Құдіреті күшті жаратқан Иеміз Аллаһ Та‘ала маңдайымызға жазған тағдырға мойынсұну нағыз мұсылманға тән қасиет деп білемін. Пайғамбарымыз салла Аллаһу алейһи уә сәллам : "Мен мұсылманға қарап таң қаламын. Өйткені, ол Аллаһтан бір жақсылық келсе, оған шүкірлік етіп сауап алады, ал басына бір қайғы-қасірет келсе, оған сабырлылық танытып, тағы да сауап алады",-деген екен.
Ендеше бауырым, Аллаһтың тағдырына қарсы шықпай, бұйрықтарын орындап, оған мойынсұн. Күнәһар болма! Өлгенше бітпейтін қу тірліктен бір сәт мойныңды бұр! Ойлан, Аллаһқа ғибадат ет те иман келтір. Кітап оқуды құнттамасаң, тым болмаса Аллаһ берген есту қабілетіңмен Жәннат пен Тозақ туралы ақиқатқа құлақ сал! Соған орай амал ет!
Ол амалдың бәрін аса мейірімді, құдіретті Жаратқан Иеміз Өз кітабы Құранда анық көрсеткен. Соны оқы! Оқуға тырыс. Егер әдепкіде ешнәрсеге түсінбесең, көкірек сарайың жабық болса, оны қалайда ашуға тырысып, бар күшіңді сал! Еңбектен! Бойыңдағы жаман қасиеттен құтылуға асық!
Егер бір жерде ат басындай алтын бар десе, соны иемдену үшін асығып, барыңды салмаушы ма едің? Асыға-аптыға жеткеніңде сол алтын сандықтың аузы мықтап бекітілген болса ше? Немесе терең құдықта жатса ше? Сен сол алтынды алу үшін күн-түн демей бар күш жігеріңді жұмсап, маңдай теріңді төгіп соған жеткенше, қанша уақытыңды сарп етер едің.
"Алынбайтын қамал жоқ" дегендей, әйтеуір бір ашар едің-ау. Алтынға деген ынтаны одан мыңдаған есе артық пайда келтіретін Аллаһты тануға жұмсасаң нұр үстіне нұр болар еді. Егер сөйтсең, Аллаһ Тағала саған сол қымбат қазыналы сандықты ашуға көмектесері сөзсіз. Есіңде болсын. Егер Аллаһ қаламаса, көмектеспесе, сен сандықты ешқашан аша алмайсың. Бар күш-жігеріңнен айырылып, нақ сол жерде өлімге тап келуің мүмкін.
Сен мынаны біл, бауырым! Тағы да қайталап айтамын, ат басындай, тіпті таудай алтыннан да қымбат мәңгілік таусылмайтын қазына бар. Ол — Аллаһты тану мен Құранды түсіну. Алтынның мақтаныштан басқа бұ дүниеде берері жоқ. Ал Ислам екі дүниелік бақыт. Адамға ең керегі — Тозақтан құтылу жолы мен Жәннатқа жету амалдары ғана. Одан басқаның бәрі бекер! Осыны ұқ, бауырым!
Көкірек көзіңді аш! Жүрегіңе құй! Махшарға баратыныңды Аллаһтың алдында есеп беретініңді ұмытпа!
Махшар — ол Қиямет күні Аллаһтың алдына есеп беруге жиналатын алаң. Махшарда сен Аллаһтың құзырына шығу үшін жүздеген жылдар бойы (анығын бір Аллаһ біледі) кезекте тұрасың. Сол жылдары адам жаны төзбестей қапырық ыстық леп еседі... Осындай адам төзгісіз азаптан қорғанатын амалың болсын, бауырым!
Жалған дүниенің қызығына алданып, қапы қалма! Көбіне Тозаққа жетелейтін бұл жалған дүниені адамзат не себепті қатты сүйеді екен? Бұл да Аллаһтың қалауы. Өйткені Ол, Оған мадақбұл дүниені сынақ үшін жаратқан ғой. Иә, Аллаһ Тағала! Бізге осы сынақ өмірдең иманмен, абыроймен өтуді нәсіп ете гөр!
"Мұсылман" журналы, №05-06, мамыр-маусым 2006ж.
Авторы: Дүниязада ШОҚАЕВА, Алматы.