|
Ер мінезді ұрпақ тәрбиелеу үшін еркек мұғалімдерді көбейту керек
Nov 19,2006 00:00
by
oljas
Психологтар мен антропологтардың пайымдауынша, кеңестік дәуірдегідей «мұғалімді көрсе тікесінен тік тұрып қарсы алатын» ұрпақ тәрбиелеудің ауылы сағымданып кеткенмен, қазіргі ұрпақ санасына ибалылық пен инабаттылықты сіңіруге болады. Ол үшін ең алдымен орта мектептерде білім беретін ер-азаматтардың санын көбейтуіміз керек.
Осы тұрғыда білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова да кезекті басқосулардың бірінде: «Ер-азамат жүрген жерде темірдей қатаң тәртіп қоса жүреді, сондықтан білім ордаларына жігіттерді көбірек тарту керек», – деген болатын. Нақ осы тұрғыда арнайы мамандармен тілдескен едік. Жоғары санаттағы психолог Алия Сардарова: – Қазір орта мектептерде балаларға білім беретіндердің көпшілігі нәзік жандылар. Олардың ішінде жап-жас қыздардың 16-17 жастағы ержеткен бозбалаларға дәріс беруімен мүлде келіспеймін. Біз оқыған кездері біздің түсінігімізде жас болсын, егде болсын мұғалімнің беделі керемет еді. Көшеде кетіп бара жатып, «мұғалімді кезіктірмесек екен, көзіне түсіп қалмасақ» деп тілейтінбіз. Ол кездегі мұғалімдердің көпшілігі ер адамдар еді. Олардың алдында тәртіп бұзбақ түгілі, амандасуға қымсынатынбыз. Ал қазір бәрі басқаша. Бұл жайында Алматы қалалық білім департаментінің бөлім бастығы Максима Нүреевна: – Бүгінгі ұрпағымыздың тәрбиесі балабақшада да, мектеп қабырғасында да әйел адамдарға жүктеліп отыр. Алматы бойынша мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеменің тұтқасын ұстап отырған бірде-бір азамат жоқ. Білім ордасына жай ғана бас сұға қалсаңыз, ер-азаматтардың аздығы көзге көрініп тұрады. Мысалы, Бостандық ауданының №23, 63, 92 мектептерінде білім беретін бірде-бір ер адам жоқ. Сол сияқты №122 мектепте де осындай жағдай қалыптасқан. Жетісу, Түріксіб аудандары бойынша 80 орта мектеп бар екен. Ал бұл мектептерде 5014 мұғалім еңбек етсе, солардың 225-і ғана ер адамдар. Кейбір мектептерде тіпті алғашқы әскери дайындыққа даярлайтын мұғалім де жоқ. Менің бір байқағаным, ер балалар көбінесе әскери кафедра үшін мұғалімдік мамандықты таңдайды. Әскери билет қолдарына тигеннен кейін олар мұғалім болудан бас тартып, басқа жұмыс көзін қарастырады, – дейді. Біздің жастарымыз, әсіресе, жігіттер жағы «мұғалім болу ер адамға тән мамандық емес» деген түсінік қалыптастырып үлгеріпті. Олардың ойынша мұғалімдік мамандықты оқуға түсе алмай қалған, я болмаса әке-шешесінің ықпалынан аса алмаған адамдар ғана таңдайтын көрінеді. Бұлай деуімізге Білім департаменті мамандарының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен жүргізген сауалнама қорытындысы сеп болып отыр. «Мұғалім болуды алдыңызға бала кезден мақсат еттіңіз бе?» – деген сауалнамаға жауап берген студенттердің көрсеткіші мен «Педагогикалық факультетке келуіңіздің сыры неде?» деген сауалға жауап берген студенттердің көрсеткіші жоғарыдағыдай болыпты...
Қарлығаш Зарыққанқызы
|