|
Пушкин және қазақтар
Nov 19,2006 00:00
by
oljas
Ұлы ақын өзінің жеке кітапханасына дала перзенттері – біздің бабааларымыз туралы кітаптарды не үшін жинаған? Көшім Лекерұлы Есмағамбетов 1938 жылы туған. 1965 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін үздік бітірген. Содан соң 1965 жылдан бастап КазГУ-де оқытушы болып, кейін республика Жоғары және арнаулы орта білім, Сыртқы істер министрліктерінде лауазымды қызметтер атқарды. Ұзақ жылдар Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында редакция меңгерушісі, гуманитарлық ғылымдар орталығының бастығы болды. Қазір Білім және ғылым министрлігінің Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. “Шындық және бұрмалаушылық”, “Көне Қазақстанды көргендер”, “Біз туралы батыста не жазған”, “Қазақтар шет ел әдебиетінде” атты кітаптардың авторы. Дж.Демконың “Орыстардың Қазақстанды отарлауы”, С.Пфинханың “Құқық философиясы” еңбектерін ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударған.
ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының орта кезінен А.С. Пушкиннің өз елінің тарихына, оның Б. Годунов, Бірінші Петр, Е.Пугачев секілді тұлғалары өміріне бой ұруы жай қызығушылықтан емес, оның адамзат өркениетіндегі орнын анықтауға тырысушылықтан туындаған мұраты еді. Осыған байланысты Ресей империясының құрамына енген түрлі ұлыстар мен халықтарды танып-білу де ақын мұрасының бір арнасын құрайды.
Пушкиннің бұл бағыттағы ізденістеріне ХІХ ғасырдың өзімен бірге ала келген тарихи үдерістің тұтастығы туралы ой-пікір шешуші әсер етті. Осы кезеңде қалыптаса бастаған тарихилық принципі қоғам дамуын әлеуметтік прогрестің біртұтас тізбегі ретінде қарауды қажет деп таппайтын XVІІІ ғасырдың ағартушылық көзқарасынан өзгеше еді. Ағартушылық жүйеде тарихи оқиғалар бірімен-бірі қатар тұратын, бірақ олар бірінен бірі туындамайтын.
XVІІІ ғасырда, тіпті ХІХ ғасырдың бастапқы онжылдығында тарихшылар қоғамды тану үшін “адам табиғатын”, оның сезім құбылыстарын зерттеудің қажеттілігін айтса, жаңа тарихи мектеп, керісінше, қоғам табиғаты, “дәуір рухы” адамның ой-пікірін қалыптастырады деп есептеді. Пушкин осы мектептің өкілі ретінде қалыптасты. Оның да прозалық шығармаларында тарихи дамудың белгілі бір баспалдағында тұрған қоғамды, оның ерекшелігін, сұраныстарын, әдет-ғұрпын, психологиясын танып-білу маңызды орын алды.
Мұндай жаңа көзқарасқа көшу Францияда ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында қалыптасты, яғни Пушкиннің тарихи ой-пікірі көкжиегінің анықталуы осы құбылыспен тұстас келді. Ақын батыс тарихнамасы мен әлеуметтік ой-пікірінің барлық ағымдарынан хабардар еді. Оның М. Вольтер жөнінде “тарихтың қараңғы мұрағатына философия сәулесін түсірді”, – деуі осының куәсі болатын.
Тарих пен уақыт диалектикасы, өткенді зерттеудің бүгінгі күн мен болашақ үшін маңыздылығы туралы жаңа заманның ұстанымы Пушкиннің сана-сезімін баурады. Осылайша ақын көзқарасы адамзат ой-пікірінің озық жетістіктері мен өз дарынының арнасында тоғысып, “Пугачев тарихы”, “Капитан қызы” секілді сом дүниелерге жол ашты. Пушкиннің жақын досы П.А.Плетнев: “Табиғат ақындық талантына қоса оған таңқаларлық зерде мен көрегенділік қасиет сыйлаған. Бірде-бір оқыған дүниесі, бірде-бір әңгіме, бірде-бір ой тебіренісі оның өмірінен біржолата сызылып қалмайтын. Оның басы түрлі қазыналар қоймасы секілді сан алуан істерге дайын материалдарға толы болатын”, – деп жазды.
