ибн Аффан болды. Оның билiк құрған уақытында Ислам бiрлiгiне жiк түскен күрделi мәселелердiң орын алғандығына қарамастан, бұл кезең көптеген жетiстiктерiмен ерекшелендi. Осман өзiнен бұрынғы халифтардың iсiн дамытып, Парсы патшалығын одан әрi бағындыру iсiн жүргiздi, византиялықтардан мұсылман мемлекетiнiң қорғанысын күшейттi, қазiргi Ливияны мұсылман империясының иелiгiне алды және Арменияның көп жерiн өзiне бағындырды. Ол өзiнiң немере туысы Сирияның билеушiсi Му`ауия ибн бу Суфиянмен бiрлесе отырып араб флотының негiзiн салды. Сол тұстағы қиындықтарға қарамастан Әбу Бәкiр кезiнде-ақ басталған Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, түсiрiлген аяттарды толық Құран етiп құрастыру iсiнiң аяқталуы – Ислам үшiн аса маңызды нәрсе едi. Аллаһтан түскен уахилардың әртүрлi нұсқаларда бастапқы мәнiнен абайсыз бұрмаланып кетуi мүмкiн екенiн жете ұғынған Осман Құранды жинап, құрастырумен айналысатын кеңес құрды. Нәтижесiнде осы күнге дейiн бүкiл Ислам дүниесiнде қолданылып келе жатқан Аллаһтың Кiтабы құрастырылды. Осман қастандықпен өлтiрiлгеннен кейiн мұсылмандар қауымына жiк түстi.
Бұл жiкке бөлiну Пайғамбардың немере iнiсi әрi күйеу баласы Әли төртiншi халиф боп сайланғаннан кейiн тiптi өрши түстi. Әлидiң билiк басына келуiн Османның туыстары, әсiресе Сирияның құдiреттi әмiршiсi Му`ауия мойындаған жоқ. Олар Әлидiң халиф боп сайлануын заңсыз деп есептедi. Екi арадағы кикiлжiң 657 жылы ең жоғарғы шегiне жетiп, ол Евфрат жанындағы Сиффин соғысына ұласты. Оның ақыры мұсылмандардың екi топқа жарылуына, сунниттер мен ши`алардың (Әлидiң жақтастары) бөлiнуiне алып келдi. Сиффиндегi соғыстан кейiн басты күшiн Иракқа шоғырландырған, ал астанасын Куфаға орнықтырған Әлидi қолдаушылардың қатары күрт кеми бастады. Әли ибн Әбу Талиб 661 жылы өзiнiң бұрынғы жақтасының қолынан қаза тапты.
Жалпы халифаттың алғашқы кезеңдерi туралы жазылған кiтаптар көптеп саналады. Бұл кiтап халифаттың негiзiн салған сол әдiлеттi төрт халифты, Аллаһ оларға разы болсын, қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында ықшамдалып құрастырылды. |