Қажылық - ислам дiнi бес негiзiнiң соңғысы. Оның парыздығы қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - деп ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару», - делiнген.
Шариғат кiтаптарында: «Бас бостандығы бар, балиғат жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс, денi-басы сау адамға қажылыққа бару парыз делiне отырып, қажыға баратын жол қауiп-қатерсiз, оған азық-түлiгi, көлiгi немесе көлiк жалдауға қаражаты болуы керек екендiгi және үлкен сапарға аттанған кiсiнiң үйiнде қалған отбасы тарығып қалмайтындай нәпақамен қамтамасыз етiлуi де шарт», - деп көрсетiлген.
Қажылық сөздiкте - «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiрсе, шариғатта - арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында саъий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм.
Қағба мен қажылықтың тарихы
Қажылықта атқарылатын амалдардың тарихы сонау Адам (ғ.с.) атадан да ертеректен бастау алады. Ол туралы қасиеттi Құран Кәрiмде:
«Ақиқатына келсек, адамдардың ғибадат етуi үшiн тұңғыш салынған үй Меккеде. Бүкiл әлемдегi қасиеттi және тура жолға бастайтын үй сол»(«Әли-Имран» сүресi, 96 аят) делiнген. Демек, адамдардың ғибадат етулерi үшiн, бүтiн әлемге мүбарак саналған тұңғыш үй - Меккедегi Қағба үйi. Сол Қағбадан бұрын жер бетiнде салынған үй болмаған.
Хадисте: «Адам Ата мен Хауа ана ұзақ жылдық айырылудан соң Арафат тауында жолыққанда (Арафат - Адам Ата мен Жәбiрейiл жаннаттан кейiн, қайта жолыққанда, Жәбiрейiл (ғ.с.) Адамнан (с.ғ.) «арафта» - яғни «таныдың ба?» деп сұраған сөзiнен шыққан деседi) Алла Тағала Жәбiрейiл перiште арқылы ол екеуiне ғибадат үйi Қағбаны салуды әмiр етiп, құрылыс бiткен соң, оны тәуап етуге бұйырып, «Сен жер бетiндегi тұңғыш адам болсаң, бұл жер бетiнде құрылған тұңғыш үй» - деген екен.
«Адамның (ғ.с.) қажылық жасағанын көрген перiштелер: «Қажылығың қабыл болсын, ей Адам (ғ.с.) бiз де бұл үйдi сенен екi мың жыл бұрын зиярат еткенбiз», - дептi. Бұған қарағанда, Қағбаны алғашқы рет перiштелер тұрғызып, тәуәп жасаған. Адамзат дүниеге келместен бұрын, жер бетiнде iблiс шайтанның тегi Бани Жин тайпасы тiршiлiк еткен.
Ол жер бетiн жаман, бұзық iстерге толтырып жiбергендiктен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, төртiншi қабат аспан перiштелерi арқылы қиратылып жермен-жексен етiлдi. Аспан перiштелерi сол оқиғадан кейiн бiрнеше уақыт жерде қалып қояды. Жердi гүлдендiрген олар төртiншi қабат аспанда жүргенде қызыл жақұттан жасалған Байт әл-Маъмұр деген үйдi тәу еткендерi сияқты, Алла Тағаладан жер бетiнде де сондай қажылық ететiн үйдiң болуын сұрайды. Алла Тағала олардың дұғаларын қабыл етiп, ғарыштағы Байт әл-Маъмұр астындағы топыраққа бiр үй тұрғызып, оны зиярат етуге бұйырады.
Ислами риуаяттарда айтуынша, содан берi Қағба он рет бұзылып, қайта жасалған. Адам (ғ.с.) Алла әмiрiмен қайта қалап, қажылық еткен үйдi Нұһ (ғ.с.) дәуiрiнде жер жүзiн топан суы басқанда - перiштелер Қағбаны жетiншi көкке көтерiп әкеткен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға көтерiлгенде: «Перiштелер Қағба үйiн тәу етiп жатқанын, Ибраһимнiң (ғ.с.) сол үйге сүйенiп отырғанын көрдiм. Перiштелердiң көптiгi соншалық қасиеттi үйдi бiр тәу еткен перiштеге қиямет күнiне дейiн қайта кезек келмейдi екен»,- деген сөзi бар.