Ресейдің қазақ жерінде табан тіреуінің нығая түсуі орыс әдебиетінде “қырғыз (қазақ – ред.) тақырыбының” орнығуына әкеледі. Пушкиннің “Құранға еліктеу” циклі бұл үрдіске оң септігін тигізеді. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде А.П. Крюковтың “Қаратай” поэмасы (1824), П. Кудряшовтың “Қырғыз-қайсақ тұтқынының мұңы” (1828), В.И. Карлгофтың “Қырғыз элегиясы” (1829) сияқты шығармалар дүниеге келеді.
Бұлардың қай-қайсысы да – Пушкинмен ұшырасқан, оның поэзиядағы құдіретін таныған адамдар-тын. Мұндағы Карлгоф – жазушы, аудармашы, генерал-майор. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында А.Ф. Воейков Д.И. Хвостовқа жазған хатында өздерінде Пушкин, Карлгоф, басқа да адамдардың қонақта болғанын айтады. Карлгоф пен Пушкин 1832 жылдың 19 ақпанында және 1836 жылдың 28 қаңтарында жолығып әңгімелеседі. Бұған дейін (1829 ж.) оның “Қырғыз элегиясы” шығармасы Санкт-Петербургте шығатын “Северная звезда” альманағында жарық көрген-ді. Қазақ тақырыбы әдеби кештердегі сұхбаттардың, шығармашылық ізденістердің ортақ желісіне айналып, Пушкин мен оның таныстарының қиялына қанат бітіреді.
Ақынның күрделі тарихи ізденістерге дайындығын атақты орыс тарихшысы П.М. Карамзиннің шығармашылығына берген бағалауынан айқын аңғаруға болады. 1827 жылы бұл жөнінде ол былай деген еді: “Қайталап айтамын, “Ресей мемлекетінің тарихы” — ұлы жазушының туындысы ғана емес, адал адамның ерлігі. Көптеген кісілер өзінің “Тарихын” Карамзин самодержавиелік мемлекетте басып шығарғанын, осындай сенім білдірумен бірге Карамзинге, бар мүмкіндігінше сыпайыгершілік пен шектеуліктің жүктелгендігін ескере бермейді”.
Ақын қазақтар туралы біршама мағлұматтарды қамтыған көп томдық бұл еңбектің сыр-сипатын, идеялық бағытын да жете түсінеді.Соның бір дәлелі – “Карамзинге” эпиграммасы.
Пушкиннің үй кітапханасында қазақ жерінің тарихы, табиғаты мен пайдалы кен қазбалары, тұрғындарының кәсібі, әдет-ғұрпы туралы мәліметтерге толы П.С.Палластың, И.Г. Георгидің, И.И. Лепехин, И.П. Фальк, Н.П. Рычков, тағы басқа ғалымдардың еңбектері болатын.
Н.П. Рычков (1746-1784) – Орынбор губерниясына қарасты қазақ даласын шарлап, оның тұрғындарының өмірі және табиғатымен танысқан адам. Ол 1771 жылы мамырда қазақ даласы арқылы Шығысқа қарай жөңкіген қалмақтардың ізіне түскен орыс әскерінің құрамында болады. Қазақ халқы жөніндегі мағлұматтары “Капитан Рычковтың Ресей мемлекетінің түрлі провинциялары бойынша саяхатының журналы немесе күнделігі” деген кітабына енеді. Ақынға керегі Н.П. Рычковтың Е. Пугачев бастаған орыс шаруаларының көтерілісін терең зерттеуі еді. Бірақ оның бұл еңбегі жарияланбай қалады.
