Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


ЕЛ МӘДЕНИЕТІ ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ


image

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген екі қазақтың бірі оны ұлттың рухына, халықтың қазына-байлығына балайтыны бар. Талас жоқ, бәрі дұрыс. Халықтың қасиетті тілімізге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген екі қазақтың бірі оны ұлттың рухына, халықтың қазына-байлығына балайтыны бар. Талас жоқ, бәрі дұрыс. Халықтың қасиетті тілімізге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес. Кейбіреулерін атап өтейік: “Тіл – халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы”, “Тіл – атадан қалған асыл мұра”, “Тіл – асыл ойдың бұлағы”, “Тіл – ел басқарудың құралы”, “Тіл – тәуелсіздіктің тұғыры”, “Тіл – елдігіміздің іргетасы”, “Тіл – білім, тәрбие тұғыры”, “Тіл – татулық тірегі”, “Тіл – тәуелсіздік тұғыры”, “Тіл – достықтың мерейі”, “Әдеп басы – тіл”, “Тілді қорлау – халықты қорлау”, “Тілі өлген ел – тірі өлген ел”, “Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем”, “Ұлттың қуаты – тілінде”.

Бұл тәрізді халықтың жүрегінен шыққан, ана тіліне деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін қанатты сөздер көп-ақ. “Халықтікі” деп отырғанымыздың себебі – көбісінің авторы белгісіз, ұмыт болған. Бірақ олар – ел қамын жеген, тіл тағдырына бейтарап қала алмаған халық перзенттері. Және бұлар ойланып-толғанып барып, ақиқатқа көзін жеткізіп барып айтылған ой-тұжырымдар. Бұл тәрізді ой-тұжырымдардың баршасы – ел аузынан түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер.

Сөзіміз дәйекті болу үшін бірер дерек келтіре кетейік: мәселен, “Тәрбие басы – тіл” деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөзді ХІ ғасырдың ұлы филологы – Махмут Қашғари айтса, “Әдеп басы – тіл” деген тағылым-өсиет ХІІ ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі – Ахмет Йүгінәкидің есіміне қатысты.

Бұлардың баршасы – өз кезінде айтыла салған әсіре қызыл сөз емес, ойшыл да ақылман бабаларымыздың өмірден алынған, жүрегінен қайнап шыққан, құдіреті күшті ана тіліміздің қадір-қасиетін терең түсінуден туындаған қанатты сөздер.

Үзілмей келе жатқан даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көріп отырмыз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл да абзал қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөзге айналдырып жіберген зиялыларымыз да баршылық. Олардың бір айырмашылығы: тіл туралы айтқан ой-тұжырымын нақтылы деректермен дәлелдеп, сипаттап айтады. Мысалы, заманымыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: “Әрбір халық жер бетіне мәңгі-бақи жасау үшін келеді” деген пікірі бар. Осы пікірге қарай айтылған Ғабеңнің де тілге байланысты “Тіл – мәңгіліктің мәңгілігі” деген пікірі бар. Және бұл пікір мынандай жағдаятта дүниеге келгенін көреміз:

“Ана тілі дегеніміз – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді” (Ғ.Мүсірепов).

Тағы бір мысал. “Тіл – халықтың жаны” деген қанатты сөздің жәй айтыла салған әсіре қызыл сөз емес, өмірлік мәні зор философиялық кредо екендігін дәлелдейтін ой-тұжырымды біз жазушы Дүкенбай Досжаннан естідік. Ол: “Менің жаным – қазақ тілінде” деп алып, соны дәлелдейді. Ана тіліміздің жаршысы, ар-намысы, ұйытқысы саналатын қаламгерлер қауымының жаны өз тілінде болса, онда халқының жаны да сол тілде болғаны ғой. Сол Д.Досжан әңгімесін мынандай салыстыру арқылы өрбітеді:

“Ертеде былай дейтін: “Пәлен жерде “түген” деген сұрапыл күш иесі дәу тұрады. Оны жеңу өте қиын. Өйткені, оның жаны кеудесінде емес, басқа жерде. Оны өлтіремін десең, биік дарақ басына іліп қойған сандық бар, сандық ішінде балапан кептер бар, әлгі сандықты атып түсірсең, кептер ұшып шығады, кептерді атып түсірсең, сонда ғана әлгі дәудің жаны шығады”. Мына өмір де айна қатесіз. Біздердің, қазақ тілінде жазатын жазушылардың жаны ана сүтімен сіңген ұлттық тілімізде. Қазақ тілі, әсіресе, бұл – қаламгерлердің жаны, ана тілі өлген күні олардың да күні бітеді”, – деп жазушы өзін алып күш иесі — дәуге, кеудесіндегі жанын, яғни тілін – ақ кептерге балайды (“Ана тілі”, №29, 24.07.2003, 1-бет).

Бұл ой-тұжырым негізінде символика жатса да, ана тіліміздің табиғаты мен тағдыр-тауқыметін дұрыс көрсетіп тұрған шындық.

Бұл тәрізді қанатты сөздерді хан да айтқан, қара да айтқан және қарақан басының қамы үшін емес, халқының қасиетті тілінің тағдыры үшін қабырғасы қайыса отырып айтқан ғой.

Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір-қасиеті Елбасын да аз ойландырып, аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар, Елбасының уәлі ауыздан шыққан: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, “Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы”, ал кейінгі Жолдауында (2005) айтылған: “Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек” деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын уағыздап отыр.

Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сияқты ұлағатты ой-тұжырымдары мемлекеттік мәртебеге ие болса да, діттеген биігінен көріне алмай келе жатқан қазақ тілін жай мадақтау үшін ғана емес, оның зор болашағына деген сенімін, тарихтың тәлкегімен көп ұлттың өкілдері қауышып, қауымдаса өмір сүріп келе жатқан Қазақ жерінде соларды дүрліктірмей, дүрдараз қылмай, тас-түйін болып бірігіп, бейбіт өмір сүруіне ұйытқы болатын аса биік миссиясының барлығын да аңғартып отыр. “Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы” деген қанатты сөздің мән-мағынасы бәрінен де терең. Өйткені, ұлт болу – этностық дамудың ең жоғары сатысы, шарықтау шегі. Оны ұйыстырушы, ұйымдастырушы факторларға ортақ табиғи мекен, ортақ өмір-тіршілік көздері, ортақ мәдениет, ортақ дәстүр, ортақ психология және тіл жататыны белгілі. Тілдің “ұлт анасы” болуын оны сүйіп өскен ұл-қыздарымен қатар, әр алуан себептермен алыстап кеткендерді, не өз қағынан жеріген киіктей, “ана тілі” деген құдіретті күшті мойындамай жүрген нигилистерді, не қоғам дамуының әсерінен бұл ұлттық құндылықты бағалай алмай жүрген “жаңа қазақтарды”, т.т. өз құзырына алуы деп түсінген жөн.

Елбасының ана тіліміздің табиғи болмысы мен болашағы туралы бұдан басқа да айтқан пікір-тұжырымдары баршылық. Біле білсе, олар елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік тіл саясатының негізгі де өзекті мәселелерін баяндайтын, ана тіліміздің бүгіні мен алдағы болашағын болжалдайтын бағдарламаның қысқа жобасы іспетті: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!”.

Ана тіліміздің табиғи болмысы, қадір-қасиеті бұл келтірілген қанатты сөздер сипаттамасымен ғана шектелмесе керек. Ана тіліміздің атқаратын барша қоғамдық-әлеуметтік қызметтерінің ішінде шоқтығы биік тұрған, аса елеулі тағы бір қызметі – оның ұлттық мәдениетіміздің негізі, ұйытқысы болу қызметі. Осыған орай, әңгімеміздің негізгі мақсаты “Ел мәдениеті тілден басталады” деген қанатты сөздің тіл құдіретіне қатысты мән-жайын айқындай түсуге байланысты.

Әрбір халықтың өз ана тілі бар. Ол – жеке адамның ойлап тапқан туындысы емес, барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сондықтан да болар, ана тілінің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы сол ұлттың әрбір шынайы азаматына танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.

Ана тілін әркім-ақ қолданады, бірақ ол жеке адамның қарақан басы үшін жасалған дүние емес. Әдетте, бұл сауалға лингвистика ғылымының “ана тілі – этностық қауымдастық мүшелерінің өзара түсінісіп, байланыс жасауға қажетті қатынас құралы” деген жауабы дайын тұратыны белгілі.

Бұл да – шындық. Бірақ ана тілінің атқаратын қызметі тек сол ғана ма? Тілдің коммуникативтік қызметтерінен басқа ерекше атауға тұрарлық эстетикалық және коммулятивтік қызметтері тағы бар емес пе? Тілдің эстетикалық қызметі белгілі этностық қауымдастықта қалыптасқан көркемөнердің (сурет, сәулет, бейне, музыка, т.б.) небір ғажайып үлгілерін тіл арқылы бейнелеп жеткізуде, табиғат пен қоғамдық өмірдегі небір ғажайып құбылыстарды сөздің құдіретті күшімен әсірелеп танытып, адамның жан дүниесіне эстетикалық ләззат сыйлаудан айқын байқалса, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздан ұрпағына рухани мұра болып қалған мол қазына – ақыл-парасат, аталы сөз, даналық пен өсиет-тағылымдардың баршасы тіліміздің коммулятивтік қызметі арқылы үзілмей жалғасып отырады.

Тіліміздің бұл екі саладағы, өзара астарлас әрі тығыз байланысты қызметтері ұлттық мәдениетіміздің ғасырлар бойы дамуындағы үзілмес өзегі, қайнар бұлағы болып саналады. Тілдің осы бір абзал қызметі тәркіленген қауымда ұлт мәдениетінің сақталуы да мүмкін емес, ол да жоғалады. Ал мәдениетсіз қауым – ол есте жоқ ескі замандардағы жабайылардың бір тобыры ғана.

Осы орайда елдігіміздің негізі – ұлттық мәдениетімізге, ал ұлттық мәдениетіміздің негізі – ана тілімізге тікелей байланысты екендігіне ерекше көңіл аударған жөн.

Біз әдетте: “тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі”, “тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы” деген ұғымдарды жиі қайталаймыз. Сондағы мақсат: мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, мәртебесін көтере түсу үшін ғана емес, сонымен қатар “ана тілі” атты сирек кездесетін, тіпті бір жойылса, қайтып тіріле қоймайтын феноменнің ең алдымен ұлттық мәдениетімізге тікелей қатыстығын, оның бұл салада атқарып келе жатқан абзал қызметі бар екенін бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып, айы оңынан, жұлдызы солынан туып отырған қазақ қауымының есіне салып, оның осы бір ерекше қасиетін, жауапты міндетін дұрыс бағалай білуге шақыру.

Ана тіліміздің ұлттық мәдениет саласында атқарып келген қызметтерін ғылымда “оның коммулятивтік міндеттеріне жатқызады” дедік. Олардың ең бастысы – этностық қауымдастықтың басып өткен барша өмірі мен бүгінгі болмысының арасын үзбей жалғастырып, рухани көпір болуы. Демек, тілдің бұл қызметі — халықтың тарихи санасы мен жадын білдіреді деген сөз.

Ұлттық мәдениетті, әдетте, “материалдық (заттық) және рухани мәдениет” деп екіге бөліп қарау дәстүрі бар. Тіл бұлардың екеуіне де қатысы бар және өзі де ұлттық мәдениеттің үлкен бір саласы болып саналады. Ұлттық мәдениетке әсіресе, тіл негізінде дамитын рухани мәдениетімізге халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған бай ауыз әдебиетінің сан алуан үлгілері, небір дүлдүл ақын-жырауларымыз бен шешен де ділмар дана бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасы, ертегі, қисса, әңгімелері мен мақал-мәтел, тағылым-тәрбиелі, аталы сөздері жататыны белгілі.

Міне, осыншама мол рухани дүниеміз ана тіліміздің жоғарыда көрсетілген коммулятивтік қызметі арқасында түгелдей қағазға хатталмаса да, халқымыздың жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

Осыншама мол дүниенің болашақ ұрпаққа қалай және қай қалпында сақталып, қандай жолдармен жетіп отырғаны бүгінге дейін көп сөз бола бермейтін. Өйткені, кешегі партократиялық идеологияның ұстанған қағидаты бойынша өткендегінің бәрі, әсіресе, оның өзекті саласы саналатын рухани дүниесі бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін қажетсіз мұра ретінде көбісі беті ашылмай, ашылса да, оқырман қолына жетпей, архивтердің сөрелерінде жылдар бойы шаң басып жатқаны баршаға белгілі.

Міне, сол мәдени мұраға деген әділетсіздік енді ғана, тәуелсіздікке қолымыз жеткен елімізде ғана оң шешімін тауып отыр. Ұлттық тіл де, сол тіл арқылы өсіп-өнген ұлттық мәдени мұра мен басқа да өркениет нышандары тек тәуелсіз елде ғана дамитындығына жұрттың көзі жете бастады.

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз бастамасымен қабылданып, тікелей қамқорлығының арқасында бүгінде жүзеге аса бастаған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламаны қазақ халқының мәдени өмірінде бұрын-соңды болмаған ғажайып тарихи оқиға деп қарауға болады.

Осы бағдарламаны өз басым егемендігімізді алғаннан кейінгі бар болғаны он-он бес жылдың ішінде тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан Қазақстан экономикасын дамытып, елдігін жер жүзіне танытып, рухани-мәдени қарыштылық келелі де игілікті өзгерістерге бетбұрыс деп білемін.

Мені “осы бір ғаламат әрекеттің астарында нендей идея жатыр, ол рухани-мәдени өмірімізге нендей жақсылық әкелмекші?” деген ой көп мазалайды. Сонда менің өзіме таныс қазақ қауымының кешегі, бүгінгі және ертеңгі жағдайын, оның рухани-мәдени өміріндегі шешімі табылмай шиеленіп жатқан күрделі мәселелерді көз алдыма елестете отырып, ойлана-толғана келе өзімше көңілге түйгенім мыналар:

Біріншіден, “Мәдени мұра” бағдарламасы, әсіресе, оның рухани мәдениетке қатысты саласы, бүгінде әлем танып отырған және саны күн сайын көбейе түскен танығысы, білгісі келетіндердің Қазақстан мен қазақтардың кім болғанын, кім екенін айқындауға байланысты тарихи сауалға берілер нақтылы жауап.

Осы орайда ескерте кетейік: бүгінде барша әлемге таныла бастаған қазақтар мен Қазақстанды шетел уәкілдерінің ілуде біреуі ғана дұрыс таныса, не танығысы келсе, қалың көпшілігі, “Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” дегендей, “Қазақстан” деген тек географиялық қана ұғым еді, “қазақ” деген халық пен “қазақ тілі” деген ұғымдар өркениет әлемінде белгісіз еді. Бұлар аяқ астынан қалай пайда бола қалды? Жоқ тілін барлыққа келтіріп, Ресейдің бір өлкесін қазаққа айналдырып, ондағыларды өз тілінде сөйлетуге күштеуі түсініксіз...”, т.б. осы сияқты қаңқу әңгімелерін көпіртіп жазып, жариялап жатқандығы сауатты қауымға мәлім.

Бұл бағдарлама, міне, сондайларға да берілер жауаптың бірі.

Екіншіден, бағдарламаның “қазақ халқының тарихи жадында жинақталып, тілінде сақталған рухани мұрасы бар ма, бар болса, оның ауқымы, мазмұн-мәні, көркемдік құндылығы қандай?” деген сауалға толық жауап беруге де мүмкіншілігі бар.

Бұл жөнінде төменде арнайы сөз болады. Дегенмен, қысқаша айта кетейік: бағдарлама қазақ халқының тарихи жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани мұрасы, байлығы жағынан басқа ешбір түркі халықтарының мұрасымен салыстыруға болмайтын мол дүние екендігін аңғартады.

Үшіншіден, бағдарлама “қазақ халқының рухани байлығы өзін қалыптастырған ана тілінің қабілеті мен мүмкіншілігінен мағлұмат бере ала ма?” дегенге тура жауап.

Бағдарлама бойынша жинақталып, жариялана бастаған ұлан-ғайыр материал рухани байлықтың өзін ғана емес, сонша дүниені қалыптастырған барша көркемдік бояу-нақыштарымен бейнелеген қазақ тілінің жеке басының (өйткені басқа тіл элементтері көп араласпаған) құдіретті қуатының, зор мүмкіншілігінің айқын айғағы.

Төртіншіден, бағдарлама жоспарланып, жинақталып, қызу жариялана бастаған мол рухани мұра ғасырлар бойы халқымыздың атына таңба, бетіне шіркеу болып келген “надан халық, сауатсыз ел” деп күстәналаудан оны біржолата арылта ала ма деген сауалға да жауап бере алады.

Бесіншіден, халқымыздың барша рухани байлығын түгел қағазға түсіріп, хаттап, қолына ұстатудың ана тілімізге келер пайда мен тигізер шарапаты қандай болмақ деген сауалдың жауабын да жұртшылық осы бағдарламадан күтуі орынды. Міне, бұл сауалға біз төменде кеңірек жауап бермекшіміз.

“Мәдени мұра” бағдарламасынан, әсіресе, оның рухани байлығымызға, тіл құдіретіне қатысты үлкен саласынан біздің де, қалың жұрттың да күтетін жақсылығы осы бес сауал төңірегінен өрбитіні даусыз.

Ескерте кетейік, “Мәдени мұра” өте кең ұғым. Оның құзырына жататын құндылықтарды бір мақалада талдап-тарату тұрмақ, санамалап шығудың өзі оңай іс емес. Сондықтан да біз жалпы мәдени мұраның ауқымында ана тіліміздің қасиеттері мен қуатына тікелей қатысы бар осы бес мәселе төңірегіндегі бірер пікірімізді ортаға салмақпыз.

1. Ұлттық рухани мәдениетіміздің айдын шалқар элементі – тіл дедік. Сондықтан да, әр ұлттың өз тілі ғана “қазақ мәдениеті”, “өзбек мәдениеті”, “орыс мәдениеті”, “қытай мәдениеті”, т.т. деп жіліктеп, даралап айтуға мүмкіндік береді. Мәдени мұра, әсіресе, рухани мұра, белгілі этностық қауымда ғана барлыққа келіп, қалыптасады. Мұндайда оған бір ғана этнос тілі ұйытқы бола алады. Демек, “қазақ халқының ұлттық мәдениеті” дегенді тек қазақ тілінің негізінде, қазақы болмысы мен дүниетаным, салт-дәстүр аумағында ғана қалыптасқан мәдениет деп қабылдаған жөн. Басқаша айтқанда, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қамтылған ұлан-ғайыр мол дүниенің баршасы басқанікі емес, тек осы Қазақстан топырағында барлыққа келіп, ел болып, еңсесін көтеріп отырған қазақ халқының ғана құндылықтары болып саналады.

