Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Шыңғыс қаған қайда жерленген


image
“Моңғолдың құпия шежіресінде” қағанның қайтыс болғаны жайында қысқа ғана дерек бар.
Шыңғыс қаған 1226 ит жылы Таңғыт елін жаулауға аттанған жолында Арбуха деген жерде қыстыгүні құлан аулап жүріп теңбіл шұбар аттан жығылып денесін қатты ауырсынғандықтан, Цоорхо деген жерде түнейді. Есүй ханым: “Ұлдар, нояндар ақылдасыңдар, қағанның денесі қатты қызып шықты” дейді. Олар кеңесіп, “қаған саыққаннан кейін, оралайық, қайтайық” десіп қағанға айтқанда ол: “Таңғыт жұрты біз қорқып қайтып кетті дер. Біз елші жіберейік, олар оралғанша осында күтеміз” дейді. Таңғыт еліне елші жібереді. Бірақ, таңғыт билеушілерінен қыр көрсеткен жауап келгендіктен, жорықты жалғастырып, ол елді қырғын-топан етіп басып алған. 1227 қызыл доңыз жылы қаған қайтыс болады.

Шыңғыс қаған бірде Ішкі Моңғолия (бұл енді елдің бүгінгі атауы) жерімен өтіп бара жатып, қазірде Бортолғой аталатын төбеге көтеріліп, төңірегіне көз жіберіп тұрғанда қолындағы қамшысы жерге түсіп кетеді. Мұны қатты ырымдаған ол: “Бұл жер аш бұғыға ас болар ранотты жер екен, құс қыста да жұмыртқалар жайлы екен көрінеді. Қолымдағы қамшының түсіп кеткені, Тәңірден маған осы жерде тыныштал деп тұрған жоқ па екен” депті. Айтқанындай сол 1227 жылы тамыз айында Таңғыт елінен қайтқан қаралы көш осы өңірге жеткенде қаған табытын артқан қазақ арбаның доңғалағы оқпанына дейін жерге батып бес көлікпен тартса да жылжымай дүйім ел қиналғанда, Сөнөдтің Гилүгэтэй батыры жүрелеп отыра қалып, зар еңіреп:

Тұтас елің – молдығың,
Тума балаң, ханымың,
Туысы бір моңғолың,
Тұған Дэлүүн Болдығың,
Тым ұзақта қалып тұр.
Хэрлэн хөдөө аралың,
Кіл жырақта қалып тұр.
Қасиетті жер–суың,
Қалыс ұзақ қалып тұр.
Ақтық демің бітсе де,
Асыл туған ақ дене –
Алып қорғап барайын,
Бөрте сынды ханымға,
Бүкіл дүйім халқыңа

Бақыл етіп берейін, – дегенде Тәңірі қош көріп, батқан арба қозғалады. Бұған қарағанда қағанның сүйегі қалайда оның туған жері қасиетті Онон, Хэрлэн, Тула сынды үш өзеннің бойына, я болмаса Бурхан халдун тауына қарай бет алған сынды.

Ал, қазақ арбаның аялдаған өлкесін жұрт ұлы қағанның рухы ұялаған (қорынған) жер деп қастерлеп, сонда оның киген жейдесін, тіккен үйін, бір байпағын қалдырады. Кейін қаған мұрагерлері осы жерді кие тұту үшін және қағаннан қалған жәдігерлерді сақтап, қорғау үшін, осы өңірге иелік ету үшін қырық түмен моңғолдан 500 түтінді көшіріп әкеледі. Сөйтіп, олар “ордадан келгендер” – “ордос” аталады. Ордостардың арғы тегі Шыңғыс қағанның атақты нояндарының бірі болған Наху баянның баласы күшлік Борчы мен Жалайыр Мухулайдың тұқым жұрағаты деседі.

Сол ордостар осы өлкені “Эзэний хороо” (иеміздің жері) атап, жерін де, қағаннан қалған жәдігерлерді де күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап отырса керек.

Қазіргі ішкі Моңғолияның Хөх қаласының батыс оңтүстігіндегі Их зуу (Ұлы жүз) аймағының Эзэний хороо ауданының Гандирын шил деген көрікті бір өлкесінде Шыңғыс қаған есіміне байланысты әлемге аты шыққан сегіз үй музей орда бар. Алтын күмбезді осы сегіз орда мазарларға дүниенің төрт бұрышынан күн құрғатпай неше түрлі мақсаттағы адамдар ағылып келіп–кетіп жатады деседі. Өйткені осындағы үлкен мазардағы күміспен күптелген үш қабірдің ортаңғысы қаған мен ханым Бөртенің, сол жақтағысы Құлан ханымның, оңындағысы Гүрвэлжин ханымның бейіті дейді екен. Және де, басқа мазарларда Шыңғыс қағанның інісі Қасар, Бэлгүтэй, ұлы Толуй мен оның қатыны Сорхогтаң бегімнің қабірлері бар көрінеді. Ал, енді бір сарайда қағанның көзі тірісінде тұтынған ел таңба, туы, ер–тұрманы, жүген–ноқта, шылбыры, асынған садағы, атар оқ–жебесі, қылышы мен кернейі сақталыныпты. Ордостар осылай жүздеген жылдар бойына қағаннан қалған жәдігерлерді жаттың қолына жібермей, күні бүгінге дейін қорғап сақтап, кие тұтып, қастерлеп, сыйынып табынып отырса да, “Шыңғыстың аруағы бізде, Алтын денесі Ар (Сырт) Моңғолда” дейді екен.

“Құпия шежіредегі” бір деректе Шыңғыс қағанның алдына ежелгі досы Жамуханы сатқын серіктері ұстап алып келеді. Қаған: “өз ханына сатқындық жасаған адам қалай өзгенің ханына дос болмақ” деп олардың жанын жаһанамға жібереді де, Жамуханы кешірмек болған да ол: “Қанымды шашпай, жанымды ауыртпай жазаласын, торқа болып топырағым, торғын жерде томпайып жатайын, кешірім сол” дейді. Сонда Шыңғыс қаған: “Енді міне достасайық десем ұйғармайсың. Шыбын жаныңды кешірейін десем де, лажсыз болып отырмын. Өзіңнің тілегің бойынша, қан шығармай өлтіріп, денеңді көрінеу қалдырмай, құрметпен көмдірейін” дейді. Бұдан біз сол заманда да әйгілі адамдардың мәйітін аса қастерлеп жерлеу рәсім–дәстүрінің болғандығын байқаймыз.

Басқа жұрттың тарихи жазбаларында да моңғолдар хандарын қайтыс болғаннан кейін қалай жерлейтіні жайында көптеген дерек айтылады. Соның бірі мынадай: Моңғолдар қайтыс болған ханын жерлеу үшін ұзындығы кісі бойы екі дөңбектен ұңғып ойып, табыт жасайды. Мәйітке ішік, тымақ, ақ түсті жарғақтан етік, байпақ кигізіп, қасына неше түрлі ыдыс–аяқ қойып, табытты жауып алтын белдікпен төрт жерден қырсаулап бекітеді.

Мәйітті артқан арбаға ақ киіз жабады. Арбаның алдында су жаңа киінген атты кісі, алтынмен апталған ер–тоқымды қосар ат жетектейді. Мәйітті жерлегенше күніне үш малдан құрбан шалыпты. Қабірді терең қазып, табытты көмгеннен кейін, топырағын жер бетімен жаймалап, тегістеп үстінен мыңдаған жылқыны айдап өтеді екен. Сөйтіп келер жылы жер көктегенде бұл жерді көк басып білінбей қалады. Сондықтан, бір ботаны енесінің көз алдында өлтіріп, сол жерге көмеді. Жыл уағы толып, хан аруағына зиярат етер болғанда әлгі іңгенді босатып жібереді. Іңген боздаған бойы барып ботасы жатқан жерді жазбай табады екен.

Демек, қаған сүйегі де осы дәстүр бойынша жерленуі мүмкін, сондықтан, оның қабірін іздеп әуре–сарсаңға түсу бекер іс деседі.

Шыңғыс қағанның нақты табытын кейбіреулер Бурхан халдун тауына жерленді десе, енді біреулер Алтайханның теріскейіне, Хэнтий ханның күңгейіне, Их өтөч деген жерге жерлепті деседі.

Хэнтий тауында қағанның кейінгі мұрагерлері Толуй, Мөнх, Құбылай, Аргабөхлер жерленген дейтін киелі қорық бар деседі. Қағанның сүйегі де сонда болуы мүмкін деген де болжам бар. Бірақ, оның анық–қанығы әлі анықталмаған. Мүмкін, әдейі анықтамай отыр.

1990 жылдары Моңғолияда моңғол–жапон біріккен “Гурван гол” (“Үш өзен”) аталатын үлкен экспедиция жасақталды. Жапондықтардың ең соңғы ғылыми–техникалық құрал–жабдықтарын пайдаланған бұл экспедиция жоғарыда аталған өлкелерге бірнеше зерттеу–іздеу жұмыстарын жүргізіп барып тоқтады.

Қалай болған күнде де Шыңғыс қағанның сүйегі туған жері Онон, Хэрлэн, Туул өзендерінің бойы мен Бурхан халдун, Хэнтий тауларының бір бөктерінде екеніне бұл күнгі қалқа моңғолдар нақ сенімді. Алайда, оны тауып алып, жария етуде олар тарапынан онша құлшынбай тындығы да байқалады. Оған біздің өркениетіміз әлі жете қойған жоқ, қолды болып кетеді деп тартынғансымақ сыңай танытқандарымен, шынтуайтына келгенде оның нақ сыры – Моңғол жұртының қанына сіңген ежелгі дәстүрі – ұлы адамдардың аруағын аса жоғары қастерлеп, кие тұту нанымында жатыр ма деп ойлаймыз. Моңғол жерінде түркі ескерткіштерінің қорықтары мен молаларының көптен сақталып қалуының өзі де осы байырғы ырымды қатаң ұстанатындығынан сынды. Өзінікі түгілі өзгенің қабіріне қол тигізбеген моңғолдардың өз атасының аруағын, соның ішінде Шыңғыс қағандай ұлы тұлғаның рухын мазалауға дәті жете қояды деу олардың менталитетін жете білмеуден туындайтын сияқты. Ал, алтын мен байлыққа кенеліп, қарық бола қоямыз деп олар әсте ойламайды. Өйткені аз санды Ар (Сырт) Моңғолдың халқы үшін оның жер бетіне шығып жатқын алтыны мен күмісі, мысын игеріп алса да жетіп жатыр.

294 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.86Rating: 4.86Rating: 4.86Rating: 4.86Rating: 4.86 (барлығы 29 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар