Ислам Қазақ еліне Орта Азия арқылы келді. Әуелі ол Бұхара, Самарқанд, Насаф (Қаршы), Мары, Шаш (Ташкент), Хорезм қалаларына табан тіреп орнықты. Сонан соң бірте-бірте Мауараннаһрдың шеткі уәлаяты болған Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Сайрам — Исфиджаб, Тараз, Баласағұнға қадам басты.
Ислам — қала мәдениетіне жататындықтан да Бұхара мен Самарқанд, Шашта тез өркен жайды. Тамырын тереңге жіберді. Кеңес дәуіріндегі атеизм үстемдік еткен кезде де Ислам дәстүрлері бұл өлкеде онша әлсірей қойған жоқ. Сол себепті де Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталығы да тап осы Ташкентте құрылды. Кеңес Үкіметі тарқар алдында бірақ Орта Азиядағы түркі республикалары Ташкент қаласын, қаламасын одан енші “алып», бөлініп шықты. Содан бері әркім өз күйін өзі күйттейтін болды. Діни басшылар арасында да қарым-қатынас бола қойған жоқ. Осы жәйт қазірге дейін сақталып келеді.
2000 жылы Діни басқармаға біз басшылыққа келгелі Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбдірашид қари Баһрамов кездескен сайын ол Ташкентке келіп қайтуды, достық байланысты жалғастыруды, діни мәселелер жайлы ақылдасып тұруды еске салып жүруші еді. Соны қаперге ала келе, орайы келгенде діні мен діни жолы бір, тілі мен әдет-ғұрпы да жақын, әрі миллионнан астам қандастарымыз тұратын тарихи тамыры ортақ бауырлас елге барып, дініміздің кешегісі мен бүгіні, хал-жағдайы, мұсылман бауырларымыздың тіршілік тынысымен жақынырақ танысу үшін наурыз мейрамы өте салысымен жолға шықтық.
Алматыда қар енді кете бастаса, Ташкентте көктем шығып қалыпты. Тәуелсіздік Өзбекстан астанасына да өзінің игі әсерін тигізген. Жаңа мұражай, отельдер, әдемі ғимараттар бой түзей бастапты. Қала ортасында бұрын Ленин ескерткіші тұрушы еді, қазір ол Әмір Темірге орын босатыпты.
Әбдірашид бауырымыз бізді жылы қарсы алды. Діни басқармадағы ресми және өзге де діни орталықтардағы бейресми кездесулерде қонақжайлылық көрсетіп бақты. Өзбекстан астанасындағы діни орындарды емін-еркін аралауға, дін қызметкерлерімен кездесіп сұхбаттасуға жағдай жасады. Әуелі Діни басқарманың тарихын, оның басында тұрып сонау тоталитарлық жүйе кезінде иманнан аттамай, ел мүддесі мен дін мүдделерін қатар ұстаған, бүгінде пәниден бақиға көшкен асыл азаматтар құрметпен еске алынды.
Кеңес өкіметі кезінде ислам дінімен күресу атеизмнің ең маңызды міндеттерінің бірі еді. Олар ислам діні мен оның ғұламаларын жалған идеология мен отарлау саясатын жүргізуде бөгет болатын басты кедергі деп білді. Сол себепті қолда бар барлық айла-тәсілдерді пайдалана отырып, мүмкіндігінше ислам діні мен оның қызметкерлеріне жала жауып қара күйе жағуға, жұртты ата дінінен бездіруге тырысты.
1924 жылы барлық мешіттер мен медреселер жабылды. Қолдан ұйымдастырылған жалған жаламен ислам қайраткерлері, дін ғұламалары абақтыларға қамалды, жер аударылды. Жан сауғалаған кейбіреулер шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Жүздеген жылдар бойы жиналған қолжазбалар мен діни кітаптар өртелді, суға тасталды, жерге көмілді. Кейбір мәліметтерге қарағанда діни кітаптар Өзбекстандағы Ұратөбе кірпіш зауыты отынының қызметін бір ай бойы атқарған.
Құранды оқу ғана емес, оны үйде сақтаудың өзі де қылмысқа баланды. 30 жылға созылған сталиндік жеке басқа табыну мұсылмандар үшін нағыз қасірет болды. Атеистік насихат өзге де мұсылмандар сияқты біздің халықты да тек экономикалық қана емес, сондай-ақ рухани да күйзеліске ұшыратты. Халықтың моральдық-психологиялық рухы барынша тапталды. Елді осындай рухани аштық жайлаған кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Кеңес өкіметі амалсыз өзге де діндерге секілді мұсылмандарға да аз да болса діни бостандық беруге мәжбүр болды.
Сталин егер жау Еділден өтіп кетсе, өзі қасіретке ұшыратқан Орта Азия халқы немістерді қолдап кете ме деп сескенгендіктен де дінге еркіндік беріп, діни басқарма құруға келісті. Бұлай етуге тағы бір себеп — соғыс кезінде КСРО одақтастарынан екінші майдан ашуды жеделдетуді өтініп жатты. АҚШ бірақ кешеуілдете берді. Екінші майдан ашу үшін елге діни сенім-наным бостандығын беруді талап етті деген де деректер жоқ емес.
Сонымен 1943 жылы Ташкентте Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы ұйымдастырылып, Діни басқарма құрылды. Оған бес республикадан мұсылмандардың 160 өкілі қатысты.
Құрылтайда 11 адамнан тұратын төралқа және 5 кісілік ревизиялық комиссия сайланды. Оның жұмысына елімізден Қазақстан делегациясын Алматы қаласының имамы Абд әл-афур Шамсутдинов бастап барған.
Құрылтай Орта Азиядағы әрбір республикада қазият құрды. Қази Діни басқарманың жергілікті жердегі өкілі саналды. Қазақстанның қазиі әрі өкілі болып Абд әл-аффар Шамсутдинов сайланды. Осы ретте бұл адам туралы да айта кетейік. Абд әл-аффар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ұрпақтары да белгісіз. Сол себепті ол кісі туралы деректерді Қазақстан Республикасының мұрағатынан іздеуге тура келді.
