Соңғы кездерi дiн төңiрегiнде әрқилы әңгiмелер көбейiп кеттi. Қасиеттi Ислам дiнiн сан-саққа жүгiртiп, мұсылмандықты саудаға салуды ойлағандарға тиым салатын уақыт жеттi. Осыған орай философия ғылымдарының
кандидаты, дiнтанушы ғалым Мұртаза БҰЛҰТАЙ мырза дiн мәселесi төңiрегiнде бiрқатар сұрақтарға жауап қайтарады.
Зайырлы мемлекеттер қатарындағы елдiң дiн жөнiндегi ұстанымы, қағидалары қандай болуы керек?
- Қазақстан Республикасы Ата Заңымызда көрсетiлгенiндей «Зайырлы» мемлекет болып табылады. Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Дегенмен, бүгiнгi дамыған мемлекеттерде зайырлылықтың жүзеге асырылуы әр түрлi. Жалпылап айтқанда, зайырлылық мемлекет билiгiн дiни тап өкiлдерiне бермеу дегендi бiлдiредi. Ислам дiнiнде дiни таптың (рұһбаният) жоқ екенiн ескергенiмiзде, бұл қағиданың дiни табы бар дiндерге жақпайтыны анық болмақ. Ал, зайырлылық дегенiмiз «дiнсiздiк» яки «дiндi жек көрушiлiк» емес. Кейбiр атеистер мен дiн атаулыны, оның iшiнде, әсiресе, хақ дiн Исламды жақтыртпайтындар зайырлылық қағидасын дiнге қысым жасау, дiндарлардың құқықтарын шектеу, тiптi аяқасты ету мақсатымен қолданғысы келедi. Бұл, әлбетте дұрыс емес. Зайырлылық азаматтардың дiни-сенiм бостандығына және дiни ғибадаттарын емiн-еркiн жүзеге асыруына кепiлдiк бередi. Ислам дiнi де бұған рұқсат еткен. Зайырлылық құқықтың үстемдiгiн талап етедi, бiздiң дiнiмiз де. Ислам дiнi дiннiң атын жамылып күн көруге, дәреже-мәнсап алуға тыйым салған бiрегей дiн. Ғибадаттар адамның дәрежесiн Жаратушының алдында көтередi, тақуа иелерi Аллаһтың хұзырында өзгелерден үстем болады. Ал, адамдар арасындағы қатынастарда ғибадат яки тақуа белгiлеушi өлшем бола алмайды. Ислам құқығы бойынша адамдар арасындағы қатынастарда (мұғамалат) адамдардың заһири (сыртқы) ұстанымдары мен iс-әрекеттерi басшылыққа алынады. Мәселен, бес уақыт намазға қоса тағы да 5 уақыт қосымша (нафила) намаз оқыған бiр саудагер тауар берушiлердiң ақшасын келiсiлген уақытта төлемесе және алашақтылар оны сотқа берсе, жарғышы (судья) оның қанша намаз оқитынын сұрамайды. Адамдардың құқықтарын аяқасты еткендер, келiсiмдердi бұзғандар, қылмыс iстегендер үкiмге тартылғанда олардың қажылыққа барған-бармағаны, қанша ғибадат жасайтыны, тақуа иесi болып-болмағаны есепке алынбайды. Жарғышы үкiм бергенде жасалған қылмысты және оған қатысы бар адамдардың шеккен зардаптары мен зарарын есепке ала отырып, заңдар негiзiнде қорытынды жасайды. Мiне, осы қағидалар зайырлы құқық мемлекетi мен Ислам дiнiнде бiрдей. Тағы да айтылуға тиiстi бiр мәселе, бiзде зайырлылық дегенде мемлекет қызметкерлерi, лауазымды тұлғалар дiн атаулыдан, оның iшiнде, әсiресе, Исламнан алшақ тұру керек деген нәтиже шығарады. Бұл да дұрыс емес. Зайырлылық дiни таптың қолына мемлекет билiгiнiң берiлуiне үзiлдi-кесiлдi қарсы болғанымен, өзге азаматтар сияқты мемлекет қызметiндегi азаматтардың да дiни-сенiм бостандығына рұқсат етедi, олардың дiни рәсiмдерге қатысуларына кедергi келтiрмейдi. Тек мемлекет қызметкерлерi мен лауазымды тұлғалар дiндi саясаттың, дәреже-атақ алудың құралына айналдырмаса болғаны. Дүниедегi ең үлкен зұлымдықтың бiрi адамдарды дiннiң атын жамылып адастыру, олардың дiни-сенiмдерi мен сезiмдерiн қанау арқылы билiктi қолға алу десек артық айтылғандық болмас. Сiрә, өткен тарих пен бүгiнгi замана дiни қанаушылықтың айқын мысалдарымен алдымызда тұр. Қазақстан сияқты жас мемлекетте зайырлылықтың жоғарыда келтiрiлген ережелер негiзiнде жүзеге асырылуы және мемлекеттiң жалғасуы үшiн азаматтарға түсiндiру амалдары шұғыл түрде iске асырылуы тиiс. Әсiресе, халқымыздың алуан түрлi дiнге бөлiнуi салдарынан елiмiздiң тұтастығына төнуi бек ықтимал қауiптiң алдын алу үшiн мемлекет бастауыш және орта дәрежелi оқу орындарында дiнiмiздi жастарымызға үйретуге жағдай жасауы шарт. Өйтпеген жағдайда, iштен шыққан яки сырттан келген дiндер мен дiни ағымдар зайырлылық тұрмақ, мемлекеттiң өзiн жойып жiберуге дайын тұр. Бұл да ойлантатын мәселе...
- Бүгiнде «қазақ қыздары орамалмен тұмшаланып алып, қазақ қызына тән келбетiнен айырылып барады» деген пiкiрдi жиi естимiз. Бұл жөнiнде не айтар едiңiз?
- Ислам дiнi орта жолды ұсынады, әрқандай қатыгездiкке, әсiре сiлтеушiлiкке қарсы. Дiнiмiздiң Құран Кәрiмде келтiрiлген қағидаларының барлығы да жүзеге асыруға өте қолайлы және ешкiмдi қинамайтын, ешкiмге ауыртпалық бермейтiн қағидалар. Жоғарыда зайырлылықтың дiни-сенiм бостандығы мен ғибадаттарды еркiн жүзеге асырудың кепiлi екенiн айтып өттiк. Осы себептерге байланысты кейбiр мұсылман әйелдер мен қыздарымыздың бастарын жабуларына кедергi жасауға яки оларды тек осы себептi сынауға қарсымын. Дiнiмiзде зорлық-зомбылық жоқ, заңдарымыз да солай. Егер де кейбiр қыздарымыз, апаларымыз өз сенiмдерiне сәйкес бастарын жапқылары келсе, жапсын. Ал, кiмде-кiм басын жапқысы келмесе, оны да ешкiм зорламасын. Мұндай қақтығыстар қоғамды бөледi, азаматтар арасында жiкшiлдiк туғызады. Аяғы қоғамдық кернеуге, тiптi қақтығыстарға апарады. Түркияда соңғы жиырма жылда пайда болған «орамал» дағдарысы осының ең айқын айғағы. Орамал мәселесiн саясаткерлер мен әскерлер, журналистер мен дiнтанушылар, әсiлi түгел бiр қоғам талқыға салып, қоғамның барлық қыртыстарына жағымды бiр шешiм таба алмай әлек болуда. Басын жапқан қыздарды жоғары оқу орындарына кiргiзбейдi. Тiптi, олардың ақ жаулықты аналарын да университеттерге, мемлекетке тиесiлi ғимараттарға кiргiзбейдi. Кейде күлкiлi, тiптi, траги-комедиялық уақиғалар да болуда. Қыздардың оқумен байланысы үзiлуде, кейбiр қыздар сотқа жүгiнуде яки сотталуда... Ал, бұдан кiм зардап шегуде? Қарапайым мұсылман Түркия халқы. Қыздардың Конституцияда көзделген бiлiм алу құқығы, еркектермен тең болу қағидасы, сенiм бостандығы, пiкiр еркiндiгi аяқасты етiлуде. Осы мәселеге марқұм Тұрғұт Өзал да шара таба алмаған, бүгiнгi Тайып Ертуған да. Қазақстан осындай проблемаға тап болмаса екен деп тiлеймiн. Бiр жағынан қыздарымыз оқысын деймiз, ал екiншi жағынан оқығысы келетiн қыздарды тек басындағы бiр шаршы орамалға бола оқытпаймыз. Бұл естiген жанға әзiл әңгiме сияқты болуы мүмкiн, бiрақ нағыз шындық. Бiзде кейбiр топтар қыздарымыздың басындағы орамалға тiл тигiзгендi тапты. Оны «арабтың орамалы» деп айыптайды. Бұл әсте дұрыс нәрсе емес. Бүгiнгi кейбiр қыздарымыздың орамал тағу үлгiлерi бұрынғы қазақтарда болмаған болуы мүмкiн. Расына келгенде бүгiнгi киiм үлгiлерiмiздiң ешқайсысы да бұрынғы қазақтарда болмаған. Сол сияқты әйелдердiң бастарын жабу формалары да заман өзгерген сайын ауысып тұрған. Менiңше мәселе формада да емес. Бiр ақиқат бар - ол, бұрынғы қазақта әйел адамдардың бастарын жапқаны. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халқымыздың дiн мәдениетiне тән жоралғысы. Барлық түркi халықтарында осылай болған. Ал, тек мұсылман әйелдер ғана бастарын жаппайтынын ескерелiк. Христиан, будда нанымдарында және басқа да дiндерде әйелдердiң бастарын жапқызатын ережелер бар. Мәселе, адамның өз еркiнде. Жапқысы келетiндерге де, жапқысы келмейтiндерге де ерiк беру керек деп санаймын. Ал, басын жапқан қыздарымызды кемсiту, олардың ар-ұждандарына тиетiн сөздер айту ешбiр дiнге, мәдениетке, ешбiр заңға сәйкес келмейдi. Кейбiр азаматтар жүректерiндегi пасықтықты әшкерелеп, қыздарымызды қаралау науқанын жүргiзiп жатқандай. Бұны тоқтату керек. Ал, сол қыздар бастарын жапқысы келсе, қандай формада жабулары керек? Мiндеттi түрде кимешек кие ме, жоқ Түркиядағыдай бастарына жалған шаш (парик) салуға мәжбүрлеймiз бе? Менiң ойымша, қыздарымызды айыптаудың орнына халқымызға Құрандағы бұрмаланбаған Исламды үйрете алмаған өзiмiздi айыптағанымыз жөн болар. Қыздарымыздың басындағы орамалмен алысқанша, одан әлдеқанша маңызды мәселелермен шұғылданғанымыз жөн болар. Қыздарымызды абысындай аңдып, күндестей қинайтын сол «активистер» неге қаптап жүрген миссионерлер туралы жақтарын ашпайды? Неге басқа дiнге кеткен азаматтарымызды қайтару үшiн сондай белсендiлiк танытпайды? Неге тәнiн, жанын, дiнiн, тiлiн, ұлтын сатқан қыздар мәселесiн қозғамайды? Бәрiн тындырған кiсiше тек иманды қыздарымызға кiжiнедi. Бұған мұсылман халқымыз ешқашанда жол бермейдi. Қазақ халқының тарихы «ақ жаулық» жолында, намысты қорғау жолында жасалған ерлiктермен өрнектелгенiн еске алған жөн...
- Сан жылдар тамыр жайған атеизм салдарынан, халқымыз дiнiмiзге терең бойлай алмай, кез келген сектаның жетегiнде кетiп барады. Әйтсе де неше түрлi дау-дамайлар Исламның төңiрегiнде болуын қалай түсiндiресiз?
- Ислам дiнi төңiрегiндегi дау-дамайдың көп болатынының өзiндiк себептерi бар. Ең бастысы дiни сауатсыздық, әрине. Не нәрсенiң дiннiң мәселесi, ал ненiң дiннен тыс мәселе екенiн ажыратпай, пiкiр бiлдiрушiлер бар. Кейбiреулер әдет-салттарды дiнге айналдырып үлгерген. Бiреулер мәдениеттi дiн санайды, ал бiреулер анадан-мынадан естiгендерiн дiн деп ойлайды. Ұзақ жылдар бойы дiни зерттеулердiң тұралап қалуы және жаппай дiни сауатсыздық салдарынан бүгiнгi күнi аса күрделi ахуал қалыптасқан. Осының барлығын дұрыс жүйеге салу үшiн бiз ең алдымен Ислам дiнiнiң бiрегей бұлағы Құран Кәрiмдi басшылыққа алуымыз және оны жан-жақты зерттеуiмiз шарт. Аллаһ Тағала дiннiң бiрегей бұлағы ретiнде Құранды түсiрген, онда қайшылық жоқ. Құран күллi адамзатты тура жолға бастаушы, хикметтi кiтап. Хикметтi басқа жақтан iздейтiндер бар. Мiне, дау-дамай осыдан шығады. Аллаһтың кiтабын тек тiлiнiң ұшымен мойындайтындар көмейдегi сенiмдерi мен ойларын басқа жолдармен шығаруда. Бiздi Аллаһ Тағалаға апаратын жол бiреу болмайынша дiни бiркелкiлiкке қол жеткiзе алмаймыз. Аллаһ Тағала «Менiң дiнiм Ислам, ал Исламды Құранда түсiндiрдiм» дегенде, кейбiр азаматтарымыз «Иә, ол рас шығар, бiрақ та пәлен әулие мен түген автор Құдайдың аянымен жазған» деп жатса, қайдан бiрлiк болсын? Аллаһ Құранның аяттарына кепiл, оның хақтығына және Жаратушының сөзi екенiне дау жоқ. Ал, даулы нәрсенi басшылыққа алған соң, дау-дамайдың шыққанына неге таң қаламыз? Хақ бұлақтан хақ iлiм шығады, даулы һәм күмәндi бұлақтан адасушылық шығады. Кейбiреулер дiндi қасақана бұрмалауға тырысатын сияқты. Оның iшiнде бөтен дiндерге берiлiп кеткендерi де бар, бөтен ойлы бөтен мемлекеттердiң азғыруына елiккендерi де бар. Сыртқы саясаттың немесе iшкi саясаттың қол шоқпары болғандары бар. Дiн саудасымен шұғылданып, әжептәуiр қоректенiп қалғандары бар. Мiне, осыншама көп мүдделi топтар болғанда дiн төңiрегiнде дау-дамайдың аз болуы әрине мүмкiн емес. Ал, дұрыстап айтқанда, дау-дамай негiзiнен Ислам төңiрегiнде емес, қолдан жасалған хұрафи нанымдардың арасында болып жатыр. Құранда қайшылық та жоқ, хұрафи сенiм де жоқ. Ол, Аллаһ Тағаланың тiкелей қорғауындағы iзгiлiк жаршысы.
- Халқымызда әулиелердiң аруағына сиыну, жатқан жерлерiне зиярат ету бар екендiгi рас. Шынымен, халқымыз бұрыннан осыларға табынып, сиынып келген бе? Яки адасушылық жолында болған ба?
