«Отандық баспа ісінің халі мүшкіл»
Nov 19,2006 00:00 by oljas

Бүгінгі күнде Қазақстанның 1000 тұрғынына шаққанда 70 жаңа басылымнан келеді екен. Мамандар пікірінше, бұл әлі де болса жеткіліксіз. Себебі халықаралық "ИФЛА" – кітапхана қауымдастығы федерациясының ұсынысы бойынша 1000 тұрғынға 250 жаңа басылымнан келуі керек.

"Ал Қазақстан бұл халықаралық стандартқа қаншалықты сай?" деген сауалдарға осы сала мамандарының өздері де жауап беруге қиналады. Себебі бұл салада орнықты жүйе қалыптаспағандықтан, отандық баспа өнімдерінің қайда, кімдердің қолына тиіп жатқандығына есеп болмағандықтан, тіпті қажетті кітаптар үшін сараптау мен арнайы санақ жүргізетін зерттеу мекемелерінің жоқтығынан еліміздегі баспа өнімдері сферасын бағамдауға да жол жоқ болып тұр. Осыған байланысты белгілі жазушы, "Жалын" баспасының директоры Бексұлтан НҰржекеевпен сұхбаттасқан едік.

– Бексұлтан аға, халықаралық стандартқа сай келетін уақыт қашан?
– Бұған жауап беру қиын. Өйткені бұл мәселемен айналысып жатқан бүгінде ешкім жоқ. Мысалы, 120 000-нан астам халық қоныстанған Алматы облысы, Жаркент өңірінде баспа өнімдерімен қамтамасыз ететін бірде-бір баспа дүкені жоқ. Көрші аудандардың жағдайы да солай. Біздегі кітап пен газет шығарудың, оны халыққа жеткізудің дәрежесі осыдан-ақ байқалып тұр емес пе? Ал осы жағдайымыздан кейін сіз айтқан халықаралық стандартқа жетуді әңгіме етіп қозғаудың өзі әзірге ерте дер едім. Бұл – біздің мемлекеттік және жеке меншіктік дәрежеде де жаңа басылымдар, сондай-ақ халықты оқулықтармен қамтамасыз ету мүлде қолға алынбайды деген сөз. Және осыған жаны ауырып, қалпына келтірейік деген адамды мен өз басым көрген емеспін. Бір кездері "Қазақстан халқы – өте көп оқитын ел" деп мақтанатын едік. Ол кезде бір ғана "Жұлдыз" журналы 250 000 тиражбен тарайтын. Шындығында, мақтанарлық дәрежеміз бар еді. Қазір ол дәстүрдің бәрі "желге ұшқандай" болды...
– Елімізде халықты оқулықпен қамту ісі қалай жүргізіліп келеді?
– Қазіргі уақытта мемлекет тапсырысы бойынша баспалардан шығатын кітаптардың ең көп таралымы – 2000 дана. Ол кітаптар еліміздегі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылып беріледі. Алайда бұл оқулықтарды кімдер оқып жатыр? Олардың қолына қалай жетеді?.. Өкініштісі, "кітапханаларға қабылданды" деген бір жапырақ қағазға жазылған "қолхат" демесеңіз, ол оқулықтармен танысып жатқан, оған қызығушылық танытып, пікірлерін білдіріп жатқан бірде-бір оқырманды көрмейсің.
– Оған кім кінәлі?
– Әрине, министрлік кінәлі. Әркім өз саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарды реттеуге, қадағалауға, оларға зерттеу жасауға міндетті. Бұрын оқулықтарды халыққа тарату ісі "Қазақ- кітап" дейтін корпорацияға міндеттеліп берілетін. Халық оларды құлшынып оқитын... Қазір де өте жақсы кітаптар шығып жатыр. Кейбір таныстар арқылы не болмаса шығарып жатқан баспалардан байқап қалғанымыз болмаса, өкініштісі, біз оларды кітап дүкендерінен көрмейміз.
– Қазір республикамызда 2700-ге жуық ауыл кітапханалары бар. Ондағы кітап қоры 36 миллионға жуық дананы құрайды екен. Ауыл кітапханаларының қорын толықтыру жергілікті бюджетке тәуелді болғандықтан, кітап қорын қамтамасыз ету республиканың әр аймағында әр түрлі. Ал кітаппен қамту ісіне көңіл бөліп, баспа өніміне тапсырыс беріп жатқан кейбір республика аймақтарының да сұраныстарын қанағаттандыра алмай келеміз. Неліктен?
– Өйткені тендерді ұтып алған әр баспа жылына көп дегенде 10 ғана оқулық шығарады. Бізде қанша мектеп, ал оның әрқайсысында қанша оқушыдан бар екендігін статистикадан қараңыз. Ол он кітап "қай баланың жыртығын жамайды" дейсіз? Және әрқайсысы 2000 данамен тегін таратылып беріледі. Кешегі қоғамда тек балаларға арнап 20-30 мың данамен олардың тілін, ойлау жүйесін дамытатын танымдық кітаптар шығаратынбыз. Оның әрқайсысының жеке-жеке бағдарламасы бар еді. Оның бәрі қалды.
– Халықаралық бәсекеге сай баспа өнімдерін қаншалықты дайындап жатырмыз? Жазушыларымыздың қазіргі мүмкіншіліктері қандай?
– Шығарылған он кітап болса да, олардың саны аз болғанымен, сапасы жоғары деп айта аламын. Баспалардың техникалық жарақтануы халықаралық стандарттарға сай. Алайда олардың грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге көп ұрынып жататын қателіктер бар. Осы жағынан көп ақсаймыз. Мысалы, бұрын кітап шығару үшін кіші сарапшы болатын. Ол кітаптардың сыртқы сапа, сурет үйлесімдерін қадағалайтын. Одан кейін ол кітап сарапшы редактордың қолынан өтеді. Ол кітаптың сауаттылығын, тыныс белгі, емлесіне дейін тексертетін. Одан кейін барып, бөлім меңгерушісі қарайды. Ол кітаптың идеялық жағын назарға алады. Бұл кітап оқырманға пайдалы ма, "кітап" деп атауға лайық па, емес пе, оны ең соңында редактор бағалайды. Сөйтіп барып қана ол өндіріске жіберілетін. Ал қазір оның бірі де жоқ. Аласың. Жібересің... Тендер – тауарларды сату және сатып алу заңы. Ал тауар дегеніңіз – картоп, сәбіз, үтік... Міне, солардың қатарында рухани азығымыз – кітап та солармен бірге тендерге түседі. Сондықтан келесі жылға кітап шығаруды жоспарлауға, оның жаңа түрін ойлау, тіпті ол үшін ақша шығаруға қорқамын. Өйткені келесі жылы мен тендерді жеңе алмай қалатын шығармын? Құдай біледі! Көрдіңіз бе, жүйе жоқ бізде. Қазіргі көптеген баспалардың мақсаты – халыққа жарамды, сапалы оқулықтар шығаруға деген талпыныстан гөрі, тек пайда табуды көздейді.

Сұхбаттасқан
Ертай НҮСІПЖАНОВ
Aykin.kz