Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзі
Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі "Жарлы болсаң, арлы болма" дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде, жаныңды қинап, еңбекпенен мал тап деген сөз болса, олар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал енбекпен мал іздемек - оларлы адамның ісі.
"Қалауын тапса қар жанады", "Сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ" деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
"Атың шықпаса, жер өрте" дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? "Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол" дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмеңдеп дуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
"Алтын көрсе, періште жолдан шығады" дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.
"Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті" дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның жанынан да малы қымбат екен. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнат-танып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұспандық іс емес пе?Осындай білместікпен айтылғансөздеріне бек сақ болу керек.
1497 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|