Егер сен бiздi жаратқан Алланың бар екенiне және Ол Жалғыз екенiне, Оған тең келетiн ештеңе жоқ екенiне шын жүрегiңмен сенсең, Аллаға иман келтiргенiң болады. Иман келтiрудiң мұсылман өмiрiндегi маңызын мына әңгiмелерден байқап көр.
ИМАНДЫ ҚЫЗ
Халифа Омардың кезiнде сүт сатушыларға сүтке су қосып сатуға тыйым салынады. Қаланың тәртiбiн бақылау үшiн бiр күнi түнде халифа Мәдина қаласын аралап жүрiп, қатты шаршайды да бiраз тынығып алу үшiн бiр үйдiң қабырғасына сүйенiп отырады. Сөйтiп отырып ол үйдiң iшiндегi анасы мен қызының әңгiмесiн естидi.
- Қане, қызым, тұрып сүтке су қос.
- Халифаның сүтке су қосып сатуға тыйым салғанын естiмеп пе едiңiз?
- Естiдiм.
- Онда Халифа тыйым салған нәрсенi қалай орындаймын?
- Тұр да сүтке су қос. Омар сенi көрiп тұрған жоқ қой.
- Омар көрмесе де, Аллаһ көрiп тұр ғой, мен Омардың көзiнше жасамайтын iсiмдi ол жоқ жерде де жасамайтыныма ант етем.
Хазiрет Омар мына әңгiменi естiген соң үндемей үйiне қайтады да аз күннен соң дiнiне берiк, иманы түзу бұл кедей қызын өзiнiң баласы Асымға айттырып, алып берiптi. Сол сияқты әрбiр адам өз әрекеттерiн өзгелер көрмесе де Аллаһ көрiп тұрғанын мойындап, шынайы сенуi керек. Аллаһтың алдындағы жауапкершiлiк қана адамды жамандықтан қайтарып, жақсылыққа бастайды.
ХАН ҮЙIНЕ ТҮСКЕН ҰРЫ
«Тоймай iшкен асым құрысын, қорлықпен сүрген жасым құрысын!» дегенi шығар, бiр кедей жiгiт тұрмыс ауыртпалығына шыдамай, хан үйiне ұрлыққа түсiптi. Түн ортасында оянып кеткен хан үйдiң бiр бөлмесiнде жүрген ұрының бар екенiн бiледi де, әдейi әйелiне:
- Әй, кемпiр, қыз болса бой жеттi. Оны кiмге бергенiмiз жөн болар екен? - дептi ұрыға естiрте. Әйелi:
- Қайдан бiлейiн, әкесi. Өзiң лайықты дегенiңе бересiң де,- дептi. Оған хан:
- Онда былай етейiк: ертең бiр кiсiнi мешiтке бақылаушы етiп қояйық. Қырық күн бойы намаздарын үзбей мешiтке келiп оқыған мұсылманға қызымызды қалыңсыз-ақ берейiк. Әрi бiздiң бар қазынамыз да соған қалсын, - дептi. Мұны естiген ұры бiрде-бiр затқа тиiспей, шығып кетiптi де, қырық күн бойы мешiтке барып намаз оқып жүрiптi. Қырық бiрiншi күнi хан оны шақырып, қызын бермек болғанда, күнде мешiттен уағыз тыңдап, шын бақыттың не екенiн түсiнiп қалған жiгiт:
- Тақсыр, қызыңыздың да, қазынаңыздың да керегi жоқ. Осы күнiме мен ризамын. Сiздi алдап қызыңызды алып, ана дүниеде сұраққа алынатын жағдайым жоқ, - дептi.
ЖОҒАЛҒАН ЖҮЗIК
Бiр жiгiт көшеде келе жатса, қартаңдау кiсi топырақты сүзiп, әлдене iздеп, еңбектеп жүр екен. Күн батып, iңiр қараңғылығы түсiп қалған кез болса керек.
- Не iздеп жүрсiз, ата? - деп сұрапты жiгiт.
- Алтын жүзiгiмдi жоғалтып алдым, - дептi қария.
- Мен сiзге көмектесейiн, - деп жiгiт те iздеуге кiрiсiп кетiптi. Әбден әуреге түсiп, шаң-топыраққа батқан
соң, жiгiт:
- Ата, жүзiгiңiздi дәл осы арада жоғалтып па едiңiз? - деп сұрапты.
- Жоқ, үйде жоғалтып алғам, - дейдi қарт.
- Онда неге көшеден iздеп жүрсiз?
- Өйткенi, үйде жарық жоқ, ал далада жарықтау, - деген екен әлгi кiсi. Сол секiлдi кейбiр адамдар өз бақытын, өмiрiнiң мәнiн Исламның сыртынан iздеймiз деп адасады. Исламнан сырт қалған дүние жоқ екенiн, бүкiл болмыс атаулының Аллаһтың қолында екенiн мойындауға ой-санасы жете бермейдi.
МҰНАФИҚ ИМАМ
Есте жоқ ескi заманда бiр ауылдың имамы қайтыс болады. Ел оны соңғы сапарына шығарып салуға дайындалып жатқанда, сол кезде өмiр сүрген бiр пайғамбарға Аллаһтан: «Имамды кәпiрлермен бiрге жерлеңдер, ол мұсылман емес» деген уахи келедi. Естiген ел есiнен тана жаздайды: «Бұл қалай?! Имам кәпiр болса, бiздiң жағдай қандай болғаны?» - деп қатты таң қалады.
Әлбетте, Аллаһтың айтқаны талқыланбайды. Имам кәпiрлер қорымына қойылады. Сонан соң имамның жақындары оның жесiрiнен сыр тартып байқайды: «Бұл бишара Аллаһқа қай жерден жазып қалды екен?» - дейдi олар. Ал, әйел:
- Қайдан бiлейiн, барлық парызды орындап-ақ жүрушi едi ғой. Намазын да оқып, оразасын да тұтатын.
Уағыз да айтатын. Бiрақ кейде үйде оңаша отырғанда: «Осы, Құдай деген шынында бар ма екен, әлде
ойдан шығарылған болды ма екен?» - деп өзiмен-өзi сөйлесiп қойып отырушы едi.
Сонысынан жазып қалмаса, басқа еш әбес қылығын байқаған емес едiм, - дептi.
ҚҰРБАНДЫҚ ШЫБЫН
Шыбын деген елеусiз ғана кiшкентай мақұлық үшiн бiр кiсi тозаққа, екiншiсi жәннатқа барғаны туралы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен әңгiме бар. Ол былай болыпты.
Пұтқа табынатын бiр қауымның тұсынан екi адам өтiп бара жатады. Бұл қауымның тұсынан ешкiм солардың пұттарына құрбан шалмай өте алмайтын. Олар әлгi екi кiсiнi ұстап алып:
- Бiздiң пұттарымызға құрбан шалыңдар, - дейдi.
Екеуiнiң бiрi:
- Менiң құрбандыққа шалатын ештемем жоқ, - деп ақталады. Қауым оған:
- Шыбын болса да шал, - дестi.
Ол шыбын ұстап алып, құрбандыққа шалды да, әлгiлер оны жөнiне қоя бердi. Ал, екiншiсi:
- Мен Құдiреттi де Ұлық Алладан басқаға тiптi шыбынды да құрбандыққа шалмаймын, - дептi. Пұтқа табынушылар оны өлтiредi. Дегенмен, екiншi жолаушы адам баласы елестете алмайтын қызығы мәңгi таусылмас, ғажайып жәннатқа, ал бiрiншiсi азаптың атасындай жалыны қап-қара, гүрiлi сұмдық үрейлi тозаққа лайық болған екен.
Көрдiң бе, әуелгi әңгiмедегi иманды қыз Аллаһқа сенгендiктен сүтке су қосып, елдi алдаудан бас тартса, ұры жiгiт Аллаһқа иман келтiрiп, ханның қызынан да, байлығынан да иманын артық қойды. Аллаһқа толық сенбей, тек сырт көзге намаз оқыған имам о дүниеде жазасын тартатын болды. Сонымен, иман дегенiмiз - Ұлы Жаратушыға деген сенiм. Осы сенiмдi әлсiретiп алмау үшiн адам баласы үздiксiз iлiм iздеуi, әлемдердiң Раббысын тани түсуi тиiс
Dala men Hala