Ей, перзентiм, ата-ананы құрметтеуiң қажет екенiн ақыл-ой, парасат тұғырынан байқап бiлгейсiң. өйткенi әрбiр перзенттiң тегi ата-ана ғой. Не үшiн ата-анама құрмет жасаймын деп, ойыңа алма. Олар сен үшiн өзiн өлiмге де қиятыны белгiлi...



Егер әрбiр перзент ақылды және дана болса, ол ата-ананың мейiр-махаббатын құрметтеуден бас тартпайды... Ата-ананың мiндетi - тәрбиелеу және жақсылық үйрету.

Ей, перзентiм, ата-анаңды ешқашан ренжiтушi болма... Олардың көңiл күйiне қаяу салып, қапаландырмағын.

Сен ата-ананың қарызын ақтау iсiне дiн деңгейiнен қарамасаң да, адамгершiлiк, ақыл-ой, парасат биiгiнен қарағын.

Сенi жан-дiлiмен жақсы көрiп, тәрбиелеп жүрген ата-ананың көңiлiн қалдыратын құрттай iс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессiң, өйткенi кiмде-кiм ата-ананың жақсылығын бiлмесе, басқа бiреудiң жақсылығын да бағаламайды.

Егер сен, өз перзентiм құрмет қылсын десең, сен де ата-анаңды құрметте, сен ата-анаңа не iстесең, саған перзентiң де соны жасайды. Перзент жемiске, ата-ана жемiс ағашына ұқсайды. Жемiс ағашын жақсы күтсең, жемiсi де дәмдi, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген iзет, құрметiңдi аямасаң, саған деген олардың iзгi тiлегi қабыл болғаны.

Мирасқорлық, арсыз ниетпен ата-ананың өлiмiн тiлемегейсiң.

Солардың мал-мүлкi арқылы сен де мал-мүлiкке ие боласың. Тапқан табысыңды бөлшектеп бөлiп, күнделiктi тiршiлiк деп, өзiңдi өзiң қинама. Бiреудiң дүниесiн пайдаланам деп, әуреленбе... Сенен жағдайы жақсырақ адамды күндеме!

Малсыздықтан жарлы болсаң да, ақылға бай болу үшiн жаса. өйткенi малмен бай болғаннан гөрi, ақылға бай болу жақсырақ. Наданның жарлы болуы демде. Аңдасаң, ақыл деген - бiр қымбат нәрсе. Оны ұры алып кете алмайды, ол отқа жанып, суға ақпайды.

Егер ақылың болса, өнер үйрен, өйткенi өнерсiз ақыл - киiмсiз дене, яғни кескiнсiз адам сияқты деуге болады. «Бiлiм - ақылдың ажар - көркi» деп, босқа айтылмаған.

(«Қабуснама» кiтабынан)



Авторы: "ДАЛА мен ҚАЛА"