Ол құндылықтарды зиялы қауым мен мамандар бас-аяғын түгел көріп, сараптап, бағасын берер кезең әлі алда.

2. “Мәдени мұра” бағдарламасының алдына қойған екінші бір мақсатын өз басым қазақ халқының ұзақ тарихы бар, өзекті де өзіндік ерекшелігі мол мәдениетінің өткені мен дами келе бүгінгі жеткенін түгел қамтып, жариялап, жас ұрпаққа құнды мұра, мәңгі-бақи солармен бірге жасап біте қайнайтын рухани азық ретінде сыйға тарту деп түсіндім. Ол ғана емес, біле білсек, бұл бағдарламадан түркі әлемінде елден ерекше бай мәдени мұраға ие халықтардың бірегейі – қазақтар екенін айдай әлемге паш ету ниетін аңғарамыз.

Бұл бағдарлама бойынша рухани мұра саласында айқындалып, біртіндеп жарияланудың жоспарына енген дүниелердің ішінде 100 томдық ауыз әдебиет үлгілері бар. Бірақ бұл 100 том ауыз әдебиетінің барша үлгілерін түгел қамтып тұр дегенді білдірмейді. Бұл томдар халық ауыз әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерін (лиро-эпикалық жырларды, батырлар жырларын, қиссаларды, ақындар айтысын, өлең-жырларын, ертек, т.б.) ғана қамтып отыр. Бұлардың сыртында 100 томға енбей қалған қаншама дүниелер жатыр.

Бұл 100 томдықты баспаға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап отырса, оның сыртында Қазақстанның әр облысында да осы тәрізді ауыз әдебиет үлгілері өз алдына дайындалып жатыр. Мысалы, аталған бағдарлама ауқымында Павлодар қаласында әйгілі ақын, фольклор жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 28 томдық материалының 6 томы жарияланып, оқырман қолына тиіп отыр. Сол сияқты, Алматыда айбынды батыр ақын Махамбет Өтемісұлының өз туындылары мен оның өмірбаянына бағышталған шығармалардың 20 томдық жинағын “Арыс” баспасы жарыққа шығарып отыр.

Бұл тәрізді игілікті істер әр жерде-ақ жүзеге асып жатыр. Елбасының бастамашылдығымен жүзеге аса бастаған “Мәдени мұра” бағдарламасының арқасында бірер жылдың ішінде халқымыздың рухани байлығы түгелдей жинақталып, кітап сүйер қауымның қолына тиіп, кітап сөрелерінде тұратыны айқын.

Бұл – қазақ өмірінде ғана емес, барша түркі дүниесінде бұрын-соңды бола қоймаған оқиға.

3. Мәдени мұра – атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып ауысып отыратын көне дүние. Ол тек халықтың тілі мен жадында ғана сақталады. Ал осыншама мол дүниені бойында сақтап, келешек ұрпаққа төкпей-шашпай, өзінің бояу-нақышымен жеткізу үшін тілдің қазына-байлығымен қатар, құдіретті күші де, көркемдік қуаты да қажет.

Басқаша айтқанда, “Мәдени мұра” бағдарламасы ауқымында халық жадынан жаңғырып-жаңаланып шығып, өзінің қолына қайта оралғалы отырған жүздеген томдық өткендегі бабаларымыздың асыл мұрасы, екінші жағынан – “қазақ тілі” атты көне де байырғы мәдениеттің де төл ескерткіші.

Бұл объективті фактор “қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды, ол – қойшы-қолаңның тілі” деп оны өзінше күстәналаушыларға, өз тілінен жеріген кейбіреулерге нақтылы жауап болып саналса керек.

Дүниедегі барша құндылықтың парқы, әдетте, салыстыру арқылы ғана байқалады. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша жаңғырып, жарық көруге тиісті барша материалдық, рухани құндылықтарымызды, атап айтқанда сәулет-құрылыс, көркем сурет, музыка, ән-күй, қолөнер, т.б. сан алуан ұлттық мәдениет нысандарының парқын, әдетте, басқа халықтардың сондай құндылықтарымен салыстыра-салғастыра қарағанда ғана айқын көре аламыз. Ондай мүмкіншілік енді ғана туайын деп отыр. Қазақ жерінің асты да, үсті де көне қазына-байлыққа, мұраға толы. Сол мол да бай мұраларымыздың үлкен бір саласы – біз сөз етіп отырған – тіл құзырынан туындаған рухани мұраларымызды жан-жақты дамытуды Елбасымыз экономикалық дамуымыздың заңды жалғасы деп қарап отыр.

Міне, осы тұста, көптен бері дұрыс шешімі табылмай, қоғамдағы көптеген проблеманың бірегейіне айналып отырған тіл проблемасы табиғи түрде алдымыздан көлденеңдеп шығатыны сөзсіз.

Кезінде, Желтоқсан оқиғасының дүмпуінен кейін, ел болып, жұрт болып, қоғам құрып, үлкен дау-дамаймен жүргізілген күрес нәтижесінде ана тілімізге биік мемлекеттік мәртебе берілгені белгілі. Бұл мәртебе ғасырлар бойы қағажу көріп, қоғамдық өмірден тәркілене бастаған ана тіліміздің беделін көтеру үшін ғана емес, ендігі жерде сол тілді қоғам болып қорғап қалу үшін даму үрдісін жалғастырып, заңды құқығын сақтап қалу үшін қажет болды. Егер сол кезде, яғни бұдан 15 жылдай бұрын, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілмей, мәселе басқаша (қос мемлекеттік тіл түрінде, т.б.) шешілген болса, бүгінгі дау-дамайдың, тіл туралы талас-тартыстардың біреуі де болмаған болар еді. Сондықтан да бүгінгі күрес – тіліміздің мәртебесін сақтап қалу үшін күрес. Бұл күрестің бұрынғы күрестерден айырмашылығы – ол демократия мен сөз бостандығының дами бастаған жағдайында өтіп отыр.

Олай дейтін себебіміз: қазақ тілі үшін күрес бүгін ғана басталып отырған әрекет емес. Жігер-күші тасып, қазақ тілі үшін күреске бүгін ғана араласып отырған кейбір тілсүйер қауым мүшелеріне бұл тәрізді әрекет бүгін ғана басталғандай болып көрінетін шығар. Ал біле білген адамға бұл дерттің ұлт бойына сіңіп, қасаң болып қалғаны қашан. Ол дертпен қазақтың саналы азаматтары шама-шарқына қарай үзбей күресіп келе жатқандығына да, міне, 100 жылдан астам уақыт өтіп кетіпті.

Сөзіміз дәйекті болу үшін ескерте кетейік: бұдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған “Қарқаралы петициясында”: ұлттық мүдденің бірі ретінде:

“Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жазу, олардың жұмысында қос тілділікті жолға қою... т.т.” деген талап қойылады (Әлихан Бөкейханов. Шығ., 1994, 13-б.).

Ойлап тұрсақ, бұл қай заман еді?

Тіл қасіретіне ұшыраған халықтың мұң-зары одан кейін тоқтап па еді? Жоқ, ешбір тоқтаған емес. Ал, қоғамда бізге дейін де тіліміз үшін талай күрес болған жоқ па еді? Халқымыздың саналы азаматтары (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, т.б.) замана райына қарай қазақ тілінің тағдыры үшін күресін ешқашан тоқтатқан емес еді ғой. Тек Сәкен Сейфуллиннің бір өзі ғана 1923 жылы өкімет қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүшкіл жағдайына байланысты баспа бетінде арнайы 50-дей сын мақала жазған екен. Бір ғажабы, сол кезде айтылған әңгімелердің көбісі бүгін де қайталанып отыр. Кеңестік партократия кезінде де тіл саясатындағы бұра тартып, белінен басушылық кейбір зиялы азаматтардың (мыс., Р.Бердібаев, т.б.) қолына қалам алғызып, пікірін ашық айтуға мәжбүр еткені де белгілі. Бірақ ол заман мен бұл заман бір емес қой. Ол кезде мәселе қалай көтерілсе, сол сәтте-ақ басылатын.

Ал тіліміз үшін бүгінгі күрес демократия, егемендік, сөз бостандығы жағдайында өтіп жатыр емес пе? Әркім ойға келген пікірін ашық айтуға құқылы, ол пікір сол сәтте-ақ қалың жұртшылықтың да, өкіметтің де құлағына жетіп жатады. Тыңдайтын құлақ болса, айтылатын сөздің біразы айтылды, әлі де айтыла бермекші. Тіпті, бүгінгі таңдағы тіл туралы әңгімелер кешегі 80-90 жылдардағы әңгімелерден де басқашалау... ендігі күресіміз әйтеуір күрес емес, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін (статусын) өз деңгейіне көтеру үшін оны мемлекетті басқаруға жарайтынына дейін өсіру үшін күрес. Өткен замандардай емес, қазіргі жағдаятта барлық заңды құқық күресушілер жағында, оларды ел-жұрт қолдайды, бірақ бұл күресті қызу науқанға айналдырып, ұрандатпай, өркениетті, мәдениетті тәсілдермен жүргізу қажет деп білемін. Бүгінгі күресіміз ерекше бір белсенділікпен, қызуқандылықпен өтіп жатқаны рас. Бірақ ол қалың жұрт, қарапайым халық арасында емес, Парламент пен өкіметтің биік-биік мінберлерінде көбірек көзге түседі. Қалай болғанда да, мемлекеттік тіліміздің баяғыша жетім баладай есіктен сығалап, өз төріне емін-еркін өте алмай, әлі де аяғына қан түскен аттай кібіртіктей басуы, әрине, өкінішті-ақ.

Дегенмен, баршамыздың есімізде болатын жағдай: ана тіліміздің тағдыры үшін күрес әрқашан да қажет, оның қандай түрі болса да діттеген мақсатқа толық қолымыз жетпегенше тоқтамауы қажет. Бірақ күрес үшін ғана күресудің немесе тіл тағдырын бір сәтте шеше салам деп күресудің қажеті жоқ. Қашаннан бері тоқтамай да, толастамай да келе жатқан тіл үшін күресіміздің ендігі жерде түпкі мақсат-міндетін айқындап алуымыз керек. Солардың бірі – ұлт бойына дарып, “батпандап кіріп, мысқалдап шығатын” кәрі дерттің 3-4 ұрпақтың табиғатына сіңіп, болмысын жаулап алған тарихи-әлеуметтік, психологиялық, дәстүрлік фактордың себептерін айқындап, соның салдарын жоюға күш салуы қажет. Тіліміздің еркін дамуына әлі де, бүгінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында да тосалғы, өсіп-өркендеуіне кедергі болып келе жатқан факторларды толық айқындап алып, ең алдымен солардың тамырына балта шабу қажет сияқты. Өйткені, әрбір дерттің бетін қайтарып, емдеу үшін алдымен оның пайда болу себеп-салдарын айқындап алу қажет екені белгілі.

Енді тіліміздің аяғына тұсау болып келе жатқан ірі-ірі факторлардың бірнешеуін және оларды шешудің (өз көзқарасым бойынша) кейбір жолдарын атап өтейін.

1. Мемлекеттік тіліміздің малтығып, кең жолға шыға алмай жатуының көп себептерінің бірегейі – солтүстіктегі ұлы көршімізге байланысты, оның ғасырларға созылған отаршылдық және кеңес дәуіріндегі тоталитарлық саясаты бар, көршілес, достық қарым-қатынасы, демографиялық, мәдени, салт-дәстүр, т.б. бар фактор. Оны таратып, талдап айтпаса да түсінікті. Осы факторлардың тым тереңдеп, халқымыздың салт-санасын билеп алған әсерін біртіндеп болса да шектемесе, жағдай көп уақытқа дейін өзгермейтіні мәлім. Осы мәселені тіл саясаты арқылы, бейбіт жолмен шешуге болатын сияқты. Оған өкімет те, қазақ халқы да және Қазақстандағы барша ұлт өкілдері де саналы түрде атсалысуы қажет деп білемін.

2. Тіл тағдыры да, тіл саясаты да демография мәселесіне тікелей байланысты. Қазақтың демографиялық жағдайы негізінен үш саладан тұрады. Оның біріншісі – қазақтардың жан санына байланысты. Өткен 15 жылдың ішінде қалыптасып қалған және мүшкілдене бастаған демографиялық жағдаят оң сипатқа ие бола бастады: қазір Қазақстандағы қазақтардың жалпы саны кешегі 37 пайыздан 54-55 пайызға өсіп отыр.

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының 1992 жылы өткен ІІ құрылтайына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қатысып, Қазақстандағы сол кездегі демографиялық жағдайды айта келіп, төралқа басында отырған біздерге: “Қазақтың саны Қазақстанда 50 пайызға жетіп, 51-ге ауғанда тіл саясатында менің ұстанған көзқарасым да өзгере бастайды” дегені бар еді. Құдайға шүкір, демографиялық фактор да мемлекеттік тілдің пайдасына өзгеріп отыр. Айтқан сөзінде тұратын, берген уәдесіне берік Елбасының бұл мәселе бойынша да нақтылы іс-шаралар белгілейтініне сенеміз.

Демографиялық фактордың тілге қатысты екінші саласына Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің сан-сапа жағынан өсіп-өркендеуі және ара салмағының сәйкестігі жатады. Осыған орай, қазақстандықтардың жақын жылдардың ішінде 20 миллионға жетуі де бағдарлануда. Бұл идеяның орындалуы көптеген мәселелерге; атап айтқанда, тіл, оқу-білім, педагогика, тәрбие, экономикалық, әлеуметтік, т.б. проблемаларға байланысты екені белгілі.