Петербург ылым академиясының академигі П.С. Палластың (1741-1811) “1768-1773 жылдардағы Ресей империясының түрлі провинциялары бойынша саяхат” деген неміс тіліндегі кітабында Пушкин қазақтар туралы соны этнографиялық материалдармен, Индер тұзды көлінің маңындағы даланың суреттемесімен кезігеді. Паллас Петербургтен Орынборға келіп, Орал және Гурьев қалаларына сапар шегеді. Бұл жолмен 1833 жылдың күзінде Пушкин де жүріп өтеді. Палластың суреттеуіндегі Жайық пен Еділ аралығындағы кеңістік ақынға қайта ұшырасады.
Лепехиннің (1740-1802) 1768-1771 жылдары жасаған саяхатында қазақтардың тілі, діни нанымдары, тұрмыс тіршілігі туралы айтылып, Нарынқұм, Қамыссамар, Жайық өзенінің оң жағалауындағы басқа да мекендер суреттеледі. Ал академик И.И.Георгидің (1729-1802) “Ресей мемлекетін мекендеуші барлық халықтардың сипаттамасы” деген монографиясы 1776-1777 жылдары төрт том болып, біреуі неміс, үшеуі орыс тілінде басылып шығады. Еңбектің екінші томындағы “Қырғыздар туралы” бөлімінен қазақтардың бет-пішіні, ұлттық киімдері, әдет-ғұрпы жөнінде мағлұматтар алуға болатын еді.
Сібірге академиялық экспедицияға қатысқан швед Ф. Страленбергтің “Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктерінің, әсіресе, Ресей, Сібір және Ұлы Татарияның тарихи-географиялық сипаттамасы” (1730) деген кітабын сатып алуы ақынның Ресей бодандығындағы халықтар өмірін танып-білуге қаншалықты көңіл бөлгендігін көрсетеді. Страленбергтің неміс тілінде шыққан бұл кітабы тез арада ағылшын, француз, испан тілдеріне аударылады. Автор: “Үлкен Татарияда өзбек, түркімен, қырғыздар..., сонымен бірге қарақалпақтар, Қазақ ордасы (Kosachі Hordae) бар, олардың бәрі – мұсылмандар”, деп жазады. Әсіресе Страленбергтің 732-734 жылдар шамасындағы “жұмбақ жазулар” (көне түркі жазулары), Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанның ескерткіштері, Ұлытау шыңдарының біріндегі жартастағы суреттер, Ертіс пен Есіл өзендері жазығындағы көне мазарлар туралы хабарлары Пушкин үшін үлкен жаңалық болатын.
Пушкин мәскеулік жазушы А.С. Норовтың (1795-1869) бай кітапханасынан 1681 жылы Амстердамда шыққан голландтық Ян Стрейстің “Московия, Татария, Персия және Индияға саяхат” деген шығармасын, Степан Разин туралы Парижде жарық көрген кітапты алдырып оқиды. 1833 жылы қарашаның орта кезінде Норовқа хат жазып, Ресей тарихы туралы басылымдарды сұратады(Пушкин А.С. Полн. собр. соч. В десяти томах. Изд. четвертое. Т. Х. С. 356)
Ян Стрейс Мәскеуден Астраханьға дейінгі сапары жөнінде жаза келіп, ноғайлардың өмірі, 1669 жылы қыркүйекте Астраханьда Степан Разинмен кездесуі, бұл өңірдегі халықтардың ауыз әдебиеті жөнінде қызықты деректер келтіреді. Өзі естіген “Патша қорғаны” туралы аңыздың қысқаша мазмұнын баяндайды.
Міне, осындай кітаптарды ақын назар аудара отырып оқып, ой-елегінен өткізеді. Оның бір мысалы – Пушкиннің француз астрономы Шапп д'Отроштың “Сібірге саяхат” деген кітабы жөнінде “Современник” журналына мақала жазуға ниеттенуі (Т.8, 103-105=бб.), бірақ бұл жоспары аяқталмаған күйінде қалады.
Пушкин 1814 жылы Галицияда басылып шыққан Антон-Фридрих Бюшингтің “Жаңа тарих пен география жинағы” деген еңбегімен танысып шығады. Ақын назарына шығармадағы Шарль-Луи Лезюрдің “Казактар тарихы” деген мақаласы ілінеді. Е.Пугачевтің Ырғыз даласындағы мекендерге шабуылы жөніндегі баяндаулар Пушкин танымын жергілікті тұрғындарға қырғидай тиіп отырған Жайық казактары туралы кейбір мәліметтермен толықтырады.
Ақын өзінің досы, атақты библиограф С.Семевскийдің кітапханасында С.Герберштейннің “Московия істері жөніндегі жазбалар” (Базель, 1551), Дж. Флетчердің “Орыс мемлекеті және осы елдегі тұрғындардың мінезі мен әдет-ғұрпының сипаттамасы жөнінде” (Лондон, 1591) деген кітаптарға назары түседі. Оларда да қазақтардың кәсібі мен орналасуы жөнінде, тіпті тарихшылардың өздеріне белгісіз, мүлдем жаңа мәліметтер кездесетін. Мысалы С. Герберштейннің еңбегінде Қасым хандығы туралы айтылып, бұл мемлекет тұрғындары “қазақ” деп аталатыны, олардың араларындағы әлеуметтік топтар жөніндегі баяндаулар аса құнды мағлұматтар болып табылатын. Басқаша сөзбен айтқанда Пушкин қазақтардың Ресейге бодан болуына дейін көп бұрын өз мемлекетінің болғандығы жөнінде мағлұмат алады.
Немістердің энциклопедист ғалымы А. Гумбольдт (1769-1869) қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына дейінгі саяхатынан кейін 1829 жылы Пушкинмен Петербургта кездесіп, Орынборда генерал-губернатордың оның құрметіне ұйымдастырған қазақ әншілері мен жырауларының концертіне қатысқандығын, қазақ даласының тұрғындары туралы әсерін ала келеді.
Ақын замандастарының ішінен әскери топограф, генерал-лейтенант И.Ф.Бларамбергтің (1803-1878), Омбы облысының бастығы С.М Броневскийдің (1786-1858) есімдерін ұшыратамыз. Бірі 1836 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауын зерттесе, екіншісі “Сібір қырғыздары туралы жарғыға” сәйкес “сыртқы округтер” құру үшін қазақ даласына жіберілген әскери экспедицияны басқарады. “Генерал-майор Броневскийдің Орта жүздің қырғыз-қайсақтары туралы жазбалары” деген еңбегі 1830 жылы “Отечественные записки” журналының бірнеше сандарында жарияланады. 1834 жылы жарық көрген “Омбы облысындағы, әсіресе, қырғыздардың арасында тараған түрлі дақылдардың егістігі” деген мақаласы да Пушкинге қазақтардың “таза көшпелі” еместігін білдіреді.
Орыс ақынының қазақ, өзбек халықтары туралы танымының кеңейе түсуін Ф.А. Бекович-Черкасскийдің (1790-1835) Хиуаға жорығы туралы пікірлерінен байқауға болады. Орыс қызметіндегі кабардалық 1829 жылдың жазында Пушкинмен кездесіп, шығыс өңірлері жөніндегі ой-түсініктерімен бөліседі.
Ресей империясының қазақ даласы арқылы Орталық Азияға қарай ұмтылысы да ақын назарынан тыс қалмайды. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында ол Бас штабтың капитаны Е.К. Мейендорфтың Бұхараға жасаған саяхатының материалдарын парақтап шығады. 1831 жылдан бастап Мейендорфтың өзімен де достық қарым-қатынас орнатады.
Пушкин Петербургтегі “Қасиетті артель” (1817-1818) деп аталатын ұйымға қатысушы В.Д. Вольховский, А.А. Дельвиг, И.И. Пущинмен араласып жүрген уақытында Н.Н. Муравьевпен танысады. Онымен кездесулері жөнінде ақын “Арзрумға саяхат” өлеңінде еске алады. Олардың бірінде Н.Н. Муравьев 1828 жылы жарық көрген “Қырғыз тұтқыны” деген өлеңмен жазылған повесін ақынға табыс етеді.
Н.Н.Муравьев 1819 жылы әскери отрядпен дипломатиялық келіссөздер және барлау жүргізу мақсатында Хиуа хандығына жіберіледі. Сол жылы ол Қарақұм арқылы Хиуаға жетеді. 1822 жылы Мәскеуде жарық көрген “1819 және 1820 жылдардағы гвардиялық Бас штабтың капитаны Н.Н. Муравьевтың Түркімения мен Хиуаға жасаған саяхаты” деген еңбегінде бұл өңірлер жөнінде қамтылған деректердің молдығы мен құндылығы соншалық, оны бірден Франция мен Германия бастырып шығарады. Француз тіліндегі нұсқасы Пушкиннің кітапханасынан орын алады. Кітапта Пушкин түркімендер мен қазақтардың материалдық мәдениеті, керуен жолдарындағы құдықтар, Үстірт қазақтарының тұрмысы, олардың арғымақ жылқыларды Қият қаласына әкеліп, хиуалықтарға сататыны туралы жолдарды ұшыратқаны сөзсіз.
Ақын 1818-1825 жылдары “Сибирский вестник” журналындағы материалдармен, оны шығарушы Петербург академиясының корреспондент-мүшесі, тарихшы Г.И.Спасскиймен (1774-1864) танысады. 1825 жылы ағасы Лев арқылы Михайловское селосына “Сибирский вестниктің” барлық санын түгел салып жіберуді сұрайды. Ақын өтінішінің орындалғанын оның кітапханасында осы басылымның 1818-1822 және 1824 жылдардағы сандарының болуынан көреміз. Оларда қазақ тақырыптарына мол орын берілген еді. Журналдың Пушкин кітапханасындағы сандарында Г.М.Спасскийдің “Үлкен және Кіші орданың қырғыз-қайсақтары туралы тарихи мәліметтерін” (1820, 9 және 10-бөлімдері), оған қоса “Едіге” жөніндегі аңыз (1820, 10-бөлім, 189-214=б.б.), Сібір мен Қазақ елі хақындағы И.Г. Андреев (1743-1801), Г.С. Бурпашев (1771-1850), М. Поспелов (1813 ж. қаза тапқан), И.П. Шангин (1785-1822), Ф.М. Назаров (1785ж.т.), т.б. авторлардың туындыларын ұшырастыруға болатын еді. Спасский өз еңбегінің кіріспе бөлімінде Бердіқожа туралы аңызды да келтіреді.
Пушкиннің шығармашылық ортасына қатысы бар қазақ тақырыбымен шұғылданып жүрген адамдардың көпшілігі “Сибирский вестникпен” қатар, “Отечественные записки”, “Литературная газета” сияқты Ресей жұртшылығына кеңінен мәлім басылымдармен тығыз байланысты еді. “Отечественные записки” тарихи-филологиялық журналының беттерінде 1818-1830 жылдары жазушы, тарихшы П.П. Свиньиннің (1787-1839) қазақ өлкесі туралы бірнеше мақалалары жарық көреді (Вопросы истории. 1967. № 4. С. 208-212). “Орынбор және оның төңірегінің бейнелері” (1828, 35-бөлім, №99, 33-38-б.б.), “Орта Азияның қырғыз-қайсақтары хақында” (1829, 3-4 том, №26, 342-354-беттер) мақалаларында Орынбор қаласының салыну тарихы, Кіші жүздің Ресей боданына айналуы, қазақтардың қонақжайлылығы, достықты, үлкендерге құрмет көрсетуді қадір тұтатындығы жазылады. Бір қызығы автор қазақтардың орыс бодандығын еріксіз қабылдағанын ескертеді. Ақынның П. Свиньинмен таныстығы оның жер аударылғанынан кейін 1827 жылдың маусымында Петербургке оралған кезімен тұстас келеді. 30-шы жылдары Пушкин Свиньиннің материалдарын зерде қойып оқып шығады. Оған ақын кітапханасындағы деректер анық дәлел.
