Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Екi ұшы бар ескерткiш


image

«Балаңа қатын әперме, еншi берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет» деп үгiттеген Ибраһим Құнанбайұлының 1916 жылы Мәскеуде орыс тiлiнде тұңғыш рет өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ендi, мiне, араға 90 жыл салып көктемнiң бiр тәуiр күнi, 4 сәуiрде қарт Мәскеудiң қақ төрiне алып ақынның зор мүсiнi орналасты.

Қымбатқа түскен қола мүсiн

«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрi орыста бар... орыстың ғылымы - дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi» деп ғақлия қалдырған Абайдың қола ескерткiшi сонша қымбатқа түстi. Мүсiншi Марат Әйнековтiң екi тоннаға жетеғабыл жұмысына мемлекет (Қазақстан) қазынасынан 1 млн. 250 мың доллар жұмсады. Құнын асырып тұрғаны бұл да емес. «Мәскеу өкiметiнiң бiздiң ауданнан Абай Құнанбаевтың ескерткiшiн орнатуына жол бермейiк! Оның Мәскеу орталығының тарихына ешқандай қатысы жоқ!» - жергiлiктi тұрғындар арасынан бастамашыл топ құрылып, ескерткiштi орнатуға қарсы қол жинап, осы сарында әр жерге парақшалар iлiп жүрген. Топ жетекшiсi Екатерина Бермант Мәскеу үкiметiнiң монументалдық насихаты ауыз салып үлгермеген ежелгi бiр бұрышты сақтап қалғысы келгенiн айтқан. Әу баста ескерткiштiң қайда орналасуын қарастырған комиссия Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң жаңа кiтапханасының алдындағы алаңды, Қазақстан елшiлiгiнiң аумағын да алға тартқан. Қазақстанның сыйы ресми өз аумағы болып есептелетiн елшiлiктен орын тебуi қисынсыз едi. Наразылықты ұйымдастырушылар ендi ономастика ойнына кiрiп, ойға жеңiл логика келтiрдi: Марьинадағы Алма-Атинская көшесi мен Зябликовтағы Қостанай көшелерiнiң тұрғындары «Абай ескерткiшiн бiзге берiңдер» деп тiлек бiлдiрген. Халық өтiнiшiн орындаған дұрыс дестi. «Тұлпардан тұғыр озар шабылса да» деген нақыл иесi - Абайды тыңдайықшы: «Құтырды көптi қойып азғанасы, Арызшы орыс - олардың олжаласы. Бiрде оны жарылқап, бiрде мұны, Қуды ұнатты-ау, Семейдiң бұл қаласы...» Абай атамыздың мүсiнi (биiктiгi 3 метр) бульвардың тарихымен бiте қайнасқан орыс жазушысы Грибоедовтан асқан жоқ.

Қазақстан мен Ресей достығы: «сила притягательная»

Бәрiбiр Чистопрудный бульвардан 17 сотық жер телiмi бұйырған ұлы баба композициясын ашқанда Ресей Президентi В. Путин Абайды «қазақ пен орыс халқының рухани жақындасуына өлшеусiз үлес қосқан адам» деп бағаласа, бiздiң Елбасы «Абай ескерткiшi Мәскеуде болмағанда, қайда болу керек?» деп түйiп айтты. Биылғы жылы 3 рет кездескен екi елдiң басшысы екi жақтың әлеуеттi тұстарын тек саяси ынтымақтастықтан ғана емес мәдени байланыстан да iздейдi. «Посткеңестiк кеңiстiктiң барлық интеграциялық үдерiсiнде Ресей мен Қазақстан локомотив болып қалып отыр» деген Н. Назарбаев соңғы 10 жыл iшiнде екi ел арасындағы тауар айналымы екi еселенiп, миллиардқа жеткенiн мәлiмдедi. Каспий құбыр жүргiзу консорциумы, Байқоңыр ғарыш айлағы, әскери-техникалық саладағы уағдаластықтар туралы айтқан ол Еуропалық-азиялық экономикалық қауымдастық қатысушылары интеграция деңгейiн 80%-ға жеткiзiп, таяу жылдарда ортақ рынок құратынын хабарлады. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк (БЭК) шеңберiнде анағұрлым жоғары интеграцияның жаңа деңгейiне көшу қамтамасыз етiлмек. Президентiмiздiң айтуынша, тауардың еркiн айналымы, капитал мен жұмыс күшiнiң еркiн қозғалысы пайда болғанда да Ресейге басты рөл берiледi.

Ал орыс тiлiнiң рөлiн кең сахараға паш етiп, шетел классиктерiне апаратын алтын баспалдақ деп бiлген Абай Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың 50-ден астам шығармасын тәржiмалап, ұлы ойшыл философтар Сократ, Платон, Аристотель, Спенсер, Дрэпер, Милль еңбектерiне қол жеткiздi. Гете, Байрон, Мицкевич жырларынан сусындады. Орыс тiлiнде еркiн оқып, оңай сөйлеген Абай Құнанбаевтың шығармаларында 64 орыс сөзi кездеседi. Впечатлительность сердца, подвижной элемент, сила притягательная однородная - Абай қолданған тiркестер. Тура тiлдi орыс мiнезiне салып «я өз бетiңмен тәуекел, занимайся прямотой» деп салатыны тағы бар ғой.

Талантты тұлғалар рухының бiр ғасырдан кейiн бiр-бiрiне ұмтылып, жаңа көкжиекте, әдебиеттен де асып төгiлген кеңiстiкте үн қатуы Ресейде Абайдың, ал бiзде Пушкин жылы болып жалғасын тапты. Көркемдiк сапасы мүлдем жаңа классикалық әдебиеттiң басы саналатын Пушкин өзгеше сөз өнерiн қалыптастырды. Қазақ жерiнде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезiнде қазақ халқына сүйiспеншiлiк сезiммен қарап, оның өмiрiне, әдет-ғұрпына, мәдениетiне ықылас қойды. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсiне қазақ жiгiттерiнiң де қатысқанын бiлумен қатар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанын жаздырып алды. Әйгiлi «Ескерткiш» өлеңiнiң қолжазба түрiнде сақталған бiр нұсқасында қазақ халқын да атап кетедi дейдi мамандар.

Алматы қалалық әкiмшiлiгi Тiл басқармасы (бастығы К. Матыжанов) «ДАЛА мен ҚАЛА» апталығына мынадай мәлiмет бердi: жуықта ғана Алматы қаласының 26 көшесiне жаңа атау берiлдi, оның iшiнде екеуi Ресей азаматтары, түркiтанушы, тарихшылар Малов пен Аристов атында. Қаламызда 1840 көше болса, оның 557-i ғана қазақша атаулар, қалғаны - өзге ұлт тiлдерiнде.

Кремлевская, Красногвардейская, Красноармейская, Закарпатская, Западная, Звездная, Звенигородская, Казачья, Бабушкин, Бауман, Болотников...- кешегi көшелерiмiзге дау айтқан кiм болды? Қазiрде Петров Емцовқа түзелсе, мыңнан бiреу табылып, тарихын қазбалап, оның өзiнде қазаққа қатысты тұсын көрiп, кең пейiлмен қуанар.

«Әрбiреудiң тiлiн, өнерiн бiлген кiсi оныменен бiрдейлiк дағуасына кiредi, аса арсыздана жалынбайды» деген мәрт Абай, «орыстың законсыз зорлығына көнбейтiн» хакiм Абай отыр Чистопрудный бульварда. Алматыдағы Пушкин көшесi ұзына созылмай келте қайырылатынына қынжылыс танытқан кеудесi кең дария қазақтың Абайы...

Авторы: Қарлығаш ИСИНА, "ДАЛА мен ҚАЛА"


387 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.79Rating: 4.79Rating: 4.79Rating: 4.79Rating: 4.79 (барлығы 19 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар