Аллаһтың барлығы дәлел, сипатқа мұқтаж ба?
Аллаһтың барлығына дәлел, сипат iздеу, бiр сөзбен айтқанда, артық та. Ол талап түсте ашық аспаннан жарқырап тұрған күннiң нұрына дәлел iздегенмен бiрдей. Аллаһтың барлығын көрсететiн сансыз құбылыстар адам айналасында үнемi өзiн жариялап тұрады.
Бiрақ соқырдың күн нұрын көре алмайтыны тәрiздi, кей пенде өз айналасындағы сол құбылыстарды көре алмайды. Ондайлар Аллаһтың барлығына күмәнмен қарайды. Сол себептi, кейде Аллаһтың барлығы туралы дәлелдер келтiруге тура келедi.
Аллаһтың барлығына дәлел қайсы?
Бүкiл әлемдегi жанды және жансыз заттар мен шым-шытырық құбылыстар Аллаһтың барлығына ашық дәлел. Тiршiлiк атаулы әу баста болмаған, кейiн пайда болған. Оған дәлел оның өзгерiп тұратындығы. Кейбiр заттар мен құбылыстар жойылып, жоғалып кетiп жатады. Бұл Аллаһтан басқа ешбiр нәрсенiң мәңгiлiк емес екендiгiн көрсетедi. Адам баласы атам заманнан берi тiршiлiктегi жанды және жансыз заттар мен құбылыстардың қалай пайда болғандығына жауап iздеп, түрлi пiкiрлер айтып келедi. Оларды мынадай төрт топқа бөлiп қарауға болады:
1. Бүкiл тiршiлiк және ондағы сансыз құбылыстар өздiгiнен пайда болмаған деу, яғни заттың ең ұсақ бөлшектерi мен элементтерi ақыл-санаға, ойлау қабiлетiне ие болып, сол арқылы бүкiл тiршiлiктi, ондағы барлық болмыс-құбылысты жасап шықты деу. Бұл жауап әр кезде де ақылға сыймайды. Өйткенi, тас, су, ауа секiлдi жансыз заттар мен табиғат құбылыстары ақыл-санаға ие емес, ойлау қабiлетi жоқ және ешқашан болмаған. Ендеше ақыл-санасыз заттар бүкiл тiршiлiктi жаратты деу бекер, тiптi олардың өздерiн, өздерi жаратуы да мүмкiн емес. Сондықтан, бұл жауаптың ешқандай ғылыми негiзi болмағандықтан, жоққа шығарылады.
2. Тiршiлiктi, ондағы құбылыстарды табиғат жаратқан деу. Егер бiз бұлайша жауап қатушылардан: «Табиғат деген не?» - деп сұрайтын болсақ, олар: «Табиғат - тiршiлiктiң жасауы» деп жауап бередi. Мұнан тiршiлiк жоқ жерде табиғат жоқ екенi мәлiм болады.
Өйткенi, не нәрсенiң де жасауы сол нәрсенiң өзi жасалғаннан кейiн жасалмай ма?
Нәрсенiң өзi жаратылмай тұрып, оның жасау-жабдығы болды деудiң өзi ақылға сыя ма? Олай болса, табиғат өзi жаратылмай тұрып, ондағы құбылыстарды қалай жарата алады? Сондай-ақ, ақыл иелерiн қайтiп жасай алады? Оған кiм сенедi? Егер бiз табиғатты тiршiлiктен бұрын бар едi деп қиялдап көргенiмiздiң өзiнде, ақыл-сана, ой қуатына ие емес табиғат бүкiл тiршiлiктi, ондағы шым-шытырық құбылысты, сондай-ақ, ақыл иесi - адамды қайтiп жасай алады? Егер бiрсыпыра ойшылдардың дәрiптеуi бойынша табиғатты «жасырын күш-құдiрет» деп қиялдағанның өзiнде де, сол жасырын, құпия күш-қуат дегеннiң өзi Аллаһтың құдiрет-күшi екенiн кiм жоққа шығарады? Олар мұны табиғат деп түсiнсе, бiз оны Аллаһтың кұдiретi деп түсiнемiз. Өйткенi, иесiз күш-құдiрет болмақ емес.
Демек, бұл жауаптың да алдыңғы жауап секiлдi дәйексiз екенi байқалады.
3. Тiршiлiк, ондағы зат пен құбылыс кездейсоқ жаратылған деу. Бұл жауаптың түйiнi атомның ұсақ бөлшектерiнен тұратын заттар мен құбылыстар аяқ астынан әрекеттену арқылы бiр-бiрiмен кездейсоқ бүтiнделуi нәтижесiнде тiршiлiк жасалды дегенге саяды.
Яғни, кез келген кездейсоқтық заңсыз, жобасыз орындалады.
Барлық адамға түсiнiктi мысал келтiрейiк: Күн өз бойынан бүкiл ғаламға жылу және жарық таратады. Ал, Жерде және оған серiк планеталарда жылу да, жарық та жоқ. Әлгiнде айтылғандай кез келген кездейсоқтық жобасыз, заңсыз iске асатын болса, тек қана жылылық пен жарық тарататын заттар мен құбылыстар бiрыңғай жиналып, қалай кездейсоқ Күнге айнала қалды? Мұны қалай түсiнемiз? Екiншi мысал: Бүкiл ғарыштағы жерден басқа планеталарда су, жанды тiршiлiк жоқтығы әлемге аян, ғылыми шындық. Сол су неге басқа планеталарда болмай, кездейсоқ Жерде ғана пайда болды? Ғылымға, дiнiмiзге сүйенiп айтсақ, бүкiл тiршiлiк және ондағы барлық құбылыс бiрыңғай өте нәзiк ережелер, өте берiк заңдылықтар арқылы әрекеттенедi. Олай болса, тiршiлiк пен болмыстағы қатаң жүйе мен бұлжымас заңдылықты кiм жасады? - деген сауал туары сөзсiз. Кездейсоқтық, өзiнде жоқ берiк тәртiп пен қатаң жүйенi тiршiлiкке ендiрмек емес.
Ендеше, тiршiлiк пен ондағы құбылыс кездейсоқ жасалған деген жауап та шындыққа сыймайды, бұл ешқандай ғылыми тұжырымға жатпайтын қисынсыз бос сөз.
4. Тiршiлiктi және ондағы зат пен құбылысты Аллаһ жаратқан деу. Жоғарыда аталған үш жауаптың үшеуi де ғылымға емес, бос қиялға сүйенедi, яғни жалған тұжырымға негiзделген. Шынайы шындық былай: бүкiл тiршiлiк, ондағы жанды, жансыз заттар мен құбылыстар және даналық iлiм шексiз құдiреттi, кемел Күш тарапынан өте нәзiк заңдылықпен, шебер жоба-жүйемен жаратылған. Ол - жаратушы Аллаһ Тағала екенi аян. Жалғыз Аллаһ бүкiл тiршiлiктi, ондағы барлық жанды және жансыз заттар мен құбылыстарды Өзi жаратқандығын Өз сөзiмен жариялады да. Ол былай дедi: «Мiне, бұл сипатқа ие болған Раббыларың Аллаһ. Одан басқа ешбiр Тәңiр жоқ. Ол - барлық нәрсенi жаратушы» (Әнғам 6:102).
Аллаһтан басқа ешкiм тiршiлiктi мен жараттым деп дауласа алмайды. Аллаһтан басқа жаратушы жоқ. Егер басқа бiр күш жасаған болса, ол әлдеқашан жар салған болар едi. Мәселен, токтың пайда болуын ойлап тауып, жүзеге асырған Эдисон да өзiнiң мұны қалай ашқанын жарияламай тынбаған. Егер бiр Аллаһтан басқа Күндi не Айды жаратқан бiреу болса, ол да өзiн жарияламай тұра алмас едi. Әрине, әрқандай жасампаз өзi жаратқан дүниесiн барша әлемге жариялап таныстыруға ынтық. Демек, барша ғаламды, тiршiлiктi, дүниенi жаратушы жалғыз Аллаһ екенi ешбiр талас тудырмайтын шындық.
Аллаһ Тағала былай дейдi:
«Көктердi де, Жердi де, әрi екi арасындағы нәрселердi де ойыншық қып жаратпадық. Екеуiн ақиқат бойынша жараттық. Бiрақ олардың көбi бiлмейдi» (Духан 44:38-39).
Аллаһты танудың қандай жолдары бар?
Аллаһты танудың жолдары көп. Бiрақ негiзiнен екi түрлi жолмен танимыз. Оның бiрi - ақыл. Екiншiсi - Құранда, хадистерде баяндалған Аллаһтың кейiптерi мен есiм-сипаттары.
Ширкул-әкбәрдiң түрлерi қандай?
Олар мыналар:1. Бүкiл әлемдi басқаруда Аллаһ Тағаладан басқа да кейбiр бөгде басқарушылар бар деп сену немесе әулие-әнбие, даналар, әруақтар да тiрлiктегi кейбiр iстердi демеп, жебеп жiбередi деп бiлу.
Бұл тәрiздi серiк Аллаһ Тағаланың желеп-жебеуiне шәк келтiрiп, Оған басқа нәрселердi теңестiргендiк болады.
2. Аллаһқа және Оған тән сипаттарға бөтен нәрселердi ұқсату. Мұндай серiк Аллаһтың кемел сипаттарына тең қосақтау болып табылады. Мәселен, әулие-әнбиелер, оқымыстылар ғайып құпияларды бiледi деп сену. Аллаһ Тағала бұл жөнiнде былай дейдi: «Көместiң кiлттерi Оның жанында. Оны Ол өзi ғана бiледi» (Әнғам 6:50).
