Кеше ғана босағамыздан аттаған, қазақтар жеті қазынаның бірі деп қастерлейтін ит жылы ұлтымыз үшін, расымен-ақ, құтты жыл болғалы тұр.
Сәуір айының ортасында қазақтардың саны тұңғыш рет 9 миллионға (9 000 000) жетіп, республика халқының 60% үлесін иеленді.
Тағдырдың талай тезінен өтіп, тарих тауқыметін басынан кешірген халқымыздың осы күнге жеткеніне де шүкіршілік деуіміз керек секілді. Демография жайлы дүркін-дүркін сөз қозғап, шыр-пыр болып жүрген жалғыз демограф ғалымымыз Мақаш Тәтімов “9 млн. деген сан — 9-дың жанында алты нөлі бар, бұл мерекелі сан. Сондықтан мұны үлкен жетістік ретінде халқымызға “сүйінші” деуімізге болады” деп ағынан жарылады. Расымен-ақ, бұл біздің ұлтымыз үшін жетістік, жеңіс болар. Сонау соғыс, ашаршылық, зұлмат жылдарында қазақтар небәрі 2 млн. ғана болып қалған кездері болыпты.
Әлемде ірілі-ұсақты 2 мыңдай ұлт пен ұлыстар өмір сүреді. 1992 жылғы есеппен қазақтар саны бойынша 10,5 млн. болып 70-орында тұрды. Қалыптасқан ірі жүз ұлттың қатарында деген сөз. Ал 2005 жылғы деректерге сүйенсек, әлем қазақтары 13,5 миллионға жуықтаған. Жоғарыдағы аталған 9 миллионнан басқасы әлемнің қырық мемлекетінде тарыдай шашылып жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері қарай шетелден 500 мыңдай қазақ атажұртқа ат басын бұрыпты.
Жер бетінде түбі бір түркі халықтарының саны қырықтан асады. Қазақтар солардың ішінде саны жағынан төртінші орында тұр. Біздің алдымызда түрік, өзбек, әзірбайжандар бар. Егер сонау қызыл қырғын нәубет жылдарды бастан кешірмегенде, қазақтар бұл күнде 25 миллионнан мол асып түсер еді, — дейді Мақаш Тәтімов.
Деректерге көз жүгіртетін болсақ, қазақтар жыл санап өсіп келе жатқанына куә боламыз. Елімізде 1970 жылы 4 238 395 қазақ болса, 1989 жылы 6 496 858-ге жеткен. 2000 жылы Қазақстан халқының барлық саны 14 901 641 болса, қазақтар 8 063 304 болды. 2005 жылдың басында республика халқы 15 074 767 болса, оның 8 725 206-сы қазақ, яғни барлық халықтың 57,88%-ын иеленген. Сонау 1994-1998 жылдар арасында кейбір диаспора өкілдері шетелдерге үдере көшкен кезде Қазақстан халқының саны 2 миллионға дейін кеміп қалыпты. Сол кемшілікті толтыру да уақыт еншісіндегі іс.
Алтай мен Атырау арасындағы далиған дархан даламызға ие болып тұру үшін бұл да аздық ететіні сөзсіз. 2015 жылы 20 миллионға жетуіміз керек деп дабыл қағып жүрміз. Зерттеушілердің пікірі бойынша, сол кезде қазақтар еліміздегі барлық халықтың 70%-ын иеленуі керек. Сонда ғана босағамыздан сығалап жүрген ұлт тілі төрге озып, тәуелсіздік туы биіктей бермек.