- «Халқымызда әулиелердiң аруағына сиыну, жатқан жерлерiне зиярат ету бар екендiгi рас» дейсiз. Бұл сұрақтан гөрi мәлiмдемеге ұқсайды. Егер «бар ма?» деп сұрасаңыз, былай дер едiм: Қазақ халқы батысы Хазар (Каспий) теңiзiнен шығысы Iшкi Мұңғұлияға дейiнгi ұлан-байтақ даланы мекендеген, көптеген ру-тайпалардан құралған халық. Бiздiң жерiмiзде ежелгi дәуiрлерден берi қарай көптеген дiндер мен наным-сенiмдер жүрiп өткен. Жiбек Жолы бойындағы сауда керуендерi сияқты көптәңiрлi сенiмдер мен бiртәңiрлi дiндер алма-кезек таралып тұрған. Бүгiнгi қазақ халқының негiзiн қалаған ежелгi түркi тайпаларында Исламға дейiнгi кезеңде анимизм (рухқа табыну), тотемизм, натуризм, зороастризм (отқақұлдық), паганизм сияқты көптәңiрлi нанымдар, яғни пұтқақұлдық болған. Ислам дiнi бiздiң даламызда шамамен 700-1000 жылдары аралығындағы үш жүз жылда бiрте-бiрте, саты-саты таралды. Сол ғасырларда
Орталық Азия жерiнде жоғарыдағы көптәңiрлi сенiмдермен қатар яһудилiк (иудаизм), буддизм, манихеизм, маздакизм, христиандық дiндерi де болған. Осыншама көптеген дiндер мен нанымдар тоғысқан аймақтағы халықтардың бiр ғана дiндi ұстануы немесе бiр ғана тiлде сөйлеуi ешқашанда болған емес. Ислам дiнi таралған сайын өзге дiндер ақырындап жойыла бастады. Аяғында Исламият түркi халықтарының және Орталық Азияның бiрегей дiнi болды.
Дегенмен, бұрынғы дiндердiң кейбiр жоралғылары мен хұрафи сенiмдерi халық iшiнде емiс-емiс сақталды һәм жалғасты. Қоғам мүшелерiнiң барлығының да бiрдей интеллектуалдық деңгейде болуын күту мүмкiн емес. Дiн мәселесiне келгенде де жағдай тура солай. Қоғам мүшелерiнiң барлығының дiни сауаттылығы, ислами сана-сезiмi әрине бiр деңгейде болған жоқ. Жоғарыдағы дiндердiң барлығында дiни таптың бар екенiн мұқият ескерелiк. Бұл дiндерде қоғам мүшелерiнiң айтарлықтай бөлiгi шiркеу немесе мiнәжәтхана қызметкерлерiнен құралушы едi. Олардың саны көп және билiктерi, дүнияуи
байлықтары зор едi. Бұлардың iшiнде ғасырлар бойы жалғасып келген дiни тап өкiлi әулеттер болған. Мiне, осылардың бiр бөлiгi Ислам дiнiн шын жүректен қабылдаған жоқ. Олар сыртқы көрiнiсте мұсылман болуға мәжбүр болғанымен, iшкi дүниелерiнде бұрынғы сенiмдерiн жалғастырған. Кейбiр мүнафықтар (екiбеткейлер) мұсылман үмметiн iштен iрiту мақсатымен дiннiң таза қағидаларын бұрмалаумен шұғылданды. Дiнге бөтен элементтердi кiргiзуге тырысты, бұрынғы беделдерiн пайдаланып, халықтың таза иманын бұлғау мақсатымен фитнә жасады, жалған риуаяттар таратты. Осының салдарынан кейбiр жаңсақ сенiмдер мен хұрафи нанымдар халық iшiнде ислами сипатпен таратылды. Осының бiрi - өлген адамдардың аруақтарынан көмек сұрау. Ислам дiнi бойынша адамдар тек қана бiрегей құдiрет иесi һәм жаратушы Аллаһ
Тағаладан ғана жәрдем сұрайды. Құранның ең алғашқы сүресi Фатихада: «Саған ғана құлшылық етемiз және Сенен ғана жәрдем сұраймыз!» делiнген. Әрине, адамдар марқұм болған жақындарын, жақсы көрген адамдарын өлгеннен соң да ұмытпайды, оларды рақметпен еске алады. Бұл бiр абзал қасиет. Алайда, адам баласының бәрi бiрдей емес. Кейбiр адамдар осы адами махаббатты шектен тыс деңгейге көтерiп жiбередi. Адамзат тарихындағы пұтқа табынушылықтың пайда болу себептерiнiң ең бастысы осы адами махаббаттың мөлшерiн деңгейiнен асырып тастау екенi анықталған. Алғашқы христиандар
Иса пайғамбарға деген махаббатты шектен тыс көбейткенi соншалық, бара-бара оны пайғамбарлықтан тәңiрдiң ұлы деңгейiне, аяқ ақырында тәңiрдiң бiр бөлiгi етiп тынған. Будданы жақтаушылар да сондай. Ислам тарихында хазiретi Әлидi қолдайтын топтың кейбiр пасық мүшелерi алғашында «халифалық Мұхаммед пайғамбардан кейiн тiкелей Әлиге өтуi керек едi» десе, одан кейiнгi ұрпақтар «пайғамбарлық негiзiнен Мұхаммедке емес, Әлиге келуi керек едi» деген. Ал, бұлардан кейiнгi азғын топтар болса, хазiретi Әлидi «Құдайдың өзi» деп жариялаған. Бұл да жетпегендей Әлидiң ұрпақтарының бағзыларын «Мәһди» яки «Құдай» деп жариялаған адасқан топтар да бар. Мұндай мысалдарды көбейтуге болады. Осы мәселеге сақ болған жөн. Марқұм адамдардың iзгi қасиеттерiн еске алу, Жаратушыдан оларды жарылқауын тiлеу т.т. iзгi амалдар. Бiрақ өлген адамдардан көмек сұрау, оларға табыну күпiршiлiк, яғни «ширк» болып табылады. Бұл қағида бiреулерге ұнамайды екен деп бiз
ақиқатты айтудан қаша алмаймыз. Халқымыздың iшiнде де дiни сауаттылығы төмен яки жоғарыда мысалдары келтiрiлген адасқан яки адастырушы топ өкiлдерi басқаша үгiт таратуы мүмкiн. Бiз де пайғамбарымызды жақсы көремiз, оның сахабаларының iшiнде дiнiмiзге елеулi қызмет iстегендердi жақсы көремiз. Ислам тарихында мұсылман халықтарын қорғаған, ғылымға зор үлес қосқан бабаларымызды, аналарымызды жақсы көремiз. Оларды ұлтқа, нәсiлге бөлмеймiз. Тiптi, адамзатқа пайдалы еңбек iстеген, пайдалы мұра қалдырған адамдардың барлығын да қошеметпен еске аламыз. Бiрақ бұл олардың аруағынан жәрдем сұрау яки оларды Жаратушыға ортақ қосу емес қой. Мұндай қарапайым мәселенi түсiнгiсi келмейтiндердiң тек пиғылдары дұрыс емес дегiм келедi. Аллаһ Тағалаға ортақ қосудың формасы онша маңызды емес, оны
Ислам атын жамылып, тариқат-суфизм атын жамылып, ата-баба атын жамылып жасау мен тiкелей пұтқа табынудың болмыс жағынан парқы жоқ. Ал, қазақ халқы тұтастай аруаққа табынған дегенге сенбеймiн. Барлық тарихи дәлелдер осы пiкiрiмдi растайды. Халықтың iшiндегi дiни-ғылыми сауаттылығы төмен кейбiр адамдардың iстеген терiс қылықтары тұтас бiр халыққа тән болмаса керек. Ал, бiр өкiнiштiсi бiздегi «аруақшылардың» бiр бөлiгiне аруақтар тек коммерциялық тұрғыдан керек сияқты. Белгiлi бiр «аруақтардың» басы-қасында жүрiп, «сенiм-сезiм» бизнесiн жасап алғандар көбейiп барады. Осындайда фәни пенделердiң күн көрiс құралына айналған және қолынан еш нәрсе келмейтiн аруақтарға жаның ашиды...
Dala men Hala dan alindi