Таулары тарих, даласы дастан қазақ елі
Dec 06,2006 00:00 by irgetas

“Мейлі сен патша, не қойшы бол, бәрібір…

Атамекеніңнен табаның тайса – жетімексің”

Н.НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан тәуелсіздігін алған күнін жариялағанда, Өзбекстанда тұратын бауырлар бір-бірінен сүй­ін­ші сұрап, қуаныштан бас киім­дерін аспанға атып, жасы үлкендер Ташкент, Самарқанд, Бұқара мешіттерінде Аллаға жалбарынып, “Қазағымның қуанышын ұзағынан сүйіндір, қазақ елін, оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты аман қыла гөр!” деп көк қош­қарларын құрбандыққа шалды.

Біздер, Өзбекстан қазақтары, әлі есімде, 1992 жылғы Дүниежүзі қа­зақтарының бірінші құрыл­тай­ы­н­а қатысып, әлем мемлекеттерінен келген қандас бауырларымызбен қауыш­қанбыз. Сонда Елбасымыз Республика сарайында жүрекжарды сөзін бізге арнады. “Ау, ағайындар, тәуелсіз мемлекет болдық, ата­ме­кен­деріңе оралыңдар, шамамыз жет­кенше қарсы аламыз. Мына асқар Алатау, анау кең жазира дала, өзен-көлдер, теңіздер сіздердікі” дегенде қуаныштан көзімізден жас шығып, елде бас қосқан барша қа­зақ­тар иіндері солқылдап отырды. Әлі оңы мен солын тани алмай оты­рып, бізді атамекеніміз шақы­ра­ды екен-ау, құдайым тіл-көзден аман қылғай, сені тапқан ата-анаң­нан, қазақ халқынан айналдық. Біздің Отанымыз болар ма екен-ау деп жүргенде, Алла тағала сый ре­тін­де Сізді бізге берді, мың қайтара шүкір.

Міне, қас-қағым сәтте 15 жыл да өте шығыпты. Уақыт – төреші деген ақиқат екен. Содан бері Қа­зақ­стан да көк туын желбіретіп, өр­кениетті елдермен терезесі тең болып, тарих сахнасына шықты. Қасиетті Қазақстан атты жерімізде Менделеев кестесі элементтерінің бәрі түгел бар. Мұнда алтын да, газ да, күміс те, уран да, гауһар да бар. Мұндай тағдыр, қызыр дарыған ел жер бетіндегі халықтардың бәрінің маңдайына жазыла бермейді.

Өзге елде жүрсек те қазақ ту­ра­лы жаман сөз естімедік. Біздің бар бай­лығымыз сол болды. Қай мем­ле­­кетте жүрмейік, үйде, түзде, ме­шіттерде қазақты аман қыла гөр, атамекеніміз аман болғай, тәуелсіз мемлекет болып, қазақ атты хал­қымыздың даңқы арта берсін деп тілейміз бір Алладан.

Тәуелсіздік алған күннен бас­тап, Нұрсұлтан Назарбаев бар­ша­мыз­ға: Мынау сенің Қазақстаның, сенің алтын бесік, туған жерің, сенің байлығың, сенің тау мен да­лаң, егін ек, ағаш отырғыз, мал бақ, еңбек ет, – деді. Біз де осын­дай кең байтақ еліміздің барын мақтан тұтамыз. Біздер Өзбек­стан­нан күн сайын көктеммен бірге ұшып жеткен жыл құстарындай елге оралып жатырмыз. Алыс-жақын шет елдерде жүрген қазақ­тың да, атамекеніміздегі қазақтың да Отаны біреу. Ол – Қазақстан. Басқа Отанымыз жоқ. Қала мен дала қазағына айтар тілек-өтіні­шіміз біреу-ақ.

Қазақстан атты Отанымыздың мықты бір кірпіші болып қала­най­ық, бір-бір уығы болып шаншы­лай­ық, ағайын. Керегеміз мықты ел болайық! Қазақ елі тектілік тү­не­ген, бақ дарыған құт мекен. Қай­мақ­тай ұйып отырған құт мекенде алауыздық болмаса екен деп тілейміз.