* * *
Пушкиннің қазақ тақырыбымен шұғылдануы көбіне Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі туралы шығарма жазу жоспарына байланысты еді. Оған қазақтардың отарлық бұғауға бас имей, көтеріліске белсенді қатысқаны да түрткі болады.
Болашақ жұмысына дайындық барысында ақын қазақтар туралы мағлұматтарын толықтыра түседі. Бұл орайда Пушкиннің лицейден бергі досы В.Д.Вольховский (1798-1884) ойға оралады. Ақынның “19 қазан” деген өлеңіндегі “спартандық жанымен бізді баураған” деген жолдар осы Вольховскийге арналған. Лицейді бітіргеннен кейін ол Орынборда қысқа уақытқа тұрақтап, А.Ф. Негри миссиясының құрамына жіберіледі. 400 адамнан тұратын бұл экспедиция Бұхарада болып, қазақтар жөнінде де біршама материалдар жинайды. Жолай керуенді Қызылқұмнан Жаңадария өзеніне дейін Арынғазы Әбілғазыұлы шығарып салады. Экспедиция Орынборға 1824 жылы оралады.
1825 жылдың тамызында Вольховский Каспий мен Арал теңіздері аралығындағы өңірлерді барлау мақсатында жіберілген Ф.Ф. Бергтің экспедициясына қатысады. Ол Сағыз, Жем өзендері бойында болып, сол маңдағы қазақ руларының орналасуын картаға түсіреді. Онда Жоламан Тіленшіұлының қонысын бөліп көрсетеді. Картада аталған екі өзеннен басқа да, Ойыл, Жақсыбай, Қарабұлақ, Қуағаш, Қарасу өзендері, Тайсойған құмы секілді нысандар белгіленеді.
Экспедиция 1826 жылы Сарайшық бекінісіне оралады. Оның жұмысының нәтижелері ретіндегі Вольховскийдің (А. Дельвигпен бірлесіп жазған) “Каспий мен Арал теңіздері аралығындағы қырғыз даласының топографиялық журналы” деген еңбегі дүниеге келеді. Кітаппен Пушкин танысып шығады.
Орыс ақынының Вольховский зерттеулеріне ынтызарлық танытуының себебі бар. Қазақстанның батыс өңірінде ұзақ уақыт бойы жасаған сапарлары барысында Вольховский Пугачевті және ол басқарған көтерілісті көргендердің естелік-әңгімелерін жинастырып, жазып алып отырады.
Вольховский 1824 жылы Петербургте балалық шақтағы досымен кездесіп, сыр шертіседі. Зерттеушілер Пушкиннің ойына “Пугачев тарихын” жазу туралы пікір Вольховскиймен осы кездесуінде келген болар” деген болжам айтады.
1834 жылдың аяғында “Пугачев тарихы” жарық көргеннен кейін Пушкин кітапты Вольховскийге жіберіп хат жазады. “Саған “Пугачев бүлігінің тарихы” деген еңбегімді жіберіп отырмын. Мен онда сол кезеңдегі әскери қимылдарды зерттеуге тырыстым және оларды анық баяндау туралы ғана ойладым, бұл маған оңай шаруа болмады... Ол барлығын да салыстыруды, тексеруді керек етті, кітабым туралы сенің пікірің барлық тұрғыдан да маған аса қымбат болар еді”,– делінеді хатта. Бұдан Пушкиннің бір оқиға жөнінде бірнеше деректерді жинастырғанын, олардың танымдық, шындық деңгейін анықтау үшін қаншалықты ыждағаттылық танытқанын көреміз.
“Пугачев тарихының” басты дереккөздерінің бірі П.И. Рычковтың (1712-1777) еңбектері болғаны сөзсіз. Рычков – шаруалар көтерілісінің себептері туралы Пугачевпен жүздесіп, пікірлескен бірден-бір тарихшы ғалым, Орынбор қорғанысының және осыған байланысты көптеген оқиғалардың куәгері. Ол өзінің көріп-білгендері жөнінде, алған әсерлері мен басқа да материалдар негізінде “Орынборды қоршаудың шежіресі” деген еңбек жазып қалдырады. Мұны Пушкин жоғары бағалап, “Пугачев тарихының” екінші бөліміне қосымша ретінде бастырып шығарады.
