Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


ҰЛЫ АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК


image
"Өлмейтұғын артына сөз қалдырған" ұлы Абайды ұлтымыздың мақтанышы санап, жырларын ұрпақтары ұмытпайтын мәңгілік мұраға балап келе жатқалы талай кезең өтті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын "Қазақтың бас ақынының" 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлап, дүниежүзін дүбірлетіп жатқанымызда Абай арқылы әлемге танылғанымызды айтып, бөркімізді аспанға атқанымыз есімізде.
Алайда, Абайды мәңгі есте қалдырудағы мақсат- мүдденің маңызы сол тойдың аясымен шектеліп қалмауы қажеттігін қаймана қазақ дәл осы кезеңде қаперіне ала қоймады десек, қателеспесіміз анық.

Әрине, ұлы ақынның мұрасын зерттеу, насихаттау ісі қолға алынған кезеңнен бері бір толастаған емес. Толастамасы да белгілі. Ол жөнінде сөз басқа.

Әңгіме Абай заманын, оның ұрпақтарының бастан кешкен дәуір кезеңін, ғұмырын сарп еткен тұлғаларды, Абай өмірін өткізген Шыңғыстау өңірінің бұрыны мен бүгінін түгел қамтитын деректі фильм түсіру жөніндегі игі бастаманың әлі күнге дейін мемлекет тарапынан қолдау таппай келе жатқандығында болып тұр.

Мұның бір себебі, ұлттың рухани құндылықты жаңғыртуға келгенде енжарлық танытып әрі қаржы тапшылығын көлденең тартатын рухсыз басшылықтың бойкүйездігінде жатса керек.

Ақын елі жөнінде "Мен халқыма жан-тәніммен берілгем", яғни "Народу отдал я любовь" деп аталатын деректі фильм түсіру жобасын 2000 жылғы "Мәдениетті қолдау жылында" қолға алса да, соған қатысты құзырлы орындардың есігін талай қақса да, еш нәтиже шығара алмаған республикалық "Абай қорының" президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Балтабек Ерсәлімовтің осы орайдағы базынасы орынды.

Аталмыш қордың ұйытқы болуымен жасалынған шағын метражды фильм жобасы 12 түрлі бағдарламадан тұрады. Оның әрқайсының уақыты 15-18 минутты қамтиды. Ал, аталмыш фильмді түсіру ісі толықтай жүзеге асатын болса, кейінгі ұрпақ үшін тарихи маңызы зор мазмұнды құжатқа айналатынына шүбә жоқ. Өкінішке қарай, бұл мәселені жете ұғынып, оң шешім табуына ықпал жасай алатын ел азаматы қазіргі күндері жоққа тән.

Қазақ рухын халықаралық деңгейге жеткізуді мақсат еткен фильм жобасы "Мәдениетті қолдау жылында" жасалынғанын жоғарыда айттық. Сондықтан "Народу отдал я любовь" фильмі ресми тілде /орысша - С.К./ даярланған. Фильмнің алғашқы бағдарламасы "Мой Абай" деп аталады. Онда ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер - сырт Қасқабұлақ көрінісі /ШҚО, Абай ауданы/ түсірілмек. Яғни сол арқылы қарт Шыңғыстау өңірінің қазақ даласындағы орыны қандай екендігіне жете маңыз берілмек.

Бұдан кейінгі бағдарламалардың ретіне тоқталсақ, II- "Лирика Абая", III-"Поэмы Абая", IV - "Книга слов", V -"Поэтическая школа Абая", VI -"Кокпай Жанатаев", VII - "Інжу-Маржан", VIII - "Жидебай", IX -"Шакер Абенов", X - "Созвучие", XI -"Переводы из русской литературы", XII - "Письмо Татьяны" деген атауларға ие.

Атаулардың қай-қайсысына назар аударсаңыз да, көтерер жүгінің ауқымды әрі жауапты болатыны айқын көрінеді. Сондықтан фильм бағдарламаларының мазмұнына сәйкес, елге танымал басшылар, алмақ еді. Олардың арасында бүгіндері қызметі ауысқандар да бар.

Ең өкініштісі, фильмге қатыстырылуға тиісті 40-тан астам тұлғаның 7-уі қазір бұл дүниеде жоқ. Ал, олардың әрқайсысы да Абай әлемінің қыр-сырын терең білетін ғұлама ғалым, дарынды таланттар еді. Мәселен, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА корреспондент-мүшесі Зәки Ахметов Абай лирикасы жөнінде тағылымды дүниелер айтатын білікті ғалым болатын.

Бұл күнде арамызда жоқ Зәки Ахметов көзі тірісінде аталмыш фильмге түсуге келісімін де берген екен...

Тағы бір шоқтығы биік ғалым Шәмшиябану Сәтбаеваның да дүниеден өткеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Әлемге әйгілі Қаныштай ғалымның перзенті Абай поэмаларының құндылығын жеткізе білетін үлкен ғалым еді. Абайтану ғылымында ол кісінің де орны білініп тұр...

