Қазақтардың шығысқа қайта көшуі (1760-1860 жж.)
Қазіргі Қытай Халық Республикасы Шынжаң Ұйғыр автономиялы районында өмір сүріп отырған қазақтардың ата-бабалары кезінде өздерінің осынау ата жұртына қайта оралу жолында бір ғасырдан аса уақыт көшу қозғалысын бастан кешкен.Қазіргі Қытай Халық Республикасы Шынжаң Ұйғыр автономиялы районында өмір сүріп отырған қазақтардың ата-бабалары кезінде өздерінің осынау ата жұртына қайта оралу жолында бір ғасырдан аса уақыт көшу қозғалысын бастан кешкен. Сол бір ұлы көшке мұрындық болған басты себептердің бірі - Қытай Чиң патшалығының жоңғар хандығын жоюы және олардың қазақтармен тікелей байланыс орнатуы еді. Сондықтан қазақ-қытай арасындағы тарихи байланыстардың байыбына бармай тұрып, Қытайдағы қазақ қауымының қалыптасуын және олардың қоғамдық дамуының тарихи процесін түсіну мүлде мүмкін емес.
Қазақтар мен Чиң патшалығы арасында тікелей байланыстың қалыптасуы
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасып, дербес хандық құрғаннан бергі халықаралық қатынастар тарихына көз жіберетін болсақ, халқымыздың шығыста қарым-қатынас жасаушы нысанасы (объектісі) негізінен жоңғарлар (соғыс та қарым-қатынастардың бір формасы) болғандығын мойындаймыз. Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы жер таласы, бақ - билік таластарынан туындаған барымталау, басып алу әрекеттерінен орын алған кақтығыстар, тіпті әскери сұрапыл соғыстар ХҮІІІ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Соған дейін жоңғарлардың шығысында жатқан Ман-Чиң (Цин империясы, Ежен хан) патшалығы мен қазақтар арасында ешқандай байланыстар болмаған. Сондықтан Чиң патшалығының патшасы Чянлүң өзінің Абылай ханға жолдаған алғашқы хатында: "Қазақтар сендердің жолдарыңды жоңғарлар бөгеп жатқандықтан (осыған дейін бізге) тарту-таралғы, елші жібере алған жоқсыңдар, - деген-ді. Ал Абылай хан Чиң патшалығының жіберген елшілерін қабылдағанда: "Ұлы мәртебелі патшаның Ортажазықты билеп тұрғанын бұрыннан естуші едім. Арада асқар тау, алып өзендер көп, жер шалғай болғандықтан сендерге тарту-таралғы апара алмадық, - деген дипломатиялық сөздері де, және оның Чиң патшалығы ордасына жазған хатында: "Ата-бабамыз Есім хан мен Жәңгір ханнан бері қытайдың лебізін естіген емеспіз, деген сөздері - соған дейін Қазақ-Қытай арасында тікелей байланыстың болмағандығын аңғартса керек. Қытай Чиң патшалығын елдің шығыс солтүстігін мекендеген манжу (манжурлер - шүршіттер) ақсүйектері 1644 жылы Қытайдың Миң патшалығын аударып тастап құрған феодалдык патшалық. Олар патшалық Ордасын (астанасын) Пекинде орнатып, ел билігін қолға алғаннан кейін, кең-байтақ қытай жеріне өз үстемдігін орнату үшін, солтүстіктен оңтүстікке қарай, шығыстан батысқа қарай бағындыру жорықтарын жасады. Сонымен олардың бағындыру жорығының батыс бағыттағы шерушілері ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Шынжаңның шығысына жетті. Дәл сол кезде жоңғар билеушілерінің ішкі алауыздығының насырға шабуы және Әмірсананың Чиң патшалығынан көмек сұрап баруы, Чиң патшалығының Тянь шань тауы өңіріне жорық жасауы мен жоңғар хандығын жоюын тездетті. Чиң патшалығы ордасы Тянь шань тауы өңіріне жорық жасауынан бұрын, біз жоңғарларға жорық жасағанымызда казақтар бізге қандай позиция ұстайды? Оларды өзімізге қалай пайдалануға болады? деген мәселелерге біраз бас қатырған көрінеді. Чиң патшалығының 1755 жылы қаңтардағы орда күнделігінде: "Күшанның айтуынша, қазақ әскерлері Ілеге ендеп кіріп, ондағы ұйғырлардың бидайларын барымталап әкетіпті. Олар қазір Сағансудың Белшер деген жерінде тұр екен. Соған карағанда, қазақ әскерлері қазір Ілеге өте жақын жерде жатқан сияқты. Егер біздің әскерлер алға ілгерілеп барып, ол жердегі қазақтармен ұшырасып қалса, онда не істеуі керек? Бұл жөнінде Бан Ди, Әмірсаналар ақылдасып пікір жолдасын, - деген жарлық жазылған. Сонымен Әмірсана да ол жөнінде өзінің ұсыныс пікірін патша ордасына жолдаса керек, дәл сол айдағы Чиң патшалығы ордасының түсірген жарлығында: "Кеше Әмірсана қатарлылардың жолдаған мәлімдемесін көзден кешірдік. Бан Ди де Дауаштың жағдайын айтты. Осы мәліметтерге негізделгенде Дауаштың адамы азайып, күші әлсіреген көрінеді. Біздің әскерлер жетіп бара салысымен-ақ жеңіске жетеді. Бірақ қазақ әскерлерінің күші одан (Дауаштан демекші - Н.М.) мығымырақ, оның үстіне олар Дауашқа өте жақын жерде тұр. Дауашты казақ әскерлерінің тұтқындағаны немесе Әмірсана мен Батымашлинның біреуінің қолға түсіргенінен гөрі Дауашты Сараддың өзі ұстағаны бізге тиімді болады. Сондықтан Саралға айтыңдар, ол алдыңғы берілген жарлық бойынша, мейлі кімнің әскері кездессе де олардан жасқанбай, суыт алға тартып тез жеңіске жетуі керек. Сонда ғана ол патшаның оны мансапқа тағайындаған үмітін ақтаған болады, - делінген. Осы және осыған мазмұндас келетін басқа да деректерге негізделгенде, жоңғарлар жойылар қарсаңында олардың жеріне ие болуға қытай мен қазақтардың ортасында арбасулар мен тамыр басып байқасулардың болғандығын аңғаруға болады. 1755 жылы ақпан айында, Чиң патшалығының жоңғарларға екі бағытпен аттандырған 200 мың қалың қолы Баркөл және Улиастайдан Жоңғар ойпатына қарай аттанып, сәуір айында Бұраталада тоғысты. Онан соң олар екі бағыттағы әскерлерді біріктіріп, Дауаш тұрған Ілеге қарай аттанады. Маусым айында Дауашты Іленің Моңғолкүре деген жерінде тірідей қолға түсіріп, жоңғар хандығын бір жолата жойды. Сонымен Чиң патшалығы жоңғардың тірі калған тұрғындарын төрт тайжінің басқаруына бөліп беріп, оларды өзі тіке басқаратын болды. Басқаша айтқанда, Жоңғар хандығын құраған төрт үлкен рулы елді қайтадан бөлшектеп басқаратын, олардың билеушілері тайжі - нояндарды Чиң патшалығының ордасы тікелей тағайындайтын басқару жүйесін орнатты. Осы кезде Әмірсана Чиң патшалығы арқылы өзінің тұтас жоңғар ханы болу мақсатының іске аспай қалғандығын бірақ біледі. Сонымен ол Чиң патшалығына қарсы шығуға жасырын түрде дайындық жасай бастайды. Ол астыртын қазақтарға кісі жіберіп, байланыс жасаумен бірге, Ілеге қол жасақтап, қару жинады. Ол өзінің бұл әрекетін Чиң патшалығына "Бұл менің қазақтардан сақтану үшін жасап жатқан шараларым", - деп түсіндірді. Бірақ казақтардың оларға шабуыл жасау ниетінің жоқ екендігін білетін Чиң патшалығы ордасы оның бұл сөзіне сенбейді. Сонымен 1755 жылы маусым айында Чиң патшалығы өздері қазақтармен тікелей байланыс жасау үшін, Абылай ханға ресми елші жібереді. Сондай-ақ ол делегациясына: "Сендер қазақ шекарасына барғанда бұлап-талап бүлік тудыруларыңа болмайды. Бірақ өздеріңе сақ болуларың керек. Ол жақтың өскерлері сендерге шабуыл жасаған жағдайда да, сендер оларға жөн айтып кері қайтарыңдар. Егер олар сөзге көнбесе, онда оларды тұтқындап жойсаңдар болады, - деген принцип белгілеген. Іс жүзінде қазақтарға барған Шұн Дына бастаған Чиң патшалығының елшілері жол үстінде ешқандай қарсылық шабуылға тап болмады. Сондай-ақ олар аман-есен Абылай ханның қабылдауында болып қайтты. Абылай хан сол кезде қалың қолы іргеге таяп келіп тұрған алып елдің - Чиң патшалығының жіберген елшісін жылы шыраймен қабылдап, олардың қазақтарға деген ішкі ниетін байыптап байқайды. Ол шығыста Әмірсанадан гөрі Қытай Чиң патшалығымен байланыс жасаудың, батыс етектен патшалық Ресей басып келе жатқан жағдайда қазақтарға тиімді екендігін жете түсінген. Сонымен Абылай хан өзінің Бөлебай бастаған елшілерін Чиң патшалығының елшілерімен бірге барып, Іледегі олардың алғы шеп әскери штабымен байланыс жасап, олардың жағдайын барлап, байкап қайтуға жібереді. Міне, бұл қазақтар мен Қытай Чиң патшалығының арасында тікелей барыс-келістің басталуы еді. Жоңғар өңірі Дауаштың жойылуымен тыныштала қойған жоқ. Чиң патшалығының әскери көмегі арқылы жоңғардың ең жоғарғы билеушісі болу мақсатын іске асыра алмаған Әмірсана, ендігі жерде Чиң патшалығына қатты наразы болды да, 1755 жылы күзде Чиң патшалығына қарсы қарулы көтеріліс жасады. Бірақ ол жеңіліске ұшырап, орта жүз жеріне қашып келіп, Абылай ханды паналайды. 1756 жылы жазда Әмірсана қазақ жерінен қайта қайтып, Тарбағатай арқылы Ілеге барып, Чиң патшалығына қарсы тағы да көтеріліс жасайды. Бірақ ол және де ойсырай жеңіліп, орта жүз жеріне және де қашып келеді. Бұл жолы Чиң патшалығы Әмірсананы өкшелей қуып тұтқындауға бел байлайды да, қазақ даласына әскер аттандырды. Чиң патшалығы ордасы қазақ даласына Әмірсананы тұтқындауға баратын қолды басқарған сардарларына: "Сендер қазақ шекарасына жеткен соң, әскерлеріңді бастап ішкерлей кіре беріңдер. Барған жерлеріңдегі елге: Біз тек қылмысты Әмірсананы ғана тұтқындауға келдік, елге залалымызды тигізбейміз. Сендер бұрынғыдай алаңсыз отыра беріңдер - деп айтыңдар. Егер оларда қарсылық болмаса, біздің әскерлердің дүрбелең шығаруына қатаң тыйым салыңдар, - деген жарлық түсіреді. Чиң патшалығының Әмірсананы ұстап келуге аттанған қалың әскері, үш бағытпен орта жүз өңіріне ендеп кіре бастайды. Абылай хан қасиетті қазақ даласына баса-көктеп кірген шүршіттің қалың қолына, тайсалмастан қайтарма шабуыл жасауды ұиымдастырды. Сонымен Чиң патшалығының орта бағыттағы әскерлеріне Абылайдың Құдайберген бастаған сарбаздары қарсы шығып соғысты; батыс бағытпен шеру тартқан әскерлерге екі мың қазақ әскерлері шайқасқа шықты; терістік бағытпен жол тартқандарға Абылайдың өз сарбаздары қарсы шығып шайқас жасайды. Бірақ алғашқы шайқастан соң, Абылай шығыстан қаптап келген шүршіт қалың қолдарын қарумен емес, келіссөзбен кайтаруды жөн көреді. Себебі, олар қазақ жерін басып алу үшін емес, Әмірсананы ұстап әкетуге келгендер екендігін білетін-ді. Сонымен Абылай хан Чиң патшалығының қолбасшыларына елші жіберіп: "Біздің әскер бастап шығуымыз әсте ірі елмен жауласу емес еді. Қалың қолдарың бізге шабуыл жасады, - деп оларды кінәлайды. Сондықтан жағдайды ұшықтырмай, оларды бейбіт түрде жөнге салып, кері қайтару үшін, оларға ат тарту етіп рақайласады. Сондай-ақ шүршіттердің талаптары бойынша оларға жолбастаушы қосып беріп, Әмірсананы тезірек қолға түсіруге көмектесетін болып келіседі. Сөйтіп екі жақ өзара түсіністікке қол жеткізеді. Осы оқиға жөнінде Чиң патшалығының шекараны тыныштандыру генералының орынбасары Жау Хүйдың патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде: "Қазақтардың Дәмеш және Тоқтау деген екі адамы қолбасшылық штабымызға келіп, кешірім сұрап, екі ат тарту етті. Олар әсілі біздің әскерлермен соғыса қоймайды екен. Әмірсананың өткен жылы қашып келгені Абылайға мөлімделмепті. Сонымен Ұлы мәртебелі патша жорық жасауға әуреленді. Абылай әсілі Әмірсананы ұстап бермекші еді. Бірақ ол алдын-ала сезіп қойып, ат ұрлап мініп, алысқа қашып кетті. Таяуда ойраттар тоз-тоз болып кетіпті деген хабарды естіп, олардың мал-мүлкін аламыз деп кетіп бара жатқанда, аяқастынан қалың қолдарыңызбен қақтығысып қалып, екі жақ бірдей арандалдық. Бүгін міне ат тарту етіп, кешірім сұрап келдік,- дейді. Сондай-ақ олар бізбен сауда жасау ниетінде екендіктерін білдірді, - делінген. Осындай деректерге негізделгенде, қазақтар мен қытай Чиң патшалығының әскерлерінің орта жүз жеріндегі қақтығыстары, Әмірсананың себебінен болған кездейсоқ оқиға деуге болады. Бірақ сол барыста Чиң патшалығының алдыңғы шептегі сардарлары Абылайды көп оспақтады, бірақ Абылай олардың құрған торына түспеді. Солайда ол өзімен ірге тірестірген елмен қалыпты дипломатиялық қарым-қатынаста болуды жөн көріп, ол екі ел қатынасын қалыпқа түсіруді қарастырды. Өйткені Абылай хан Чиң патшалығымен алғашқы барыс-келістер барысында, "Чиң патшалығы (қазақтың) хан билігі үшін ешқашан қатерлі емес" екендігіне көз жеткізген-ді. Сонымен ол 1757 жылы Чиң патшалығы ордасына хат жолдап, өзінің Чиң патшалығына "ел болатындығын" білдіреді. Сол жылы (1757 ж.) Чиң патшалыгының патшасы Чиянлүң Абылайға оның хандығын мойындап қайта бекіткен жарлық хатын жіберді. Онда: "Патша әлемнің қожасы болғандықтан, Қытай мен шетелді бір тұлғаландырады. Сен қазақтар жоңғарлар жолдарыңды бөгеп жатқандықтан (қазірге дейін) бізге тарту-таралғы, елші жібере алған жоқсыңдар. Қалын колымыз жоңғарды тыныштандырғаннан кейін, сен еліңді бастап өз ризашылығымен бізбен елдестің (бізге қарадың), патша қабыл алды. Біздің сардарларымыздың айтуынша, сендер бізге бағынышты болғаннан кейін, өздеріңе шен беріп, қоныстарыңды анықтау керек екен. Бірақ патша оған өте пысықтық істеудің қажеті жоқ, сендер қиыр шалтайдасыңдар, сендерді монғолдың Халка руларымен салыстыруға болмайды, - деді. Өзің тегіннен хан екенсің, патша хандығыңды бекітті, бұл саған артық емес. Егер өзің тілеген мансабың болса, хат жолда, патша оныңды да қабыл алады. Бірақ оны өзің мәлімдеуің керек. Патша сендердің жайлы қоныстанып, көңілді тіршілік етулеріңе тілектес. Сендер әлі де бұрынғы салттарында (қоғамдық жүйеде - Н.М.) бола беріңдер. Алым-салық беру-бермеу еркі өздеріңде. Егер елші жіберіп патшаға сәлем беріп жатсаңдар, патша сендерге ерекше сый-құрмет көрсетеді", - делінген. Сол жылы Абылай өзінің Шағыр, Өміртай бастаған құрамында 11 адам бар елшілер делегациясын Пекинге жіберіп, Чиң патшалығына сәлем беріп, тарту-таралты ұсынады. Сонымен орта жүз қазақтары мен Чиң патшалығы арасында өзара байланыс орнайды. Чиң патшалығының әскерлері Әмірсананың жақтастарын қуғындап 1758 жылы Ұлы жүз жеріне келеді. Қол бастаушы сардарлар ұлы жүз билеушілерімен кездесіп сөйлеседі. Ұлы жүз билеушілері де оларға ат тарту етіп, олардан Чиң патшалығының патшасына хат жолдап, өздерінің оларға "ел болатындығын" білдіреді. Сонымен 1758 жылы қазан айында, ұлы жүзден Төле бидің баласы Жолан, Қойкелді батырдың баласы Басарман бастаған делегация Чиң патшалығының патшасына сәлем беруге барды. Сол айда, Чиң патшалығының ұлы жүзге жолдаған хатында: "Сендер Жолан, Басарман қатарлы адамдарды, ордамызға келіп патшамызға сәлем беруге жіберіпсіңдер. Патша оларды ерекше ықыласпен күтіп алды және оларды астанаға ертіп барып (Чиянлүң патша оларды өзінің жайлауы - Рыхыдағы сарайында қабылдаған-ды - Н.М.) тағы бір мәрте қонақасы берді. Әбілпейіз сендер қиыр шалғайда жасап жатқан жат елсіңдер. Егер ішкерідегі Засақ ережесін сендерге қолданатын болсақ, онда сендерге қол байлау болар еді, сендер шектемеге ұшырап қаласыңдар. Сондықтан сендер бұрынғы салттарың (қоғамдық құрылымдарың - Н.М.) бойынша өз жерлеріңде тұра беріңдер. Тыныштық сақтасаңдар болғаны. Егер елші жіберіп тұрсаңдар, патшаның ықыласты си-сияпатына бөленетін боласыңдар", - деп жазылған. Сонымен 1758 жылы Ұлы жүз бен Чиң патшалығы арасында да өзара ресми қарым-қатынас қалыптасады. Қазақтар мен Қытай Чиң патшалығы арасындағы қарым-қатынастың алғашқы кездегі сипаты жоғарыдағы Чиң патшалығының жарлық хаттарында ашық белгіленгендігін ашалап айта кетуге тиіспіз. Қазақтың орта жүзі мен ұлы жүзі Чиң патшалығына "ел болды" немесе "тәуелді болды" деп қағаз бетіне жазылғанымен, іс жүзіндегі жағдай олай емес. Атап айтқанда, ол кезде қазақтарда ұлттық дербестік сақталған. Өйткені, қазақтар олардың қарашасы сияқты Чиң патшалығына алым-салық тапсыруға міндетті болмады; Чиң патшалығы жонғарлар сияқты қазақтардың қоғамдық құрылымын өзгертіп, оларды билеп-төстеуге өз шонжарын жіберіл үстемдік жүргізген жоқ. Чиң патшалығы ордасында мұндай мақсаттын болмағандығы олардың қазақ хандарына жазған алғашқы хаттарынан және өздерінің қол бастаушы сардарларына берген (жоғарыда келтірілген) әскери жарлықтарынан ашық аңғарылады. Чиң патшалығы қазақтарды "бізге ел болдың" дегені оларға өздерінің шекара өнірінің қоғамдық тыныштығын сақтауды міндеттемек болған дипломатиялық әдісі. Өйткені жаңа бағындырған өлкені тыныш ұстау олар үшін өте күрделі әрі аса маңызды жұмыс еді. Сол кезде Чиң патшалыгының патшасы Чиянлүң қазақтарға тоқталғанда: "Қазақтар құла дүз, қиыр шалғайда жаткан ел. Бүгінгі күнге дейін біз оларға елші жіберіп, оларды ішке тартып шақырғанымыз жоқ. Бірақ олардың өздері бізге хат жолдап, ат тарту етіп ел боламыз деп отыр. Бұл олардың өз қалаулары ғой. Олар бізге ел болды, біз оларды қабыл алдық дегеніміз - оларды жанамалай баурап, ішке алайық дегендік ғана. Қазақтар да бейне Вьетнам, Тайланд мемлекеттері сияқты олардың жеріне аудандық, аймақтық әкімшілік органдарын құрып, оларды билейтін мансапты шонжарлар жіберейік деп отырғанымыз жоқ. Халқа монғолдары сияқты оларды Шиге бөліп, Золиндар тағайындайық деп те отырғанымыз жоқ" - деп атап көрсеткен екен. Міне бұл сөзден қытай деректерінде жазылған қазақтардың аталмыш Чиң патшалығына "ел болуы" - бейне Шығыс оңтүстік Азиядағы мемлекеттер мен Орталық Азиядағы елдер сияқты, олармен ресми түрде қарым-қатынас орнатқандығының қытайша бейнеленуі екендігін көруге болады. Чиң патшалығы өздерімен қарым-қатынас орнатқан елдердің бәрін де "бізге сырттай ел болғандар" ("фан шу го") деп жазатын. Жапон тарихшысы Сагуш Торо мырзаның: "Чиң патшалығы үкіметі шекара өңірінің саяси тұрақтылығын сақтау үшін, қазақ хандарын өзіне сәлемге барғызатын саясат қолданды. Абылайдың қойған талаптарының бәрін қабылдады. Сол жылы қазақ хандары мен Чиң патшалығы ресми байланыс орнатты", - деп пайымдауы, Қазақ-Қытай арасындағы катынастың мәніне берген сипаттамасы болып табылады. Ол кездегі қазақтар үшін де қытай Чиң патшалығымен тікелей байланыс орнату тарихи қажеттілік еді. Сонымен екі жақтылы мүдделік негізде 1757-1758 жылдары Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтары мен Қытай Чиң патшалығы арасында ресми қарым-қатынастар қалыптасты.
Нәбижан Мұқаметханұлы, “Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы”
379 рет оқылған | Nov 19,2006 | жазған: | Oljas
|