Пушкиннің кітапханасында Рычковтың “Орынбор тарихы” деген еңбегі де болады. Мұндағы “Қырғыз-қайсақтар немесе қырғыздар” деген тарауда айтылған мағлұматтарды ақын жай қабылдап қана қойған жоқ, сонымен бірге “Пугачев тарихына” берілген ескертуде қазақтар мен қырғыздардың бір-бірінен айырмашылығы жөнінде сөз қозғайды. Басқаша айтқанда Пушкинді қазақ халқының шын атын білген сол кезеңдегі саусақпен санарлық авторлардың бірі деуге болады.
1762 жылы Рычковтың екінші күрделі еңбегі – “Орынбор губерниясының топографиясы” дүниеге келеді. Онда қазақ жерінің Ресейге қосылып алынуы, қазақ-башқұрт, орыс-қазақ қарым-қатынастарының дамуы, кәсібі, діни нанымдары, қазақтардың шаруалар көтерілісіне қатысуы сипатталады. Рычков Ресей ылым академиясына, нақтылап айтқанда, В.Н.Татищев пен Г.Ф. Миллерге қазақтар және Орынбор өлкесі жөніндегі көптеген құжаттар мен қолжазбалардың көшірмелерін тапсырады. Карамзин тәріздес, Рычков та Қадырғали Жалаиридің “Жами ат-тауарих” жұмысымен жете таныс болады, оны қазақтар жөніндегі кейбір баяндауларында пайдаланады.
1833 жылдың шілде айында, яғни Орынборға сапары алдында Пушкин Г.И.Спасскийге хат жазып: “Сізде Пугачев заманына қатысты Рычковтың қолжазбасы бар деп естідім... Соны бірнеше күнге бере тұрсаңыз”, деген өтініш білдіреді.Кейін “Пугачев тарихы” еңбегінің үшінші тарауына берілген ескертуінде кітап қолжазбасының үш нұсқасының барлығы туралы айтады. Бұл орайда ақын тағы да аса зерделілігімен, зерттеушілік қырымен көрінеді.
Пушкиннің тарихшы, археолог Миллердің (1705-1783) еңбектері мен оның соңында қалған қолжазбаларына қызығушылық танытуы да түсінікті. Миллер өз заманында барлық таныстары мен байланыстарын пайдалана отырып, Пугачев көтерілісі жөнінде өте құнды материалдар жинастырады. Рычковты айтпағанның өзінде, оған Орынбор губернаторы И.А. Рейнсдорп, князь П.М.Голицын сияқты адамдар көптеген құжаттар, қолжазбалар тапсырады. Нәтижесінде қазіргі кезде Мәскеудегі Көне актілер мұрағатында Миллердің “Пугачев портфелі” деген материалдар құралады (оны қазір “Миллер портфелі” деп атайды). Пушкин міне, осы “портфельді” кеңінен пайдаланады. Демек, ақынға Миллердің “Сібір тарихы” кітабы, “Қазақтардың шығу тегі туралы” мақаласы да белгілі болғанына күмән жоқ.
“Пугачев тарихында” “біздің тарихымыз туралы өз ізденістерімен және мәліметтерімен белгілі” деген Миллер туралы А.И. Левшиннің сөздері қайталанады. Пушкиннің басқа шығармаларында Миллерге жеті рет сілтеме жасалады.
Ақынның аса қадірлеген шығыстанушыларының бірі Н.Я. Бичурин еді. Пушкин онымен 1828 жылдан таныс секілді. Сол жылдың 28 сәуірінде Бичурин “Тибеттің қазіргі жағдайына шолу” кітабын тарту етеді. 1829 жылы “Чжунгария мен Шығыс Түркістанның көне заманғы және қазіргі кездегі жағдайының сипаттамасы” деген қытай тілінен аудармасы жарық көреді. Мұндағы бір бөлім тұтастай қазақтарға арналған. “Пугачев тарихында” (І-тарауында) Бичуриннің “XV ғасырдан бүгінге дейінгі ойраттар немесе қалмақтар жөніндегі тарихи шолу” атты еңбегі пайдаланылады. Ақын оны жоғары бағалап, Бичуриннің “терең білімі мен ыждағатты еңбегі біздің Шығыспен қарым-қатынасымызды тамаша айқындап берді” деп жазады (Т.8, 293-б.). 1830-1831 жылдары Бичурин “Литературная газетаға” мақалалар жазып тұрады. Пушкин “Пугачев тарихына” кірісерде көтеріліске қатысқан башқұрттар мен қалмақтар жөніндегі әдебиеттерді де қамтиды. Ал, олардың өз тарапында қазақтармен күрделі қатынаста болғаны белгілі.
Ақын кітапханасындағы Бенджамин Бергманның қалмақтар туралы кітабының француз тіліне аударылған нұсқасы да Пугачев көтерілісінің кейбір қырларымен танысуға мүмкіндік береді (Voyage de Benjamіn Bergman chez la Kalmuks. 1825).
Пушкиннің тарихшы және этнограф, Ресей Географиялық қоғамын ұйымдастырушылардың бірі А.И. Левшинмен (1799-1879) қарым-қатынасы оқырманға жақсы мәлім. Ақын оның 1823 жылы жарық көрген “Орал казактарына тарихи және статистикалық шолу” туралы жұмысына “Пугачев тарихының” бірінші тарауында: “Автордың басқа да шығармалары іспеттес бұл еңбегі де шынайы ғылымилығы және байсалды сынымен ерекшеленеді”, – деген пікір білдіреді.
1827 жылдың ақпан айында ескі танысы В.И. Туманскийге жазған хатында Пушкин Левшиннің “Московский вестник” журналына мақала жазуын сұрайды. Туманский наурыз айында: “Сіз үшін Левшиннің қолжазбасынан қырғыздар туралы тамаша үзінді жіберемін”, деген хабар айтады.. Мақала сол жылы “Қырғыз-қазақ халқының атауы және оның нағыз, немесе жабайы қырғыздан айырмашылығы” деген атпен басылымның 16-санында жарық көреді. 1831 жылы Санкт-Петербургте шығып тұрған “Литературная газетада” Левшиннің “Қырғыз-қайсақтар немесе қырғыз-қазақтар” деген мақаласы беріледі. Ол да Пушкиннің редакциялауымен және ескертулерімен жарияланады. Көптеген деректер ақынның Левшиннің “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген үш бөлімнен тұратын монографиялық зерттеуін назар қоя отырып оқығандығын куәландырады. 1832 жылы жарық көрген бұл еңбек қазақ жерінің тарихы, географиясы және этнографиясына арналады.
Пушкин жеке зерттеулермен шектеліп қана қойған жоқ, 1833 жылдың жазы ортасына дейін әскери министрлік мұрағатының Петербург пен Мәскеу бөлімшелеріндегі Пугачев көтерілісі туралы құжаттарды әбден сараптап шығады. Тек осыдан кейін ғана Еділ бойы мен Орынбор өлкесіне бару жөнінде шешімге келеді. 22 шілде күні Бенкендорфтың атына жазған өтінішінде Нижегород губерниясы, Қазан мен Орынборға екі-үш айға барып келуге жіберуді сұрайды. Осы сапардың мақсаты жөнінде баспагер Н.И. Греч (1787-1867) өзінің “Парижге хаттар” деген еңбегінде: “Үстіміздегі жылдың (1833) екінші жартысында Пушкин тарихи еңбегіне қажетті мәліметтерді жергілікті жерде жинау үшін Орынборға барды”,– деп жазады. Бұл оның ұлы даланы жиектей жүріп отырып Орынборға, одан қазақ жеріне дендей еніп отырып Оралға соққан атақты сапары еді. Онда не болды, кімдермен жүздесті, бұл енді келесі мақаланың желісі.
Авторы: Көшім ЕСМААМБЕТОВ, Тарих ғылымдарының докторы, профессор. |