Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Ұлы сөзден ұлағат алайық


image

Біраз жыл өмір сүрдік.

Біраз көргеніміз бар.

Азды-көпті түйгеніміз де бар секілді...

Сол көргендер мен түйгендерді ой елегінен өткізіп барып “шүкір” дейді екенсің. Содан кейін қилы замандарда құрып кетпегені үшін, артына қазақ атты ұрпақ қалдырғаны үшін ата-бабалардың тындырған ісіне, мұрасына деген мақтаныш сезімі оянады екен.

Дегенмен, ел ішінен жау шығып, бірлік-берекеден айырып, іні ағаның жағасына жар­ма­сып, бала әкенің абыройын аяққа таптап, артынан есін жиып “әттең дүние-ай, қай­тейін, баста бірлік болмады-ау!” деп бармақ тістейтіні кезеңдер де бастан өткен екен.

Соның қырсығынан сүттей ұйып отырған ел бірлі­гі­нің алауыз­дық­қа айыр­бас­та­луы сияқты оқиғалар да кездескен көріне­ді. Соның салдарынан ұлы мемлекеттің ыдырауы, басқаға бодан болуы, ағайынның араздасуы, ел ырысы мен бе­ре­кесінің кетуі секілді жантүршігерлік жағдай­лардың орын алғандығы тарихтан белгілі.

Ойлап қарасақ, қай заманда да “өсер ел­дің баласын бірін-бірі батырым” дегізер бе­ре­ке-бірлік іргесінің сөгілуіне, ел ырысының төгілуіне көбінесе үш жағдай әсер ететін секілді.

Біріншісі – таққұмарлар мен баққұ­мар­лардың билікке таласының салдарынан ха­лықтың әртүрлі (әскери, саяси, діни) топтарға бөлінуінен туындайтын алауыздық.

Екіншісі – сыртқы күштердің әсері.

Үшіншісі – нағыз жымысқы саясат. Елдің саяси, діни ұстанымдарын алауыздық туғызу арқылы әлсірету саясаты. Бұл – бір күндік емес, ұзақ уақытқа негізделетін, бірақ өте оңай іске асырылатын саясат. Бұл жай көзге байқала бермейтін саясат.

Осындай саясат салдарынан мұсылмандар бі­рлестігі ыдыратылды. Түркі тектестер тара­тылды.

Біз бүгін осы үшінші жағдай туралы ой қозғамақпыз.

Саяси қарама-қайшылықта көзқарасы алшақ адамдар бірге тұрып, бірге өмір сүре беретін болса, діни қайшылық адамдарды ажыратып тынады. Қазіргі болып жатқан дүниежүзілік діни қақтығыстар соның айғағы.

Ал ертеңіміз қандай? Бізді алда не күтіп тұр?..

Иран дейтін елдің басшысы (ең ірі мұсыл­ман елдерінің бірі) еврейлердің өмір сүруге қақысы жоқ деп қорытынды жасады... Бұл Гитлердің идеясы емес пе еді?.. Бұл бір ауыз сөз үшінші дүниежүзілік соғыстың ызғарын­дай сезіледі, маған.

Дүние жүзін шарпитын саяси, діни қақ­ты­­ғыс­тар басталып кетсе, Қазақстан Респуб­ли­касына салқыны тимейді дегенге ойсыздар мен ақымақтар ғана иланар!

Олай болса, біз не істеуіміз керек?

Жай адамдардың қолынан келері – бейтарап болмау!

Ол үшін біз мемлекетіміз ұсынып, ұс­танып отырған және сол арқылы тыныштық пен берекеге жеткізіп отырған саясатымыз бен дінімізге жат пиғылдардан жұртымызды таза сақтауға тырысуымыз қажет.

Жаңадан пайда болатын діни ағымдар атам-заманнан бастап елді ыдыратудың ерекше жолы екені дәлелденген. Кейбір ағымдар қоғамдағы қайшылықтардан өздеріне бақ пен тақ, абырой мен атақ іздейтіндерге таптырмайтын құрал болады. Ел тыныш­тығына, мемлекет бірлігіне қауіп төндіреді.

Діни үгіт – ел ең қабылдағыш, ең сенімге ие болғыш үгіт.

Бір кездерде діни қамқоршысыз қалған қазақ жастарының біразы басқа діндерге кіріп, енді біразы қауіпті секталарға тартыл­ғаны туралы ақпараттар тарағанының негі­зінде шындық жатыр.

Жастар неге адасады?.. Себептерін санап көрелік:

Негізгі себеп – халықтың діни сауатының кемдігі.

Тағы бір себеп – мемлекетіміздің діни үгіт таратушыларға шамадан тыс ерік беріп жіберуі. Адам баласы имандылық істерге құмар болса керек, сондықтан олар соған жеткізер жол іздейді.

Тағы бір себебі тыңдаушыға діни үгітші сөзінің бәрі құран сөзіндей шындық болып көрінетіні (содан барып ол кім бұрын барса, соның жақтасы).

Діни үгітті жүргізу оңай. Олардың пайда­ланатын басты құралы – үгітке ергендердің ана дүниедегі баратын жұмағы! Бірақ олардың ашып айтпайтын бір нәрсесі бар, ол бұ дүниедегі “ел тыныштығы, жұрт берекесі” деген түсінік.

Ойланатын жағдайлар көп секілді...

Ойлануға тұ­рар­лық, сақтануға тұрарлық бір қауіп бар, ол –дінге сенгіш пенделерді оп-оңай діни фанатизмге дейін жеткізуге болатындығы.

Ал фанатизм мен терроризм арасы екі көздің арасынан қашық емес делінеді. Солай екенді­гі­нің дәлелі – Ирак пен Палестина. Фанатизм дер­тіне шалдығып, өздерін өздері өлімге қиған­дар­ды, террорлық әрекеттерге барып мыңдаған жазықсыз жандарды мерт еткендерді көре оты­рып, қалай ойланбассың, қалай қорықпассың?

Мәселен, Иракта мұсылмандар бірі – шиит, екіншісі сүннит болып қырылысып жатыр. Кейбір сыртқы күштерге керегі де сол.

Жаратылыс атты ғажайыптың адам баласы жаралғалы өзгермес бір заңы бар, ол – әке мен бала арасындағы қайшылық, жарлының байға қызғанышы, бағыныштының басшыға қарсылығы! Бұлар, сөз жоқ, адам бойына туа бітетін қайшылықтар!

Міне, адамдардың осындай табиғи сезімдерін әдемі пайдалана алатындар, сол қайшылықтарды үдете түсетіндер оп-оңай ел беделіне ие болады, санасы қайшылыққа құмарларды соңдарына ертеді. Пенде бойындағы бұл осалдықты діни үгітшілер әдемі пайдаланады.

Мемлекет пен дін бөлек деген тұжырымға мен қарсы жанмын. Заң мен ереже де, дін мен қоғамдық бірлестіктер де, молда мен жеке адамдар да, барлығы да өз мемлекеті үшін, өз халқы үшін еңбек етуі тиіс.

Қажет болған күні Америка басқаның басына әңгір таяқ есебінде пайдаланып келген демократиялық қағидаларынан айнып шыға келді. “Адам құқы” аталатын атақты уағызын қазір өздері таптап, өздері аяққа басып жүр.

Дін мемлекеттен тыс деген қағида – өзің отырған бұтағыңды өзің аралау деген сөздей көрінеді, маған.

Қазақстан – көптеген ұлттардың өкілдері, көптеген дін өкілдері тұратын республика. Сондықтан да осындай күрделі аймақтарда ұлт пен ру, дін мен сенім мәселелеріне аса сақтық­пен бару қажет дер едім. Ел тыныштығына нұқсан келтірер ағымдар туып жатса, оған дер кезінде тосқауыл қою керек.

“Мен ешқандай партияның мүшесі емеспін” деп мақтанатындар бар. Бірақ солардың көпшілігі біреудің ықпалында жүреді. Біреудің сөзін сөйлеп, сойылын соғады.

Бір партияға мүше бола жүріп, елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістерге еш назар салмастан, бабаларының кеше кім болғанын, ұрпақтарының ертең кім боларына қам жеместен, ас ішіп, аяқ босататындар да бар.

Бірақ солардың қай-қайсысына да “сен неге менше ойламайсың” деп кінә артуға бола ма?

Әрине, болмайды. Біз басқаларға саяси, не діни көзқарасың менің көзқарасыммен үйлеспейді, үндеспейді деп кінә артудан аулақпыз. Бірақ ел берекесі, ел тыныштығы секілді мәселелерге келетін болсақ, біз жеке кісіге емес (қайталап айтамын, жеке кісіге емес, сондықтан да көкірегімізде аты тұрғандардың бір де біреуінің атын атамай отырмыз), елге қауіпті деп есептеген ағымдарға қарсы пікірімізді ашық айтудан жалықпауға тиіспіз.

Шынтуайтқа келгенде менің дінде де, со­пы­лықта да, зікіршілікте де жанымды қинай­тын­дай шаруам жоқ. Құдайым – жүрегімде! Бірақ менің жанымды шырылдататын бір нәрсе бар. Ол – қазіргі егемен еліміздің тағдыры! Ел ты­ныштығы! Болашақ ұрпақ қамы! Өз отбасым­ның қамы!

Мемлекетіміз егемендік алғалы зор табыс­тар­ға жетті. Біз нәтижесін көріп отырмыз. Соның арқасында ұйқымыз тыныш, өміріміз қауіпсіз, нан-шайымыз бар. Сондықтан да мен зор риза­шылығыммен мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын қостауға тиістімін!

Оу, елу-алпыстан асқандар! Біз, бүгінгі жас­тар­ға жаны ашитын, ертеңгі ұрпақ тағдыры толғандыратын жасқа жеткен адамдар, бұлар туралы біздер айтпағанда кім айтады?

Қыркүйек айында Абайдың 160 жылдық мерекесіне шақырылып, сол елде мен Абай ауданының Құрметті азаматы (1996 жылы беріпті), Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры деген атақтарға ие болып қайттым. Сол елде: “Маңғыстаулықтар келіп бізге сопылық үйретіп кетіп еді. Солардың ішінде сен де бармысың?” деп кекеткендер болды.

Жақында 31 телеарнадан басын бұлғақта­тып, бірдеңелерді айтып, арпалысып отырған біраз сопылық жолға түскен жастарды көр­генде мен қатты шошынып қалдым. Өйткені, сопылық тәрбие, зікір салу адамды экстаздық деңгейге дейін жеткізеді дейді... Ал экстаз бен фанатизм арасы да онша қашық емес болса керек. Фанатизм мен терроризм деген ұғымдар егіз секілді.

Еліміз демократия бағытында үлкен же­тіс­тіктерге жетіп жатыр. Әсіресе, сөз бос­тан­ды­ғы дегені шексіз шырқап кетті деп ойлай­мыз. Біздің елімізде кейбір газеттер Елбасы атына қаншама қара күйелерін жағып жата­ды. Оларға ешкім ештеңе деп жатқан жоқ. Бұл не сонда? Бейқамдық па? Мемлекет пен қайраткерлер аттарына да қаншама атақтар тағылып жатады. Ешкім ештеңе демейді. Бұл не сонда? Баяғы қазақшылық па?

Сонда біз демократия, сөз бостандығы деген түсініктердің ең жағымсыз жақтарына бас шұлғып, өз еліміздің тыныштығына қар­сы әрекет етуге мүмкіндік беріп отыра бере­міз бе? Қазақ “бұқсаң, сұға береді” деп осындайда айтқан болуы керек.

Қарт бураның ғұмырындай қанша ғұмы­рымыз қалды, оны тек қана бір Алла біледі. Қанша қалса да, біз ендігі жерде тентектерді тезге салатын, күйлегендерді қайытатын жобадан өтіп кеттік. Біздің барлық ойымыз да, барлық ісіміз де “ел тыныштығы, егемен еліміздің болашағы” деген тамырлардан нәр алып жатпақ.

Біздің дін мәселесі жөнінде бір-ақ пікіріміз бар... Ол:

l Еліміздің барлық діни басшылары жиналып діни басқарма құрған екен, біз сол басқарманы мойындаймыз! Солардың сөзіне сенеміз, айтқанымен жүреміз!

l Діни басқарманың басшысы облысы­мызда бас имамды тағайындаған екен, біз сол кісіні мойындаймыз. Сол кісімен ақылдасып, кеңес сұраймыз.

Танымдарымыз да, түсініктеріміз де есті­міш пен оқымыштан жинақталған нәрселер. Сондықтан да анау айтты деп ананың соңына, мынау айтты деп мынаның соңына ере алмаймыз. Басқалардың да солай еткені дұрыс дер едік. Өйткені, біздердің көпші­лігіміздің арнайы діни білімдеріміз жоқ.

Біз кез келген дін, діни түсініктер, діни ағымдар – Қазақстан Республикасының тыныш өмір сүруін қамтамасыз етерліктей, тек қана Аллатағалаға емес, жастардың Қа­зақ­станға деген де сүйіспеншілігін оятарлық­тай мақсатта қызмет етуі қажет деп есеп­тейміз.

Біздер, жай адамдар, ендігі жерде діни басқарманың да, мешіт имамдарының да өз рөлдерін көтеру үшін анық бағдары бар жұмыстар жоспарлап, соларды іске асырғанын көргіміз келеді.

Қалай болғанда да жастар санасы үшін күресте ешкімге де есе жіберуге болмайды. Бұл – ақиқат!

Бұл шаруа тек қана оқу-ағарту мекеме­лері­нің, діни басқарманың жұмысы емес, ол – әкімдіктердің де, қатардағы жай азамат­тардың да парызы.

Алдағы уақытта барлық бала тәрбиесімен айналысатын мекемелер, ата-аналар жастар санасын жат ел мен жат дін үгіттерінен қалай қорғау керек екеніне назар аударса дейміз.

Жастарды имандылық уағыздардан шет қалдырмай, бірақ олар санасын бүгінгі дін мен ертеңгі жұмақ үшін деп емес, жеріміз, еліміз үшін деп еңбек ететін қайраткерлер дайындауға баса назар аударылса деген тілек айтамыз...

Бұл мақала діндар аскеттердің, сопылар­дың соңына ергендерге қар­сылық ретінде жазылып отырған жоқ.

Мақала:

күштілер әлсізге күш көрсете бастаған заманда;

әлемде діни қайшылықтың беттері ашыла бастаған кезеңде;

мұсылман мен мұсылман баласы бір-біріне жау көзбен қарайтын шаққа жеткенде;

мұсылман елдер мен мұсылман елдер бір-біріне қару жұмсай бастаған сұмдықта;

күніне қырық құбылып тұрған әлемдік саяси тұрақсыздық жағдайында жазылып отыр...

Сөз соңында айтарым, “Мұсылман мен мұсылманның үш күн араздасып жүруі – жарамсыз қылық” деген екен Пайғам­ба­ры­мыз. Осы ұлы сөзден ұлағат алайық, ағайын.

Авторы: Сайын НазарбекҰлы.


409 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00 (барлығы 31 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар