Кiтап ұрлау -үлкен күнә
Кiтап оқу - рухани дүниемiздi байытудың бiрден-бiр жолы. Қазiргi таңда жастардың аузынан «Мынандай кiтап оқып жатырмын» немесе «мынадай кiтап оқыдым» деген сөздi сирек естимiз. Бәлкiм олардың санасын «ХХI ғасыр - ғылым мен техника ғасыры. Кiтаптан алған мәлiметтi компьютер мен интернеттен-ақ ала аламыз» деген ой жаулап алса керек. Оған дау бар ма?! Дегенмен сiз көлемi 500 беттен тұратын романды компьютерден алынған мәлiметпен салыстыра алмайтын шығарсыз.
Жә, көркем-әдеби кiтаптарды қоя тұрып, студенттiң өз мамандығына қатысты кiтаптарға келейiк. Соның өзiн күнделiктi оқымайды ғой. Тек қыл көпiр - «сессияға» келген кезде ғана қолына жанталасып қалам алып, кiтапханаға қарай жүгiредi. Соның өзiнде оқымай, кiтапты ұрлап, не болмаса сол керек бетiн жыртып алып кетiп жататын жастарымыз арамызда кездеседi. Қазiр оқу орындарының басым көпшiлiгiнде кiтапты пайдалану жүйесi ашық қорға көшкен. Ол деген сөз - сiз өзiңiз кiтап қорына енiп, қалаған кiтаптарыңызды алып, пайдалана аласыз.
Әрине, оның артықшылығы мен тиiмдiлiгi орасан зор. Бiрақ оның кiтапты ұрлауға және қалаған тұсын жыртып алып кетуге соқтыратыны өкiнiштi-ақ. Кейде «Кiтап ұрлау - күнә емес» деген қағиданы ұстанған адамдарға таң қаламын. Керiсiнше, кiтап ұрлау - үлкен күнә емес пе?! Өйткенi, кiтап бiздiң рухани қазынамыз. Ұрланған кiтап неғұрлым құнды болса, оны оқитын адамдар да солғұрлым көп болады.
Ал ендi қанша адамның бiлiм алуына кедергi келетiндiгiн ойлап көрiңiзшi. Кiтап өзiне ғана емес, өзiнен кейiнгi ұрпаққа қажет рухани қазына екендiгiн олар ұғынуы тиiс емес пе? Әрине, ол оның отбасында, мектептегi алған тәрбиесiне байланысты. Осы орайда мектепте болсын, оқу ордаларында болсын жас ұрпақты кiтапқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, әр кез санасына құйып тұрса, нұр үстiне нұр болар едi.
259 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
|
Ұқсас хабарлар
|
| Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады |
|
Бұл жазба сізге ұнадыма?
    (барлығы 32 дауыс)
|