Журналист Мәриям Бейсеннің ғалым, мәдениеттанушы, дінтанушы Мұртаза Бұлұтаймен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

— Мұсылмандар үшін таза дін қандай дін?

— Осы сұрақ жиі сұралады. Біздің дініміз қандай дін болуы керек? Бұған қысқаша ғана жауап беруге тырысайын. Алдымен бір нәрсені ескерткім келеді — біз қолдан ойластырып дін жасамайық. Тек қазаққа тән немесе Қазақстанға тән дін деген болмайды


Дін дегеніміз күллі адамзатқа тән құндылық. Ол рухани байлық, ізгіліктің жолы, татулықтың жолы, бақыттың кілті. Ол бір ұлтқа ғана арналмайды. Жаратушы пенделерін ұлтқа, нәсілге бөліп қарамайды, түр-түсіне қарай бағаламайды. Аллаһ Тағала барлық адамзатқа хақ жолды көрсету үшін, осы дүниеде һәм ахиретте бақытты болу үшін ислам дінін жіберген. Ислам бір ғана ұлттың діні емес, күллі адамзаттың діні. Әркім қандай дінде болғысы келсе, оған толықтай ерікті. Аллаһ Тағала Құранда «әркімнің діні өзіне» деп айтып отыр (109, Кафирун сүресі). Ешкім де мұсылман болуға мәжбүр емес! Біз оған зорлық-зомбылық жасай алмаймыз. Ал, мұсылман боламын десе, онда иманның шарттарын мойындау керек. Мұсылман болудың шарттары бар, яғни Аллаһ Тағаланың барлығына, бірлігіне, Жаратушының сипаттарына иман ету керек, Құран Кәрімге иман ету керек. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедке және барлық пайғамбарларға, хақ кітаптарға, ахирет күніне иман ету керек. Міне, осы иманның шарттарын дұрыс түсінген, қабылдаған адам ғана мұсылман болады. Жә, «мен мұсылман боламын, бірақ иманның мына шартын қабылдамаймын, Құранды қабылдамаймын, оның орнына пәленше әулиенің, автордың кітабын қоямын» десе, ол болмайды. Сол сияқты, «Құран дұрыс екен, ислам деген дұрыс екен, мен осы дінге сенемін, бірақ та мен дәстүрлерімізді дінге айналдырамын, яғни қазақ халқының дәстүрлерін дін санаймын» десе, ол да болмайды. Өйткені дәстүрдін, әдет-салттың орны бөлек. Дүние жүзінде қаншама қауымдар бар, үлттар, тайпалар бар. Әрқайсысының өзіне тән дәстүрлері, әдет-салттары бар. Ол өзгеріп тұрады. Әрқандай халықтың әдет-салттары он-жиырма жылда, елу жылда, жүз жылда өзгеріп тұрады. Кейбір әдеттер тіпті ұмытылып та кетеді. Ал, хақ дін күллі адамзатқа жіберілген және қияметке дейін негізгі қағидалары, иманның шарттары, ғибадат формалары өзгермейтін дін. Бізде кейбір азаматтар осы мәселелерді не жете зерттемейді немесе кейбір күштер, оның ішінде сыртқы күштер де бар, саналы түрде халқымызды әртүрлі лақаптарды пайдалана отырып, адастырғысы келеді. Кейбір дүмшелер «Біз нағыз ата-баба жолын жақтаушымыз, соның қорғанымыз, ал бұлар ата-баба жолына қарсы» дейді. Ол өте кесек айтылған сөз. Ата-бабаларымыз өз уақтысында ғылымды, ақылға қонымды жаңалықтарды қабылдап отырған. Соның арқасында олар ежелгі пұтқа табынуды тастап, исламды қабылдады. Және біздің ата-бабаларымыздың ішінен әл-Фараби, Ибн-Сина, әл-Бируни, Ұлықбек сияқты ірі ғалымдар дүниеге келді. Міне, біз осындай ата-бабалардың жолын ұстанғанымыз абзал. Ал, Құранға сәйкес келмейтін, исламға, ақылға жат, адамға жақсылық әкелмейтін, эстетикасы жоқ, бізді алға емес, артқа шегіндіретін көр-соқыр сенімдерден, хұрафи сенімдерден аулақпыз. Біз оларға қарсымыз, өйткені бұл ақылдың бұйрығы, Аллаһ Тағаланың бұйрығы. Құранда Исра сүресі 36-аятта: «Анық мәліметке ие болмаған нәрселердің артына түспе» делінген. Бұрыннан жалғасып келе жатқан жоралғыларымыздың барлығы да пайдалы емес. Оны Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде жазып, қатты шенеген. Ал, бізге керекті дін – Құрандағы Ислам. Ол, Аллаһ Тағаланың күллі адамзатқа жіберген пәктігімен, сафтығымен тұр. Исламның қайнар көзі, бұлағы Аллаһ Тағаланың ең соңғы кітабы, жолдауы қасиетті Құран Кәрім. Оның бірінші аятынан ең соңғы аятына дейін не жазылса, соның бәрі ислам. Исламның бұйрықтары, иманның талаптары, ғибадаттар, ғылымның қағидалары – барлығы да адам баласына қажетті мөлшерде және түсінікті