Ибраһимнiң (ғ.с.) пайғамбарлық дәуiрiнде ескi үй орнына баласы Исмаил (ғ.с.) екеуi Алла Тағала бұйрығымен қазiргi Кағбатуллаһты салғаны туралы имам әл-Бухарий Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен қиссада: «Ибраһим (с.ғ.): «Ей, ұлым, Исмаил! Алла Тағала маған бiр iс бұйырды», - деп едi, Исмаил: «Әке, Раббыңыз бұйырған iстi орындаңыз», - дедi. Әкесi: «Ұлым, көмек бересiң бе?», - дегенiне, ұлы Исмаил ойланбай: «Әрине», - деп үн қатты.
Ибраһим: «Алла Тағала маған мына жерден үй соғуға әмiр еттi», - деп кiшкене ғана бiр төбенi көрсеттi. Сосын ұлы тас тасыды, әкесi қалады», - делiнген.
Осылайша, әке, баланың iсi оңға басып, Қағба бой көтерiп, бiр деңгейге жеткенде, тас қалау қиынға соғады. Сонда әкесiнiң бойы жетiп, iсi оңайлауы үшiн баласы оның аяғының астына биiк, жалпақ тас әкелiп қояды. Сол тасқа Алла Тағала кейiнгiлер: «Ибраһимге сәлем!» - деп жүрулерi үшiн даңқ және естелiк ретiнде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аяқ iздерiн қалдырады.
Бұл туралы қасиеттi Құранда:
«Ондағы қасиеттi белгi - Ибраһимнiң (с.ғ.) орны» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - делiнедi.
Ғұламаларымыздың айтуынша, «Ибраһимнiң орны» деп Ибраһимнiң (с.ғ.) Қағбаны салып жатқанда, табанының iзi қалған тас және оның айналасы айтылады. Ибраһим (с.ғ.) Қағба салуды аяқтаған соң, тас алдында намаз оқыған екен. Сондықтан да қажылар тәуеп етiп болып, сол арада екi ракат намаз оқиды.
Бұл туралы қасиеттi Құранда:
«Ибраһимнiң (ғ.с.) орнын намаз орны етiңдер» («Бақара» сүресi, 125 аят), - деп бұйырылғандықтан шариғатымызда бұл уәжiп деңгейiнде саналатын намаздардың бiрi.
Ибраһимнiң (ғ.с.) iзi қалған тас Омардың (р.а.) халифаттығына дейiн Қағбаға тиiп тұрды. Оны хазiретi Омар тәуеп етушiлерге кедергi болмасын деп шетке жылжытқан. Сол тас қазiр де бар. Ол шыны ыдысқа салынып аздап жоғары көтерiлiп қойылған.
Ибраһим (с.ғ.) Қағбаның төрт қабырғасын қалап боп, кезек осы күнгi «Хажар әл-Асуад» деп аталатын қасиеттi қара тасқа жеткенде, әке-бала тәуептiң бастау алатын бұрышын жасамақ болып ойға қалады. Сонда Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште Ибраһимге (с.ғ.) жұмақтан белгi боп тұру үшiн арнайы тас ала келiп, оның орнын көрсетедi.
Риуаят бойынша, бұл тас жұмақтан әкелiнгенде таңқаларлықтай аппақ екен. Бiрақ уақыт өте келе адамилықтан ауытқыған, ғұсыл-дәреттi, әуретiн жабуды ұмытқан күнәһар қолдардың тигендiгiнен нұрын жоғалтып, қара тасқа айналыпты. Ол туралы хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз:
«Расында Қағбадағы қара тас - жәннат жақұттарының бiрi. Қиямет күнi оған Алланың құдiретiмен көз және тiл бiтiп, ол өзiне тәу еткендерге куәлiк етедi», - дейдi.
Және бiр хадисте: «Ей, мүмiндер! Хажар әл-Асуадты жерде тұрғанда ғанибет көрiп, көп зиярат етiңдер, сондай бiр күн келедi, адамдар Байтулланы кешке тауап етiп, ертесiне келсе, Хажар әл-Асуадты таба алмай әуре-сарсаң болады. Өйткенi жәннаттан шыққан нәрселердi Алла Тағала қиямет алдында қайта жәннатқа көтерiп әкетедi», - делiнген.
Тәуеп осы қара тастан бастап оңға қарай жүрумен басталады. Оған қарап, «Аллаһу Акбар» деген такбир мен «ләә иләәһә илләлла» дейтiн таһлил айтылады. Тасты ұстап, басқа мұсылманға кедергi келтiрмейтiндей болса сүйедi. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейiн әдiл Омар ( р.а.) осы қара тасты сүйiп тұрып: «Сенiң, пайда да, зиян да бере алмайтын тас екендiгiңдi анық бiлемiн. Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сенi сүйгенiн көрмегенiмде, мен де сенi сүймес едiм», - деп, айтқанын естiген Әли (р.а.):
- «Ей, мүмiндердiң әмiрi! Расында бұл тастың зияны мен пайдасы да бар», - дедi. Омар (р.а.):
- «Сонда қалай? Ей, Хасанның әкесi! Әрi пайдасы, әрi зияны да болғаны ма?» - деп сұрады. Әли (р.а.):
- «Алла Тағала Адам (с.ғ.) ұрпағынан әл-мисақта уәде алғанда, оларды жазып, осы тас iшiне салып қойған. Қиямет күнi бұл тас мүмiндердiң уәделерiнде тұрғандығы үшiн пайдаларына және кәпiрлердiң уәделерiн бұзғандығы үшiн зияндарына куәлiк етедi», - дедi.
Сондықтан адамдар осы қара тасты сүйген уақытта:
«Ей, жаратқан ием! Өзiңе иман келтiрiп, кiтабыңды растап және берген уәдемде тұрып, бұл тасты сүйiп жатырмын», - дейдi.
Қағбаның қара тас тұрған бұрышы шығысқа қаратылған, оны Рүкiн дейдi. Қара тас жерден бiр метр жоғарыда тұр. Айналасы күмiспен жиектелген.
Мұсылмандар үшiн жер бетiнде Қағбадан өзге қасиеттi орын жоқ. Өйткенi, ол киелi орын. Қағба Ұлы
Жаратушымыз Алла Тағаланың әмiрiмен, Жәбiрейiлдiң (с.ғ.) көмегiмен салынды.
Қасиеттi Құранда:
«Кезiнде үйдi (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекенi етiп бердiк» («Бақара» сүресi, 125 аят), - делiнген.
Аяттағы «Жиналатын орын» деген сөз «Мәсәбатан» сөзiнен тәржiмаланып отыр. Ал, осы сөздiң толық мағынасын ашып беретiн қазақ тiлiнде өзге сөз болмағандықтан ол сөз осылай аударылды. «Масабәтан» сөзi - адам қайта-қайта барса да тоймайтын жер деген мағынаны да бiлдiредi. Сондықтан да ол Алла Тағаланың бiр керемет жайы ретiнде адам қанша барса да өзiне қайта тартып тұратын шарапаты аса мол киелi.
Имам Мүслим Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккенi (фатх) азат еткен күнде: «Расында, Алла Тағала бұл елдi аспан мен жердi жаратқан күннен бастап Харам деп бекiткен... Бұл жер Алланың құрметi үшiн қиямет қайымға дейiн Харам саналады.
Көгерiп тұрған өсiмдiгi жұлынбайды, жануары үркiтiлмейдi. Түсiп қалған затты таныған адамнан басқасы алмайды...», - деген. Харам сөздiң мағынасынан жамандық атаулы iс-қылықтың барлығына тыйым салынған қасиеттi дегендi түсiнемiз. Демек, Харам шариф өлкесiнде тек адамға ғана емес, тiптi жануары мен өсiмдiгiне де амандық кепiлдiгi берiлген.
Қағба - күллi мұсылман баласының қиямет-қайымға дейiн намаздарында және басқа да ғибадаттарында жүздерiн бұратын, қажылық пен умрада мүмiн-мұсылмандардың басын қосатын қасиеттi мекен.
Қажылық ғибадатында - мұсылмандар Алланың нұрын таратқан орталыққа жиналып, жылына бiр рет бас қосады.
Мұсылмандардың жылдық жиындары саналған қажылықта - адамдар арасындағы теңдiк бiрден көзге түседi. Онда барлық қажылар өздерiне қажылықты парыз етiп ихрамға кiредi. Ихрамның ақ маталы киiмiне оранып ортақ зiкiрдi айтып жатқанда, ешкiмдi де ажырата алмай қаласың. Ол киiмдi киген барлық қажылардың атқаратын амалдары да бiрдей. Барлығы да бiр жолмен бiр амалды орындау үшiн барады, бiр-бiрiнен қалмай сол жолмен қайтады. Демек, патша да, жарлы да, бай кiсi де, үлкен-кiшi де, күштi мен әлсiз де ихрамда өздерiн кiшiпейiл ұстап, Алла құзырында жүргендей кiршiксiз сезiммен жүредi. Бұл
Ислам дiнiнiң теңдiк дiнi екендiгiне ашық дәлел емес пе?
Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бiр хадисiнде:
«Қажылар және умраға барушылар - Алланың жер-жерден келген өкiлдерi және қонақтары. Егер олар Алладан тiлесе, Алла оларға тiлегенiн бередi. Кешiрiм сұраса, кешiредi, шапағат тiлесе, шапағатқа бөленедi және дұға етсе, дұғалары қабыл болады» десе, ендi бiрiнде:
«Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйдi қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» делiнген.
Бұзақылық деп - үлкен-кiшi күнәлi iстердi айтады. Ал, жанжалға, талас-тартысқа түсу, ұрысып қалу, ашулану жатады. Қажылық - үлкен дәреже. Онда мұндай терiс iс-әрекет жасау дұрыс емес. Қажылыққа барушы Алла Тағаланың үйiне зиярат ету үшiн Жаратушысына бетiн бұрған адам саналады. Сондықтан да қажыдан барлық жаман iстерден тыйылып, жақсы амалдармен ғана шұғылданар аса әдептiлiк талап етiлген.
Қажылық кезiнде әрқандай бiр жағымсыз қылық болғанда қажылар: «Йа қажи, сабыр, сабыр!» деп бiр-бiрiне ескертедi. Қажылар соған орай жаман iс-әрекеттерге бармай, барынша жақсы амалдарды көбiрек жасап қалуға тырысып бағады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Кiмде-кiм үйiнен қажылықты немесе умраны ниет етiп шығып, кейiн жолда дүние салса, ол кiсiге қиямет күнiне дейiнгi әр жылғы қажылық пен умра сауабынан несiбе жетiп тұрады. Ал, екi Харамның бiрiнде дүниеден өтсе, еш кедергiсiз, есеп берместен жәннатқа кiредi» дедi.
Сондай-ақ, «Шариғат талабы бойынша орындалған қажылық дүниеден және ондағы барлық нәрселерден артық. Оның сыйы тек қана жәннат» дейдi хадис-шарифте, Мүмкiншiлiгi бола тұра қажылыққа бармаған мұсылман үлкен күнә жасаған болып саналады. Қасиеттi Құранда:
«Кiмде-кiм қарсы келсе, Алла күллi әлемнен беймұқтаж» («Әли Имран» сүресi, 97-аят) делiнген. Яғни Алла Тағала адамзаттың қажылығы түгiлi барша ғибадатына мүлдем мұқтаж емес, керiсiнше әлемдегi барлық нәрсе оған мұқтаж. Аятта «қарсы келсе» деген сөздiң арабшасында «кәфәрә» яғни «кәпiрлiк» сөзi қолданылуының өзi де көп мән-мағынаны айқындай түседi. Бұл аят бойынша жағдайы бола тұра қажылық жасамаған адамның әрекетi кәпiрлiкке теңелген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Кiмде-кiм жағдайы бола тұра, қажылық етпей дүниеден өтсе, онда ол қаласа яһуди, қаласа христиан болып дүниеден өтсiн» деп, тектен-тек айтпаса керек-тi.
Қажылықтың рүкiндерi мен олардың қасиеттерi
Қажылықтың үш парызы бар. Олар:
1. Ихрамға кiру.
2. Арафа тауында уақфаға тұру.
3. Тауап аз-Зиярат жасау.
Ихрамға кiрудi - тәлбия айтумен бiрге қажылық немесе умраны ниет етiп ихрам киiмiне кiру деп түсiнемiз.
Арафа - Мекке маңындағы тау. Қажылыққа барғандар ол жерде сағаттап тiк тұрып Алла Тағалаға дұғалар оқиды. Мұны Арафа тауындағы уақфа дейдi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бiрде: «Қажылық дегенiмiз - Арафат, Арафаттағы уақфаға үлгiрген, қажылыққа үлгiрген саналады» десе, және бiр сөзiнде: «Кiмде-кiм Арафат тауында тұрып, Алла Тағала менiң күнәмдi кешiрдi ме екен? - деп күмәнданса, ол адам бұл дүниедегi, ең күнәһар адам саналады» деген.
Әли ибн Мауқиф (р.а.) былай дейдi: «Мен бiр жылы қажылыққа бардым. Арафат түнiнде «Хайф» мешiтiнде ұйықтадым. Түсiмде екi перiште аспаннан адам суретiнде түстi. Оның бiреуi екiншiсiне:
- Ей, Алланың пендесi, биыл жаратқан иемiздiң үйiн қанша адам қажылық етiп келгендiгiн бiлесiң бе? - дедi.
- Жоқ, - деп жауап бердi екiншiсi.
- Биыл Алланың үйiне алты жүз мың адам қажылығын өтеуге келдi. Солардан қанша адамның қажылығы қабыл болғандығын бiлесiң бе? - деп және сұрады.
- Жоқ, - дедi тағы да.
- Олардан алты кiсiнiң ғана қажылығы қабыл болды, - деп екеуi де аспанға көтерiлiп кеттi. Мен шошып оянып, қажылығымды ойлап қайғыға баттым. Өзiме-өзiм: Алты адамның ғана қажылығы қабыл болған болса, маған сол алты адамның бiрi болу қайда? - дедiм де Арафаттан қайтып, Мәсжид әл-Харамның алдына келiп, көп адамдардың қажылығы қабыл болмағандығы жайында ойланып тұрғанымда тағы да көзiм iлiнiп кетiптi. Түсiмде әлгi екi перiште адам кейпiнде тағы да келiп, алдыңғы сөздерiн қайталады. Кейiн бiрiншiсi екiншiсiне:
- Осы түнде Раббымыз қандай үкiм шығарғанын бiлесiң бе? - деп сұрады.
Екiншiсi:
- Жоқ, - деп жауап бердi.
- Әлбетте, Раббың алты кiсiнiң құрметiне алты жүз мың адамның қажылығын қабыл еттi, - деген уақытта, мен қуанып ұйқымнан оянып кетiппiн, - деген екен.
Расында Алла Тағала Арафатта тұрған бiр пенденiң күнәсiн кешiретiн болса, соның құрметiне Арафатта тұрған барлық пенделердiң күнәсiн кешiредi екен. Бұл Арафат тауының қасиетi және ол таудың Алла алдында дәрежесiнiң ұлықтығын бiлдiредi.
Тәуеп деп - Қағбаны жетi рет айналуды айтады. Оның бiр айналымын бiр шаут дейдi.
Алланың үйiн тәу етудiң қасиеттерi жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шарифiнде:
«Әр күнi осы үйдiң үстiне Алланың жүз жиырма рахымы төгiледi. Соның алпысы оны тәу еткендерге, қырығы iшiнде намаз оқығандарға, жиырмасы жәй қарап тұрғандарға нәсiп етедi» деген. Яғни Алла үйiне барған адам Алланың мейiрiмiне бөленiп тұрады.
Сондықтан, сахабалардың бiрi: «Алла Тағала әр күнi жер бетiндегi адамдарға назар салғанда, алдымен Мәсжид әл-Харамдағы ихрам киген адамдарға қарайды. Кiмде-кiм Қағбаны тәу етiп, намаз оқып немесе жәй ғана Қағбаға қарап тұрған болса да күнәларын кешiредi» деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бiр сөзiнде: «Бұл үйдi көп тәу етiңдер. Себебi, қиямет күнi тәу еткендерiң үшiн сауап аласыңдар. Сауаптың ең қуаныштысы - осы Алланың үйiн тәу еткендерiң болмақ» десе, бiр хадисте үмметтерiне Қағбаны ғанибет көрiп, көп тәу етудi бұйырып:
«Бұл үй (яғни Қағба) көкке көтерiлмей тұрып тәуеп етiп қалыңдар» деген.
Бес түрлi тәуеп бар:
1. Аз-Зиярат, бұл парыз тәуеп.
2. Әл-Уидааъ яки ас-Садр - қоштасу тәуебi, бұл уәжiп деңгейiндегi тәуеп.
3. Әл-Құдум, яғни сәлем тәуеп, сүннет саналады.
4. Нәпiл тәуеп.
5. Умра тәуеп, яғни кiшi қажылық.
Умра сөздiкте - зиярат ету мағынасын бiлдiредi. Ол - қажылық айынан басқа уақытта Қағбаға келiп төмендегi төрт амалды орындаумен атқарылады.
1. Ихрамға кiру.
2. Байтулланы тәуеп ету.
3. Сафа мен Маруа арасында саъий жасау.
4. Шашты алдыру немесе қысқарту.
Қажылар Қағбадан басқа да мұсылмандар үшiн қасиеттi бiрнеше жерлердi зиярат етедi. Олар мешiттерден: Мединедегi Пайғамбарымыз мешiтiнде, Құба, Жұма, Фатима, Амама, Омар, Әли, Қибләтайн мешiттерiнде, Жәннат әл-Бақи мазарында; таулардан алғашқы Құран аяттары түсе бастаған Хира үңгiрi бар Нұр тауында, Қубайс, Арафат, Сафа, Маруа, Рахма тауларында, Мұздалифада, Пайғамбарымыз туылған үйде болып қайтады.
Бұлардың көбi Мекке қаласында. Олардың iшiндегi ең ұлысы Қағбаны қоршаған Мәсжид әл-Харам мешiтi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисiнде: «Меккенi Ибраһим харам еттi, мен сендерге Мәдиненi харам еттiм» дедi.
«Кiмде-кiм, Мәдиненiң ыстығына және ауасына сабыр етсе, қиямет күнi мен оған шапағат етемiн» деген.
Мұсылмандар үшiн Меккеден кейiн Расулулланың қаласы яғни Мәдинеден артық - қасиеттi жер жоқ. Сондай-ақ, ол жердегi амалдардың дәрежесi өте жоғары саналады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисiнде:
«Менiң мешiтiмде оқылған бiр намаз, Мәсжид әл-Харамнан басқа жерде оқылған мың намаздан артық» деген.
Сондай-ақ, Мәдине қаласындағы әрбiр сауапты iс басқа жердегiден мың дәреже артық саналады. Демек, бiр күн ораза ұстау - мың күндiк оразаға тең, бiр дирхем садақа - мың дирхем садақаның сауабына артады. Демек, ол жердегi әрбiр жақсы iске мың сауап жазылады.
Қасиеттi Құранда:
«Адамдарды қажылыққа шақыр» («Хаж» сүресi, 27-аят) деген аят төңiрегiнде: «Алла Тағала: «Ей, Ибраһим (с.ғ.с.)! «Бiздiң бұйрығымызбен салынған бұл үйге адамдарды қажылық етуге шақыр» деп бұйырғанда, «Ия, Раббым! Адамдарға дауысымды қалай жеткiземiн? Менiң дауысым оларға жетпейдi» дедi. Аллаһ: «Ей, Ибраһим (с.ғ.с.)! Сен шақыр. Жеткiзу - бiздiң iсiмiз» дейдi.
Ибраһим (с.ғ.с.) Сафа тауына шығып: «Ей, адамдар! Шынында Раббыларың өзiне ғибадат ету үшiн үй салдыруға бұйырды, осы үйге қажылыққа келiңдер!» деп жар салады.
Осы дауысқа тау-тастар, қалалар, ағаштар, қиямет күнiне дейiн Алла Тағала қажылық етудi тағдырына жазған, бiрақ әлi дүниеге келмеген пенделер, барлығы да «Ләббәйка Аллаһумма ләббәйк» деп жауап берген» дейдi бiр риуаятта.
Бауырлар! Алла Тағала барлығыңызды да сол бұйрығына жауап бергендердiң қатарында етсiн! Құлшылық-ғибадаттарымыз, тiлек-дұғаларымыз қабыл болып, баршамызға қасиеттi мекенге қажылық ниетiмен баруды Алла Тағала нәсiп еткей.
Үлкен қажылыққа ниет етушiлерге бiрқатар туристiк фирмалар мен ұйымдар қызмет көрсетедi. Олардың саны недәуiр. Биылдан бастап Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы халықаралық «ТТН» туристiк фирмасына сенiм артып отыр. Бағасы - 2400 АҚШ доллары.
Тамақпен, көлiкпен қамтамасыз етедi, дiни ғибадаттардың дұрыс атқарылуына имамдар жетекшiлiк етедi. Жамағаттың келесi бiр тобы: «Қажылыққа барам деушiлерге жеңiлдiк жасайтын фирмалар бар ма?» - деп сұрайды. Жан-жақты сұрастырып бiлгенiмiз, «Аттан, Қазақстан!» ұйымы (Телефоны: 72-62-25, 96-59-06) Алла ризашылығы үшiн қажылыққа аңсары ауған бауырларымызға бағасын 1600 АҚШ долларына төмендетiп, жеңiлдiк жасайды екен. Тағы бiр қуанарлығы бұл ұйым әл-Харам мешiтiне таяу, 500 метр жердегi қонақ үйге орналастырады екен. Күнтiзбе бойынша қажылар желтоқсанның жиырма төртiнде қасиеттi Меккеге аттанады. Жалпы зиярат 2006 жылдың 15 қаңтарына дейiн созылмақ.
Dala men Hala