Бүгінгі күн – қазақ руханияты үшін ерекше күндердің бірі. Бүгін Ресейдегі Абай жылы салтанатты түрде, екі ел басшыларының қатысуымен басталады. Бүгін Мәскеуде Абай ескерткіші ашылады.
Әлемдік мәдениетке үлкен үлес қосқаны дау туғызбайтын Ресейдей елдің астанасының орталығынан ойып тұрып орын алып, бас ақынымыздың ескерткішін орнатуға қол жеткізгеніміз – елдігіміздің бір белгісі, ұлттың кемелдік кезеңіне аяқ басқанының келісті көрінісі. Бүгін бізді осы биікке алып шыққан Абай атамыздың аруағына тағы бір тағзым етсек артықтығы жоқ, ардақты ағайын.
Абай шығармашылығы – әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба, ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездесіп, сөйлескен, сырласқан, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен алмай кеткендейміз. Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның азасына күйіп, қайғырсаң да жаныңнан Абай табылады.
Халқымыздың ұлы ақынға құрметі біздің “Абай атамыз айтқандай” деп сөйлейтінімізден де көрініп тұр. Қанша жерден ғажайып қаламгер болса да, бүкіл халық ата тұтатын әдебиетшіні әлемдегі басқа бірде бір елден кездестіре алмайсыз. Бұл – Абайдың қазақ үшін әдебиет, мәдениет, руханият ауқымдарына сыймайтын қымбат қасиетін тамаша танытатын жайдың бірі. Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі. Егер әрбір қазақ баласы, ауық-ауық болса да, Абай томын қолға бір алып қойып, бір өлеңін болса да қайталап оқып отырса, өзіне өзі Абай алдында іштей есеп берсе, “Қалай өмір сүріп жатырмын осы? Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба, шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?”, дегендей ойға түсіп тұрса, қазақтың бағы баяғыда жанып, ортақ үйіміздің түтіні де түзу ұшар еді-ау деп те қиялдайсың.
Бұл ойымызды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мына пікірімен қуаттай түсе аламыз: “Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының шым-шытырық қайшылықтарға толы шындығы белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады. Оның басындағы тақсіретті егжей-тегжейлі талдады. Сөйтіп, кеселіне дауа, келешегіне бағыт қарастырды. Халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді. Кісі мен кісінің де, халық пен халықтың да арасында бола беретін кикілжіңдердің бәрінен жоғары тұра білді. Ұлықтарды ұнатпағанымен, көрші орыс халқына, басқа да халықтарға зор ілтипатпен қарады. Патшалық билікті мансұқтағанымен, ұлы орыс мәдениетінен тәлім алды. Аз халықты да, көп халықты да бауырластыратын рухани ықпалдастық деп түсінді. Адамға адам баласының бәрін дос санады. Оны батысқа, шығысқа, алысқа, жақынға бөлмей, біртұтас құбылыс ретінде қарастырды. Дала өмірін түзету үшін толассыз жетіліп, толассыз шыңдалып жатқан адамзаттық қауымдастықтың тыныс-тіршілігіне үңілу қажет болды”.
Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы ашылғалы жатқан осындай тұста біз, құшаққа сыймайтынды құшақтауға ұмтылмау керектігін ескере келіп, ұлы ақынымыздың бір ғана қырына – аудармашылығына, соның өзінде бір ақынның бір шығармасынан ғана жасаған тәржімелеріне тоқталмақпыз. Елбасымыз айтқандай, “адамзаттық қауымдастықтың тыныс-тіршілігіне үңілген” тұста Абайдың айрықша назары түскені – А.С.Пушкиннің “Евгений Онегині”. Абайдың тәржіме тұлпарының жалына қол артқанда алдымен Пушкин Пегасына ұмтылғанының өзі оның талғам тереңдігін танытып тұр. Атамызды бүгін Мәскеу төріндегі тас тұғырға көтеріп шыққан қасиеттерінің бірі де – “Адамзаттың бәрін сүйіп бауырым деп” жырлаған ұлы жүрегі, жаһанды құшағына сыйғызған қазақы дархан жаны.
Сырлы суреткер Тәкен Әлімқұлов “Жұмбақ жан” атты тамаша кітабында Абайдың “Евгений Онегинге” қалай келгенін қысқа қайырып айтып өтеді: “ Абайға дәуірлік, шежірелік, қатпарлы, қыртысты үлгі керек болды. Осы ретте ол “Орыс өмірінің энциклопедиясына” баланған “Евгений Онегинді” таңдады. Орыстың әдеби ілімінде “басы артық адам” атанған образдар Абайға іштей бауырласты. Үстем қауыммен қақтығысуға дәрмені жоқ, дүниеден торыққан Онегин Пушкинге қандай сырлас болса, Абайға да сондай мұңдас еді. Оның “Евгений Онегин” романынан үзінді аударуында осындай гәп бар”. Орынды ой. Бұл жайдың нақты дәлелі де бар. Айтпай Шаншаров “Пушкин шығармаларын қазақшаға аударудың идеялық, мәдени маңызы” деген мақаласында “Дала уәлаяты” газетінің 1889 жылғы 13 қаңтардағы санында өмір орыс әдебиетінің аудармаларын керек етеді деген ой тасталғанын, сол нөмірде редакцияға оқушылар атынан осындай аудармаларды талап етіп жазған хаттар түскенін хабарлағанын айтады.
Н.А.Добролюбов Пушкиннің адамзат алдындағы басты еңбегі бүкіл әлемге “орыстың болмыс-бітімін ашып бергені” деп санаған болса, ақынның сол еңбегі бәрінен бұрын осы “Евгений Онегин” романында айрықша танылады. Романды тым болмаса бір рет оқып шыққан адамға “Евгений Онегиннің” қадыр-қасиетін айтып жату артық әурешілік, әрине. Д.Д.Благой “жаңа дәуірдегі сөз зергерлерінің арасынан көркемдік келісімі мұншама кемеліне келген , сөзбен салған суретінің бейнелілігі, жарқындығы жағынан, сыртқы құрылымының геометрия заңдылығымен сызып шыққандай мінсіздігі, алабөтен талғампаздығы, ненің болса да өлшемін білетіндігі, шығармасының барша бөлігінің бір-бірімен үйлесіп жататындығы жағынан” Пушкинмен теңдесетін басқа адам табылмайтынын атап айтқан болатын. Мұндай пікірлерді қай кітаптан болса да суырып алып, алға сала беру қиынға түспейді. Басқа емес, дәп Әбіш Кекілбаевтың “әлемдік әдебиетте теңдесі жоқ туынды” деп басқаны емес, дәп осы “Евгений Онегинді” атағаны көп жайды аңғартады.
Абайдың тұсындағы қазақ оқырманы мұндай күрделі шығарманы осы күйінде, осы көлемімен қапысыз қабыл ете қалмайтын. Мәселе, бұрын үйреншікті әдетпен жаза беретіміздей, “оқырманның әлі дайындығы жоқтығында” ғана емес. Мәселенің мәнісі ол кездегі әдеби дәстүрдің басқаша екендігінде. Дала төсіндегі тіршілікте жігіт пен қыздың хат алысып, хат берісуінің қандай романтикалық сипаты бар екенін дәл сезінген Абайдың Пушкин шығармасынан “эпистолярлық роман” (М.Әуезов) жасауға ұмтылғаны да сондықтан. Жалпы, Абай Пушкин романының жекелеген тұстарын ғана аударды, алдымен қазақ ұғымына жақынырақ сарындарды пайдаланды деген ойды негізінен құптай отырып, бұл тезистің өзінде де ойланатын тұстары бар екенін айтуға болатындай.
Абайдың Пушкин романын егжей-тегжейлі білгені ешқандай күмән туғызбайды. Филология ғылымдарының докторы Жұмағали Ысмағұловтың: “Абай жөніндегі кейбір зерттеулерде ертедегі Шығыс жұлдыздары, сонсоң Байрон, Гете сияқты Батыс ақындары, оларға жалғас орыс қаламгерлері – сонау Крыловтан бастап, Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Салтыков-Щедрин, Белинский, Чернышевский, Добролюбовтарға дейін – түгел тізбектеліп келеді де, қазақтың жалғыз классигі солардың барлығына шәкірт болып шығады”, деп шамданса, шамданатындай жөні бар. Абай солардың бәрінен үйренді деу расында да артық, дегенмен, Пушкиннен үйренгені, оның өзінде “шәкірт” болып емес, тең тұстас, қаламдас болып қатарласа, өнер салыстыра, жарыстыра, жыр қашай жүріп үйренгені талассыз. Және бұл соншалықты намыс көретін нәрсе де емес.
Романды Абай қалай аударған деген сауалға оралсақ, қазақтың ұлы ақыны “Евгений Онегинді” тұтас аударған болуы да мүмкін!.. Иә, ақын көлемді романды аударудың осындай жолын таңдаса да ғажап емес. Мәселе мынада: дала төсінде Абай аудармаларын таратушылар Онегиннің сипатын суреттегенде, Татьянаның хатын әндеткенде, оған Онегиннің жауабын баян еткенде, Онегиннің Татьянаға сөз салатын хатын айтқанда, Татьянаның жауабын шырқағанда, Ленскийдің бақұлдасуын келтіргенде, ақыр-аяғында Онегиннің өлердегі сөзін жырлағанда, сол аудармаларды, әрине, дәл Абайдың қазіргі шығармалар жинағындағыдай күйінде, үзік-үзік етіп жеткізбеген. Олардың бәрінің де ара-арасында баяғы араб мұхаддистерінің әдісімен роман оқиғасының ұзын-ырғасын баяндап қойып, “Сонан жаңағы жерде әлгі Онегин мен Ленский екеуі жекпе-жекте атысыпты дейді. Оны орыстар дүйелге шығу дейді екен. Құдай салмасын, сұмдық қой. Екеуі сәл болмаса бажа болайын деп тұрған адамдар. Мына біз ғой, төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату дейміз. Қойшы, несін айтасың, ақыры сол дүйелде Онегин әлгі Ленскийді атып өлтіріпті. Ленский сабаз өлерінде былай деп қоштасқан екен...”, деген сияқты сөз саптаумен өлең мен өлеңнің арасын жалғап, тыңдап отырған жұрттың түсінбей қалған жері болса түсіндіріп беріп, кәдуілгі роман тұрпатында баян етілген болуы да ғажап емес... Сол тұста Абай елінде осындай дәстүр орныққаны анық еді. Г.Потанин “Қазақтың соңғы ханзадасының үйінде” деген атақты еңбегінде былай деп жазған: “Омбыда кадет корпусын бітіріп, қырдағы елі Семей төңірегіне барған бір қырғыздың (“қазақтың” дегені — С.А.) Өскенбай деген сұлтаны туралы мен мынадай әңгіме естідім. Ол кеш болса өздерінің жерлестерімен бас қосып отырып, өзінің орыс тілінде оқыған повесть, романдарының мазмұнын әңгіме қылатын көрінеді.
Қырғыздар оны сүйсіне тыңдап, әлгі әңгімелерді еркін аударма түрінде жазып та алған. Мұнда Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Толстойдың т.б. шығармаларының мазмұны жазылған қолжазба кейін бірнеше дәптер болған. Кейде олар киіз үйде отырып алып, әлгіндей әдеби кештерде бұл еркін аудармаларды өзара талқыға салып, айтысатын көрінеді...” Г.Потанин бұл арада сәл жаңсақтық жіберген: ол тұста Семей өңірінде Өскенбай есімді сұлтан болған емес, жалпы “сұлтан” шені қазақ даласында ресми түрде хандық билікпен бірге жойылған ғой — аға сұлтандық билік Өскенбай баласы Құнанбайда болатын. Демек, бұл арада әңгіме аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев жөнінде және оның өзі емес, ақын Абайдың Пушкин, Лермонтов, Тургеневтерді орысша оқып, ауылдастарына әңгімелеп беретін білімді інісі Халиулла Өскенбаев туралы болып отыр. Бұлайша шатастырып алуға онша таңданудың да жөні жоқ: қазақ арасында Халиулла тұрмақ, Абайдың өзі де ең алдымен Құнанбай қажының баласы, аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтың ұлы ретінде белгілі болған. Абай орыс әдебиетінің асыл қазыналарымен ең басында осы інісі Халиулла арқылы танысқаны жақсы мәлім. Қалай дегенде де Абай аудармалары арқылы сол кездегі қазақ оқырманы, тыңдаушы жұрт “Евгений Онегин” романының о жер, бұ жерінен ойып алынған үзінділермен емес, шығарманың ұзын-ырғасымен толықтай танысқаны талассыз.
Пушкин аудармаларына қатысты жарияланымдарды сүзіп жүріп, “Әдебиет және искусство” журналының 1954 жылғы алтыншы санынан Берқайыр Аманшиннің “Татьяна хаты” Торғайда” деген мақаласын ұшыраттық. Онда “Қазақ даласында” (Дм.Львович. “По киргизской степи”, издание Девриена, Петроград, 1914) атты көне кітаптан мынандай бір факті келтіріледі. “Құс қайтарда” атты очеркте (жалпы кітапта тоғыз очерк бар көрінеді) автор Құр-тамыз, Теректі деген көлдерге құс атуға шыққанда, Тусын болысына қарайтын жетінші ауылға барғанын айтады екен. Нұрпейіс дейтін адамның үйіне қонаға кеп түседі де, шайдан кейін Аблай Қарабатыров деген шалдың өлең айтқанын тыңдайды. “Аблайға домбырасы мен әніне шын көңілден ғажап қалғанымды айттым, сонсоң тағы бір ән салсаңыз және көңілдірек біреуін айтсаңыз деп өтіндім...”, деп жазады екен автор. “Ол онша көп күттірген жоқ, домбырасын дереу қайта бұрап алып, бірнеше рет төгілте қағып-қағып қалды да, жаңа әнді шырқай жөнелді, бұнысының әуені де алғашқы әндікіндей мұңды екен, бірақ сөзі қалай еді !..
Сөзі неткен тамаша еді !.. Шынымды айтайын, ілкіде өз құлағыма өзім сенбедім... Кәрі қазақ Татьянаның Онегинге жазған хатын айтқаны ғой...“Хат” та жұртқа сондай ұнады. Аблайдан бұл өлеңді шығарған кім екенін білмейсіз бе деп сұрадым: Оның айтуынша , солардың өздерінің бір өлеңшісі болып шықты... Шын авторы туралы ол, әрине, ештеңе де білмейді ғой...”. Б.Аманшин осыны айтып келеді де: “Қырғыз даласында” кітабындағы бұл мәлімет Абай аудармасының Октябрь революциясынан бұрын-ақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне түгел таралғанын дәлелдейді”, деп бір түйіп қояды. Дм.Львовичтің сол кітаптың тағы бір жерінде: “Қазақтарда мұндай поэзиялық шығармалар болады деп күтпеген ем; өлең қалтқысыз шын көңілден ескен үнше естіліп, адал, соны шабытқа толы болғаны соншалық, тіпті Доспай (үй иесі) менен: сіздерде, Россияда мұндай өлеңдер шығара ала ма? деп сұрар ма екен деп қорықтым...”, дегені де мерейіңді тасытады.
Абайдың “Евгений Онегиннен” аудармаларын сөздің тура мағынасындағы аударма деп санауға болмайтындығы жөнінде көп айтылған. Осы орайда Мұхтар Әуезов бұл тақырыпқа қилы-қилы пікір білдірген. Сонымен бірге Әуезовтің Абай туралы кезінде жарық көрмеген еңбектерінен ақын аудармаларының шын сипатын ашатын нақты бағаларды да табамыз. Бір тұста Әуезов былай дейді: “Общепризнанного, чтимого культурным обществом Пушкина (он) как бы считает равным себе. Поэт будто обращается к нему: “нельзя ли не так, а этак сделать”. “Здесь речь идет о стихотворении: “Адамның кейбір кездері”. (Оно) создано на основе чтения стихотворений Пушкина, Лермонтова “Поэт”, “Поэту”. Здесь Абай , создавая свои стихи на ту же тему, как бы соревнуется с ними” , дегені де болған. Тағы бір тұста Әуезовтің: “Бірақ Абай Пушкин емес. Жазғаны кем...”, деп ордалы ойдың шетінен сол кезге шақтап ойып қана қоятыны да бар. Бұл пікірлерінің ешқайсысын Мұқаң кезінде бастырмаған... Кітапта жарияланғанының өзіне жиырма жылға жуықтаса да қазірше жиі сілтеме жасалмай келе жатқан ғылыми айналымға онша түсе қоймаған бұл тезистің абайтанудың дамуы үшін концепциялық мәні бар деп білуге болады. Данышпандықтың бір белгісі — адамның (қолбасының, қайраткердің, суреткердің, ғалымның, т.б.) ешқандай беделге бас имеуі, өзін ешкімнен де кем сезінбеуі. Иә, Абай өзі аударуға қолға алған қай шығармаға да: “Иә... Бұл былай жазған екен... Қане, енді мұны мен көрейінші”, дегендей көңілмен кіріскендей болады да тұрады. Қай туындыдан да Абайдың түпнұсқаның авторымен жарысып, тайталасып, егер шындығын төтесінен тартар болсақ — бәсекелесіп отыратынын аңғару қиын емес. Данышпандармен данышпандар ғана, оның өзінде данышпан екенін сезініп үлгірген данышпандар ғана осылай тіресе алса керек. Телтуманы төлтумадан асырып жіберу тек Абайдай құдіретті тұлғаның ғана қолынан келсе керек. Иә, Абай аудармаларында түпнұсқадан да асып түсетін тұстар ұшырасады. Бұл – әлем әдебиетіндегі сирек жайдың бірі.
Пушкинде:
Кто ты, мой ангел ли хранитель,
Или коварный искуситель:
Мои сомнения разреши.
Быт может это все пустое.
Обман неопытной души...
Но так и быть. Судьбу мою
Отныне я тебе вручаю,
Перед тобою слезы лью,
Твоей защиты умоляю.
Абайда:
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып, әуре еткен,
Жаумысың теуіп таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да өзімді
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді
Есірке деймін жалынып.
“Абай жолында” айтылғандай, осынау жолдар “Тіл емес, жүректің лебі. Лүпілдеп соққан ырғағы” ғой!
Немесе Татьянаның Онегинге соңғы жауабына құлақ түріңізші.
Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекіді,
Енді ненің орны бар?
Жат есікті және қорып,
Жара салма сен маған.
Жұрт жамандар жатқа жорып,
Жалынамын мен саған.
Татьянаның: “Жұрт жамандар жатқа жорып, Жалынамын мен саған” дегені қандай нәзік қиылыс! Қазақ жүрегіне мұнан артық қалай жеткізерсің? Тағы да сол Онегинге: “Құдайдан болғай деп емі, Құдайыны мол бердім”, дегені қандай қазақы! Ғабит Мүсіреповтің: “Абай Пушкиннің “Евгений Онегин” романының желісімен “Орыс қызы Татьяна” деп атарлық хатпен жазылған поэма жасады”, дейтін ойы — Абай аудармасының бітімін де, болмысын да әрі дәл, әрі нәзік аңдау. Абай үлгісі бойынша роман желісімен дастандар жазған халық ақындарының Татьянаны “Тәтіш”, “Тәтішжан”, “Нұр Тәтіш” деп аялай атайтындарының жөні бар. Бұл жөнінде біз кезінде “Қазақ әдебиетіне” жазған да болатынбыз. Бұйыртса, осы қызғылықты жайды орыс оқырмандарына да жеткізіп қалармыз деп ойлаймыз.
Абайдың қазақ ұғымының табиғатын соншама сергек ескеретіні таң-тамаша қалдырады. Пушкин Татьянасының: “Хоть редко, хоть в неделю раз, В деревне нашей видеть вас”, дейтін жерінде Абайдың Татьянасы: “Шыдар ем күйіп мен жанып, Айында бірер көрсем де”, дейді. Неге? “Аптасына” дегізбей-ақ қойсын, ол кезде қазақ бұлай сөйлемеген, “жұмасына” демейтіні қалай Абайдың ? “Неделяның” “ай” емес, “апта” екенін білетіні шүбәсіз ғой. Демейтіні — Абай өз жырын қазақ ауылындағы қыз-бозбалаға арнап жазып отыр. Дала дегеніңіз деревня емес, тым құрығанда апта сайын бір рет, жексенбіде жұрттың бәрі шіркеудегі мінәжатқа жиналып жататын. Иен далада адамдар айында бір көріссе де қуанып қалысады. Әсіресе, қыз бен жігіт сирек ұшырасқан. “Жұрт жамандар жатқа жорып” — мұны қазақ баласы ұдайы ұмытпайды. Сөз арасында айта кетелік: даладағы қазақтардың жолыққанда амандық-саулықты тым-тым тәптіштеп сұрап қалатыны ол кісіні осыдан енді біразға дейін көрмейтінін білгендіктен болса керек...
Академик Зәки Ахметов: “...ақынның аударма өлеңдерінің ешқайсысы оның төл шығармаларынан бөлекше, екінші қатардағы шығарма деп саналмауы керек. Абайдың ақындық шеберлігін, ойлау, бейнелеу өзгешілігін танытуы жағынан олардың мәні ешбір кем емес”, деп көрсеткен. Бұл сөздің мәні тереңде жатыр. Иә, аударылған өлең – аударған ақынның да өлеңі. Аударылған туынды енді сол шығарма тәржімеленген тілдегі әдебиеттің туындысы. Мысалы, “Онегиннің сипатын” “Пушкин өлеңі, аударған Абай” деп қалай ғана айта аларсыз! Әдетте осы өлеңнің “Жасынан түсін билеп, сыр бермеген” деп басталатын алғашқы шумақтары мысал ретінде алына береді. Дұрысында Абай жазған Онегин сипатының әр жолы осындай.
Когда ж хотелось уничтожить
Ему соперников своих,
Как он язвительно злословил!
Какие сети им готовил!
— дегенді Абай былай алады:
Жасынан көрсе оны ақылы сасқан,
Не сұрқия жандарың жұрттан асқан.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса, жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңлін басқан.
Бұл сипаттан кейін, әрине, Онегиннің Ленскийге жасаған қысастығының бәрі де ұғынылады. Абайдың Онегин бойындағы қайшылықтарды қаншалықты жақсы қамтығанына тағы бір дәлел: “Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе , күндесе білдірмеген”, “Емінер, “әй” дегізер, дайын қылар, Жүрегің қалай соқса , пайым қылар”. Мұның астарында Пушкиннің Онегинге берген ғажайып анықтамасы да (”Москвич в Гарольдовом плаще”), Татьяна атымен айтылатын күмәнді ой да (”Уж не пародия ли он?”) жатыр. Демек, Абай сипаттамасы Онегиннің трагедиясы оның өзінің бітім-болығынан табиғи түрде туындайтынын салған беттен талассыз танытып тұр, ақын оқырманын соған алдын-ала дайындап қоюды мақсат еткендей. Әрине, Абай Пушкиннен “өзгеше”, “тыңнан шығарма” жазбаған. Тек сөз саптауын даланың ұл-қызының сол кездегі ұғымына бейімдеп келтірді. Онегинге: “Михрабым сен, бас ұрамын, Тіл жете алмас ғұзіріңе”, дегізетіні, Татьянаға: “Талақ етіп бұл ғаламды, Болды мәлім кеткенің”, “Сен шошыдың ғашығыңнан, Өзге жұрттан қамшы жеп”, дегізетіні сондықтан.
Жалпы, бейненің о бастағы бітімін өзгертіп жіберу деген айтуға ғана оңай, дұрысында бұл шығарманы аударған адам тұрмақ, жазған автордың өзінің де қолынан келмей қалатын бір сиқыры болады. Шын талантты, шын табиғи жаратылған туындыда образдың талай-тағдыры өзінің ішкі заңдылығымен өріліп жатады. Әдебиеттанушы атаулының Пушкиннің бір хатта: “Менің Татьянам тұрмысқа шығып кетті... Мен онан мұны ешқашан күтпеген едім!”, деп аң-таң болып жазған сөзін жиі ауызға алатыны да сондықтан...
Абай аудармасында адам таң қаларлықтай терең тұстар бар. Айталық, Татьянаның “Сен шошыдың ғашығыңнан, Өзге жұрттан қамшы жеп” дегені — романдағы ауыр ахуалдың бар сырын айқара аша алатын жолдар. Расында да, Онегиннің “ғашығынан шошынып” жүргені оның “өзге жұрттан қамшы жегенінің” салдары. Оның аты-жөнінің өзінен бастап, Ю.М.Лотман айтқандай, “ата-тегінің артықшылығын алған, сіңірген еңбегін алмаған” адамның сиқы көрініп тұр. Оның фамилиясының да мысқылы жетіп жатыр. Сол кездегі салт бойынша текті дворяндардың фамилиясы топоним болып келсе мысалы, “Мещерский”, “Можайский”, “Звенигородский” деген сықылды, бұл олардың арғы тегі, ата-бабасы иеленген жерінің атына қатысты еді. Ал “Онегин” — гидроним... Ешкім де ұзын аққан өзенге, айдын шалқар теңіздей үлкен көлдерге басы бүтін ие бола алмайтыны мәлім ғой.
Абай аудармасы “Кейде паң, кейде көнгіш орныменен, Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен” болып жүрген Онегиннің өмірде әр рөлді бір ойнайтынын, олардың өзін әр жерде әр қилы ойнайтынын көрсетумен шектеліп қалмайды, оның айналасы, ол ғұмыр кешіп жатқан қоғамның ырқы оған сол рольдерді ойнатқызып қойғанын да ашып көрсетеді. Онегиннің болығын Герценнен дәл айту қиын. “Умная ненужность” — мұны тіпті аударудың өзі оңай емес! Романының соңында Пушкин өз кейіпкерін Татьянаның сотымен айыптай тұрып, “тобырдың” сотынан қорғайтыны да сондықтан. Әйтпесе, оның кейде “Жаның шошыр, ерлігі жаннан бөлек, Кісіге балдан тәтті орны келген” болатынын да айтып тұр ғой Абай. Онегиннің қоғамнан көңілі қалып, әу баста сол қоғаммен бірге оның бел ортасында жүрген Татьянадай арудан бойын аулақ салатыны да сондықтан.
Бірге туған мен ағаңнан,
Шын досыңмын, кем емес.
Соққы жедім сұм заманнан,
Бір жылы сөз ем емес.
Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар !
Бұл заманның қашқыны деп,
Мен ғарыпты есіңе ал.
