Басқы бет : Жаңалықтар : Уағыздың жаттандылығынан қазақ жастары ислам діні туралы еш нәрсе естігісі келмейді
Уағыздың жаттандылығынан қазақ жастары ислам діні туралы еш нәрсе естігісі келмейді
«Қазақстанда ислам дінінің насихатталуы қалай?» деген мәселенің байыбына бару үшін, Қазақстан Жастар одағының мүшелері, қоғам қайраткерлері, дінтанушылар басқосқан жиында сөз алған дінтанушы Әшірбек Муминов Қазақстан діни басқармасының өкілі діни-уағыз оқу ағарту бөлімінің бастығы Әбдімүтәлі Дәуренбековтің атына қарата: «Біздің ұстанып жүргеніміз қандай дін? Сіз алдымен осыған жауап беріңізші», – деп сұрақ қойып, Әбдімүтәлі мүфтиден саусақ сылдырынан басқа жауап ала алмаған соң, сөзін әрі қарай былай деп жалғады: – Араб, Түркия елдерінен оқып, «мұсылман дінінің түп-төркінін сараптап зерттедік» деп жүрген мамандар, біздің елге келіп түрлі уағыздар айтып, жастарымыздың санасын шайқалтып, тұнығын лайлап бітті. Қазір жастарымыз «мұсылмансың ба?» десе, «иә мұсылманмын» дейді. Одан кейін олар бір-бірінен руларын сұрасқандай «мұсылманның ішінде қай мұсылмансың? Сопысың ба, әлде зікіршісің бе?» деген сұрақтар қоятын болыпты. Осындай жағдайдың қалыптасуына бірден-бір себепкер болып отырған дүние, бізде Діни басқарма өкілдері дұрыс жұмыс жасамай отыр. Ислам дінінің насихатталуы кемшін. Молдаларымыз: «Бес уақыт намазды үзбеу керек, ораза ұстау керек, арақ ішпеу керек, шылым шекпеу керек», – деген толып жатқан «керекті-керексіз» уағыздарымен жастарды діннен бездіріп жүр. Бұл уағыздардың жауыр болғаны соншалықты, жастардың бірсыпырасы мұсылман діні туралы еш нәрсе естігісі келмейді, – деді. Дін өкілдерінің атына айтылып жатқан сөздерді соңына дейін тыңдауға жүйкесі шыдамай, орта жолдан киліккен Әбдімүтәлі Дәуренбеков: «Мен сіздің пікіріңізбен мүлде келіспеймін. Біздің елімізде дін Үкіметтің қолбаласына айналып алған. Біздің Үкімет «Қазақстанның кез келген азаматы қандай дінді қабылдаймын десе де өз еркі біледі» деген заңды қабылдауымен, миссионерлер тарапынан болуы мүмкін қитұрқы әрекеттерге жол ашып отыр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі бастатқан бір топ дін өкілдері 2001 жылдан бастап, Үкіметке «Қазақстанда екі дәстүрлі дін ғана қалу керек. Бірі – мұсылман діні, екіншісі – 25 пайыз мөлшерінде православ діні» деген ұсынысымызды айтып та, жазып келеміз. Бірақ Үкімет біздің дауысымызды естігісі келмейді. «Діни басқарманың ұстанып отырған бағыты дұрыс емес» дейтіндердің өзі еліміздің іргесін сөгетін пақырлар дер едім. Дін мамандары тұрған кезде, «діннің ұстанған бағыты, жүрген жолы дұрыс емес» деп айту астамшылыққа бой алдыру. Мәселен, мен әдебиетшіге барып, «сіздің жазғаныңыз дұрыс емес», я болмаса ақынға барып «сіздің шығарған өлеңіңіз түкке тұрғысыз» деп айта алмаймын», – деген еді. Нақ осы жерде Дулат Исабеков: «Дін мәселесі – ұлт мәселесі. Сіз бұл жерде жазушы мен ақынның кемшілігін толықтыруға келіп отырған жоқсыз. Дініміздің діңгегін айшықтауға келіп отырсыз. Егер дініміздің төрін сайтандар жайлап бара жатса, халық ең алдымен бізден емес, сізден жауап күтеді. Сондықтан сөзбұйдаға салмай діни секталарға өтіп кеткендерді моральдық және құқықтық тұрғыдан қайтарып алу мүмкіндігі бар ма? Осы жайында айтсаңыз», – деді. Жазушылардың қитығына тиіп алған Әбдімүтәлі мүфти: «Қалай десек те, секталардың қатарына өтіп кеткендерді қайтарып алуға ислам дінінің қауқары жоқ. Оның басты себебі бізде қаржы жағы жетіспейді. Мәселен, бізде өзге дінді уағыздап жүргендер халықты өзіне тарту үшін тегін тамақ, тегін киім үлестіргенді қойып, сол дінге өткендердің басына баспана алып беріп жатыр. Міне, осыдан кейін қандай дінді таңдаймын десе де өз еркі білетін қазақ азаматына біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Жастарға айтарым, өз мүддемізді түбірі жоқ, тексіз секталармен теңелту – барып тұрған сорақылық. Діни тұрғыны қойып, адами тұрғыдан алғанда, намысымызды өз аяғымызбен жерге таптап жатырмыз», – деп жауап берді. Ал Дулат Исабеков болса, «Пайғамбарымыздың қай жылы, қай күні туғанын білмейтін, Құранды бизнеске айналдырып жүрген дін мамандары жетіп артылады. Мұны мойындаңыз», – деп мүфтиді бір тұқыртып алды да, сөзін былай деп жалғады: – Қазақ халқы қонақжайлылығы мен мейірбандығының зардабын тартудай-ақ тартып келеді. «Есігімізді ілмейміз, іргемізді түрмейміз» деп елімізге дұшпандарымызды үйір қыла бастадық. Христиандар өз діндерін насихаттап қаншама кітап шығарып жатыр. Оны шығарып қана жатқан жоқ, елге тегін таратып жатыр. Ал біздің Құранымыз қара базарда саудада тұр. Құны – 8 мың теңге. Құранды сатып алуға осы отырғандардың бірінің қалтасы көтерсе, бірінің қалтасы көтермейді. Сонда осындай әрекетке жол беріп қойып, Діни басқарма қайда қарап отыр? Қазақ тілінде Иса пайғамбардың өмірін насихаттайтын қаншама кітаптар таратылып жүр, ал Мұхаммед пайғамбардың өмірі Исаның өміріне қарағанда әлдеқайда қызық қой. Осыны неге насихаттамасқа? Дін тұтастығының солқылдап жатқанына қарап, мешіттің тек қана азан шақыратын орынға айналып жатқанын аңғару қиын емес, – деді. Сонымен, қоғам қайраткерлері діннің насихатталуы әлсіз десе, оған Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының айтар уәжі: «қаржы жағы тапшы, дінді қолдау жағы кемшін түсіп жатыр», – деген сөз. Қалай десек те, еліміздегі діни миссионерлердің ұстанған бағыты қоғам жастарының санасын жаулап алып, мемлекетімізді өз ішінен іріту. Өзге діннің қармағына ілініп, иіріміне батып кеткен қазақ жастары «Бізде Отан жоқ. Біздің Отанымыз – Әлем! Ал ата-анамыз – Құдай!» деген түсінікпен күн кешеді екен. Міне, болашақта қазақтың ұрпағы «Отаным жоқ!» деп жерге қаратпас үшін, алдағы уақытта «қазақстандық кез келген азамат, қай дінге кіремін десе де өз еркінде» деген заңның орнына «Қазақстан азаматтарының санасын ақшамен жаулап алуға тыйым салынады» деген заң қабылдау керек шығар...
1708 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
|