тілмен, егжей-тегжейлі түсіндірілген. Біз Құранға жүгінейік. Бір нәрсеге таң қаламын; қашан осы Құранға жүгінейік десем, біреулерге бұл ұнамай қалады. Біреулер Құраннан қорқатын сияқты. Олар Құранға жүгінгісі келмейді, фәни адамдардың (оларды әулие, тақсыр, пір, көсем т. т. деп атайды) кітаптарын бірінші кезекте оқиды және басшылыққа алады. Қаптап кеткен секталар мен тариқаттарды қараңыз. Миссонерлердің, сыртқы күштердің, қазақ халқын дінге бөлгісі келетін одақтардың, ұйымдардың мақсатты жасаған істері туралы хақиқатты Құран көрсетеді. Қазақ халқына дәл бүгінгі күні Құрандағы Ислам керек. Құранға сәйкес келмейтін нәрселерге аса сақ болуымыз керек. Құран ақылды басшылыққа ал, ойлан, зертте, ізден дейді; Юнус сүресі, 100-аятта «Кім ақылын пайдаланбаса, ой жүгіртпесе, Аллаһ оның үстіне кір-қоқыс құяды!» делінген. Міне, ақыл соншалықты маңызды нәрсе. Біздер 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз, 19-ғасырда немесе бұдан 300 жыл бұрынғы қазақ қоғамы емеспіз. Осы бізде бір архаизм бар, архаикалық сана. Ақын-жазушыларымыз, өнер қайраткерлеріміз көбінесе ХVІІ, ХVІІІ, ХІХ ғасырлардан шыға алмай келеді. Заманамыздың шындықтарымен санасуымыз керек қой. Қазақстан — бай мемлекет. Қазақстандағы байлықты қазақтар меңгеруі керек, өз азаматтарымыз соған ие болу керек. Егер біз теріс жолда адасып жүретін болсақ, онда мемлекетке де, оның байлығына да өзгелер иелік етеді. Соңғы жылдары елімізде батыс елдерінен келген христиан секталары қаптап кетті. Олардың көпшілігі азаматтарымызды фатализмге үйретеді. Ешнәрсе жасама, ештеңе жоспарлама, бәрін «Әке Құдай», «Иса Мәсіх» біледі, ол қаламаса ештеңе болмайды деп үйретеді. Бұл пассивті өмір сүру, самарқаулық, немқұрайдылық. Ал, рұһбаният және аскеттік өмір сүру жағынан суфизм де христиандықтан қалыспайды. Бәрін зікірге салып қояды. Демек, біз зікір салып отырайық, ал біздің байлығымызды, мұнайымызды Америкалықтар, Еуропалықтар тағы басқалары басқарсын. Меніңше, христиандық пен суфизмнің кең насихатталуы саналы түрде жасалған саясаттар. Кеңес империясы тұсында да отар халықтарды, «бұратана» халықтарды бағындырудың арнайы стратегиялық жоспарлары жасалатұғын. Мәселен, «бұратана» халықтардың белгілі мамандықтарды игеруіне жол берілмеді. Оларды нақты, практикалық ойлауға үйретпеді, ішімдікке, маскүнемдікке көбірек үйретті. Сібірдегі халықтардың халі осының нақты дәлелі. Америка, Австралия, Қытай, Ресей империясындағы автохтонды халықтарды бағындырудың, оларды қанаудың ортақ әдістері болатын. Бүгінгі күні әскери күшпен жаулап алумен қатар пассионарлықтың қарама қарсы жағындағы пассивтендіру (самарқауландыру) әдісі де кең қолданылуда. Қазіргі дәуір психологиялық соғыс дәуірі, саяси тактикалар дәуірі. Оның бір көрінісі қазақ халқын дінге бөлу: христиандық, виссарионство, кришнаиттық, мун сектасы, дианетика (сайнтология) т. т. деп аталады. Протестанттықтың 20 шақты тармағы Қазақстанға кіріп, азаматтарымызды 24 сағат өзінің дініне көндіріп жатыр. Азиядағы, әсіресе Үндістаннан келген Веда нанымдары, көне индуизм мен бүгінгі мына Махараджи (Саид баба) нанымдарының бәрі де пұтқа табынушылық. Ал, мұсылмандықтан кеткісі келмейтін адамдарды суфизмге салғысы келеді. Бұл да ұйықтатудың, сананы ұйлықтырудың бір түрі. Батыс елдерінің негізінен суфизмге іш тартатыны және суфи тариқаттарға пана болатыны да сондықтан. Осы нанымдар арқылы біздің азаматтарымыздың ақылын желіден шығаруды, сау ойлау қабілетін зақымдауды көздейтін күштер бар. Сондықтан, сақ болайық, зинһар ақылдан, санадан айырылмайық. Аллаһ Тағаланың адамзатқа берген ең үлкен байлығы ақыл. Таза ақыл адамды тура жолға, Құранға, Аллаһқа жетелейді. Сол себепті де Еуропадағы, Жапониядағы көптеген ғалымдар мен академиктер ислам дінін қабылдап жатыр. Олар атаққа да, ақшаға да тойған адамдар. Ал, ғылым, ақыл оларды Аллаһқа, исламға әкеліп отыр. Біз ақылсыз Құранды да, ешнәрсені де түсіне алмаймыз…

— Сіз айтып отырғандай, қарапайым азаматтардың Құранды түсіне алмауына кім кінәлі? Мамандардың аздығы ма әлде имамдардың кәсібилігінің төмендігі ме?

— 1917 жылы Қазан төңкерісі болды. 1923—1924 жылдан бастап, Қазан төңкерісінің дінге деген ызғары қатты байқала бастады. Содан тәуелсіздік алғанға дейінгі 75 жыл бойы бізде діни тәлім-тәрбие берілген жоқ, діни оқу орындары болған жоқ. Жалпы оқу орындарында дінді насихаттау, оқыту мәселесіне көңіл бөлінген жоқ. Барлық жүйе Исламға қарсы қойылған болатын. Театр спектакльдерінен бастап, балабақша тәрбиесіне дейін дінге қарсы саналы да жоспарлы насихат жүргізілді. Ислам дінін бұрмаланбаған түрде, батыстың қолы сұғылмаған, басқа діндердің элементтері кірмеген хақиқи түрде зерттеген ғалымдар Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақ бойынша болған жоқ. Кеңес дәуірінде ашылған бір-екі медреседе көбінесе схоластика мен кертартпашылдық үстем болды. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында халқымыздың бөтен нанымдарға деген діни-рухани иммунитеті болмай қалды. Қазақ халқы көп қырғын көрді, ашаршылық, репрессия көрді. Діннен хабары бар адамдар өлтірілді яки босқынға кетті. Жетпіс жыл бойы діни әдебиеттер тоқтап қалды. Осы рухани вакуумды батыстан келген үгіткерлер мен мұсылман елдерінен келген суфи тариқаттар және «Хизб-ут тахрир» сияқты ұйымдар өте тиімді пайдаланды. Аңқау елге арамза молда болды. Сыртқа ешқандай дайындықсыз, қыршындай жас кезінде жіберілген жастарымыз білім алған елдерінің ықпалына түсті. Мысалы, араб елдерінде оқып келген яки осындағы араб фирмаларында істейтін жастарымыздың көпшілігі арабтардың мінезіне бейімделген. Отырысы, ойлауы, жүрісі соларға қатты ұқсайды. Ал, Түркияға барып келген жастарымыздың дені солай. Христиан елдеріне барған азаматтарымыз да солардың психологиясына салынған. Сонда біздің ұлттық санамыз қайда?

Әрқандай нәрсенің харам-халалдығын, хақ-нахақтығын, дұрыс-терістігін, ізгі-жауыздығын ажырату үшін ақылды басшылыққа аламыз. Ал, өз кезегінде ақыл таза, ізгі ақыл болмағы керек. Шайтани ақыл емес. Шыңғыс ханды да мақтап жатыр ғой ақылды еді деп, бірақ ол тек зұлымдыққа пайдаланған ақылын. Пайғамбарымыз Әз Мұхаммед болса ақылын ізгілік жағына істеткен. Біз осы ізгілік жағын ғана алуымыз керек. Әр нәрсені қабылдар алдында ақылдың елегінен өткізуіміз керек. Екіншіден, ұлтымыздың мүддесін ойластырумыз шарт. Христиан дініне өткендерге айтарым: «Сіздер басқа дінге ислам діні сіздерді қанағаттандырмағандықтан кетіп жатқан жоқсыздар, сіздер ислам дінін терең зерттеген жоқсыздар. Көшедегі адамдар мен кейбір молдалар арқылы, теледидардағы жағымсыз имидж жасайтын хабарлар арқылы исламға баға бермеңіздер. Егер де сіздер нағыз исламды зерттеп, ұлтымыздың мүддесін ойлағандарыңызда басқа дінге кетпес едіңіздер». Атеист Кеңес билігі түсындағы 75 жылдың өзінде қазақ дінге бөлінбеген. Халық толықтай діннен хабардар болмаса да, әйтеуір мұсылманбыз деп жүрген. Енді біз тәуелсіздік алғанда, тақиямызды аспанға лақтырып, дүние жүзіне шашырап кеткен бауырларымыз Қазақстанға келіп, дербес ел болғанда дінге бөлініп кеттік. Тіпті бұл ұят мәселе, нағыз трагедия. Дәл елімізді керемет мықты, өркениетті мемлекетке айналдыратын шақта мына жақтан протестанттар, католиктер, Йеһова куәгерлері, ол жетпегендей виссерионство, Мун сектасы сияқты атам қазақ білмейтін секталар қаптап кетті, бұрын дінге бөлініп көрмеген халқымызды дінге бөлді. Мұндай жағдайда біз ұлттық бірлігімізді, тәуелсіздігімізді қалай сақтаймыз? Қазақстанымыз бай мемлекет және Аллаһ нәсіп етсе, ешқашан да кедей болмайды. Бар жоғы 15 миллион халыққа байлығымыз молынан жетеді, тіпті 100 миллион халықты асырай аламыз. Тәуелсіздік алғалы 14 жыл болды, ал енді 14 жылдан кейінгі саяси жағдайымыз қалай болмақ? Басқа дінге кеткен азаматтарымызды қайтаруға шамамыз келе ме? Маған айтып беріңізші, Қазақстанда осы адасқан бауырларымызбен арнайы жұмыс істейтін бір ұйым, мекеме, қызмет бар ма? Оларды мұсылмандыққа қайтару үшін кешенді шаралар қолданылып жатыр ма? Ал, бізде миссионерлердің жұмыс істеуіне толық мүмкіндік берілген. Олар қаржы жағынан қиналмайды. Біздер сияқты біресе діннің, біресе ұлттың мәселесіне шырылдап жатпайды. Олардың артында үлкен күштер бар. Неге бізге мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмайды? Ұлттың бірлігі тек діндар қауымға ғана керек пе? Ол шындығына келгенде біріншіден саясаткерлерге керек. Ертең жанжал шығатын болса, азаматтар дінге бөлінетін болса, анархия болатын болса, Құдай бетін әрі қылсын, хаос болатын болса, саясаткерлерге не пайда? Діні мықты, берекесі мықты ұлт хаосқа бара ма? Әлбетте, бармайды. Қазір 46 конфессия тіркелген дейді. Олар қашан келіл үлгерген? Қазақстанда бұрыннан бар діндер белгілі ғой: байырғысы Ислам, соңғы ғасырларда православиелік христиандар келді. Кеңес дәуірінде азын-аулақ католик келімсектер, ішінара яһудилер (еврейлер) және бірен-саран буддашылдар пайда болды. Кім не десе о десін, басқа дін болған жоқ. Тарихта болған шығар. Бұ жерде тарихты алға тартудың қажеті жоқ. Егер тарихты басшылыққа алатын болсақ, онда Америкада христиандық бұрын болған жоқ. Шіркеу басшылары Америкада 150 миллион халықты жапа-тармағай қырып, христиандықтың билігін орнатқан. Мұны америкалық тарихшылар дәлелдеп айтып отыр. Сондықтан, біздегі кейбір миссионерлердің «христиандық Қазақстанда пәлен ғасыр бұрын болған» дегені қисынға келмейді. Мәселе кімнің қашан болғанында емес, мәселе ата-бабаларымыздың неше түрлі дінді тастап, хақ дін Исламды қабылдағанында. Түркі халықтарының кем дегенде мың жыл бойы Исламның туын көтергенін және осы діннен қияметке дейін кетпейтіндерін миссионерлер мен политтехнологтар түсінсе игі еді…

— Жаңа сіз айтқан мәселелерге осы арада, кім, қандай құрылым жұмыс істеуі керек?

— Мәриям, дін мәселесі өте нәзік мәселе. Біздегі депутаттар болсын, министрлер болсын, Президент әкімшілігіндегі мансапкерлер болсын, бұлардың басым көпшілігі діннен хабарсыз. Олардың дені прагматистер, яғни пайданы көздейді. «Елу жылда ел жаңа – жүз жылда қазан» дейді ғой, үнемі осылайша жалғаспайтын шығар. Қазір жас мемлекеттің негізі қалыптасу үстінде. Осы негіз мықты болса, мемлекетіміз де мықты болады. Ал, негізі шірік болса, онда болашағы да дүдәмал болады. Жоғарыда айтылған тұлғалар діннен хабары қақас болғанына қарамастан дінді зерттегісі де келмейтін сияқты. Мен осыған таң қаламын. Бәрінің қолында экономика туралы кітаптар, ағылшын тілін үйрететін оқулықтар тұр. Технологияның соңғы өнімдерінен жылдам хабардар болады да дереу ең соңғы аппараттарды сатып алады. Ал, дінге келгенде неге солай емес? Әншейін, дін мәселесін тек миссионерлердің құзырына тастағандай. Жуырда ғана АҚШ-та халыққа дін туралы сұрау салып, соның нәтижелері жарияланды. Соған қарағанда, АҚШ халқының 90 пайызы діндар екен. Сауалнамаға қатысушылардың 40 пайызы мемлекет басындағылар Библия канондарымен санасу керек деп жауап берген! Сауалнама Британия, Германия, Франция, Корея сияқты 10 мемлекетте жүргізілген екен. Соның ішіндегі ең діншілі АҚШ болып шыққан. Біз болсақ экономика мен саясаттан көз ашар емеспіз. Дін мәселесімен шұғылдану прагматистерге онша қажетті емес болып көрінеді. Оған бюджеттен ақша бөлінбейді, атақ та берілмейді. Сондықтан, дін мәселесі қоғамдық ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға тапсырылған. Ал, қоғамдық ұйымдардың көршілес елдердегі революцияларға қандай қатысы бар екенін дәлелдеп жатудың қажеті қанша? Шындығында, дін мемлекеттің келешегін анықтайды. Біз үлкен қателік жіберіп алдық. Оны тағы да айтқым келеді — халықты дінге бөліп алдық. Сырттан келген миссионерлерге есік-терезені ашып, жағдай жасадық. Олар он төрт жылда біздің халықты өз дініне кіргізіп алды. Дін дегеніміз – сана. Ұлттың санасы. Ұлттық сана бір-екі ғасырда қалыптаспайды, керек десе ол жүздеген, мыңдаған жылда қалыптасады. Біздің мың жылдық ұлттық санамызда исламның орны зор. Соңғы жылдары үлкен рухани соққыға душар болдық. Ұлттық санамыздың ішіне бөтен элементтер енгізілді. Қазір ұлттың біртұтастығы туралы айтудың өзі қиын болып отыр. Тілге, дінге бөлініп жатқан жағдайда бір мұсылмандардың өзін біріктіру оңай емес. Біреулер тұрады да, неге екені белгісіз ылғи: «Бізге қандай мұсылмандық керек?» дейді. Құран тұр ғой. Неге бұлар Құраннан қашады, қорқады? Неге пайғамбардың орнына басқа пайғамбар іздейді олар? Неге Құранның орнына басқа кітап іздейді? Аса маңызды тарихи-әлеуметтік кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Үлкен мемлекетте, үлкен территорияда өмір сүріп жатқан, көп азап шеккен халықтың дінге бөлінетіндей рахауаты (роскошы) жоқ. Ислам діні – хақ дін. Әдден асуға, шектен шығуға қарсы, адами құндылықтарды дәріптейді, оларды таптауға рұқсат етпейді, зұлымдыққа қарсы, әртүрлі жағымсыз қылықтарға, қылмыстарға қарсы. Ислам діні біздің ұлтымыздың, қоғамымыздың өсуінің динамикасы, локомотиві, моторы болатын күш. Тек Құранның төңірегінде топтасуымыз шарт. Егер қазір дереу шара қолданылмаса, алдымыздағы 10-20 жылда қиын жағдай болуы әбден мүмкін. Қырғызстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Грузия, Ливан, Палестина, Сербия уақиғаларын ескеру керекпіз…

Мәселен, Корея халқы 5000 жылдық жазбаша тарихы сақталған халық. Әлемдегі өркениетті, еңбекқор, дамыған мемлекеттердің бірі. Өзіндік тарихы бар, өркениеті бар, тілі бар кореялықтар соңғы 50 жылда шоқынды да кетті. Елу жыл бұрын халқының бір пайызы ғана христиан болған Оңтүстік Кореядағы халықтың бүгінгі күні тең жарымына жақыны өздерін христиан санайды. Солтүстік Корея өзінің дәстүрлі дінінде қалды, ал Оңтүстік Корея дінге бөлінді. Бұл елде протестанттыққа жататын Мун сектасы қатты тарап кеткен. Қазақстан Корея сияқты аумағы шағын ел емес. Біздің территориямыз үлкен, көршіміз көп, орналасу орнымыз стратегиялық маңызды аймақ. Көп қырғын көрген, жапа шеккен халықпыз. Бүгінгі күні халықтың иммунитетін, бірлігін күшейтуіміз керек, сана-сезімін оятуымыз керек. Ол үшін ең қажеттісі – ислам діні. Басқа еш дін бізге оны бере алмайды. Жаңа айттық қой, қазақ жерінде ертеде буддизм де, несторианшылдық та, католицизм де, манихеизм де болған деп. Бұлардың барлығы да болған. Барлығы да өтіп кеткен, себебі, олардың жолы дұрыс болмады, сол дәуірдегі халықтар исламды таңдады. Енді араға 1200 жыл салып, кейбір азаматтарымыз өтіп кеткен діндерді қабылдап жатыр. Бұл – кері шегіну, регресс. Біз алға жылжуымыз керек. Болашақ исламда. Сондықтан, ел болудың, ұлт болудың қамын ойлайық. Елді басқа мәселелермен әлсіретіп, сыртқы күштердің қуыршағы болмайық.

Сұхбаттасқан Мәриям БЕЙСЕН

ArkaMedialaw