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға ғана емес, әлем жұртшылығына та­нымал басшы дәрежесіне көтерілді. Кейінгі кезде көзі ашылған бұ­лақ­тай болып, тың идеялар мен ұсы­ныстар жасап, батыл қадамдарға барып жүр. Елбасы өте тәжірибелі, іскер әрі өткір басшы. Көпшіл, жұртшылықпен ашық әңгімеге, бетпе-бет кездесуге барып, кез келген топпен тіл табыса біледі. Екі тілге жүйрік. Жады мықты. Небір сан фактілерді жатқа айта береді. Өнерлі, ширақ, шымыр. Шынын айтар болсақ, кей елдің президент­тері елін тастап қашып жүргенде, Нұрсұлтан Әбішұлы өз халқының ортасында болып, өз ойларын ашық ортаға салатын басшы. Соны көргенде шүкіршілік етіп, мар­қайып қаламыз.

Халықтың, көпшіліктің жайын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Баспасөз, теледидардан байқап отырсаңыз, ауыл тұрғын­дары­мен әрбір жүздесулерінде оның жүзінен де, бойынан да дала иісі аңқып тұрғанын сеземіз. Бү­гін­де алыс-жақын шет елдермен бай­ланыс күшейді. Қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, т.б. ауқымды шара­лар­ды есепке алсақ, осы мәселе­лер­дің әрқайсысы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қазіргі заманғы саясат атаулының жұлыны – экономикалық саясат. Оны білмей ел басқару мүмкін емес. Осы күні Н.Назарбаевтың абзал да абыройлы аты арқылы жұмыр жердің жұртшылығы Қазақстанды танып білді. Ендеше, қолда бар алтынның қадірін білейік, ағайын.

Тәуелсіздік алдық. Біріккен Ұлт­тар Ұйымына мүшеміз, әлем жұрт­шылығы таныған ел болдық. Қайтсек Қазақстанды дамыған өркениетті елдердің қатарына қоса­мыз деген ұлы мақсат жолында қа­жы­май-талмай халықты алға Н.На­зарбаев бастап келеді. Елбасы­мыз­дың биылғы Жолдауы көкірегімізге құт-береке дарытқандай болды. Бүкіл әлемде белгілі тұлғалар, сая­сат­керлер Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың идеяларын ма­құл­дап, мойындап жатқанын қазақ халқы үшін мақтаныш деп қа­рауымыз керек.

Президентіміз сол биіктен түс­пей жүре берсін, абыройдың биігі­нен айырмасын. Еліміздің бола­ша­ғы әрі тірегі – ана мен балаға жәр­демі, оларды тегін емдетіп, өр­ке­ниет­ті елдерде оқытып алу жолдары өте орынды. Күні кеше Прези­денті­міз халықпен жүздесуінде ашық айтты: осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан аспап еді, ал үстіміздегі жылы бұл өнім­нің көлемі 2700 долларға жетті. Биылғы жылдың қорытындысымен 3 мың доллардан асамыз ба деген болжамы қуантарлық жай.

Қазақ халқының ұлылығы – оның қарапайым мінезінде, сұлу­лығы кіршіксіз жүрегінде, елінің күш-қуаты бауырмал бірлігінде. Қазақ әдебиеті мен өнері Абай, Шәкәрім, Әуезов шығармаларында, Құрманғазы, Тәттімбет, Динаның домбырасының шанағында. Қазақ­тың ұлылығы оның кеңпейілді­гін­де. Қазақ халқы бұрын құлыптың не екенін білмеген, оны есігіне іл­ме­ген, иесі жоқ үйге бас сұғып еш­кім кірмеген. Қазақтың ұлылығы оның меймандостығында. Тама­ғы­ның дәмдісін қонағына сақтаған. Қа­зақтың ұлылығы оның төзім­ді­лі­гін­де. Таудай қайғы басқанда да иіл­ген, бірақ сынбаған. Талай рет тәні жаралы болды, жүрегі налалы болды, жалалы болып жаны сыз­да­ды, қаралы болып, қайғыға батты, сонда да елдігін жоғалтқан жоқ.

Қазақтың байлығы – кең жазира, ұлан-байтақ даласы мен асқар таулары, жарқыраған өзен-көлдері, еңбексүйгіш адамдары мен мәрт жігіттері, сұлу қыздары.

Бұрын-соңды қазақ жастарынан әлемнің өркениетті елдерінде білім алғаны бірен-саран еді, енді жыл сайын 3 мыңдай жас шет елдің ең озық оқу орындарында оқиды. Басқалармен салыстырғанда, қазақ жастарының қабілеті жақсы екенін атақты ғалымдар жасырмай айтуда.

Әлем тарихында өз елінің ір­ге­сін қалап, дамудың мұндай жолына салып жіберген тұлғалар саусақпен санарлық. Солардың бірі Нұрсұл­тан Назарбаев екені біз үшін зор абырой.

Қазақтың қазанына ешқашан ешкім ас салып бермеген. Өзіне сен­ген, егінін салған, шөбін шап­қан, малын баққан, жан азығын тапқан. Халқымыздың бір дана сөзінде: “Әр көргеніңді қыдыр деп біл, әр мезетіңді қызыр деп біл”, дейді екен. Қыдыр қонып, қызыр жайлаған Қазақстан иншалла, бақ-дәулеті жақсы болады. Қазақ­стан­ның болашағы жарқын.

“Бегі әділ болса, елі бақытты, хал­қы түзу болса, бегі бақытты”, деп Баласағұн бабамыз айтқандай, қазақ елінің бақыты Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығында болса, өз басшысының айтқанын құп көріп, соңынан ерген Қазақстан халқы Елбасының да бақытын арт­тырып отыр. Қазақстан халқы әр түрлі тілде сөйлесе де, мемлекеттік тұтастық, бауырмалдық арқылы бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқаны қуантады.

Қазақстанда бір жаңалық болса, елең етіп құлағымызды тосамыз. Күні кеше ғана 24 тамызда Прези­дент Н.Назарбаев тікелей эфир ар­қы­лы Қазақстан халқымен дәстүрлі жүздесуі кезінде өзбекстандық қазақ­тар қазақтың теледидарының алдына келіп жайғасты. Ауылда тұратын қазақтар Ташкент, Самар­қанд, Бұқара қалаларында тұратын тамыр-таныстарының үйіне келіп, тыңдап көрісті. Екі сағатқа жос­пар­лан­ғанымен, 3,5 сағатқа созылды. Көнекөз қариялар “Айналайын шаршады-ау, демалыңыз дейтін бір адам жоқ па”, деп жиналғандарға қарады. Өздерінің көкейде жүрген ойларын жеткізіп жатты. Өткенде Өзбекстан қазақтарына 10 мың отбасына квота бөлгенін естігенде, қуаныштан көздеріне жас алып еді.

Көпті көрген 90-нан асқан Нұралы атамыз, қуанышын жасыра алмай, Қазақстан деген түбіміз, тіреушіміз бар екенін айтып, біз­дер­ді тәнті қылды. Қазаққа Құдай­дың көзі түзу болып, қойны-қо­ны­шы байлыққа толы жерді сый­ға тартқан ғой. О шеті мен бұ шеті­не жеткенше ат тұяғы тозып, құс қанаты талатын жер ата-баба қа­ны­мен суарылған. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үлкен дамуды бастан өткізді. Елбасымыз қазақ жеріндегі атом, сутегі бомбаларын Семей жерінде сынауды біржолата тоқ­тат­ты. Қазақ елінің жеке ақшасы ай­на­лымға түсті. Алыс-жақын шет елде жүрген қандас бауырлары­мыз­ды атамекенге шақырып, жағдай туғызып жатыр. Елдің экономи­ка­сы көтеріліп, жалақы, зейнеткер­лер­дің зейнетақысы, студенттердің шәкіртақысы көбейіп жатыр. Сарыарқа төсінен жаңа Астана аққу қаздай таранып, бой көтерді. Авто­көлік жолдары, теміржолдар салы­нып, ел игілігіне беріліп жатыр. Қазақстанның әлеуметтік жағдайы күн сайын жаңарып, өсіп келеді.

Сондықтан оралман ағайындар “елден не алам деп емес, елге не берем деп барыңдар” деп Нұралы атамыз батасын беріп отыр.

Әлем саясаткерлерінің дін бас­шы­ларының Нұрсұлтан Назарбаев­ты Нобель сыйлығына ұсынып жатқандарын шын жүрегімнен қолдаймын. Президентіміз арқылы қазақ халқына деген құрмет деп түсіну керек.

egemen.kz