|
Көненің көзі
Nov 19,2006 00:00
by
oljas
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолдауымен дүниеге келген “Мәдени мұра” бағдарламасы арқылы бүгінде қалың жұртшылық талай-талай рухани қазыналармен қайта қауышуда. Соның бірі “Түркістан альбомы” деген атпен 1871-1872 жылдары дайындалған үлкен еңбектің қайта жарыққа шығуы десек, бұл фотоальбомды халқымыздың тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертетін шежіре деуге әбден лайық. Бір айта кететін жәйт, кезінде Түркістан генерал-губернаторы К.П.фон Кауфманның тапсырмасымен дайындалған осы еңбекке бүгінгі Өзбекстан аумағы толығымен дерлік және қазіргі Қазақстанның біраз бөлігі – Шымкенттен Қазалыға дейінгі аймақты мекен еткен елдің сол кездегі тыныс-тіршілігін, өмір салтын бейнелейтін таңдаулы фотосуреттер мен оларға берілген түсініктемелер топтастырылған. Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінің түлегі, шығыстанушы Александр Людвигович Кун құрастырған осынау фотоальбом Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат және сараптама орталығының тапсырысы бойынша жарық көрген болса, жобаның бас демеушісі “ҚазМұнайГаз” ҰҚ ЖАҚ екенін де айта кеткен жөн. Фотосуреттерге қоса қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілген түсініктемелердің қазақ тіліндегі мәтінін аударған Н.Оразов, ал құрастырушылары А.Мұхамеджанов және А.Сәбитов. |