Менде паңдық, жат мінезден,
Дәнеңе жоқ, жарқыным.
Осы жазған барша сөзден,
Байқалынар бар шыным.
Басы қатты, сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де.
Татьянаның жігітке ынтықтығын айтып хат жазуының да, оған салқын жауап қатып, жас қыздың махаббат отына күйген жүрегін су сепкендей еткен Онегин шешімінің де көңілге нанымды, көкейге қонымды уәждемесін Абай Пушкиннің өзіндегіден кем келтірмеген деп кәміл сеніммен айта аламыз.
Абай аудармаларының жанрлық табиғаты туралы көп жазылған. Алғашқы кезде оларды таза аударма түрінде қарастыру белең алса, кейінгі кезде нәзира үлгісі деп қарау басым болып келеді. Абай нұсқаларын аударма ретінде сөз ететіндер олардың негізінен түпнұсқаның талай тұсын дәлме-дәл алғанын, жекелеген жерлері ғана емін-еркін сыңайда жасалғанын көрсетеді. Нәзира деп табатындар Абайдың Пушкин жырынан өзіне керек деп таныған сарындарды күшейтіп, басы артық немесе қазақ қауымы қажетсіз деп санаған желілерді алып тастап отырғандарын айтысады. Бұл көзқарасты кезінде Әуезовтің өзі де қолдағаны бар. Соның өзінде де Абай жасаған үлгіні тек нәзира ауқымында қарастыруға көңілің бір түрлі қимайды. Нәзира ең әрі кеткенде “өнерге өнермен қайтарылған жауап”. Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин Абайдың нәзираға даусыз жатқызарлықтай “Ескендірінің” өзінде “дара сыпат” бар деп тауып, “Бұл дара сыпат — ұлы ақынның кейіпкер кескіндеуінен ғана емес, идеялық тұғырынан ғана емес, бүкіл көркемдеу жүйесінен, шығармашылық болмыс-бітімінен танылады”, деп көрсеткен болатын. Оның жанында бұл нұсқада Пушкин мәтінін ғажайып дәлдікпен жолма-жол түсірген тұстар да бар, бар ғана емес — көп, ең бастысы — Абай түпнұсқаның айтар ойын да, кейіпкерлердің бітімін де өзгертпеген, тек мұның бәрін сол кездегі дала жұртының ұғымына, қазақтың ұлттық менталитетіне бейімдеп жырлаған. Бұл арада біз Абайдың “Евгений Онегині” аудармалық сипаты мен нәзиралық сипаты аралас дүние деп санайтынымызды ғана ескерте кетпекпіз. Бір жағынан осының өзі Абай шығармашылығының қандайлық құпиялары әлі де ашылмай жатқанын көрсетуімен де құнды.
Жалпы, Абай жасаған аудармаларды таза аударма ретінде қарастыру да, нәзира ретінде қарастыру да сәл жетімсіздеу. Қанша дегенмен, аударманың аты — аударма, “әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы”. Қанша дегенмен, нәзираның аты — нәзира, қазақша мағынасы — жауап, рас, “өнерге өнермен қайтарылған жауап”, бірақ бәрібір — жауап. Абай нұсқасы бұл шарттарға оншама келіңкіремейтіні көрініп тұр. Бұл — басқа дүние... Бүкіл дала Татьяна әнімен тербеліп тұрса, қазақтың қыз-жігіті Татьяна мен Онегин хаттарын жаттап, асықтығын, ынтықтығын солардың сөзімен жеткізіп жатса, ол қалай тек аударма болып қалады, ол қалай тек нәзира бола салады? Бізде осы нұсқаны “таза аударма дегеннен гөрі, еркін мазмұндама, екінші ақынның бірінші ақынды өзінше көркем баяндап шығуы дегенге келер еді” деп бағалайтын көзқарас та бар. Тіпті, рабайсыз енді. Абай мазмұндаушы да, баяндаушы да емес. Мазмұндаманы мектепте жазады. “Бірінші ақынды өзінше көркем кестелеп баяндап шығу” үшін де Абай болу шарт емес. Жалпы, Абай туралы пікір айтарда абай болу шарт...