"Народу отдал я любовь" деректі фильмінің бесінші сатысы - "Поэтическая школа Абая" деп аталғаны аян. Ал, бұл тұрғыда ұлы ақынның ақындық мектебін зерттеп, насихаттауда өлшеусіз үлес қосып, бар өмірін арнаған Қайым Мұқамедхановтан ешкімнің айналып өте алмасы хақ. Амал қанша, қарт ғалым да фильм түсіру жобасы барын естіп, қатты қуанғанымен көзі тірісінде оған куә бола алмады. Ал, деректі фильм түсіру ісін жүзеге асыру әлі күнге дейін созылып келеді...

Қазақ елі осы аталған тұлғалармен қатар, Абайдың досы әрі шәкірті болған Көкбай Жанатайұлының жақын туысы Төкен Мұртазиннен, композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Теміржан Базарбаевтан, ҚР еңбек сіңірген әртіс Дауыл Хайруллиннен айырылды.

Міне, мәселенің өзектілігі осы жерден бастау алады. Абай арқылы қазақты өзге халықтарға танытуда, насихаттауда таптырмайтын шоқтығы биік тұлғалар қатары сиреген сайын ендігі бес-он жыл ішінде "Абайды білетіндерден кім қалады?" деген өткір сауал көкейге түйткіл болып еріксіз көлденеңдейді. Сонда біз кейінгі толқынға Абай жөнінде, оның ұрпақтары туралы, ақын елі туралы құнды мағлұматты қалай жеткізе алмақпыз?

Осы мәселенің оң шешім табуының бірден-бір жолы деректі фильм түсіру екендігін екшей көтерген "Абай қорының" бастамасы құптауға әбден лайықты. Қор президенті Б.Ерсәлімов фильм түсіру жобасын жергілікті басшылықтан бастап, үкіметтік деңгейге дейін жеткізе айтып, тыным көрмей келе жатқанымен, ұсыныс түрлі себептермен кері ысырылып келеді.


Хош делік. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы тұсында қазақ елінің мәртебесін көтеретін фильм жобасы жоғарыдағы жауапта айтылған себеппен қолдау таппады. Абайдың күні кешегі 160 жылдығы кезінде де мұндай деректі фильмді керек еткен ешкім көрінбеді. Ал, оның құндылығы қаншалықты екендігіне құзырлы орындар басшыларының құлақ қоюға құлықсыздық танытқанына қарап көңіл құлазиды.

Ендігі Абайдың 170 жылдығына дейін арамызда бар Абай ұрпақтарынан, Абай шығармаларын зерттеген ғалымдарымыздан кім қалмақ?.. Олардың қай-қайсына қарасақ та, қарттық ауылына аяқ басқандар. Бұл - қазақ мойындауға тиіс шындық. Сондықтан да ұлт рухын көтеретін фильм жобасын тездетіп жүзеге асырғанымыз жөн. Өйткені, биыл Ресейде - Абай, Қазақстанда, - Пушкин жылы. Әрине, қос мемлекет басшысының достық ниетінен туған осынау рухани-мәдени шара құптарлық-ақ.

Осы жылдың аясында Қазақстан атынан Мәскеуге ақын-жазушы да, әнші-биші де ағыларына талас жоқ. Ал, сол кезде Абайды, сол арқылы қазақты танытудың өзгеше жолы "Народу отдал я любовь" /Абай/ фильмінің орны, орны ғана емес, маңыздылығы қатты білінбек. Егер біз Ресей телеарнасы арқылы деректі фильм көрсете алсақ, онда Абай ғана емес, бүкіл қазақ даласының тарихы танылар еді. Өкінішке орай, мемлекет мерейін өсіруге септігін тигізетін "Абай қорының" осынау игі бастамасы облыстың қазіргі басшылығынан да, Үкіметтегі тиісті орындардан да қаржы жетіспеушілігінен дегенді тілдеріне тиек етулерінен тағы да қолдау таба алмай қаларма екен деген қауіптеміз.

Егер тарихқа шегініс жасасақ, Абайдың 100 жылдық мерейтойы 1945 жылға тап келгені мәлім. Соғыс ауыртпалығынан ел тұрмысының тұралап тұрғанына қарамастан, ақын тойын дүбірлетіп өткізу арқылы сол кездегі мемлекет басшылары ел еңсесін, рухын бір көтеріп еді.

Ал, 1995 жылғы Абайдың 150 жылдығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі экономикалық ахуалдың күрделіленіп, әлеуметтік жағдайдың тығырыққа тірелгеніне қарамастан, қазақ рухы үшін бар күш-жігерін жүмсап, Абай тойының адамзат тойына айналуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Демек, биылғы Ресейдегі Абай жылында мақаламызға өзек болған деректі фильмді жарыққа шығаруды кейінге ысырудың ендігіде ешқандай желеуі болмауы айырықша қажет.

1104 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.92Rating: 4.92Rating: 4.92Rating: 4.92Rating: 4.92 (барлығы 38 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар