Ей, перзентiм, бiлгенiң жақсы, Алла Тағала күллi өзiнiң құдiрет күшi әдiлдiгiн әмбеге паш еттi. Әрбiр зат, жан-жануарға қадiр-қасиет, түр-тұлға, көрiк, сипат бердi. Алла Тағала бiлiмсiзден - бiлiмдiнiң, көрiксiзден - көрiктi сұлудың, жоқшылықтан - баршылықтың абзалдығын танытып, адам мен хайуанның парқын аспан мен жердей ете бiлдi. Әрбiрiне өзiне тән түр-тұлға, сыр-сипат бердi.
Және ол қасиеттi өзiнен соңғы үрiм-бұтақтарына да дарытты. Көру үшiн көз, сөйлеу үшiн сөз, ойланып пайымдау үшiн ақыл-ес бердi. Алла Тағаланың құдiретi күштiлiгiн, күнсiз сәуле және жылылық таратуға, бұлтсыз күн жаудыруға шамасы келетiндiгiнен байқауға болады. Алла Тағаланың кереметiнiң шегiн болжауға ешкiмнiң де ақылы жетпейдi. Жұлдыздар әсерiмен дүниеге iзгiлiк немесе апат жiберуге құдiретi бар. Жақсылық пен жамандыққа өзiнен басқа бiр қалыс заттарды себепшi етедi. Мәселен, бұлт - жаууға, күн - дүниенiң нұрлануына, түн - қараңғылануына, жұлдыздардың ағуы - қараңғыда жарқырап көрiнуге себепшi болады. Бұлардың алма-кезек ауысып тұратын қозғалысына тән жүйелi заңдылықтар бар. Егер бұл заңдылықтар бұзылса, жүйесiздiк, тәртiпсiздiк белең алып, дүние астан-кестең болады. Осы табиғи заңдылықтардың сақталу нәтижесiнде күллi әлемде жүйелi тәртiп орнайды. Осыған орайлас дүние түйсiгiн де жаратқан. Дүниеде бiр нәрсе пайда болса, ол екiншi нәрсеге айналып, Алла Тағаланың әмiрiне дәлел болады.
Ей, перзентiм, қалайда дүние заңдылықтарына немқұрайды бейтарап қарауға болмайды. Оның оңы мен терiсiнен, өңi мен астарынан хабарың болсын. Мысалы, тұқымның өнiп шығуына топырақ пен су себепшi. Егер жерге сепкен ұрығың уақтылы бөртiп шықпаса, ол тек қана жердiң кiнәсi деп түсiнбе. Сол сияқты ойлаған мақсатың орындалмаса, оған жұлдыздар немесе замана айыпты деп ойлама. Олардың кейбiр керi әсерi болғанымен, тiкелей қатысы болмауы ықтимал. Мәселен, ұрықтың өнiп шығуына жердiң тiкелей қатысы бар, бiрақ бидай ексең, одан арпа өндiруге шамасы келмейдi. Жұлдыздардың да ықпалын осылай түсiну керек.
Дүние түзiлгенде ұлы даналықпен түзiлiп, оған көркемдiк пен сұлулықты үйлестiрдi. Егер оған жiтi көзбен назар салсаң, көркемдiк көкжиегiнiң шексiз екендiгiн байқайсың.
Дүниедегi өсiмдiк пен жан-жануар iшiп-жемек, киiм кимек, жақсылық пен жамандықтың бәрi де дүниенiң мүлкi, көркi, сұлулығы деуге болады. Алла Тағаланың кереметiнен де осыларды байқау керек.
Ей, перзентiм, бiлгенiң жақсы, Алла Тағалам дүниенi жаратумен бiрге, ризық-несiбенi қоса жаратты, iшiп-жеудi, нәпсiнi жаратты. Бұлар болмаған жағдайда дүние бiр ойыншық сияқты ғана болар едi. Алла Тағала адамзатты жаратты, оған қажеттi заттық игiлiктердiң алуан түрiн пайда қылды. Адамның өмiр сүруiне қажеттi өнер, бiлiм, саясат ағымдарын жаратты. Егер саясат салтанат құрмаған жағдайда, адам баласы көп нәрседен хабарсыз қалған болар едi. Сондықтан адамзатқа саясат ауадай қажет болады. Саясатсыз қоғамда әдiлетсiздiк үстемдiк құруы сөзсiз. Алла Тағала саясатты дұрыс алып бару үшiн, пенделерiне пайғамбарларды (елшiлердi) жiбердi. Халыққа, құдайға құлшылық етудiң жолдарын үйретсiн дедi. Алла Тағаланың берген ризық-несiбесiне, түр-тұлға, көрiк-сипатына шүкiрлiк етiп, мойынсұндыру үшiн жiбердi. Адамның қасиетi басқа түрлi жан-жануардан әлдеқайда жоғары дәрежеде. Сондықтан да адам баласы өзiн тура жолға салушыларды танып-бiлуге мiндеттi. Ризық-несiбенi жеткiзушiнi ойында сақтауы шарт. Пайғамбарлардың бар екенiн ақиқат деп түсiнiп, әзiрет Адамнан Мұхаммед пайғамбарға дейiнгiлердi бiрiнен бiрiн кем демей, дiнге шын көңiлiмен сенiп, Алла Тағалаға құлдық етушiлер дүниеде өзiнен соңғыларға жақсы атақ қалдырады.
(«Қабуснама» кiтабынан)