Әдебиетші И.Сурат Пушкиннің аудармашылық өнері туралы толғанған бір тұста былай деген: “Шеньеден, Саутиден, Беньяннан, Корнуолладан жасаған оның аудармалар мен ауыспалары, әдетте, Пушкин өмірінің нақты сыртқы жағдаяттары мен ішкі жан толқыныстарын өз бойына сіңірген болып келеді, сөйте тұра олар аударма күйінде қала береді, былайша айтқанда, бір ұлт мәдениетінің жемісін басқа мәдениетке әкеліп егеді. Пушкиннің есейген шақтағы жырларында аудармасы мен лирикасының ара-жігі ашылмай, қосылып кеткен — байсалды баспагерлердің ешқайсысы да оның аудармаларын өз өлеңдерінен бөлек беру дегенді ойына да алған емес, ал басқа ақындардың аудармалары бөлектетіліп басылып жатады. Бөгде ақынның сөзін өзінің жан күйін жеткізуге пайдаланатындықтан да Пушкиннің шығармашылығында а у д а р м а л ы қ л и р и- к а н ы ң (астын сызған біз — С.А.) Ұөзгеше бір түрі бар деп айтуға да болар еді”. Осы айтылғанды біз Абайға да қатыстыра аламыз. Пушкин романының кейіпкерлері арқылы Абай да өзінің лирикалық көңіл-күйін ашқан. Аударманы лирикаға айналдырған. Бұл — Абайдың “Евгений Онегині”. Абай өзінің “Евгений Онегинін” негізінен алғанда аударма тәсілімен туындатқан. Сондықтан біз бойында нәзиралық сипаттары бар аударма дейміз. Академик Серік Қирабаев та: “Абай аудармасының өзіне, дәуіріне тән үлкен өзгешілігі бар. Ол — еркін, творчестволық аударма”, деп жазған, яғни, түбі-тегі, табиғаты жағынан аудармаға жатады деп таныған. Айналып келгенде мәселе не нәрсенің де атында емес, затында ғой, әрине. Осылай қарасақ, Абайдың Пушкиннен аудармалары қазақ әдебиетінің тарихында аса үлкен орын алатын, ғажап құбылыс деп бағалауға лайықты екеніне бүгінде жұрттың бәрі де бір ауыздан қол қояды. Мұны Тәкен Әлімқұлов тамаша айтқан: “Абай аудармалары шығарманың контексті мен подтексін мейлінше терең түсінгендікті және соны қазақ ұғымына жат етпей, мейлінше жатық бере білушілікті танытады. Абай аудармалары тілімізді байыта түсті. Жаңа ұғымдар, тың теңеулер, эпитеттер, соны сөз орамдарын, сөз айшықтарын туғызды. Поэзиямызда жаңа ырғақ, жаңа әуен пайда болды. Ойлаудың бейнелі жаңа түрлері шықты”. Ал ойлауды өзгертуден артық қандай құдірет керек?!
Бұған дейінгі айтып жатқанымыздың бәрі — Абай аудармалары. Абай аудармадағы парызын ғажап атқарды. Ал енді біздің — Абай ұрпақтарының ұлы ақын алдындағы осы орайда атқарар парызы ше? Абай қашан өзге тілдерде Абайша сөйлер екен!.. Бұған дейін бар күшіміз орысшаға төгілуші еді. Оның өзін жасап жарытқанымыз шамалы. “Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да”, деген ғажайып сезімді “Тебя одну люблю я в целом свете, А ты влюбленным потеряла счет” дегендей масқара сөздерге қиып, соған көніп отыра берген кезіміз болған...
Заман ауысты. Дүниенің дидары өзгеріп барады. Ғасырлар тұрмақ, мыңжылдықтардың алмасып жатқаны мынау. Енді әлемдік тілдерге, әсіресе алдымен ағылшын тіліне Абай аудармаларын қайта жасамай болмайды. Өскен, өркендеген елдер аудармаға ерекше мән береді. Бұл ежелден мәлім. Аударма — еліңді, тіліңді, өзіңді басқаға танытудың ең сенімді жолы. Жақсы аударма — тіл қадірін танытудың да тамаша тетігі. Аудармада төлтума мен телтума тайталасады, яғни автор мен аудармашы өзінше бір өнер жарысына түседі дейміз. Олай деп айту аздық етеді. Аудармада солар арқылы тіл мен тіл де жарысқа түседі. Тіл мен тілдің жарысы түптеп келгенде бейне бір ел мен елдің өнер жарысы десе де болады.
Осы тұрғыдан қарасақ, Абай бұл сынақта, Пушкиндей құдірет дарынмен өнер жарысында өзінің даралығын даусыз дәлелдеді, алыптығын анық танытты. Жүз жылдан бері ақын атаулыға аудармада да асуын алдыртпай келе жатқаны — Абайдың асқаралы биіктігінің бір белгісі.
«Егемен Қазақстан» газеті №75(24328), 04.04.2006 ж.