3. Балгерлер мен сәуегейлердiң жала сөздерiне нану. Бұл туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Кiм де кiм балгерлердiң, сәуегейлердiң сандырағына сенсе, ол маған келген дiнге сенбегенi» (Ахмад). Бұл - мұндай адамдар мұсылман емес, кәпiр деген сөз.
4. Әулие-әнбиелерден, әруақтардан тiлек тiлеу және оларды пайда келтiредi деп сену. Сондай-ақ, әруақтардан дертке дауа сұрау, перзент, несiбе тiлеу - бәрi Құдайға серiк қосқанға жатады, Аллаһқа сиынуда жасанды серiк iздегендiк болады. Өйткенi, дұға оқудың өзi де ғибадатқа кiредi. Пайғамбар (с.ғ.с.) «Дұға да - құлшылықтың бiр түрi» деген (Тирмизи).
Бұл жөнiнде Аллаһ Тағала былай дейдi: «Егер оларға жалбарынсаңдар дауыстарыңды естiмейдi. Мүбәда олар естiсе де сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ, Қиямет күнi олар сендердiң ортақ қосқандықтарыңнан танады» (Фатыр 35:14).
5. Аллаһтан өзгеге құрбандық шалу, басқаша айтқанда, әулие-әнбиелерге мал бағыштап, олардың ризалығын iздеу, жалбарыну. Бiздiң елiмiзде күнi бүгiнге дейiн осылай iстелiп келедi. Бiрақ бұл - қате түсiнiк.
Құрбандық тек Аллаһқа арналып шалынса дұрыс. Аллаһ Мұхаммедке (с.ғ.с.) қаратып былай дейдi: «Сондықтан, Раббың үшiн айт намазын оқы, құрбан шал» («Кәусәр» сүресi) Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Құдайдан өзгеге құрбандық шалғанға Аллаһтың қарғысы тисiн» (Муслим).
6. Сиқырлау. Сиқырлаудың өзi зор күнә. Сиқыршылар да, оны үйренушiлер де кәпiр болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Жетi пәлекеттен қашыңдар: Аллаһ Тағалаға теңдес келтiруден, сиқырлаудан...» (Муслим).
7. Әулие-әнбиелердi дос көру, пiр тұту, Аллаһты ұлықтағандай ұлықтау. Әрине, Аллаһты дос тұтқан адам Оған серiк қоспайды. Кiм болса да Аллаһқа деген сенiмiн өзгеден жоғары қоймай, шын мұсылман бола алмайды. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейдi: «Адамдардың кейбiреулерi Аллаһқа өзгенi теңдес етедi де, оларды Аллаһты сүйгендей сүйедi. Ал, мүмiндер, Аллаһты тағы артық сүйедi» (Бақара 2:165).
Демек бұл аятта Аллаһ Тағаладан өзгенi Аллаһты дос тұтқандай дос тұтудың, оларды ұлықтау Аллаһ Тағалаға теңдес iздеумен пара-пар екендiгi ашық түсiндiрiлген.
Ширкул-әкбәрдiң үкiмi не?
Ширкул-әкбәр барлық жақсы амалдардың, құлшылықтың жоққа шығарылуына себеп болады, оның күнәсi кешiрiлмейдi. Тек өз қателiгiн түсiнген адасушы адам серiктен шұғыл бой тартып, қайтадан Аллаһқа иман келтiрiп, тәубаға келсе ғана Аллаһтың рақымына ие болуы мүмкiн. Аллаһ Тағала былай дейдi: «Негiзiнен Аллаһ, өзiне ортақ қосуды жарылқамайды. Ал және кiм Аллаһқа ортақ қосса, расында өте ұзаққа адасты» (Ниса 4:116).
Ширкул-әсғәрдiң түрлерi қандай?
Олар мыналар:
1. Аллаһ Тағалаға жақындасамын ба деген ниетпен жалбарыну. Бұл тәрiздi ортақ қосу бiр тараптан ширкул-әкбәр түрлерiне де ұқсайды. Бiрақ адамдар мазарларға әр түрлi ниет-мақсаттармен барады. Кейбiреулер атақты адамдардың мазарларын қасиет тұтып, солар арқылы Аллаһ Тағалаға жақындаймын деп барады, ендi бiреулер айқын мақсатсыз өзгелерге соқыр елiктеп барады, тiптi бос мақтанышпен баратындар да бар.
Қалай десек те, мұндай iс-әрекеттер ортақ қосуға жатады, сондықтан мұндай сенiмдер кiшi ортақ қосуға жатқызылады. Әдетте адамдар бiлiмсiздiктен Аллаһқа ортақ қосуға бейiм тұрады. Тегiнде жалбарыну тек Байтулладағы Қағбаға тән. Одан басқа жердi тәуап ету - сөзсiз Аллаһ Тағалаға ортақ қосу болып табылады. Бұл жөнiнде Аллаһ Тағала былай дейдi: «Және айтқан нәзiрлерiн орындап, Қағбаны тәуап қылсын» (Хаж 22:29).
2. Жасандылық, яғни амал-ғибадаттарды көзге түсу, басқаларға көрсетiп қалу ниетiнде iстеу. Ақиқатында пендесiнiң iс-әрекетiн бақылау, бағалау, оларға сауап беру тек Аллаһтың iсi. Iс-ғибадатты басқаларға көз қылып iстеу - ол Аллаһтың құлшылыққа сауап беруiне, ғибадаттың шын мәнiнде дұрыс орындалуына кесiрiн тигiзедi. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл туралы былай дейдi: «Менiң сендер үшiн ең қорқатын жерiм - Аллаһ Тағалаға ең кiшi ортақ қосуға тап болатындарың. Ол кiшi де болса жасандылық қой» (Ахмад).
Аллаһ Тағала былай дейдi: «Кiм Раббына жолығуды үмiт етсе, сонда түзу iс iстеп, Раббына iстеген құлшылығында: Оған ешкiмдi ортақ етпесiн» де» (Кәһф 18:11).
3. Аллаһ Тағалаға асылық болатын iстерде басқаға табыну. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дедi: «Аллаһ Тағалаға асылық болатын iстерде мақұлыққа жалбарынуға болмайды» (Ахмад).
4. Аллаһ Тағаладан өзгенiң атымен ант беру. Әдетте ант ең зор, қасиеттi заттың есiмiн атап берiледi. Мұның мағынасы: егер мен жалған ант берсем, сол қасиеттi заттың киесi менi ұрсын дегендiк. Ақиқатында қылмысқа да, күнәға да жаза қолдана алатын жалғыз Аллаһ қана. Сондықтан, ант Аллаһтың атымен берiлгенi дұрыс. Ал, Одан басқаның атымен ант ету ұлылық, берiктiк секiлдi тек Аллаһқа ғана тән қасиеттерге ортақ қосқан болып есептеледi.
Яғни Аллаһтан басқаның атымен ант ету кiшi ортақ қосу қатарына жатады. Аллаһтан өзгенiң атымен ант етушi адам өз көңiлiнде: «егер мен жалған ант берсем, киелi зат немесе әулие-әнбиелер менi жазалайды» деген сенiммен олардың есiмiн атап ант етсе, онда оның iсi ширкул-әкбәрға кiредi. өйткенi, адамдардың қылмысы үшiн жаза қолдану тек Аллаһқа ғана тән. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Кiм де кiм Аллаһ Тағаладан өзгенiң атымен ант ететiн болса, ол Аллаһ Таалаға ортақ қосқан болады» (Ахмад).
Аллаһ Тағаладан өзгенiң атымен ант беру iс жүзiнде антқа жатпайды, ондай ант есепке алынбайды. өйткенi, ант Аллаһ Тағаланың есiмiмен ғана берiлу керек. Ант-тың аты үшеу. Олар: уәллаһи, тәлләһи және билләһи. Сондықтан, адамдардың менi нан ұрсын, анандай болып қалайын, мынандай болып қалайын деген тәрiздi сөздерi iс жүзiнде антқа жатпайды. Егер адам «ант еттiм, жалған сөйлесем кәпiр болайын» деп сөйлесе, ол егер шын жалғаншы болса, өз айтқаны болып, дiннен шығып кетуi мүмкiн. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Кiм де кiм Исламға жат пиғылмен жалған ант iшсе, оның дегенiндей болады» (Бухари және Муслим).
Хадистiң мәнi: ант iшушi өз антында пәлендей болайын, кәпiр болып кетейiн, яхуди болып кетейiн, христиан болайын деген сөздердi аузына алса, егер ол шын жалғаншы болса, оның айтқандары түгел орындалады деген сөз. Құдай ондай ант беруден сақтасын!
5. Кеселге шипа болсын немесе көз тимесiн деген сенiммен тұмар тағу. Тұмар жазу да, тұмар тағу да үлкен күнәлардың қатарына жатады, ол да ортақ қосудың бiр түрi. Тұмар тағушы немесе тұмар жазушы, тұмар кеселден немесе жаман көзден, жаман сөзден сақтануға себепшi болады деген сенiмде болса, ол кiшi ортақ қосуға шалдыққаны.
Егер ол аурудан, тiл-көз тиюден тұмар (Аллаһ емес) сақтайды деген сенiмде болса, онда үлкен ортақ қосуға ұшырайды. Пайғамбарымыз былай дейдi: «Кiм де кiм тұмар тағатын болса, ол Аллаһ Тағалаға ортақ қосқаны болады» (Ахмад).
Қаскөйлiктен және жаман көздерден сақтанудың ең жақсы шарасы - Құранның көрсетуi бойынша, «Ыхлас», «Фәлах» және «Нәс» сүрелерiн үш дүркiннен оқып, дем салу.
Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) жәйттер тарапынан қастандық жасалғанда, Аллаһ Тағала оған «Фәлақ» және «Нас» сүрелерiн келтiрiп, оны оқып өзiне дем салуды бұйырғандығы және оның iс жүзiнде шипа болғандығы әңгiме қылынған (Байхаһи).
Ширкул-әсғәрдiң үкiмi не?
Ширкул-әсғәр - үлкен күнәлар қатарына жатады. Ширкул-әсқарға ұшыраған адам ортақ қосудан арылып, тәуба қылу арқылы өзiн құтқара алады. Ширкул-әсғәр, яғни кiшi ортақ қосу адамның басқа құлшылықтарын жоққа шығармайды. Алайда, Аллаһқа ортақ қосудан қайткенде де сақ болған жөн.
Ортақ қосудың қандай зияны бар?
Ортақ қосудың зияны көп. Ең зор зияны ортақ қосушының жұмақтан айырылуына, тозақта қалуына себепшi болады. Аллаһ Тағала бұл жөнiнде былай дейдi: «өйткенi, кiм Аллаһқа ортақ қосса, расында Аллаһ оған жәннатты харам етедi. Оның орны - тозақ оты» (Мәидә 5:72).
Қабiрлердi зиярат етудiң үкiмi не?
Қабiрлердi зиярат ету әр кезде де мүстәхәб, сүннет болады, оның сауабы да, пайдасы да бар. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жөнiнде былай дейдi: «Сендердi бұрын қабiрге зиярат етуден тосқан едiм. Қабiрге, зиратқа зиярат ете берiңдер» (Муслим).
Және бiр әңгiмесiнде Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дедi: «Қабiрлерге зиярат ету сендердiң естерiңе Ақыреттi салады» (Ахмад).
Қабiрлердi қалай зиярат ету керек?
Пайғамбар (с.ғ.с.) көрсеткенi бойынша қабiрлердi өлген адамға Аллаһ Тағаланың жақсылығын тiлеу ниетiнде зиярат қылу керек. Тiлеудi өлiктен емес, Аллаһтан тiлеген дұрыс. Пайғамбар сахабаларына қабiрге зиярат етудiң жолын үйретiп, былай дейдi: «Бұл мекенде жатқан мүмiн мұсылмандар қауымы! Сендерге Аллаһ Тағаланың рақымы болсын, Бiз, тiрi пенделер, Құдай бұйырған мезгiлде бәрiмiз де жандарыңа келiп жатамыз. Аллаһ Тағаладан сендерге де, өзiмiзге де жарылқау тiлеймiз» (Муслим).
Бидат деген не?
Бидат - шын таратылуына Ислам дiнiнде дәлелi, сипаты болмаған, заманалар өте келе адамдар тарапынан соқыр жорамалмен дiнге енгiзiлген кейбiр қағида-жосындар. Бидат туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейдi: «Кiмде-кiм Исламда болмаған iстердi, жорамал-жосындарды дiнiмiзге кiргiзiп алатын болса, ол ешқандай қабыл етiлмейдi» (Бухари мен Муслим).
Бидаттың қанша түрi бар?
Бидаттың үш түрi бар:
1. Адамды кәпiр қылатын бидат.
2. Харам етiлген бидат.
3. Мәкруһ етiлген бидат.
Адамды кәпiрлiкке апаратын бидат - өлiктерден медет сұрау, әлде қандай игiлiк, кеселге дауа тiлеу тәрiздiлер. Мәселен, медет бер, әруақ! - деп сиыну.
Харам етiлген бидат - өлiктердi дұғада, ғибадатта Аллаһ Тағалаға теңестiру, сондай-ақ, бейiтке бағыштап намаз оқу сияқты iстер.
Мәкруһ етiлген бидат - жұма оқыған адамның есi-дертi бесiн намазда болуы немесе намаздағы iштен оқылатын дұға, аяттарды жария оқу тәрiздiлер.
Уәсила деген не?
Уәсила - жасаған дұға қабыл болу үшiн және талап-тiлекке жетуде, Аллаһқа жақындасу мақсатында өзi мен Аллаһтың арасына әлдеқандай куәлiк салу. Яғни уәсила - араға куә салу деген мағынаны бiлдiредi. Уәсила екi түрлi: бiрi - қабылданған уәсила, екiншiсi - тыйым салынған уәсила.
Қабылданған немесе жол берiлген уәсила қайсылар?
Қабылданған, жол берiлген уәсила - Құранда, хадистерде бұйырылған және сахабалар қолданған уәсилалар. Олар мыналар:
1.Әр адам өзiнiң иманын уәсила - кепiл етуi. Аллаһ Тағала дұға оқығандардың дұғасын әңгiмелей келiп былай дейдi: «Раббымыз! Бiз: Раббыларыңа иман келтiрiңдер» деп шақырған шақырушыны естiп, иман келтiрдiк. Раббымыз! Ендi күнәларымызды жарылқап, жамандықтарымызды жасыр. Және жақсылармен бiрге өлiм бер» (Әли Имран 3;193).
