ӨЛЕҢ ӨМІР… БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР
Әдебиет - жаттығу арқылы белгiлi бiр нәтижеге жететiн спорт емес. Әдеби шығарма үшiн рецепт те берiлмейдi. Шығармагердiң қолына қаламды тек… Құдай ұстатады. Әңгiмемiз - осы сатып та ала алмайтын, қарызға да берiлмейтiн, ұрлауға да болмайтын әдебиет туралы. Оның iшiнде ақындық жол туралы. Социалистiк реализм әдiсiнен аулақ, еркiндiкте дамыған 1991 жылдан басталатын тәуелсiздiк дәуiрiндегi әдебиет шығармалары уызқағанақ күйiнде жұртшылыққа жетiп те үлгердi. Әдебиеттiң үш тармағы бар болса, теориясы мен тарихына қоса және бiр үлкен фактор ретiнде әдеби сын да айтылады.
Қазақ әдебиетiнiң аспанына жарқ етiп шыққан ақындар шоғырының деңгейi қандай дәрежеде? Әркiмнiң бар таласы болған поэзия қалай өрiстеуде екен деп «жүрегiнде - сыр, қолында қаламсабы» (Б. Айболатұлы) бар жас ақындардың жырына сыни көзбен үңiлiңiз.
Әлбетте, ақындарымызға аспандағы айды әпер деп отырғанымыз жоқ. Поэзия - рухани азық десек, оның тәттi дәмi, поэзия әуен десек оның тамылжыған музыкасы, поэзия - сұлулық десек, - оның көз қуантар көркi болуы керек. Әлемде нашар өлеңi жоқ ақын өмiр сүрiптi деп күнәға батқымыз келмейдi.
Кiтап бiрiншi беттен ақырғы бетке дейiн кiл мықты өлеңдерден құралуы мүмкiн емес. Әрине, артық-ауыс кемшiлiк болуы заңдылық шығар, бiрақ, өлеңi оқырманға өнер деңгейiнде жетуi қажеттi.
Осы пайыммен зерделегенде байқағанымыз, ақынның көбi жырды аузына Құдай салған бейнесiн өзгертiп, қолдан күрделендiруге құмар-ақ. Ал, қолдан күрделендiру түсiнiксiздiкке соқтырып жатыр. Оқырманға түсiнiктi болып жете қалған күнде де жасамыстық қалып танытады. Ақынның жасы - отызда, өлеңiнiң жасы отызда…
Ат көтiнде жарым кеттi баураған,
Арым қалды аңырап.
Қан жылайды қара шалым қаусаған,
Шаңырағы қаңырап.
(Ә. Бимағанбетов. «Өлген намыс»)
Өлеңнiң көркемдiгi мен композициясына әсте дау айтып отырған жоқпыз. Тек, бiрiншi жолдағы асты сызылған сөздердi (секiлдiлердi) поэзияға араластырмаған дұрыс. Бұл үрдiс бiраз ақында кездеседi екен. Поэзияға боқтық сөз жат. Ол фольклордың меншiгi.
Көпсөздiлiктен қашу жөн. Әр сөзi құранды ердiң салмағындай Қ. Мырзалиев болу өте қиын және шартты емес. Әдебиетте жазу шарт болса да жөнi осы екен деп төпелей беру мағынасыздыққа ұрындырады. Жантақ шапқандай жапыра бермей, көрiктi сөздi көбiрек көгендеуге көңiл аудару шарт.
Оқырманда базарға келiп әр нәрсенi менсiнбей, паңдана қарап тұратын бекзадалық болады. Егер ақын оқырманның осы талғамын ұғынбаса iшiнде iлiп алары жоқ, бiреудiң қарақұсына дәлдеп қойып қалсаң миын аузына түсiретiн қарыс томдығы сырты жылтырап тұрғанымен, бүгiн, болмаса ертең мiндеттi түрде қоқысқа аттанып кететiнiн түсiнуi керек.
Дауыстың кеңдiгi мен ашықтығы, сазы болмаса ән салуға емес, қой қайтаруға ғана жарасымды болатындай ақын сөзi көбiкке айналса жерде қалады. Сөздiң қайтарымы болмай кеткен тұста керiм қыздан кетiк тiсiн жасыратын жiгiтше жақ ашпай жүру де жөн. Қолымызға шырақ алып, осы жақсы өлең iздеуге кiрiстiк. Сонымен…
…Ежелгi араб әдебиетiнде жауын мен гүл пайғамбарымыздың (с.ғ.с) символы ретiнде қарастырылады. Сопылар поэзиясы құшақ-құшақ гүлден тұрады. Гүлдi жырламаған сопы ақынды көрсету өте қиын. Ал, жауынды ақындар айтты, айтып та жүр… «Жаңбырлы түндi» бiрге парақтайық:
«Жаңа жаңбыр жанарынан жасын көктем
Жауып тұр»,
«Өзiңсiң таңғы бағым, түнгi ырысым,
Жауын!
Жаудың ба?
Жып-жылысың!»
«Көктен жауын төгетiн ара-тұра»
«Әрбiр тамшы - жалғыз қалған сәттерiм,
Алматыға күлкi күнi күн жауды…»
Осы жерден тоқтай қалғанымыз жөн. Кiтаптың өн бойынан жауын араласпаған өлеңдi табу қиын. Әлбетте, авторы Назира Бердалы - осал ақын емес. Лириканың iшiнде Данте, Петрарка, Шекспирлер қалам тартқан сонет үлгiсiндегi сыршыл өлеңдерi әдемi-ақ. Десе де, Назираның өлеңдерiн оқи бастасам, көз алдыма нөсердiң астында қалып кеткен, су-су болған қыз бала елестейдi.
Әрине, көңiлдiң де, көшенiң де шаңын басып тұратын ауық-ауық жауынның төпелеп өткенiне не жетсiн… Бiрақ, Алматының аспаны ақ жаңбырлатып ұзағынан жылағанда жауыннан да жалығады екенсiң. Ақын қыздың ендiгiсiн оқырманына жауынға жүктi бұлттан шыққан емес, оттан, жалыннан элементтерi бар жалынды жырлар ұсынғаны жөн-ау…
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Германиядағы бiр журнал жыл iшiндегi ең нашар әдеби шығармаға, яғни ең дарынсыз авторға берiлiп тұратын тым бағалы сыйлық тағайындаған. Оны алған адам екiншiлей ақын не жазушы болмасқа және осы сыйлыққа келген ақшаға басқа мамандық алуға уәде беретiнге ұқсайды.
Сiрә, осыны бiзге де қолдануға тура келер. Таяуда қолымызға «Тақсыр, Күн!» атты өлеңдер жинағы түсiп қалды. Авторы баспасөзде жарияланып жүрген Ержан Алаштуған.
Үнемi тәуiр өлең iздеп жүретiн танымымыздың деңгейi жетпей қалды ма, әлде шынымен солай ма, мұнда поэзияның талаптарына жауап бере алатын жырлар аз. Мысалы:
«Қызық - ай!
Қызыл аспан көрдiм, қызығып тұрдым,
Қызынып, сүзiлiп тұрдым.
Қып-қызыл құйрығы,
Кеткендей үзiлiп күннiң.
Қам-көңiлiң ақыры бұзылып тындың!»
(«Қызыл аспан»)
Не түсiндiңiз? Өлеңдер түсiнiксiз түрде осылай жалғаса бередi. Жан диалектикасы мүлдем жоққа тән. Уақыт межесi жоқ, шалажансар ұйқастар мен түсiнiксiз пайымдаулар ғана бар. Сезiм лирикасына келейiк.
«Аққуым едiң пәктiгiм,
Байғызым болдың
Қайғылы!..
Мұңлымын, бiрақ сен үшiн.
Перiштем болған перiсiң!
Қайғының күйле қобызын…»
(«Тәттi мұң»)
Өлеңде филологиялық сауаттылық қана бар. Ақындардың барлығы да сезiмi адыра қалып жылап жүретiн едi. Мына жолдар да солай. Жаттанды эпитеттер үлкен симметрияға арқау бола алмайды.
«Қаламгердiң қаламынан бой түзеген, өз iшiнен шыққан шұбар жыланға қаталдық көрсетуi қашаннан келе жатқан үрдiс…» (А. Сүлейменов. «Жас Алаш», 14 наурыз,1998 ж).
Айтпағымыз да осы едi, бүгiнгi жастарда өздiк сыны құрғыр кемшiн тартып жатады…
«Қызылға қызбас көңiлдiң,
Жiбiтiп мұзын жаныңыз.
Көктем боп маған көрiндiң,
Сарғалдақ реңдес сары қыз.
Самалы сынды қиялым,
Сәуiрдiң…
Сипап бетiңдi.
Үлбiрей бершi ұяңым,
Ұяттың өзi секiлдi».
(Б. Айболатұлы «Сарғалдақ»)
Өлең жүзiктiң көзiнен өтердей. Әр ақын өзiнше ғашық болады. Жаттанды, сүйдiм, күйдiмiн айтып, ботадай боздаудан аулақ, әдемi сезiмдердiң мөлдiр мелодрамасы болып шыға салған сәттi дүние. «Лирикада жеке бастың сыры, ойы бiрiншi қатарда тұрады» (А. Исмақова. Автореферат диссертации ф. наук. м., 1985, с. 14-15).
Өлеңде романтикалық кейiпкер суреттеу тенденциясы арқылы көрiнiс табады. Сезiмдi ойнатып, оқырманға жүрек түбiн көрсете жырлау, мөлдiрлiк Төлеген ақыннан кейiн сирек ұшырасатынымен санассақ, Батырболат - ақын. Әйткенмен, сезiмiнiң бәрiн әлгi «жалғыз-ақ тамшы моншақпен» жеткiзетiн сыршылдық болғанымен осалдық бұл ақында да бар:
«Жауып тұр жаңбыр,
Жазғы салымға тән нұр!
Жауғанда осылай жаңбыр,
Жаңғырып қалады жан бiр.
Жақсы ғой жарады тал бүр.
Айқай, жаңбыр, жаңбыр!»
(«Мен ғашық қыз». А. 1996. 15-б.)
Перiштелерi алдынан пай-пайлап тұрған бала ақынның бiрi - тараздық Ерлан Жүнiс.
«Жастығын жаспен сулайды сұлу,
Жүрегiн жаспен улайды сұлу.
Не керек.
Бiр түн есейттi оны,
Көбелек ендi қумайды сұлу.
Жылама сұлу, мұңайма сұлу,
Жасу да салма шырайға сұлу.
Жасына қыздың тұншығар әлем,
Мұңына жүрек шыдай ма сұлу?!»
Мiне, бала деп отырған балагерiмiз қарагердiң сөзiн айтады. Портты қалаларда мұхитқа жаңа кеменi алғаш шығарғанда жағалауға бiр бөтелке аққайнарды ұрып сындыратын жақсы ырым бар. Жолы ашық болсын деген игi ой да. Ендеше, поэзияға келген Ерлан үшiн де бiр аққайнар!
1753 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|