Абай туралы ойлағанда қазақ халқының елдік сипаты, қасиеті, оның Абай туған дәуірдегі даму жолы, келіп тоқтаған сатысы, бары мен жоғы, мұңы мен мұқтажы жайында ой түседі. Өйткені Абай бір өзі бүкіл халықтың есіміне атау. Абайдың ұлылығы — халықтың ұлылығы. Әр халықтың әр заман тұсында ұлы перзенттері болған. Абайдың ұлылық сипаты олардан өзгерек.
Абайда тіпті сан ұлылық бас қосқандай десек те болады. Сондыктан ол бүкіл халық есімін алып тұрғандай. Әдетте көп ұлылық халықтың ғана басында болады.
Абай — ұлы ойшыл (философ), Абай — ұлы ғалым, Абай — ұлы ақын, Абай - ұлы ұстаз. Ойшылдығы - қазақ тұрмысының, болмысының бәрін терең біліп, дүниенің даму заңын сәйкестемек болуы, дамыған елдерге теңестірмек болуы. Ғалымдығы тұрмыс заңдарын, экономика заңдарын, тарихты білуі, тіл өнері құдіретін зерттеуі, сол арқылы тіл ұстартып, сөз жаңартуы, бүгінше айтсақ, жазба әдебиетінің де, әдеби тілдің де негізін қалауы. Ұстаздығы - адамгершіліктің ең асыл қасиеттеріне елді жетелеуі, халықтың қараңғылықтан шығуына бар қайратын сарп етуі. Ақындығы — осы ұлы мақсаттарды үгіттеуі, оны жүзеге асыру жолында поэзия құдіретін құрал етуі, ол үшін сөздің бар қорын пайдалануы, үлгі, түр жаңартуы, жаңа сөз бен жаңа міндет, жаңа мақсатты жырлауы.
Ол жеке, пендешілік тұрмыстың бар қызығын тез көріп, одан тез безінген. Адам қызығының артықша жолын іздеді ол. Ол оны өзі тапты да, өзгенің де, көптің де табуын көкседі. Сол тапқан жолын үгіттеумен, жұртты сол жолға қайыра, қайыра шаршады. Оның жалғыздығының сыры, мұңы, өлеңдеріндегі өкініші осыдан туған.
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас — бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас, — дейді ол.
Қараңғылық мұхитының жағасында мүлгіп отырған халқының ол мұхит тегіс ағармай, Абай секілді алып та болса жалғыз толқынның ағарта алмайтынын, жаңғыртқанмен, жарқырата алмайтынын білген, сондықтан оның жырларынан сұрапыл өкініш, өксік үні естіледі. Абайдың алып екенін осы жолдардан көруге болады. Бүкіл өмірінің трагедиясын сегіз жолға сыйдырып айтуында. Бұл - әбден болаттай суы қанып, шыңдалуы жеткен өнер.
Абай қазақ халқын қасиеттеген, қадірлеген. Бұл жай шындық секілді көрінгенмен, мұның да мәнісі бар. Ол елін сүймесе, елін жарыққа шығаруға бел байлап, сол жолдағы ұлы күрес майданына жалғыз түспес еді. Бірақ оның бүкіл творчествосында сол елді, елдің адамдарын сынау көп, мінеу көп. Небір сорақы қылықтарды қатесіз тізіп, аяусыз сынайды. Бәрін жинақтап келсең іске алғысыздар ел ішінде өте көп. Осыған орай сырт қарағанда ол халқын жек көрген-ау дейтіндер де болуы заңды сияқты. Жоқ, ол - оның өз намысы. Ол өзін-өзі шенейді, намысына қайрау салады. Әйтпесе халық табиғатын, оның дән енгіш құнарлы топырағын дәл таныған Абай. Бірақ надандық дертінің емдеуге оңай келместей өтіңкіреп кеткеніне көзі жетіп, зар шегеді ол.
Абайдың көрегендігінің өзі - жапан даладан туып, жалпақ надандықтан бойы асып, жанталаса ізденіп, дүние ойшылдарымен еңсе теңестіруі. Ол осы күнгідей әлем аралап, алуан сапар шегіп, дүние базарын көзімен сүзіп шыққан кісі емес. Тіпті қазақ даласының өзін де түгелдей көрген жоқ. Оның сапары - ой сапары, көкірек көзінің сапары, қиял сапары. "Алыс, жақын қазақтың бәрін көрдім" дегенде ол өзі аралап, жол шегіп, жүздескендігін айтып отырған жоқ, қазақ тарихының арғы-бергі жолындағы "мен кісімін" дегендерді ақтарып көргендігін айтып отыр. Даланың сандаған мешеулігінің бірі — ат аяғы жетпейтін үшан сахараның қатынас жолы. Ол тіпті өзіндей туған халқының тамаша сирек ұлдарын, өз замандастарын, армандастарын -Шоқанды, Ыбырайды, Махамбетті, Құрманғазыны естімеген, көрмеген адам. Бір ғажайып ой салатын нәрсе - осы алыптардың бірін-бірі естімеуі, көрмеуі. Ол факты жайында тарих әлі бізге ештеңе, ешқандай дерек берген емес. Ендеше осынша ұлы тұлғалардың бір мезетте шығып, алдарына бір ғана мақсатты - халқын мәдениетке, өнер-білімге шақыру мақсатын қоюында не сыр бар?
Әзірге біздің топшылауымызда, жалпы, қазақ халқының сан қилы тағдырдан соң алай-түлей соғыс, жорықтар заманынан кейін, шамасы бір ғасырдай даму жолында толастау, тоқырау процесін бастан кешіп, енді әлем цивилизациясының әлі де алыс жаңғырығынан ояну, қозғалу мұқтаждығының тууынан деуге болады. Бұл пікір - негізінде өмір бойы тағылық, қараңғылықты бастан кешкендік емес, қайта бір кезде мол мәдениетті, сан шаһарлы, рух жігері, ой-санасы биік талантты халықтың уақытша тарих шаңы басып қалған мең-зең қалыптан ояну, сергу дәурені туып келе жатқандығын дәлелдеуден туса керек. Солай болса, біздің даламызды жан-жағын мәдениет қоршап, ортасында шөл болып қалған тағылар жайлаған тақыр дала деген пікірдің күл-талқаны шығатын кезі жетті.
Сайып келгенде, сол жаппай халық рухының оянуы, сергу дәуірінде, қараңғы аспан көгінен туған жарық жұлдыздар, тарихымыздың атар таңының жаршылары, жоғарыда аталған, ғалым Шоқан, ағартушы Ыбырай, музыка алыбы Құрманғазы, Біржандар, күрес ерлері Сырым, Исатай, Махамбеттер. Даланың бір-бірінен шалғай тұстарында туған олар өздерін мәңгі жалғызбын деп есептеп кетті. Көбіне олардың тумысындағы, жан-жағындағы, ағайын саны, дәулет, бақ, салтанат рахат саны аз болған емес.
- Атадан - алтау,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым, тап шыным, — дейді ғой Абай.
Шоқан да, Ыбырай да Абай секілді, ата-тегінен ары салғанда хан мен бек, беріден салғанда патшадан шен-шекпен алған "шынжыр балақ, шұбар төстер". Олар тұрмыс тақсыретін, дүние таршылығын тартқан кісілер емес.
Міне, оларды, оның ішінде Абайды, заманынан, ортасынан озық туды, бар арманы, асыл мұраты - халық қамы, ел тағдыры, есіл дерті болды дейтініміз де сондықтан. Олардың қарапайым қайраткерлерден, небір сабаз, жақсы азаматтардан да артықшылығы осы. Біз ұлы деген сөзді асқақ мағынасынан тура мағынасына көшірсек те олар "халықтың ұлы" деген ұғымды береді. Ал халықтың ұлы болуы — ұлылықтың бірден-бір шарты. Енді Абайдың тікелей ақындық өзгешелігіне, поэзиядағы жасаған ерлігіне көшсек, оның ұлы ақындық тұлғасы да сол ұлы азаматтық тұлғасына ұласады.