Аталған аят мүмiндердiң Аллаһ Тағалаға өздерiнiң айтқан имандарын кепiл қылғаны: Аллаһтан күнәсiн кешiрудi, Аллаһтан жақсылар қатарында өлiм бұйыруын сұрағаны әңгiмеленген. Мұның өзi уәсиланың дұрыс жолын көрсетедi.
2.Аллаһ Тағаланың бiрлiгiн және кемшiлiктен таза екенiн уәсила ету.
Аллаһ Тағала Жүнiс пайғамбардың балық iшiнде тұрып, Аллаһтың бiрлiгiне, күнәдан пәктiгiне оқыған дұғасын былай әңгiмелейдi: «Содан қараңғылықтар iшiнде балықтың қарнында: «Сенен басқа ешбiр Тәңiр жоқ. Пәксiң. Шын мәнiнде мен қателесушiлерден болдым» деп жалбарынды» (Әнбия 21:87).
Аллаһ Тағала бұл аятта бiзге Жүнiс пайғамбардың басынан кешкен бiр оқиғасы арқылы Құдайға қалай си-ынудың тура жолын көрсеткен. Жүнiс (р.а.) Аллаһ Тағаланың бiрлiгiн, пәктiгiн растап сиынғандықтан дұғасы қабыл болды, Аллаһ Тағала оны балықтың қарнынан сау-саламат шығарған.
3.Аллаһ Тағаланың қасиеттi есiмдерiн куәлiк ету.
Аллаһ Тағала бiзге уәсила етудiң жолын үйретiп былай дейдi: «Аллаһ Тағаланың көркем есiмдерi бар, Аллаһ Тағаланы сол көркем есiмдермен атаңдар». Аллаһ Тағаланың Құран және хадистерде баян етiлген 99 аты бар. Дұға оқығанда сол есiмдердiң бiрiн атап, Аллаһ Тағалаға бағыштаса, дұға қылушы Аллаһ Тағаланың есiмiн уәсила яғни куәлiк еткен болады.
4. Аллаһ Тағаланың кемел сипаттарын уәсила ету.
Пайғамбар (с.ғ.с.) Аллаһ Тағаланың кәмiл сипаттарын уәсила етiп мынадай дұға оқитын: «Уа, мәңгi тiрi және мәңгi тұрушы Алла? Тағала! Сенiң рақымыңмен өзiңнен медет сұраймын» (Тирмизи).
5. Жақсы iстермен уәсила ету
Намаз оқу, Құран аудару, ата-ананы риза ету, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат оқу, оны дос тұту, уәде орындау, аманатқа адалдық тәрiздi жақсы iстер мен ғибадаттар дiнiмiзде көрсетiлген уәсилалар. Пайғамбарымыздың бiр хадисiнде үш адамның бiр үңгiрге түсiп кетiп, одан шығу мүмкiндiгiн таппай қиналғанда, олар кәмiл ықыласпен Аллаһ Тағалаға әрқайсысы өздерi iстеген жақсы iстерiн куә еткенде, олардың дұғалары қабыл болып, әлгi үңгiрдiң аузы ашылғандығы және олардың сау-саламат сыртқа шыққаны аңыз етiледi. (Бұл қисса Саһиһул Муслимде әңгiмеленедi).
6. Күнәдан, жаман iстерден арылып, олардан Аллаһ Тағаланың разылығы үшiн бас тартқандығын куә ету.
Иә, әрқандай жаман iстен терiс айналу жақсы iске есептеледi. Жоғарыдағы қиссада әңгiмеленген үңгiрге құлаған үш адамның бiреуi зинаны тек Аллаһ Тағаладан қорыққандықтан қойғанын атағандықтан, iс жүзiнде оның дұғасы қабыл етiлген.
7. Тiрi ата-анасы мен ғұламалардан және тақуа адамдардан Аллаһ Тағалаға дұға оқып берудi сұрау.
Бұл да уәсилаға жатады. Мұның өзi тiрi адамды куәлiкке ұстағандық. Тiрiлердi куәлiк ету де жол берiлген уәсила.
Уәсила, мiне, осындай жетi түрлi көрiнiсте болады. Бiрақ таңқаларлық жайлар да бар. Қазiргi заманда көп адам дiнiмiзде көрсетiлген дұрыс уәсилаларды былай қойып, мазардағы өлiктердi құлшылықтарына куә етедi, мұның бәрi түсiнбегендiктен, өзге еш нәрсе емес.
Тиым салынған уәсилалар қайсылар?
Тиым салынған уәсилалар - Ислам дiнiнiң тәртiбiне сай келмейтiн, Құран, хадистерде бұйырылмаған нәрселер. Оның бәрi қараңғылықтың, надандықтың салдары. Надандықтың түрi көп. Елiмiзде ең көп тараған қараңғылықтың бiр мысалы - дұғаны өлiктiң өзiне бағыштау және мұқтажын әруақтардан жалбарына сұрау. Мұның екеуi де Аллаһқа ортақ қосқандыққа жатады.
Пайғамбарға (с.ғ.с.) қалай уәсила ету керек?
Пайғамбарға (с.ғ.с.) уәсила еткенде, оған деген иманымызды, ықыласты сүйiспеншiлiгiмiздi және өте берiлгендiгiмiздi куәлiк етуiмiз керек. өйткенi, Пайғамбарға (с.ғ.с.) иман келтiруiмiз, ықылас, сүйiспеншiлiк бiлдiруiмiз, илануымыз - ең жақсы құлшылығымыз саналады, ол тiптi сиынуымыздың асыл жақұты есептеледi. Нәтижеде бiз Құран Кәрiмде көрсетiлген жақсы iстердi куәлiкке ұстаған боламыз.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатын кiмнен сұрау керек?
Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатын Аллаһ Тағаладан сұрау керек. өйткенi, Пайғамбарға (с.ғ.с.) шапағат қылу рұқсатын берушiнiң өзi Аллаһ Тағала. Пайғамбар (с.ғ.с.) бiр сахабаға шапағатты кiмнен қалай сұрау керек екенiн көрсетiп былай дейдi: «О, Раббым! Расулiңдi маған шапағат қылдыра гөр» (Тирмизи).
Аллаһ Таалаға дұға оқу бiрер мақлұқтың уәсилаға мұқтаж ба?
Аллаһ Тағалаға дұға оқу ешқандай мақлұқтың уәсилаға мұқтаж емес. Аллаһ Тағала әр пенденiң дұғасын және барлық құлшылық iсiн өзi ғана тiке көрiп, тыңдап тұрады. Сондықтан, әркiм оқыған дұғасын тiкелей Аллаһтың өзiне бағыштауы керек. Аллаһ Тағала Мұхаммедке (с.ғ.с.) былай дейдi: «(Мұхаммед) егер құлдарым Мен туралы сұраса, «Өте жақынмын, қашан Менен тiлесе, тiлеушiнiң тiлегiн қабыл етемiн» (Бақара 2:186).
Аллаһты, оның Пайғамбарын қалай дос тұту керек?
Аллаһ Тағаланы және оның Пайғамбарын дос тұту үшiн, Олар разы болатын iстердi iстеу және Олар разы болмайтын iстерден бой тарту керек. Олардың достарына дос, қастарына қас болу жолымен дос болу керек. Аллаһ Тағала бұл жөнiнде былай дейдi: «(Мұхаммед), оларға: «Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған iлесiңдер. Алла? Тағала сендердi жақсы көрiп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткенi, Аллаһ аса жарылқаушы, ерекше мейiрiмдi» де» (Әли Имран 3:31). Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Сендерден ешбiреуiң менi ата-анаңнан, балаңнан және басқа адамдардан да ерекше жақын дос көрмейiнше мүмiн бола алмайсыңдар» (Бухари және Муслим).
Исламда уақыт мерзiмi белгiленбеген зор құлшылық қайсы?
Ислам дiнiнде уақыт мерзiмi белгiленбеген ең зор құлшылық екеу. Олардың бiрi - әмiр-мағруп, дiндi насихаттау және бiрi - Аллаһтың жолына шын берiлу, құлай берiлу, яғни жиһад.
Әмiр-мағруп Исламды насихаттау арқылы адамзатты жақсылыққа бастау. Ислам насихаты дегенiмiз адамдардың көз алдына Ақыреттi елестету арқылы оларды жаман iстерден қайтару, жамандықтан тыю.
Әмiр-мағруп пен насихаттың үкiмi не?
Әмiр-мағруп, үгiт-насихат айту яғни ол ер болсын, әйел болсын, ғалым не жай адам болсын, шамасы келгенше әр мұсылманның мойнындағы айнымас парызының бiрi. Әмiр-мағруп, үгiт-насихат Ислам дiнiндегiлерге тән ерекше қасиет. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейдi: «Сендер адам баласы үшiн игiлiктi әмiр етiп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаһқа сенетiн қайырлы бiр үммет болып шығарылдыңдар» (Әли Имран 31:110).
Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға әмiр-мағруп, үгiт-насихат жүргiзу әр мұсылманға парыз екенiн баяндай келiп былай дейдi: «Сендерден бiреуiң жамандықты көрсе, оны қолымен тыйсын, егер оған күшi жетпесе сөзiмен өзгертсiн ал оған күшi жетпесе жүрегiмен қарсылық бiлдiрсiн. Оның өзi иманның әлсiздiгiн көрсетедi» (Имам Муслимнен).
Соңғы сөйлемнiң мәнi - бар жүрегiмен наразылық бiлдiрмегендiк иманның нашарлығынан дерек бередi деген сөз.
Жиһадтың үкiмi не?
Аллаһ жолында жиһад - Аллаһ жолына шын берiлу. Жиһадқа шын берiлу - парыз кифая. Парыз кифая дегенiмiз - жалғыз мұсылманның емес, бүкiл мұсылмандар қауымының үстiне ортақ бұйырылған парыз. Парыз кифаяны мұсылмандар қауымынан бiр топ адамның орындауы басқалардың мойнындағы қарызды түсiре алады. Алайда, жиһад кейбiр жағдайда бiр топ адамның үстiндегi парыз айн да болады. Парыз айның мағынасы әр жеке адамның өзi орындауына бұйырылған парыз.
Жиһад қандай жағдайда парыз айналған болады?
Жиһад мынадай үш жағдайда парыз айнға өзгередi:
1. Жиһадқа дайындалып соғысқа шыққандардың қатарына қосылған адам үшiн жиһад (құдайға берiлу) парыз айн болады. өйткенi, ол құдай жолында жан қиюға дайын адам деген сөз.
2.Мұсылмандар тұрған қалаға немесе мемлекетке дұшпан басып кiрген уақытта барлық мұсылманға жиһад (соғысқа шығу) парыз “айн болады. Мұндай жағдайда жиһадқа шықпаған адам Аллаһ алдында қатты күнәһар болады.
3.Әкiм немесе имам, яғни Ислам мемлекетiнiң әкiмi мен имамы жеке кiсiнi жиһадқа шығуға белгiлесе, сол адам үшiн жиһадқа шығу парыз айн болады.
Жиһад не үшiн бұйырылған?
Жиһад көптеген ұлы мақсаттарға, керемет ғажаптарға қол жеткiзу үшiн бұйырылған. Оларды мынадай төрт мақсатқа топтауға болады:
1. Ислам идеяларын қауiптi күштерден қорғап қалу.
2. Ислам мүддесi жолындағы бөгеттердi бұзып тастау.
3. Дiн дұшпандарына төтеп беру.
4. Мұсылман тұрғындарды - мұсылман қауымын сыртқы шапқыншылықтан қорғау.
Аллаһ Тағала жиһад туралы былай дейдi: «Соғысқа шығыңдар, сондай-ақ Аллаһ жолында малдарыңмен, жандарыңмен соғысыңдар, осыларың сендер үшiн қайырлы, егер бiлген болсаңдар» (Тәуба 9:41).
Алла? Тағалаға бағышталған қандай тәуба қабыл болады?
Күнә жасаған адамдардың мынадай үш түрлi тәубасы қабыл болады: Олар:
1. Бұрын жасаған күнәсi - жаман iстерi үшiн өкiнгенi.
2.Күнәдан, жаман iстерден бiржолата қол үзуi үшiн жасаған тәубасы.
3.Бұрын қылған күнәсiн, жаман iстерiн қайталамауға уәде қылған тәубасы.
Ал, жеке адамдардың ақысын жеу, зорлық және басқа жамандықтардың тәубасы жоғарғы үш шарттан бөлектеу, бұл - төртiншi шарт санала отырып, ақысын жеген адамнан және зорлық көрген жаннан кешiрiм сұрау, ақысын қайтарып берiп, разы ету арқылы қабыл қылынады. өйткенi, Аллаһ Тағала өз ақысына тән күнәларды жоғарыда айтылған үш шарт бойынша кешiредi.
Бiрақ адамдардың ақысын жеудi, жеке адамдарға жасалған жамандықтарды ақы иесi кешiргенде ғана Аллаһ Тағала кешiредi. Жеке адам кешiрмесе, Аллаһ Тағала да кешiрмейдi. Мiне, бұл - Аллаһтың әдiлеттiлiгi. Аллаһ Тағала ақысына тән күнәлар дегенiмiз Аллаһ Тағаланың әмiрiне, бұйрығына асылық жасағандықтың күнәлары болады. Оны Құдай Тағала кешiрмейдi.
Аллаһ Тағала мен оның Пайғамбарының (с.ғ.с.) хақынан кейiнгi адам мойнындағы ең үлкен хақы қайсы?
Ол ата-ананың хақысы. өйткенi, ата-ана бiздiң дүниеге келуiмiзге себеп болған, қиыншылықтарға шыдап, бiздi бағып өсiрген адамдар. Аллаһ Тағала бұл жөнiнде былай дедi: «Раббың, өзiңе ғана ғибадат етулерiңдi, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмiр еттi. Ал, егер ол екеуiнiң бiрi немесе екеуi де жандарыңда кәрiлiкке жетсе: «Түһ» деме. (Кейiс бiлдiрме). Сондай-ақ, ол екеуiн зекiме де, ол екеуiне сыпайы сөз сөйле» (Исра 17:23).
Авторы: МУХАММАД Юсуф, Аударған: ЕСТЕУ Нүсiпбеков