Ол 1884 жылы Өскеменде туған екен. Қазан медресесінде оқып, діни білім алған. Абд әл-аффар Құран Кәрімді жатқа білген, көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Атеизм үстемдік еткен қоғамда өмір сүрсе де ислам дінінің асыл құндылықтарын насихаттап, халық жүрегінде имандылықтың орнығуына үлес қосты. Республиканың түрлі облыстарын аралап, мешіттер ахуалымен танысып, имам, молдаларға ақыл-кеңес беріп, жұмысын қадағалап отырды. Қатты науқасқа шалдыққан ол 1952 жылы өз орнына Сәдуақас ылманиді қази етіп бекіттірді де, 1953 жылы маусым айында Алматыда қайтыс болды.
Ташкент құрылтайы сонымен Бас мүфти етіп белгілі ислам ғұламаларының бірі 83 жасар Ишан Бабахан Абд әл-Мажидханұлын сайлады. Діни басқарма Ташкенттің ескі шаһар махаллаларының біріндегі ХҮ-ХҮІ ғасырда салынған Барақхан медресесін өзіне кеңсе етті.
Ишан Бабахан 1976 жылы қайтыс болған соң мүфти болып оның ісін 1908 жылы Ташкентте туған баласы Зияуддин Бабаханов жалғастырды. Ол да үлкен ғұламалар қатарына жататын. 12 жасында қасиетті Құранды жаттап алған Зияуддиннің де ел ішінде беделі жоғары-ды. Содан ол 1982 жылы қайтыс болғанға дейін осы қызметті абыроймен атқарды.
Осы бір тарихи кісімен кездескенім есімнен кетпейді. Ұмытпасам 1982 жылдың жазы болатын. Телефон безектеп қоя берді. Шамсутдин Зияуддинұлы Бабаханов екен.
— Иә, тыңдап тұрмын, Шамсутдин. Амандық па? Ташкенттен бе? — деймін.
— Жоқ, Алматыдамын.
— Қош келіпсің.
— Әкем Зияуддин науқас. Алматыда көз аурулары институтында лазермен емдейтін профессор бар деп есіттім. Соған жолықтыра аласың ба?
Ол атақты бір профессордың атын атады.
— Әрине.
Шамсутдин әкесі екеуі “Отырар» мейманханасына тоқтаған екен. Бардым.
— Жүр, әкеме айтып қойып ем. Таныстырайын, — деді ол.
Зияуддин қари төсекте жатыр екен. Көзі жұмулы. Біз барған соң басын көтерді.
— Әке, мына алматылық жігіт — досым. Шығыстанушы ғалым. Мәскеуде бірге оқыдық. Сізге сәлем берейін де келіп тұр, — деді ол. Мен ақсақалмен сәлемдестім. Қолы жұп-жұмсақ, алақаны жып-жылы екен.
— Досым дейсің бе? — деп ол қайта сұрады.
— Иә, әке, досым!
— Онда қолыңды жай, балам. Бата берейін, — деді Зияуддин қари.
Екеуміз де қолымызды жайдық. Ол кісі жүректен шыққан сөзін айтып бата берді.
Содан қариды өздері сұраған дәрігерге апардым. Ол қарап шығып: “Өте кеш келіпсіздер», — деді. Содан олар бірер күннен соң Ташкентке қайтып кетті. Арада 3 айдай өткен соң Зияуддин қари қайтыс болды.
Әкесінің орнына содан үшінші мүфти болып 1937 жылы туған, баласы аталмыш Шамсутдин Бабаханов сайланды. Ол 1959 жылы Ташкент шет тілдер институтын бітірген-ді. 1962-1966 жылдары Каирдегі Әл-Азһар университетінде дәріс алды. Мен 1969 жылдың аяғында Мәскеуге Шығыстану институтына оқуға барғанда, ол осы институтта тіл білімі бөлімінде профессор Ю. Н. Завадовскийдің біліккері еді. 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғаған соң Шамсутдин Ташкентке қайтып кетті.
Мәскеуде жүргенде онымен достық қатынаста болып, аралас-құралас тұрдық. Өте парасатты, ақылды, сабырлы жігіт-тін. Шамсутдин содан 1976-1982 жылдары Имам әл-Бұхари атындағы Ташкент Ислам институтының ректоры болды. Жоғарыда айтылғандай 1982 жылы мүфти болып сайланған соң, осы қызметті ол 7 жыл атқарды. 1989 жылы оны дін басшысына лайық болмады деген себеппен Діни басқармадан кетірді. Содан ол 1994 жылға дейін Ташкент Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер боп істеді. 1994 жылдан 2001 жылға дейін Египет Араб Республикасында, 2001-2003 жылдары Өзбекстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болды. Риядта дипломатиялық қызметте жүргенде онымен бірнеше рет кездестім. Онда да сыйлас болдық. Шамсутдиннің денсаулығына байланысты еліне қайтып оралған соң 2003 жылы Ташкентте қайтыс болғанын осы сапарда естідім.
Төртінші мүфти 1952 жылы Әндіжан уәлаятында туылған Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф еді. Ол Бұхарада Мир Араб медресесін, Ташкенттегі Имам әл-Бұхари атындағы Ислам институтын бітірген. “Совет шарқи мусулманлари» журналында қызмет істеген, Либиядағы университетте оқыған. Сонан соң Діни басқарманың халықаралық қатынас бөлімін басқарған-ды. Шамсутдин қызметтен кетірілген соң кезекті құрылтайда Бас мүфти болып осы кісі сайланды. Оны ол 1993 жылға дейін атқарды. Ол да бірақ бұл қызметтен дау-дамаймен кетті.
Бесінші мүфти 1928 жылы Қоқанда туған Мухтаржан Абдулла Бухари еді. Ол Бұхарадағы Мир Араб, Ташкенттегі Баракхан медресесін, Дамаск университетінің шариғат факультетін бітірген екен. 1958-1991 жылдары Мир Араб медресесінде ұстаз, 1984-1988 жылдары Ташкенттің Имам әл-Бұхари институтында шетелдік студенттерге дәріс берген. 1991-1993 жылдары Бұхара уәлаятындағы хазіреті Баһа ад-Дин Нақшбанди мешітінің Бас имамы, 1993 жылдан 1997 жылға дейін Бас мүфти болды.
1997 жылы Діни басқарма тізгіні 1953 жылы Әндіжан шаһарында туған, қазіргі Бас мүфти Әбдірашид Бахрамовқа тиді. Ол 1975-1979 жылдары Бұхарадағы Мир Араб медресесін тәмамдаған соң, Ташкенттегі Имам әл-Бұхари Ислам институтына түсіп, бітіргеннен кейін сонда ұстаз, Ташкенттегі Тилла шейх мешітінің Бас имамы қызметін атқарған.
Міне Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшыларының тарихы осындай. Осы мәселелерді еске алдық. Құрылтайдан соң Кеңес өкіметі әрбір республиканың ірі қалаларында бір-бір мешіттен ашуға рұқсат етті. Бірақ онда жұмыс істей алатын имамдар жоқтың қасы еді. Сол себепті көптеген өтініштерге орай 1945 жылы Бұхарадағы Мир Араб медресесін қайта ашуға рұқсат етілді. Ол мемлекеттің қатаң қадағалауымен жұмыс істеді. Тіпті мешіт жанынан дәрісхана ашу үшін де Мәскеудің рұқсаты керек болатын.
Әбдірашид қари Діни басқарманың атқарып жатқан қызметі туралы әңгімеледі. Шығарып жатқан кітаптары, журналдарын көрсетті. Діни басқарма құрылымымен таныстырды Мүфтият төралқа, ғұламалар кеңесі, мүфти және оның орынбасары, кеңесші, жауапты хатшы, бас есепші, заңгер, шаруашылық бөлімінен тұрады. Оның құрамында сондай-ақ халықаралық бөлім, білім және кадрлар даярлау, мұхтасиб (ревизия), мешіттер мен пәтуа бөлімі, кітапхана, “Мауараннаһр» баспасы, “Һидая» журналы мен “Ислам нұры» газетінің редакциясы секілді бөлімдер де бар.
— Кешіріңіздер, жылт еткен жетістіктер, ғибрат алар тұстар мен кемшіліктер бар деп тапсаңыздар айтыңыздар. Тәжірибе бөлісейік. Ташкент қана емес, сіздер үшін еліміздің Самарқанд, Бұхарадағы діни, тарихи жерлерін де көрсетуге әзірміз, — дейді Діни басқарма басшылығы.
Осы уақытқа дейін Самарқанд пен Бұхараны көрудің бір реті келмей жүр еді, дұрыс болды деймін іштей қуанып. Әрине, бізді қызықтырған осы аталмыш шаһарлардағы тарихи жәдігерліктер мен іргетасы ежелден қалыптасып, күні бүгінге дейін мұсылмандарға игі қызмет етіп келе жатқан діни оқу орындары еді. Оларда кезінде Қазақстан азаматтары да оқығаны жадымызда.
Әуелі біз Ташкенттегі Имам әл-Бұхари атындағы Ислам институтына бардық. Ол Діни басқарма жанында, яғни ескі қалада екен. Институт 1971 жылы ашылған. Ол сол кездегі Кеңес Одағындағы жалғыз діни оқу орны болатын. Мақсат — Ислам діні кадрларын даярлау-ды. Онда тек Орта Азия республикалары ғана емес, Әзірбайжан, Кавказ, Татарстан, Ауғанстан, Йемен, Вьетнам, Болгариядан да талабалар діни білім алыпты. Оқу орнына әр жылдары Асрарқұл Мәуленқұлов, Шамсутдин Бабаханов, Исмаил Махдум Соттиев, Шоикром Шоисмаилов, Әбутураб Юнусов, Юсуфхан Шакиров, Әбдуғани Абдуллаев, Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф, Латмор Жұман, Баһадир Муртаза, ұламқадир Мырза Якубов секілді ұстаздар басшылық жасап, сабақ берген.
Институт 1998 жылы қайта тіркеліп, Үкімет жанындағы Дін істері комитетінен арнайы лицензия алған. Оқу орнының бірінші ректоры Асрарқұл Мәуленқұлов институттың аяғынан тұрып кетуіне үлкен қызмет атқарыпты. Институтта студенттер 10-15-тен бөлімдерге бөлініп, дәріс алуда. Оқу орнының дін негізі және Ислам құқықтануы һәм тарих секілді екі факультет бар. Оған: діни пәндер, әлеуметтік-гуманитарлық, шет тілдер кафедралары қызмет етеді. Әуелгі жылдары мұнда 20-ақ студент оқыған. Қазір 200-ден астам талабалар тағлым алуда. Студенттермен әңгімелестік. Бәрі өз қалауларымен дін мамандығын таңдағандықтарын айтады. Бұрын мұнда қазақстандықтар да болған. Діни басқарма бөлініп кеткелі келмейтін болды дейді институт ұстаздары. Оқу орнының жақсы жабдықталған бай кітапханасы бар екен.
Мұндағы көз қарашығындай сақталып келе жатқан дүние — Усман халифа заманына жататын қасиетті Құран қолжазбасының бір нұсқасы. Оны келіп көрушілер өте көп көрінеді. Өйткені оның өзіндік тарихы бар. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейінгі халифа рашиддиндердің бірі Усман халифа заманында Құран Кәрімнің алты нұсқасы жазылып, алты қалаға жіберілген. Біреуі Басраға, екіншісі Куфаға, үшіншісі Шамға, төртіншісі Мекке мүкаррамаға, бесіншісі Медине халқына жіберіліп, алтыншысы Осман халифа хазреттің өз құзырында қалады. Хазреті Осман Құранның осы алтыншы нұсқасы үстіне шейіт болып, мүбәрәк қандары: “Ал сені олардан құтқаруға Құдайдың құдіреті жетеді. Ол бәрін естіп, біліп тұр» (“Бақара» сүресі, 137-аят) деген аят үстіне төгілген деген риуаят мәлім.
Құранды өз заманында Қожа Убайдулла Ахрар (1404-1490) Румнан (Түркия) алып келген көрінеді. Ол 353 парақтың екі бетіне, яғни 706 бетке жазылған. Парақтардың биіктігі 68 см, ені 53 см. Жоғалған, шіріген парақтар орнына жай қағаздан жасалған 69 бет қосылған.
Киік терісіне жазылған бұл мұсхаф содан Нәдір Дуанбегі Тоғо медресесінің арнайы бір хұжрасында ұзақ уақыт сақталыпты. Медресе Қожа Ахрар мешіті жанында еді. Ол сопы ілімінің ғалымы, ұлы шейхтардың бірі, әрі Нақышбанди тариқаты хәлпелерінен-тін. Бұл нұсқа адамдарға тек мерекелерде ғана көрсетілетін.
Мұсхаф Шейх Убайдулла Ахрар және ол кісінің ұрпақтары мен сол замандағы әміршілер қарауында болды. Бұл жағдай Ресей Самарқандты басып алғанға, яғни 1868 жылға дейін жалғасты. Отаршылар Қасиетті Құран нұсқасы жайлы естігеннен соң Ислам әлемінде бұл жәдігердің үлкен орны бар екендігін түсініп, оны Петербургқа алып кету жолын қарастырады. 1869 жылы Зарафшан аймағының әкімі генерал Абрамов Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторы Фон Кауфманға хат жолдап: “Самарқанд мешіттерінің бірінде куфилік әріпте жазылған, әрі мұсылмандар арасында ұлық дәрежелі ескі Құран Кәрім бар. Жергілікті ғұламалар оны Бұхараға алып кетуге әзірлік жасауда», — деп жазады. Істің алдын алу мақсатын көздеген ол подполковник Серовқа Құранды тез арада Қожа Ахрар мешітіне қайтаруды бұйырады. Құран Кәрімнің негізгі нұсқасын қолға түсірмек болған бұл тапсырма төңірегінде орыс шенеуніктері мұсылмандарға: “Бұл сирек кездесетін кітаптың мән-маңызы өте үлкен. Естуімізше, мұсхаф — қымбат жәдігер. Бұл жерде оны ешкім оқи алмаса, қадіріне жетпесе, онда оның жоғалып кетуі әбден мүмкін. Ал егер ол Ресей астанасы Петербургтегі императордың кітапханасына өткізілсе, ол жерде сақтап қалу жолдары қарастырылған», — деп түсіндіреді. Кейін Самарқанд ғұламаларынан шейх Абдужалил және молда Яхия Қожа мүфти бұл істің дұрыс екендігі жайлы пәтуә дайындайды. Подполковник Серов генерал Абрамовқа жазған баяндауында: “Құран мешітте тұрғанмен мешіттің мүлкі емес, әмірлердің қазынасынан алынған. Егерде сіздерге керек болса, біз оны өз еркімізбен тапсырамыз», — дейді. Сонан соң генерал Абрамов Серовқа тапсырма беріп, мұсхафты Ташкентке, генерал-губернаторға алдырады. Генерал Абрамов Самарқанд мешітіндегі шейхтарға 100 орыс рублі шамасында ақша берген деген де деректер жоқ емес. Генерал Фон Кауфман Құранды мешіт шейхтарының өз еркімен бергендіктері жайлы тағы да қолхат жаздырып, мұсхафтың император кітапханасына өткізілгендігін куәландыратын қолхат жазуға бұйырады. Сөйтіп, құжатқа төрт кісі қол қойған. Бұл жәйт 1868 жылы 24 қазанда болған екен.
Құран содан Петербург кітапханасында 1917 жылға дейін сақталған. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін император кітапханасындағы Құранды зорлықпен болса да алу үшін Преобреженский полкіндегі бір топ мұсылмандар әрекет етеді. Бірақ мұнан хабар алған үкімет орындары бұл шараны болдырмай тастайды. 1917 жылдың қазан төңкерісінен кейін Петербургта құрылған жергілікті Ислам шурасы мұсхаф мәселесін қайта көтеріп Ленин атына талап хат жолдайды. Ленин Құранды мұсылмандарға қайтару туралы қол қойып қаулы шығартады. Содан Құран Кәрім Петербургтен арнайы пойызбен және әскери күзетпен Уфадағы Ресей мұсылмандарының орталық басқармасына өткізіледі. Мұсхаф Уфа Діни басқармасында 1924 жылға дейін сақталған. Сол кездегі Өзбекстандағы дін жетекшілерінен Шейхул Ислам Төрехан Махдум Қоқандий және басқалар Уфа Діни басқармасына Осман мұсхафын Өзбекстанға қайтару жайлы хаттар жолдайды. Ал Уфа Діни басқармасы ондай ниетін білдірмегеннен кейін Төрехан Махдум Мәскеу, Ленинград қалаларына барып, екі ай дегенде Ленинмен кездесіп, мұсхафты Өзбекстанға алып кету қажеттігін айтып түсіндіреді. Сөйтіп жүргенде Уфа қаласында құрылтай өтеді. Түркістандағы тарихи мұражайлар және ескі жәдігерлер ісі бойынша құрылған комитет 1922 жылы 18 ақпандағы қарарына сәйкес сол жылдың 15 наурызында Кеңес өкіметіне мұсхафты Түркістан өлкесіне қайтару жайлы талап етеді. Сондай-ақ Осман мұсхафын Түркістанға қайтару жайлы 1923 жылы 25 маусымда Жоғарғы Кеңестің шешімі шығады. Уфа Діни басқармасы оған өз разылығын білдіреді. 1924 жылы тамыз айында Ислам жамағатының жетекшісі Шейх Мұхаммед Қожа мүфти, ғалым Заһриддин, өкімет өкілі Саидқасым Хужаев және басқалар Уфа Діни басқармасынан Осман мұсхафын қабылдап алып, 1924 жылдың 18 тамызында Өзбекстанға алып келеді. Содан бері мұсхаф Ташкентте аталмыш мекенде сақтаулы тұр.
Ендігі зиярат орнымыз — Ташкентті Имам әл-Бұхари атындағы университет еді. Көктем болғандықтан біз онда жеткенше жаңбыр төгіп-төгіп жіберді. Мәшинеден түсіп жатқанда бізді қарсы алуға шыққандар ішінде бір кісі жылыұшырай берді. Сөйтсем ол бір кездері Мәскеуде бірге оқыған, арабтанушы А. Абдуллаев екен. Ол қазір оқу орнының бірінші проректоры.
— Қазақстанның Бас мүфтиі, шығыстанушы ғалым деген соң, кім деп сұрасам, сізді айтты. Ұзақ жылдардан кейін курстасыммен міне, осындай игі жағдайда кездескеніме қуаныштымын, — дейді ол.
Университет мемлекет қарамағында. Ректоры Зуһруддин Хуснитдинов деген азамат.
— Біз дін кадрларын даярлауға үлкен мән береміз. Үкіметіміз арнайы қаулы қабылдап, осы оқу орнын ашты. Бұл істі Президент Ислам Каримовтың өзі қадағалап, көңіл бөліп отыр, — дейді ол. Оқу орны екі ұлы адам мавзолейінің маңында екен. Біреуі ХІҮ ғасырда өмір сүрген үлкен дін ғұламасы шейх Умар Бағстанидің ұлы шейх Хауанд Таһур мен Жетісу әміршісі (атақты Бабыр Мұхаммед Заһир ад-Дин (1483-1530) мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) нағашы ағасы) Жүніс хан (?-1478) кесенесі жанында. Орта Азияның осы екі ғұламасы оқу орнымызға жар болсын деп университетті осы жерден салдық, — дейді ректор.
Университет “Ислам тарихы және фәлсафасы», “Фиқһ, экономика және жаратылыстану ғылымдары» атты екі факультеттен тұрады. 7 кафедрасы бар. Оқу орны “дінтану», “исламтану», “исламтану құқығы», “халықаралық экономикалық қатынастар», “информатика және ақпарат технологиясы» мамандықтары бойынша мамандар даярлауда. Үкімет оқу барысына көп көңіл бөлуде. Бұл жерге Таяу және Орта Шығыс жұрты басшыларынан басқа, Путин де атбасын бұрып, тіршілігімен танысыпты.
Университет ректорының кабинетінде әңгімелесіп отырғанымызда хатшы қыз:
— Шамсутдин Бабахановтың баласы қабылдауды сұрайды, — деді.
— Мен қонақтармен отырмын. “Соңыра келсін» деңіз, — деді ректор. Мен одан оны қабылдауды өтіндім. Өйткені, әкесіне көңіл айтайын дедім.
Сәлден соң ашаңдау келген жігіт имене кіре берді.
— Әкеңнің қазасы қайырлы болсын. Жақсы адам еді. Көп араласып едік, — дедім оны құшақтап, бетінен сүйіп, — Ол кісінің дүние салғанын кеше осында, Ташкентте естідім.
Әлгі жігіт Шамсутдиннің жалғыз баласы көрінеді. Шамсутдиннен кейін ешкім де Бабахановтар әулетінің дінге қызмет ету дәстүрін жалғастырмапты. Шамсутдиннің баласы заманына сай бизнесмен болып кетіпті.
Әмір Темір астанасында
Келесі күні таңертең Ташкенттен Самарқандқа аттанып кеттік. Екі қала арасын бетон жол жалғастырып жатыр. Жетісай тұсындағы бөлігі қазақ жерімен өтетінін білетінбіз.
— Қазақ шекарашылары жолымызды бөгемесе, осы тіке жолмен жүре берсек 60-70 шақырым қысқартар едік. Егер рұқсат етпесе айналма жолмен жүруге тура келеді, — дейді жүргізушіміз.
Сәлден соң шлагбаум жолымызды кес-кестеді. Шекарашыларымыз абырой болғанда Бас мүфтиді тани кетіп, сөзге келмей шлагбаумды аша берді. Бөгелмей жүріп кеттік.
Самарқанд — көне тарихи қала.
Біздің дәуірімізге дейін ол Мараканда деген атпен белгілі еді. Орта Азияны соғдылар билеген тұста да ол астана қызметін атқарды. 329 жылы мұнда Александр Македонский ат басын бұрды. ҮІІІ ғасырда Самарқанд жеріне арабтар аяқ басты. Содан ІХ-Х ғасырларда ол Исмаил Самани, ХІ ғасырда Қарахан әулетінің, содан соң түрік селжұқтарының иелігінде болды. ХІІІ ғасырда Самарқандқа Хорезм шаһтары билік етті. ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ жеріндегі шаһарларды жермен-жексен еткен монғолдар бұл қаланы да аяған жоқ. ХІҮ-ХҮ ғасырларда ол Әмір Темірдің астанасына айналды. Бұл қала оның шөбересі атақты Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабырдың да орталық шаһары болды.
Самарқандтың атағы шығып, бағы жануы — бұл өңірге ислам діні мен өркениетінің келуімен тікелей байланысты.
Арабтар Әмудария мен Сырдария өлкесін Мауараннаһр деп атады. Бұл жердегі шаһарлар мен кенттердегі үлкенді-кішілі қалалар ілім, білім ошағына айналды. Самарқанд халқы санының бірте-бірте өсуіне байланысты шаһар да үлкейе түсті. Қаланы кесіп каналдар өтетін. Оның алаңдары, құстар сайраған әдемі бақтары, күмбезді мешіттері мен медреселері, кітапханалары, базарлары, керуен сарайлары, әдемі хауыздары кімді болса да қызықтырмай қоймайтын. Қаланы жау ала алмас үшін қамал тұрғызылды. Оның Наубахар, Бұхара атты және т.б. қақпалары болды. Мұнда атақты ақындардан Әбу Абдолла Рудаки, Дакики, Омар Хаям, Низами Арузи, Заһири Самарқанди, Әлішер Науаи, Абд ар-Рахман Жами, Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабыр тұрып, қызмет етті. Әйтсе де Самарқандтың аты атақты хадисші Әбу Абдалла ибн Исмаил әл-Бұхаримен ерекше жарқырап көрінді.
