Қазіргі таңда әлемде болып жатқан келеңсіз көрністердің көбіне ислам діні басты себепкер ретінде сөз болып жүретіндігі бәрімізге мәлім. Алайда, осының қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екендігін әркім өзінше пайымдап жатады. Бұл жерде батыстың бағыты белгілі сияқты. Мұндай көбіне өтірік жала жабушылық ислам елдерінің ұлттық сана-сезімімен, ұлттық идеологиясына өз ықпалын тигізбей қоймас деген ой туындайды.


Бүгінгі таңдағы ислам діні туралы көкейде жүрген көп сұрағымызға облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі және «Иман» бетінің жауапты құрастырушысы Серік Сексенұлы жауап берген еді.

— Секе, сөзімізді өзіңіз дайындайтын «Иман» бетінен бастасақ деймін, себебі ол бетте жекелеген діни тақырыптағы мақалалар аз, осының себебін қалай түсіндіресіз?

— Енді, бұл жер де мына мәселені ескерген дұрыс:

Біріншіден, біз діни басылым емеспіз.

Екіншіден, сайлау науқаны кезінде «Иман» сияқты тақырыптағы беттерді ысырып тастап, үгіт- насихатқа орын береміз. Жекелеген діни тақырыптағы мақалалар біздің редакцияға түсе қоймайды да.

— Үгіт-насихат деген сөзіңізден шығады, ислам дінін уағыздау деңгейі қандай деп ойлайсыз?

— Әлі де болсын жеткіліксіз деп ойлаймын. Осындай осалдығымызды оңтайлы көрген түрлі секта миссионерлері өз уағыздарын күннен — күнге күшейтіп келеді. Менің ойымша дінімізді уағыздап, насихаттауды отбасынан бастау керек. Әр баланың бойына ананың ақ сүтімен дарытып, есейген сайын санасына сіңірсек, жадында мәңгілік жатталмай ма?

Міне, осыдан кейін имандылықты санасына сіңірген саналы да, сапалы ұрпақ келешегімізге кепіл бола алады. Осылайша кеткен қателіктерімізді түзетерміз деген ойдамын.

— Осы күнде саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни секталар жайлы не айтасыз? Және оларға шектеу қоюға бола ма екен?

— Иә, бұл жерде айтарым осы күнде бір Қарағандының өзінде 300-ге тарта түрлі діни секталар бар. Олардың бір ерекшелігі үгіт-насихатты өте жақсы жүргізеді. Секталар негізнен жан дүниесі күйзеліп, қайғы шегіп, қамығып жүргендерге моральдық және материалдық жағынан көмек көрсетіп, өз дініне қарай бет бұрғыза бастайды. Тіпті кейбір адамдар діни секталарға қалай кіріп кеткендерін өздері де байқамай қалған жағдайлар да болған.

Бұл жерде осындайға жол берген заңымызда да олқылық барын ескерсек

және осыдан кейін оларға шектеу қою қиынға соғары анық.

-«Исламдық тероризм» дейтіндердің ойы бөтен шығар?

-Әрине, исламға «тероризм» деген сөзді тіркеп қойғандардың ниеті түзу деп айта алмайсың. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Ислам діні бейбітшілікпен ізгіліктің негізі. Құран сөзі адамды адамгершілікпен адалдыққа баулитынын айтпасақ та түсінікті жағдай. Осының бәрін біле тұра айып тағуға жақын тұратындардың ойы әу бастан белгілі ғой.

Сұхбаттасқан Ботабек ТІЛЕГЕНОВ,

Arha Ahparat.