Жоғарыда айттық, мәдениет шыңына, жалпы халық санасының жарық сәулесіне жетуіне Абай бар өнерін сарп етті дедік. Оның ақындыққа шығардағы ұстаған бағыты — алдымен халық мінезін жөндеу. Оның көзқарасында, өкімдік те, билік те, күш те емес, ол мақсатты орындайтын тек қана үгіт-насихат. Үгіт-насихат тек қана өнер арқылы, өткір сөз, өлең арқылы жүзеге асады. Оның кейін өзі жалғыздық шегетін, мерт болатын майдандағы құралы — тіл. Сондықтан ол осы құралды жетілдіруде өзінің талант құдіретін аямай жұмсады. Абайдың барлық творчествосын қадағалап отырсаңыз, бәрі-бәрісі жақсылық пен жамандықтың тартысы, өзінің үнемі жақсылық жағында отырып, жамандықты жерлеу, жаншу, көзге ұру, бас көтертпеу. Бұрынғы тарихтағы ірі-ірі ақындардан ә дегендегі айырмасының өзі жамандық, жақсылықтың жалпы ұғымынан жекеге көшу, саралау, жіктеу, көзге көрсету тәсілін қолдану. Осылайша оның ең алғашқы өлендерінің өзінен жеке портреттер, детальдар, жеке мінездер, дара сыр-сипаттар басталып кетеді. Мысалы, "Күлембайға", "Болыс болдым, мінекей" деген өлеңдерінде тағы басқа теріс мінезді адамдар кескіні бар болса, бір пара болса, "Кешегі Оспан", "Әбдірахманға" тағы басқа шығармаларында жақсы-жайсаң адамдар мінездерін жасайды.
Осыдан бір кезек осы екі құбылыстың — жақсылық, жамандықтың өзге де мінездемесіне қайта ауысады. "Көзінен басқа ойы жоқ", "Бойы бұлғаң", "Антпенен тарқайды", "Мәз болады болысың", "Қажымас дос халықта жоқ" деген сияқты бір сала жырдан соң, жақсылыққа көшіп, "Көзімнің қарасы", "Жігіт сөзі", "Қыз сөзі", "Айттым сәлем, Қаламқас", "Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ", "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" секілді бір топ өлеңдері көрікті, ақылды, әсемдік рахатын паш етеді.
Осылардың бәрін де Абай өзінен бұрын ешкім жазбаған әдіспен — реалистік, шыншылдық тәсілмен бастайды. "Сөз түзелді, тындаушым, сен де түзел!" дегені осының айғағы. Алғаш "Қуаты оттай бұрқыраған" өлеңмен ол осылай еркін-ақ шыққан, қаруына қапысыз сенген. Сондықтан ол сөз қадірін үстем етуді алдымен ойлаған. Қаруының күшін ұғындыру үшін ол осы өлең қасиеті жайын көп жырлаған. "Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы", "Өзгеге, көңілім, тоярсың", "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін", "Білімдіден шыққан сөз", "Тіл өнері дертпен тең", "Құлақтан кіріп бойды алар", "Құр айқай бақырған", "Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын" деген тамаша өлеңдері осы поэзия, өнер құдіретін асыруға, дәріптеуге арналған. Адамның рухани көркінің айнасы - өнерге, искусствоға мәңгі берілуі, сол арқылы ақыл-парасат, әсемдікті танытуға үндеу қос қабат жүріп отырады.
Көп зерттеушілер Абайдың ақындық жаңалығын байырғы қазақ өлеңіне енгізген сыртқы түр-формадан іздейді. Ол жаңалық дегені көп мәселенің бір элементі ғана. Абайдың қазақ өлеңіне кіргізген жаңалығының басты көзі оның айтайын деген ойының жаңалығында. Сол ойға ылайық өлеңдік материалды сұрыптау әдісінің алуан түрінің ырғақ, ұйқас, буынның, үнділіктің, саздың жаңалығы. Сайып келгенде, ең үлкен мәселе — тілдің, Абай тілінің жаңалығы. Ол деген сөз - таза әдебиет тілі пайда болды деген сөз. Осыдан келіп, Абай әдеби тілдің негізін салды деген белгілі қағидатуады.
Абайдың ең алдымен бұрыңғы қазақ сөзін ұстартуы, қазақ өлеңінің бар болған үлгісінің сан мүмкіншілігінің ішкі өзгерістерін ашуы оның шу дегендегі жаңалығы болып саналады. Содан ол жыл, уақыт аттаған сайын енді өзіне ғана тән жаңалықтармен жарқырап көріне бастайды. Ол әуелде-ақ осы мақсатын айтып шыққан:
"Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ".
Абай жалпы түсінікті бола тұра, түсінігі сарқылмайтын мәңгі бастау секілді құбылыс. Бұл құбылыс - тек Абайға тән құбылыс. Қазақ поэзия тілінің Абай ашқан сиқыр сырлары әлі талай ғасырларда ақындардың сан ұрпағына ашық жатқан сара жол. Одан кейін осы тілдің тағы толысқан, тағы толғағы жеткен процесін Абайдай біреу туып, қорытындыласа керек.
Абай — қазақ тілінің ұлы құдіретін танытқан кісі.