Этно-лингво-демографиялық дамудың тағы бір тарихи мәні зор саласы — жер бетінде бытырап жүрген қазақ диаспорасының басын қосып, өз Отанының құзырына жинақтау. Төрт көзі түгел емес халықтың тілі де тұтас емес. Ал бүгінгі қазақтардың жалпы санының 1/3 (үштен бірі) Қазақстаннан тыс жерлерде жасайды. Бұл – бірден шешілуі қиын, бірақ түбінде шешілуге тиісті тарихи маңызы зор мәселе. Бірақ оны бүгіннен бастап дұрыс жолға қою қажет.

3. Тарихи бір тағылым. Түркі әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі – Түркия. Ол кезінде Осман империясы болып, 7 ғасыр бойы дәуірлеп келді. Түркия да көп ұлтты мемлекеттердің біріне жатады. Көп тілдің (Рим, Алмания, Франция, Византия, т.б.) әсері түрік тілінің ұлттық қасиетін, нақышын кетіре бастайды. Міне, сондықтан болу керек, 1277 жылы Қараман, Кониа уәлаяттарының әкімі Қараманоғлу Меһмет бей:

“Бүгіннен бастап, үйде де, түзде де, аулада да, кеңседе де, мәжілісте де, сайранда да (жұрт) түрік тілінен басқа тілді қолданбасын!” деген жарлық шығарады және бұл жарлықты орындамағандарға қатал жаза қолданылады (дүре соғылады).

Міне, осындай қатал шараның нәтижесінде түрік елінде біртұтас мемлекеттік түрік тілі қалыптасады. Содан бері, 700 жылдан астам уақыт бойы Қараман, Кониа, т.б. қалаларда мемлекеттік түрік тіліне бағышталған “Діл бәйрамы” атты жалпытүркиялық мейрам өткізіліп тұрады (осы мақаланың авторы да сол мейрамның біріне 1992 жылы қатысқан еді).

Біз мұны айтып, сол түрік мемлекетінің тәжірибесін, іс-шараларын қайталайық деп отырғанымыз жоқ. Бірақ ол кімге болса да, әсіресе, көпұлтты мемлекеттерге тіл проблемасын шешуге қажетті көп тәсілдердің біріне жатады және бүгінде ірі-ірі өркениетті елдердің (ҚХР, АҚШ, Франция, Алмания, Ресей, Иран, т.б.) көбісі оны толық та, жартылай да қолданып келеді. Мемлекеттің негізгі халқы сөйлеген тілде сөйлемеген бірде-бір адамның бұл елдерде күн көруі, өмір сүруі мүмкін емес.

Бұл іс-шараларды тіл саясаты құзырында жүргізудің сатыланып орындалуға тиісті жоспары, стратегия ретінде жүзеге асырылуға тиісті ерекше бағдарламасы болуы қажет.

Айта кетейік, осы бағыттағы игілікті іс-шаралардың бастамасын кезінде Елбасының өзі көрсеткені бізге жақсы белгілі. Бұдан бұрынғы өткен (1999) президенттік сайлау қарсаңында бұл мәртебелі қызметке (президенттікке) үміткер болған 8 үміткерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан алған комиссияның төрағасы ретінде менің байқағаным: бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сол 8 үміткер ішіндегі ана тілін ең жетік меңгерген, оның құдіретті күші мен көркемдік қасиетін барлық үміткерлерден де артықша сезінетін ерекшелігімен көзге түскен болатын. Бұл өнерін ол өмірде де асқан бір шеберлікпен көрсетіп келе жатқаны белгілі.

Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады.

Мағжан ақынның:

“Ерлік, елдік, бірлік, қайрат,

бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін

не бардың,

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі

сен қалдың”, –

деуі осыны айғақтай түседі.

Тіл байлығы тек сөз санымен ғана емес, сөздің сапасымен де, яғни мағына санымен де өлшенеді. Егер осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, қазақ тілі сөз қорының сапалық (мағыналық) байлығы 150 мың емес, 1 миллион мағыналық бірліктен (семантикалық единицадан) тұрады деп жобалай аламыз. Бұл – жер бетіндегі өркениетті елдердің (ағылшын, орыс, қытай, т.б.) тілдерімен шамалас көрсеткіш.

Күтіп ұстай білген, қолдана білген, бағалай білген тіл қауымы үшін бұл қазына-байлықтан артық құндылық болмаса керек. Өйткені, ол – өзінше өркендеп, дамыған ұлттық мәдениетіміздің ұйытқысы, қайнар бұлағы. “Ел мәдениеті тілден басталады” дейтініміз де, міне, содан.


3365 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.77Rating: 4.77Rating: 4.77Rating: 4.77Rating: 4.77 (барлығы 60 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар