Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Ер Жәнібек неге ескерусіз


image

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылы­ғы­на қарсы күресте ерлігімен ел есінде қалған, Абылайға арқа сүйеу болған әйгілі батыр­лар­дың бірі – керей Ер Жәнібек Бердәулетұлы. Батырдың дәл қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы жазба дерек сақта­л­ма­ған, ел аузындағы қария сөзге қарағанда Жәнібек 1708 жылы туып, 1792 жылы дүние­ден өткен.

Қазақ тарихында аты аңызға ай­нал­ған Әз Жәнібек, Шақшақ Жәнібек сияқты “Ер Жәнібек” – батырдың халық берген аты. Тарихтағы әйгілі Жәнібектердің соңы болған­дықтан кейде “Ақыр Жәнібек” деп те атаған.

Ер Жәнібектің әкесі Бердәулет Сарыұлы 1680 жылы туған, 1723 жылы елді “Ақтабан шұбырындыға” ұшыратқан қазақ-қалмақ соғысында қаза тапқан. Жәнібек “Ақтабан шұбырындыдан” кейін, қазақ қолының қайта ес жинаған кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібектерден кейінгі ұлы қолбасы, қазақ-жоңғар соғысының соңғы қаһарманы.

Халық аңызы бойынша Жәнібек — киелі батыр ғана емес, асқан шешен де болған адам. Оның бұл қасиеті туралы аңыздар ел арасында күні бүгінге дейін ұмытылмай айтылып келеді. “Жәнібекке көкбөрінің даруы”, “Көк дөнен”, “Жәнібектің Абылайдың оң тізесінен орын алуы”, “Жәнібектің Қабанбайдан бата алуы”, “Қотырақ уақиғасы”, “Жәнібектің Бидайық тауын көруі” сияқты не бір көркем тамаша аңыздар сақталған. Осы аңыздар негізінде туған “Ер Жәнібек” атты төрт жыр бар. Бұлар Абылай дәуіріндегі қолбасылар туралы туындылардың ішіндегі шоқтығы биік жырлардың қатарында.

Соның бірі – 1984 жылы Қытайда “Ұлт­тар” баспасынан шыққан “Қазақ қиссалары” деген кітаптағы Жәнібек туралы дастан:

Осыдан екі ғасыр бұрын өткен,

Аңыз боп ел ішіне тарап кеткен.

Арғы атасы – керейдің сары руы,

Бір әңгіме айтайын Жәнібектен.

Жәнібек жиырмаға келген жасы,

Бұлшық етті, бура сан, зор тұлғасы.

Жауырынды, иықты, қас-қабақты,

Ержүрек батырдың бар нысанасы.

Жәнібек жастайынан мінген атқа,

Жайылған батыр даңқы әр тарапқа.

Досымбек, Өмір дейтін асқан батыр,

Сары үйсін нағашысы батыс жақта, –

дей келіп, дастанда әрі қарай соғыста Жәні­бек­тің Абылайды қатерден қалай құтқар­ған­дығы баяндалады. Бір жорықта тұтқиылдан қалмақ­тардың қалың қолына жолыққан қазақ жасағы қатты сасып, шеті сөгіліп қаша бастай­ды. Мұны көрген Абылай бастаған қазақ батыр­лары тұс-тұстан қолдың алдына шығып тоқтатуға тырысады. Алайда, астарындағы болдырған аттар қашқан қолға жете алмайды. Артынан жау басып келе жатады. Сондай қысылтаяң кезде, аты болдырып келе жатқан Абылайды Жәнібек көріп қалады да, астындағы атын ханға көлденең тартады. Жігіттің дөненіне мінуге Абылай арланып:

– Батырым, мынау кісі сыйласатын кез емес, сені жауға тастап, атыңды міне қаш­қа­ным жөн болмас, одан да тезірек барып қол­дың алдын тоқтат! – деген екен.

Сонда Жәнібек:

– Тақсыр, мен қолдың алдына барға­ным­мен, маған ешкім тоқтамас, ал Сіз барсаңыз, жі­гіттер намысы оянып, қайта қайратына мі­нер. Қазақта батыр көп, хан Абылай біреу-ақ. Оның үстіне арттан жау қаптап келе жат­қанда, Сізді тірідей жауға тастап кете алмай­мын. Егер мына атқа мініп, қашып құтыл­майтын бол­са­ңыз, ханның басын қалмаққа қалдырып, қор­латқанша өзім алып кетемін! – деп қылышын суырған екен. Сонда Абылай хан Жәнібектің көк дөненіне қарғып мініп, қашқан қолдың алдын қуып жетіп, тоқтатып, өкшелеп келе жатқан жауға қарсы шайқасқа қай­та кірген екен. Қалмақты жеңіп, естерін жи­нап, олжаны бөлісіп болған кезде, Абылайдың есіне бағанағы көк дөненін мінгізген жігіт түседі:

– Мана, жан алып, жан берген сәтте маған бір жас жігіт осы дөненді мінгізіп еді, иесін тауып келіңдер, – дейді.

Шабармандар көк дөненді жетектеп, Жәнібекті іздеп жүрсе, бір қостың іргесінен біреудің күректей табаны шығып жатқан көрінеді. Көк дөнен әлгі табанды иіскеп, оқыранып тұра қалыпты. Жәнібек сол екен.

– Абылай хан сені шақыртып жатыр, – депті шабармандар.

– Мені қайтпек, көк дөненді ханға бір мінгізгем. Енді ханның тақымынан қайтып алмаймын, – деп жата беріпті.

Шабармандар қайтып келіп:

– Жәнібекті таптық, бірақ “ханға берген атымды қайтып алмаймын” деп келмей қойды, – десіпті.

Хан қайта жұмсап:

– Ханның бұйрығын орындасын, алып келіңдер! – депті.

Шабармандар Жәнібекке ханның әмірін жеткізіпті. Сонда Жәнібек:

– Абылай оң тізесінен орын берсе ғана барамын! – депті.

Хан батырдың тілегін қабылдап, оң тізесінен орын беріпті дейді.

Алайда, ел арасындағы Жәнібек туралы жыр-аңыздар әлі де жүйелі түрде жиналып, зерттелген емес. Тіпті Жәнібек Бердәулетұлына қатысты кейбір деректер Шақшақ Жәні­бек­тің атына көшіріліп жүр. Бұл есімдердің ұқсастығына қа­тыс­ты кеткен қате­лік­тер болса керек. Бү­гінгі ұрпақ Ер Жәнібектің атын Шақшақ Жәнібек қойғанын да біле бер­мейді. Ер Жәні­бек Шақшақ Жәні­бекті пір тұтып, әке­сіндей сыйлап өткен көрінеді. Оған Жәнібектің Шуаш шешенге:

Сен кемсек ауыз, жарғақ құлақ,

Жылқыға суат бермес ылайсың.

Астыңа ала шолақ ат берсе,

Алты ай мініп арытпассың.

Қолыңа қырық кез оқ берсе,

Дұшпанға бірін атып дарытпассың.

Сен би болып та жарытпассың.

Менің дауысым Қазыбекке тартқан,

Сүйегім Шақшақ Жәнібекке тартқан! – деген сөзі дәлел.

Халық Жәнібекке түркінің көк бөрісі дарыған деп те аңыз қылады. Бала кезінде нағашысының үйінде жүрген Жәнібек бірде далада ұйықтап қалады. Уақытында келмеген соң артынан іздеп барған балалар Жәнібекті екі қасқыр жеп жатыр екен деп қашып келеді. Оны естіген үлкендер атқа қонып, балалардың бастауымен Жәнібектің жатқан жеріне барса, ұйықтап жатқан Жәнібектің басына бір қасқыр, аяғына бір қасқыр мініп отыр екен дейді. Бұл нысанды көрген үлкендер бұл бала асқан батыр болады екен десіп қуанып қайтады. Ақсарбас айтып тілеу тілейді. Жәнібек шынында да асқан батыр болып ержетеді.

Ол туралы айтылатын аңыздың бірінде қазақ-қалмақтың бір жолғы соғысында қалмақтың бір нояны “жекпе-жек, жекпе-жек!” деп майданға шығады. Қазақ жағынан жас батыр Жәнібек шығады. Жәнібекті көрген соң әлгі айқұлақтанып кісі жейтіндей болып тұрған қалмақ нояны кері бұрылып, қаша жөнеледі. Жұрт таң-тамаша болады да қалады. Ноян өз қолына барып:

– Мынау тегін адам емес екен. Біз соғыспай келісімге келелік, – дейді. Ноянның айтқаны болады. Соғыс болмай, екі жақ бейбіт келісімге келеді. Артынан тарту-таралғысын алып қазақ қолына келген әлгі нояннан Қабанбай батыр:

– Ой, ноян, бағана майданға жараған бу­ра­дай шабынып, екпінді шығып едің, біздің ба­тыр­ды көрген соң жының неге қағылды? Соғыс­қалы келіп сауға берген қалмақты алғаш көрдім, бұл қалай? – дейді. Сонда әлгі қалмақ нояны:

– Сіздің батырыңыздың екі иығында екі көкжал отыр екен, ала алмайтынымды және жолымның болмайтынын содан білдім. Сіздерді емес, артымнан ерген елімді аядым. Өзіме де жан керек емес пе?, – депті.

Жәнібектің атын қазақтың басқа батырларына қатысты жыр-дастандардан да жиі ұшыратамыз. “Қабанбай” жырында:

... Кей жаман айырылады мал баға алмай,

Жарымес жаңылады сөз таба алмай.

Қабекең қайғыланды дегенді естіп,

Келіпті өзі батыр хан Абылай.

Мінгені хан екемнің қарагер-ді,

Еседі бейне желдей қара жерді.

Қабекең қайғыланды дегеннен соң,

Батырдың өзі тұстас бәрі келді.

Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай,

Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.

“Намысын Қабекеңнің әперем!” – деп,

Келіпті Қанжығалы ер Бөгенбай.

Жатушы ек елімізде сары қазы жеп,

Шабатын біз қырғызға не қылып ек.

“Намысын Қабанбайдың әперем!” – деп,

Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек! — деген жолдар бар.

Жәнібек аты осы жырда Абылай хан, Бөген­бай, Бердіқожа, Жантай, көкжал Барақ, Ма­лай­­са­ры, би Боранбай, Райымбек, Шөрек, Қаса­бай, Дәулетбай батырлармен қатар аталады.

Ер Жәнібек, әсіресе, қазақ даласының шығысын жоңғар басқыншыларынан тазарту­да жеке ерлігімен, жеңісті жорықтар ұйым­дас­тыра білген қолбасылық өнерімен ел сеніміне ие болған. Қазақ руларын Зайсан, Алтай өңірлеріне орнықтыруда елге тірек болып, көзінің тірісінде даңққа бөленген. Абылай мен Қабанбайдан бата алған. Сол ерлігін ақын Ақыт Үлімжіұлы “Ер Жәнібек” дастанында:

Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,

Жауыңа жасыл түсер зордан болдың.

Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,

Еліңді Алтай бастап Ордан келдің, – деп жырлаған.

Жәнібек жорықта Абылайдың ақ туын ұстаған аруақты батыр. Осы арада мына бір жайды есте ұстаған жөн: Абылай өз кезінде әр рудың қолбасы батырларына ту ұстатып жауға аттандырған. Оларға берілген ту әрине Абылайдың өз туы емес, дегенмен Абылай берген жорық туы болғандықтан жұрт оны “Абылайдың ақ туы” атап кеткен. Жәнібек батыр ұстаған Абылайдың ақ туы ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін батырдың ұрпақтарының қолында болған. 1940 жылдардағы Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол туды Жәні­бектің жүрежаты Зардықан деген ба­тыр ұстап жүрген екен. Көрген адамдардың айтуынша ту тозып, етегі жыртылып кеткендіктен сыр­тын ақ матамен қаптап тастаған дей­ді. Тудың онан кейінгі тағдыры туралы дерек жоқ. Егер Қытайдағы мұражайлардың біріне өткізілмеген болса, Алтай аймағы Шіңгіл ауда­нын­да тұратын Сағдат Мырзах­мет­ұлының қолында болуы мүмкін.

Қытайда жасаған тарихшы Асқар Татанайұлы Жәнібек батыр туралы 80-жылдарда біраз мақа­лалар жазып, көптеген деректерді қа­ғазға түсірген. Оларда Жәні­бектің ерлігі, шешендігі, киелілігі, сыншылығы, т.б. қырлары туралы қызықты мате­риал­дар бар. Қы­тай­да тұратын жазу­шы Шәміс Құ­мар­ұлы батыр туралы ел аузындағы аңыз желісімен “Ер Жәнібек” (1998 ж. Шыңжаң, “Халық” баспасы) атты роман жазды. Моңғолияда тұратын бауырымыз Сұлтан Тәукейұлының “Ақыр Жәнібек” (2000 ж.) атты романынан да хабарымыз бар.

Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымызды түгендеп келеміз. Елім деп еңіреп өткен есіл ерлерді еске алып, аруағын әспеттеп ас беріп, той өткізу, басына күмбез тұрғызу сияқты игі шаралар бүгінде салтқа айналды. Сондай-ақ олар туралы жазылған көптеген көркем шығармалар мен тарихи еңбектер рухани өміріміздің көкжиегін кеңейте түсуде. Қарасай мен Ағынтайға, Қабанбайға, Абайға, Шәкә­рімге орнатылған ескерткіштер, Түркістанның 1500 жылдық тойының өтуі соның айғағы. Өкінішке қарай, исі қазаққа әйгілі, ерлігі жырға айналған Жасыбай, Олжабай, Бердіқожа, Малайсары, көкжал Барақ, Баян, Баймұрат бастатқан, берірек келсек Сұраншы, Саурыққа дейінгі әлі талай ұлы батырларымыз атаусыз жатыр. Соның бірі – Ер Жәнібек.

Ер Жәнібектің бұл күнде кішкентай төм­пе­шік­ке айналған зираты Шығыс Қазақстан облы­сы Жарма ауданының орталығы Геор­гиевка селосынан 10 шақырымдай жерде Қалба тауының сілемінде қараяды. Батырдың сүйегі жатқан жерді 60-жылдары жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша тауып, анықтаған бүгінде Семейде тұратын тарихшы-ғалым Мұхаметқазы Мұхаммәдиұлы мен басына белгі орнатуға мұрындық болған және қазақ жеріндегі талай тарихи орындарды айтып кеткен қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов марқұмға аруақ қашанда разы! Бір әттеген-айы – цементтен құйылған шағын белгіге “Жәнібек Қошқарұлы” деп әкесінің аты қате жазылған. Дұрысы – Жәнібек Бер­дәулетұлы. Зады, Әшімбек ақсақал Мағжан ақынның “Батыр Баян” поэмасындағы:

Балталы, екпінді оттан Оразымбет,

Сырғалы, шапшаң оқтан ер Елшібек.

Өзіне тірі жанды тең көрмейтін,

Тәкаппар Қошқарұлы ер Жәнібек! – деп аталатын Жәнібекпен шатастырып алған секілді. Мағжан поэмасында және басқа аңыз-әңгімелерде Қошқарұлы Жәнібек деген батыр да аталады. Біз ол Жәнібек қай Жәнібек екенін нақты айта алмаймыз.

Ер Жәнібектей баһадүрді осы уақытқа дейін ескерусіз қалдырып келгеніміз естір құ­лақ­қа да, көрер көзге де ұят. Тағы бір өкініш­тісі – “Қазақ совет энциклопедиясында” да, жа­ңадан шыққан “Қазақстан” ұлттық энци­кло­педия­сында да Ер Жәнібек туралы екі ауыз сөз жоқ.

Анау-мынау дейтіндей екінің бірі, егіздің сы­ңары емес, біздің бүгінгі бақытымыз үшін, ел мен жердің тұтастығы үшін өмір бойы кеу­де­сін оққа, мойнын қылышқа төсеп өткен, Абылайдың өзі оң тізесінен орын берген қазақ­тың Ер Жәнібегі емес пе еді, бұл батыр! Алды­мыздағы 2008 жылы Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толады. Осы датаға дейін батырдың ба­сы­на кесене тұрғызып, зираттан таяқ тастам жер­де тұрған Жарма ауданының орталығы – Геор­гиевка селосының атын өзгертіп, “Ер Жә­нібек ауылы” деп атасақ, тәуелсіз еліміздің ай­бы­нын асыра түсер бір игілікті шара болар еді!



Авторы: Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын.


444 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00 (барлығы 33 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар