Егер кімде-кім менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі таршылыққа түседі. Кияметте біз оларды көрсоқыр қалпында жинаймыз" ("Таһа " сүресі, 124-аят).
"Кімді дұрыс жолға салғысы келсе, Алла оның көкірегін Ислам үшін кең ашады. Ал, кімді азғырғысы келсе, оның көкірегін тарылтатыны сонша, (илану) олар үшін көкке шығудан да қиын сезіледі. Имансыздарды Алла осылай қинайды" ("Әнғам" сүресі, 125-аят).
Аллаға сенбейтін, сенім қағидаларын сақтамайтын адамдар өмірдегі барлық жағдай Алла тағаланың қалауымен болатынына да сенбейді.
Көптеген ғылыми қорытындыларға сүйенсек, дәл осы дінге сенбейтін, осы өмірдің қызығымен ғана өмір сүретін жандардың бүкіл ғұмыры уайым мен қайғыға, қорқыныш пен үмітсіздікке толы болады екен. Сонымен қатар, ондай адамдардың ағзалары түрлі ауруға қарсы тұратын иммунитеті төмен, психосоматикалық жаратылысы әлсіз келетіні көрінеді. Сол себепті, мұндай адамдар тәндік және рухани жағынан тез қартаяды екен. Яғни, үнемі болатын алаңдаушылық, шарасыздық, үмітсіздік, тынымсыздық ағзаға, жан дүниеге өзінің кері әсерін тигізбей қоймайтынын медицина мамандары да растап отыр.
Ал, шынайы мүминдер, Аллаға сенушілер рухани тұрақты, психологиясы төзімді, қиыншылыққа сабырлы, салмақты бола отырып, ұзақ жасайды. Сондай-ақ, тәні де ұзақ уақытқа дейін өзінің жастық қалпын сақтап қалады екен. Денсаулықтары көбінесе мықты болады.
Негізінен шынайы сенім дегеніміз өмірдегі барлық жағдайлардан тек жақсылықты көре білу, қиыншылық болса, Алланың сынағы деп қабылдау екенін естен шығармауымыз қажет. Сонда ғана адам алаңсыз, тыныш, бейбіт өмір сүреді.
Әрине қандай мүмин, тақуа болса да, мәңгілік жасайды деуден аулақпыз. Тек Аллаға сенуші мүмин Жаратушының қалауымен, кәрілікгің келуімен дүниеден өтеді. Алланың өмірі солай. Ал дінге сенбейтіндер рухани дүниесінің таяздығынан, жан-дүниесінің әлсіздігінен ерте қартаяды. Кей жағдайларда мұндай адамдар өмірдің қиыншылықтарына төзе алмай, түрлі дертке, психикалық ауруларға, ұйқысыздыққа шалдығып, нашақорлыққа, ішімдікке әуес болып, өз өмірлерін өздері баянсыз етіп жатады.
Қазірде әлемдегі медицина мамандары толыққанды, тыныш, алаңсыз өмір сүрудің бірден-бір жолы адам бойында сабырлылық, төзімділік қасиеттерін қалыптастыру екендігін қолдап отыр. Ал, мұндай қасиеттерді тек діни тәрбие, имандылық жолы ғана калыптастыра алатыны белгілі.
"ИСЛАМ және ӨРКЕНИЕТ" газеті, №09 (69), 15.06.2006ж.
Авторы: Әсем БАПАНОВА, ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамының баспасөз хатшысы.
2006-06-21