Алла тағала о баста адамды жаратқанда әуелі ер адамды, одан соң әйелді жаратты. Ер мен әйел арасындағы тығыз қатынастың мызғымас бірлігін, тұтастығын, бір-біріне сүйіспеншілікте болуын сақтау үшін, Алла тағала әйелді ер адамның оң жақ қабырғасы мен етінен жаратты. Міне, адам арасындағы бауырластықтың болуы осыдан.



Ер әйелді екі себепті жақсы көреді. Бірінші себебі, әйел жоғарыда айтылғандай ер адамның кабырға етінен жаратылуына байланысты болса, екінші себебі, еркектерге қарағанда әйелді өте көркем, әдемі, ерекше сұлу етіп жаратты. Бұл ер адамның әйелге деген кұмарлығын, сүйіспеншілігін үнемі сақтап қалуы үшін. Сонымен бірге, әйелдер ерлерге қарағанда нәзік жанды, үлбіреген гүлдей етіп жаратылған.

Мұның себебі еркектер әйелдерді үнемі қамқорлыққа алып жүру үшін. Әрбір пенде дүниеге келген соң өзін жаратқан Жаратушысына өмір бойы адал қызмет етіп, дүниеден өтуі тиісті. Дүниеге пәк болып келіп, дүниеден пәк болып кетуі керек. Ал, Жаратушысына адал қызмет етудің алғашқы шарты, ер адам: "Я, Алла, мені еркек етіп жаратқаныңа ризашылығымды білдіріп, шүкіршілік етемін",- десе, әйел адам: "Я, Алла, мені аса сұлу етіп, әйел, ана етіп жаратқаныңа ризамын, сол үшін шүкіршілік етемін",- деуі керек.

Міне, Алланың берген ризығына ризалығыңды білдірген соң осы берген уәдеңді әсте бұзбауың керек. Себебі, Алланың бұйрығынан артық ештеңе жоқ және болуы да мүмкін емес. Оны қолдан жасап өзгертемін деген бос әурешілік.

Осы кағидадан пендешілік жасап ауытқушылар көптен кездеседі. Мұны көбіміз қоғам өзгерісіне байланысты деп жатамыз. Бұл пікір мүлде дұрыс емес. Қоғам не үшін өзгеріске түседі, ол тек қана адам өмірін материалдық және рухани жағынан жақсарту мақсатында өзгеріске түсіп жатады. Қоғам өзгерісіне байланысты адамдардың түрі, мінезі өзгеріске түсуі дұрыс емес.

Әрбір заманның өтпелі кезеңі адам баласының қалыпты жағдайдағы өмір сүру дәрежесіне әсерін тигізбей қоймайды. Қандай да бір белгілі дәрежеде әсерін тигізеді, сыртқы түр өзгерісіне сонымен бірге, азда болса мінездің өзгерісіне. Мұндай өзгеріске көбіне жас ұрпақтар бейімделгіш келеді.

Бұл өзгеріс адам өміріне тимейді. Пайдалы болып жатса, кұба-құп көрер едік. Бұлай бола бермейді. Әйел баласы бағанағы шүкіршілік кағидасын ұмытып, әдемілікті қолдан жасаймын деген ойға көбірек ауысып, аяқ-қолдарына, бет-пішініне түрлі бояулар жағып, жағымсыз қылықгар жасайды. Жаратушыңыз сізді ондай жасандылықсыз да сұлу етіп жаратқан жоқ па?!

Халқымыз "қызға қырық үйден тыю" деп босқа айтпаған. Неге десеңіз ер балаға қарағанда қыз бала ерте есейіп, оның бойында еліктеушілік ерте пайда болады да, оның жағымды, жағымсыз жақтарын айыра алмайды. Сондықтан ненің жақсы, ненің жаман екенін үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер айтып үнемі санасына құйып отыруы тиіс.

Және бұл бір рет айтылып ғана қоймай үнемі қайталанып отыруы керек. Қазір жастар арасында "ұят" деген ұғым тек сөз күйінде қалып, санадан алынып қалған сияқты. Ал бұл "ұят" деген сөзіміз адам баласының бойындағы өмір бойы болатын санамыздың кілті десек еш қателеспейміз. Егер осы кілтіңізді уақытша болса да жоғалтып алсаңыз, ол өміріңізге үлкен қасірет әкелері сөзсіз.

Дүниені үнемі түрлі өзгеріске түсіріп отыратын адам болса, ол осы адамды дүниеге әкелетін ана. Ана сөзі қызына өмірлік өнеге болуы тиіс. Әрине, екі жақта да дұрыс пікір, ақылды ой болса. Ал қазір керісінше, кез келген ұл, қыз ата-аналарына үстемдік жасап, әлгі жоғарыдағы ата-ананың пікірімен ешбір санаспай, айтқандарын істетуде. Міне, адасудың жолы осы. Бұған кінәлі ата-ана, өзіміз. Дұрыс-бұрысын біле тұра себепті дәлелдерін айтып түсіндіріп жатуда дәрменсіздік танытамыз. Өзге елдің әдет-ғұрпына еліктейміз, әр елдің ұлттық дәстүрі тек сол ел үшін үлгілі, қасиетті.

Халқымыз "ел боламын десең, бесігінді түзе" дейді. Ал осы бесікті түзейтін аналар. Ол үшін әрбір ана, үлгілі, көрегенді, көрікті, ақылды болуы тиіс. Ана бойында ең бастысы жоғарыдағы бір ауыз сөз "ұят" болуы керек. "Ұят" деген еңбектеген баладан бастап, еңкейген қариялар бойында өмір бойы болуға тиісті асыл қасиет. Егер осы асыл қасиет әрбір ана санасынан орын алса, әлгі түзу бесік солардьң қольнда болады. Ал түзу бесіктен қандай ұрпақ шығатыны айтпаса да түсінікті.

Осы түзу бесікке иелік етіп, болашақ ана болатын қыздарымыздың бүгінгі жай-күйі, жан сыры қандай? Мен имам, молда бола тұра кітаптағыдай қыздар үшін, ұлтты сақтау үшін хижаб киім кисін деп отырғаным жоқ. Бір кездердегі қысқа, тар юбка, тылтиған шалбардан өтіп, жартылай жалаңаш, кіндігін көрсеткен күйге ұшырағанына өкінемін. Бұл қазақта ешуақытта болмаған көрініс.

Бұл тек жоғарыда айтылғандай, батыс елдеріне тән, өздеріне жарасымды өмір салты. Ал етегі жабылмаған надан анадан қандай ұрпақ туады? Сонда біз келешек қоғам тізгінін кімге қалдырамыз? Мүмкін кейбір ата-аналар жағдайға қарай киіне берсін. Кейін есі кіреді ғой, қазір жас, онда тұрған не бар дейтін шығар. Бұл қате пікір, себебі, ол осы жағдайға бойын үйретіп алады.

Міне, осы оймен біздің қыздарымыз бұл күйден арыла алмайды деген ойдан аулақпын. Тек әрбір қарындасым, қызым менің осы айтқандарымды өздерінің ой елегінен өткізіп, аз-кем ойланса, болғаны. Әрбір мұсылман пендесі қателеспей өмір сүруі мүмкін емес, бірақ өзгенің қатесін қайталауға және жас ұрпақты таратуға тиісті емеспіз.

Қымбатты ата-аналар, мұғалім-ұстаздар, іні-қарындастар, сіздердің менің ойыммен санасады деген ойдамын.

"Ислам және Өркениет" газеті, №10 (70), 16.05.2006ж.



Авторы: Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКҰЛЫ, Жуалы ауданының Бас имамы. Жамбыл облысы.