Біздің баспасөзде Имам әл-Бухари жайлы жазыла бермейді. Сол себепті осы ретте ол туралы да қысқаша айта кеткен жөн ғой деймін.
Имам әл-Бұхари атымен мәшһүр Мұхаммед бин Исмаил Әбу Абдалла әл-Джуфи осы Бұхара шаһарында 810 жылы туды. Бала кезінде оның көзі көрмей қалады. Анасы Аллатағалаға көп жалбарынып, баласына шипа тілейді. Бір күні түсіне хазреті Ибраһим пайғамбар кіріп: “Аллатағала сенің тілек-дұғаңды қабыл етіп, балаңа көз нұрын қайтарды», — дейді. Сол кезден бастап ол хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптерін жинап, оларды реттеу ниетімен ілім-білім ордасына айналған Хорасан, Басра, Куфа, Бағдад, Хижаз, Шам, Мысыр секілді шаһарларды аралап, атақты ғұламалардан көптеген хадистерді жазып ала бастайды. Ол хадис жинау ниетімен Хижазда алты жыл тұрған. Шам мен Мысыр еліне екі мәрте сапар шегеді, Басра қаласына төрт рет зиярат жасайды.
Имам әл-Бұхари барлығы 600 мың хадис жинақтап, солардың 100 мыңын сахих (ақиқат, шынайы) деп, ал 200 мыңын сахих емес (ақиқат емес) деп санаған. Жинаған хадистерін жаттап алған. Сөйтіп Ислам әлемінде хадис ілімі бойынша оның атақ-даңқы артып, артынан мыңдаған шәкірттер тәрбиеленді.
Имам әл-Бұхари хадис ілімінен басқа тәпсір, фиқһ секілді шариғат ілімдерімен де айналысқан. Өзі көп кітап жазған. Көрнектісі “Әл-Жами ас-Сахих» — “Ақиқат (шынайы) жинақ». Осы еңбек “Сахих әл-Бұхари» — “Әл-Бұхаридың ақиқаты» деген атпен мәшһүр болған. Бұдан басқа да оның “әт-Тарих әл-Кабир» — “Үлкен тарих», “ат-Тарих әл-Әусат» — “Орта тарих», “ат-Тарих ас-Сағир» — “Кіші тарих», “әл-Адаб әл-Муфрад» — “Жеке әдеп», “Әсма ас-Сахаба» — “Сахабалар есімі», “Афғал әл-Ибад» — “Құдайдың құлдарының тіршілігі», “әл-Муснад әл-Кәбир» — “Үлкен тірек (таяныш, сүйеніш)» секілді дүниелері бар.
Бұхара қаласының әкімі имам әл-Бұхариге зорлық-зомбылық көрсеткеннен кейін, имам туған қаласын тастап, Самарқанд қасындағы Хартанг деген қыстаққа келіп, сонда тұрақтайды да, 870 жылы рамазан айында 62 жасында дүние салған соң, сонда жерленген.
Жоғарыдағы аты аталған еңбектер ішінде Имам әл-Бұхаридің хадистер жинағының орны ерекше. Ол Құраннан кейінгі қасиетті кітап саналады. Сондықтан да дүние жүзіндегі 1,5 миллиард мұсылман Имам әл-Бұхариді қатты қадірлеп, қастерлейді. Жақсының шарапаты демекші, Араб елдері Орта Азия түркілеріне (соның ішінде қазақтарға да) бұхарилер (әл-Бұхаридің ұрпақтары) деп сый-құрметпен қарайды.
Иә, талай самарқандилер сөйтіп түркі дүниесінің атағын шығарды. Солардың шығармаларының бәрі зерттеліп бітті ме? Әй, қайдам. Орта Азияның жүздеген парасат иелері өздері ғана емес, олардың ойға толы ғибратты еңбектері де ғасыр парақтарының арасында қалып қойды-ау деймін іштей жолда келе жатып.
Самарқандқа жақындап келеміз. Бізбен келе жатқан Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім бастығы Абдулла Исмаилов сөзге жоқ, тұйықтау кісі екен. Сұраққа жауап бергені болмаса, көбіне үнсіз. Бұл жақтың тарихын бізден кем білмейсіздер ғой дей ме, үнсіз. Жол шатқалға ілікті. Оң жағымыз Зарафшан өзені. Осы шатқал, осы жолмен Әмір Темір, атақты Бабыр Самарқандтан шығандап шығып, талай жорыққа аттанды-ау.
— Бірден Имам әл-Бұхари бабамыздың Хартангтегі кесенесі мен сол жердегі Ислам мәдениеті кешеніне барайық. Сонан соң қаланы аралай өтіп, қонақ үйді бетке алсақ, — деді Абдулла. Біз келістік. Қалаға кірмей, шаһардың солтүстік жағына тарттық. Сәлден соң бізді жол шетінде тұрған бір топ кісі қарсы алды. Бұлар осы кешен басшылары мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының Самарқанд облысындағы өкілі, Бас имам Усманхан Алимов, Самарқанд хадис медресесінің директоры Хабибулла Байғабылов екен.
Усманхан бізді ескі досындай жылы шыраймен қарсы алды.
Әңгімелесіп тұрғанымызда үлкен жүк мәшинелерінен сарбаздар түсіп, жолдың шетіне тізіле күзетшілікке тұра бастады.
— Қазір мұнда Әзірбайжан Президенті Ильһам Әлиев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов келмек. Мен соларды күтіп алуым керек. Сіздер әлі әзір орталықты аралай тұрыңыздар, — деді Усманхан Алимов.
Хартанг кентіндегі Имам әл-Бұхари мешіті жанында медресе болған. 1998 жылы ол хадистер ғылымын зерттейтін Орталық болып қайта құрылған. Онда 20 шақты ұстаз дәріс береді екен. 1993 жылы Самарқандта ұлы бабаның 1125 жылдығына орай “Имам әл-Бұхари және оның заманы» атты халықаралық конференция өткен. Конференция күндері Самарқанд уәлаяты басшылығы Оксфордтың Ислам орталығымен бірлесе отырып Имам әл-Бұхари кешенін қайта күрделі жөндеуден өткізу туралы конкурс өткізген. Кейін ол жұмыс сәтті жүргізіліп, жақсы аяқталған.
Имам әл-Бұхаридің мазараты мен оның басына тұрғызылған әдемі кесенеге бардық. Ол араб сәулет өнері үлгісімен тұрғызылыпты. Ұлы баба басына барып Құран оқыдық. Сонан соң медресені тамашаладық. Мұнда талабалар жатып оқиды екен.
— Оқу орны үш жылдық, — дейді оның директоры Хабибулла Байғабылов.
— Сіз тегіңіз жағынан қазақ емессіз бе? – деймін Хабибуллаға. Өйткені, ол қазақ, қырғызға ұқсастау.
— Жоқ... жоқ, таза өзбекпін, — дейді ол.
1981 жылы жолдама алып, Наманган қаласы маңындағы санаторийде демалғанмын. Сонда Бұхара облысы бір ауданының имамы бірге емделді. Түріне қарасаң қазақ, яғни қырғыз ба деп қаласың.
— Сен қазақсың ғой, — деймін оған.
— Жоқ... жоқ, өзбекпін, — дейді ол Хабибулла сияқты.
— Жоқ, меніңше сенің ата-бабаларың қазақтар болған, — деймін мен де тақымдап. Ол бас тартады.
Жолдама мерзімі ертерек біткен соң қайтатын болдым. Бұхаралық имам қоштасар кезде:
— Әбсаттар ака! Сіз дұрыс байқадыңыз, мен таза өзбек емеспін. Ата-бабаларым қыпшақ болған көрінеді, — деді ол. Шынында да Өзбекстанда тұрған талай қыпшақ, қоңыраттарды паспорттау басталғанда өзбек болып жазылып кеткен деседі.
Медресе Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы құзырында. Оқу жоспарын да солар бекіткен. Шәкірттердің жатын бөлмелерін, оқу ғимаратын, аудиторияларды, кітапхананы араладық. Бізді келеді деп оларды әдейі жинаған екен. Салтанатты жиналысты директор ашып, бізге Самарқанд жеріне қош келіпсіз айтылған соң, сөз маған берілді. Мен екі елдің мәдени, руханият саласындағы игі қарым-қатынасы туралы, Самарқанд пен Бұхарадан шыққан ғұламалар, әсіресе Имам әл-Бұхаридің өмір жолына тоқтала келе, оның бізге үлгі екенін, оның мол мұрасын игеру үшін жақсы оқып, жақсы маман болу керектігін, тәуелсіз Өзбекстан елі білімді дін кадрларына мұқтаж екенін, дінімізге адал қызмет ету керектігі туралы сөйледім.
Кеш болып қалған екен. Намазшамнан кейін мәшинелерге отырып, Самарқандтың орталығындағы мейманханаға тарттық.
Айтты-айтпады, қала тарихы өте бай. Оның бізге қатысты тұстары да жоқ емес.
Иә, ХІV ғасырдың екінші жартысы, ХV ғасыр басында бұл аймақты атақты Әмір Темір биледі. Ол 1336 жылы осы күнгі Шаһрисабз маңындағы Қожа Илғар қыстағында дүниеге келді. Ер жетіп, атқа мініп, ел тізгіні қолына тиген соң Жетісу жеріндегі Моғолстан мемлекеті басшыларымен бірде достаса, енді бірде жаға жыртыса күн кешті. 1362 жылы кезекті бір қақтығыста аяғынан жараланып қалған ол, содан кейін әлемге Ақсақ Темір (парсыша Темірлан) деген атпен белгілі болды. 1370 жылы Әмір атақ алған соң Мауараннаһр елінің билігі оның қолына түгелдей тиді. Ол бір орталыққа бағындырылған үлкен мемлекет құра алды. Кіндік қаласын Самарқанд еткен билік иесі осы шаһарды көркейтуге барынша күш жұмсады. Зәулім мешіт, медреселер салдырды. Иран, Кавказ, Ресей елдеріне жорыққа шықты. Осы күндері Әзірбайжан мен Армения таласып отырған таулы Қарабақ Әмір Темірдің қысқы ордасы болған.
1388 жылы Алтын Орданың ханы Тоқтамыспен (?-1406) шайқасқан Әмір Хорезмді өзіне түгелдей бағындырды. 1389, 1391, 1394-1395 жылдарғы жорықтар нәтижесінде ол Алтын Орданы күйретті. 1398 жылы Ауғанстан арқылы Үндістанға жорық жасады. Делиді жаулап алды. Әмір Темір қайсы елге, қайсы жерге жорыққа шықпасын балалары мен немере-шөберелерін өзімен бірге алып жүреді екен. Ол жақсы, жаманды көріп шынықсын деген ойы болса керек. Үндістанда бірақ ұзақ аялдамаған. Өйткені әскери қосындағы 5 жасар немересі Ұлықбекке (1394-1449) күн өтіп кетеді деп қорыққан деседі.
Әмір Темір өзі басып алған елдерінен түрлі өнер адамдарын, ісмерлерді Самарқандқа қойдай тоғытты. Шаһар маңындағы кенттер мен қыстақтарға Миср, Димашқ, Бағдад, Султания, Шираз секілді аттар берді.
Иә, әмірші Самарқандтың әлемде теңдесі жоқ шаһар болуын ойластырды және соған барынша күш салды. Қала маңына Бағи чинар, Бағи шамал, Бағи дилкуша, Бағи баланд секілді бақтар егілді. Испания королінен Темірланға елші боп келген Рюи Гонсалес де Клавихо: “Самарқанд тегіс жерде тұр. Ол терең ор және топырақ үйіндісімен қоршалған. Қала барлық жағынан баулар және жүзімдіктерден көрінбейді. Баулар мен жүзімдіктердің көптігі сонша, Самарқандқа жақындағанда ұзын тал-теректі орман мен оның арасындағы қаланы көресің. Шаһар мен бақты жарып суға толы каналдар ағып жатыр. Мұнда өзге елдерден, яғни Русь, Татария, Қытай, Үндістаннан әкелінген тауарлар да көп. Мұнда 150 мыңнан артық түрлі жерлерден жиналған халық тұрады. Оның ішінде араб, түрік, мавр секілді түрлі ру-тайпа өкілдері, армяндық және грек текті христиандар да бар. Жұрттың көптігі сонша, олар қаланың іші түгілі, көшелер немесе кенттерге де сыймағандықтан қала шетіндегі ағаш саялары мен үңгірлерде де тұрады екен деп жазады.
1402 жылы ол Анкара түбінде түрік сұлтаны Баязидті талқандады.Өмірінің соңғы жылдары ол Қытайға жорық жасауды ойластырды. Сөйткен әмірші 1405 жылы қаңтарда Отырар әкімі Бердібектің сарайына келіп қонғанда суық тиіп ауырды да, бар-жоғы бір ай ішінде, яғни ақпанда қайтыс болды. Денесі Самарқандтағы Гур-Эмир кесенесіне жеткізіліп жерленді.
Әмір Темірдің тарихи шаһарын аралап келеміз. Әуелі Гур-Эмирді көруді ұйғардық, оған уақыт өз әсерін тигізбей қоймапты. Кесене қасбетінің жоғары жағындағы мозаикалы тастар тозып, түсіп қалыпты. Ал оның кіреберіс қақпасының екі жағындағы дуалдар да құлап, жермен-жексен болғанымен, ол шамалап қалпына келтірілген. Ішке кірдік. Мұнда Әмір Темір мен оның ұлдары Мираншаһ, Шаһруһ және немересі Ұлықбек жерленген. Олардың бәрінің құлпытастары мәрмәрдан, нефриттен жасалған. Кесененің шығыс жағында онымен жапсарлас салынған мешіт, ал батысында ханака болған екен.
Кесенені Әмір Темір 1404 жылы көзі тірі кезінде-ақ сүйікті немересі Мұхаммедд Сұлтанға арнап салдырған. Сол себепті де ол “Гур (көр) Амир» — әмірдің көрі деп аталған. Мұнда сөйтіп Мұхаммед Сұлтан, Әмір Темір мен оның аталмыш ұлдары және Ұлықбектен басқа әміршінің рухани ұстазы мединелік Мир Саййд Береке және Шаһ Ходжа деген кісі жерленсе керек.
1941 жылы Өзбек ССР ылым академиясының археологиялық экспедициясы осы Гур-Эмир кесенесіне жерленген Әмір Темір мен Ұлықбектің мүрдесін ашып, сонда шынымен де аталмыш екі ұлы адам қойылған ба, жоқ па екенін тексермек болады.
Мүрдені абайлап ашқан кезде әуелі көзге табыт түскен. Археологтар таң қалған. Мұсылмандар қайтыс болған кісіні табытқа салмаушы еді ғой. Бұл қалай? Ақсақ Темір Самарқандтан бірнеше жүз шақырым Отырар маңында дүние салғандықтан да осында ол табытқа салып әкелінген. Сол күйі жерленсе керек. Табыт алтын жіпті паршаға оралған екен. Сол кездің өзінде ол жақсы сақталған деседі. Табытты ашқан кезде саркофакта жатқан қаһарлы әміршінің сүйегі көрінген. Мүрдеге атақты антрополог М. М. Герасимов түскен. Ол саркофактан Әмір Темірдің бас сүйегін алып, демдерін ішіне жұтып, үн-түнсіз қарап тұрған комиссия мүшелеріне көрсеткен.
Ұлықбектің де мүрдесі дәл осылай ашылған. Ұлы ғалым қазасына баласы Абд әл-Латиф кінәлі деседі. Әкесін ол Меккеге қажылыққа баруға мәжбүрлейді. Жолай бір қыстаққа тоқтап, су жағасында дәрет алайын деп жатқанда бар күшімен бір қанішер қылышпен Ұлықбектің желке тұсынан шапқан. Қарудың қатты тигені сонша, ғалымның басы біраз жерге домалап кеткен. Содан оны асығыс-үсігіс сол қыстаққа жерлей салған. Кейінірек барып Самарқандтағы Гур-Эмирге әкеліп жерленген. Басына қойылған құлпытасқа оның баласының қолынан қаза тапқаны жайлы жазылған. Саркофак ашылған кезде жұрт мойыннан кесілген бас сүйектің топырақ “жастық» үстінде бөлек жатқанын көрген. Өз ажалынан емес, кісі қолынан қаза тапқандықтан да Ұлықбек кебінге емес, шаһид ретінде қан болған жібек көйлегімен жерленген. Иә, тақ, билік үшін иманы әлсіздер туған әкесіне дейін өлтіріп неге бармаған дейсіз.
Келесі көргеніміз Самарқандтың оңтүстік-шығысындағы Шаһи Зинда некрополы. Бұл ғимараттар кешені бір-бірімен қол ұстаса, тізбектеле жатыр. Бас порталдан кірген соң сол жағыңызда үлкен худжраны көресіз. Ол — мешіт. Одан шығып ілгері жүрсеңіз ашық алаңқайға шығасыз. Бұл жазғы мешіт. Одан шығып, оң жақтағы кесенеге кіресіз. Ол Дәулет Құсбегінің медресесі. Алдан Қази Заде Румидің, Әмірзаданың, Шади Мүліктің, Шірін бике, Ұста Әли, Бұрындықтың кесенелерін жолықтырасыз. Бұл жердегі ең белгілісі, екі көне ғимарат — Шаһи Зинда деп аталған Қуссам