Өмiр иман мен күрестен тұрады. Жер бетiндегi бүкiл мақұлықтардың ақылдысы, артық қасиеттiсi - адам. Адам бойындағы артықшылық - сана, ал санадағы асыл қасиет - иман.
Иманмен безелген сана гүлстанға, ал иманнан ада сана түнекке ұқсайды. Имандылық Аллаһты танудан бастау алып, Аллаһқа иман келтiрумен кемелденедi.
Аллаһ Тағалаға деген сенiмдi және оның талаптарын қанағаттандырмақ болған әр адам Құранда, хадистерде жазылғандарды, иман келтiруге бұйырылған мәселелердi толық бiлуге үнемi ұмтылуға тиiс.
Онсыз иман кәмiл болмайды және дұрыс сенiм толық орнықпайды, Аллаһқа сиынудың да нәтижесi кем болады.
Сенiмi дұрыс болмаған адамның ықыласы мен жалбарынуы да Аллаһ Тағала тарапынан ықылас пен махаббатқа кенелуi екiталай. Өйткенi, не нәрсе де өз жүйесiн, заңдылығын табуға тиiс.
Аллаһқа сиынуда да ниетi, ықылас бiлдiруi мен iс-әрекет жүйесi дұрыс сенiммен ғана орнығады. Пайғамбар (с.ғ.с.) бiр хадисiнде былай дейдi: «Ниетi дұрыс болмаған адамның сиынуы мен қылған iсi қабыл етiлмейдi.
Егер ол Ухуд тауындай алтынын Аллаһ жолына жұмсаса да, оның сенiмi мен ниетi дұрыс болмаса, тiлеуiн Аллаһ қабыл қылмайды».
Сондықтан, Аллаһ Тағалаға лайығында шүкiршiлiк ету, Оған Аллаһ көрсеткендей пендешiлiктен ада, дiн талабына, Аллаһ ризалығына лайық дұрыс сенiмде болу әр мұсылманның айрықша борышы.
Бұл еңбектi жазуда мен Ислам әлемiндегi ең құнарлы негiздердi пайдаландым. Ойымды оқырманға жеңiл түсiндiрудiң жолы ғой деп сауал-жауап әдiсiн таңдадым.
Әр тақырыпты мүмкiндiгiнше жүйелi, ықшам, қысқа баяндауды қарастырдым. «Ислам тәлiмдерi» атты бұл кiтабымның әр данасы әр мұсылманның үйiне жетуiн көздеп, ата-аналардың да, жасөспiрiм балалардың да түсiнуiне жеңiл болуын арман еттiм.
Бар дүниенi толық бiлемiн, бәрiн меңгерiп болдым десем, ерсiлiк болар. Сондықтан, еңбегiмде кейбiр кемшiлiк пен олқылықтар ұшырасса, оқырманнан алдын ала кешiрiм өтiнем және қалың көпшiлiктiң көмегiн, сын, ұсынысын күтемiн.
Кiтабымның жаратушы Аллаһ ризалығына арналуын, қалың оқырман мұсылманның пайдасына асуын Аллаһ Тағаладан тiлеймiн.
Мухаммад Юсуф
Иман деген не?
Иман - Аллаһ Тағаланың барлығына, бiрлiгiне көңiлмен сенiп сиыну, тiлмен айтып мойындау және iс-әрекетпен дәлелдеу деген сөз.
Хасан әл-Басри (р.а.) бұл жөнiнде былай дейдi: «Иман - жәй тiлекпен және құрғақ тiл безеумен пайда болмайды, қайта жан-дiлден берiк орын алу арқылы, оның шындығы iс-әрекетпен дәлелдену арқылы орнығады».
Иманның шарты нешеу, олар қайсылар?
Иманның шарты алтау. Олар мыналар:
1. Аллаһ Тағалаға иман келтiру.
2. Аллаһ Тағаланың пайғамбарларына иман келтiру.
3. Аллаһ Тағаланың перiштелерiне иман келтiру.
4. Аллаһ Тағаланың түсiрген кiтаптарына иман келтiру.
5. Қиямет күнiне иман келтiру.
6. Жақсылық та, жамандық та жалғыз Аллаһтың бұйрығымен болатынына иман келтiру.
Аталған 6 шартқа бар дiлiмен сенiп, жүрегiмен мойындаған адам мүмiн немесе мұсылман деп аталады.
Аллаһ Тағала бұл жөнiнде былай дейдi: «Әй, мүминдер! Аллаһқа, Пайғамбарыңа және оған түсiрген Құранға, сондай-ақ одан бұрынғы түсiрiлген кiтаптарға иман келтiрiңдер.
Ал, кiм Аллаһқа, перiштелерiне, кiтаптарына, елшiлерiне және ақырет күнiне қарсы шықса, онда ол қатты адасқан болады». (Ниса, 4:36).
Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Иман - Аллаһқа, Аллаһтың перiштелерiне, пайғамбарларына, кiтаптарына, Қиямет күнiне және жақсылық-жамандық Аллаһтың әмiрiмен болатынына шын сенiп, бәрiн де iспен қабылдау деген сөз» (Имам Муслим).
Ислам деген не?
Ислам - Аллаһқа өзiн толық сенiп тапсыру немесе шын сиынып ғибадат ету арқылы берiлу деген сөз. Екiншi сөзбен айтқанда, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Аллаһтан келген дiн Ислам деп аталады.
Исламды баян қылған Аллаһ былай дейдi: «...кiм жүзiн Аллаһқа бұрып, өзi жақсылық iстейтiн болса, сонда оған Раббыңның қасында сыйлық бар, оларға қорқыныш жоқ және қайғырмайды». (Бақара, 2:112).
Исламның негiздерi нешеу, олар қайсылар?
Ислам, негiзi, тiрегi бесеу, олар мыналар:
1. Бiр Аллаһтан басқа сиынуға лайық ешкiм, еш нәрсе жоқтығына, Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатты дұрыс жолға бастау үшiн Аллаһ Тағала тарапынан жiберiлген соңғы пайғамбар екендiгiне шын көңiлмен сенiп, оған куәлiк келтiру.
2. Әр күн бес уақыт намаз оқу.
3. Әр жылғы рамазанда бiр ай ораза ұстау.
4. Белгiленген мөлшерде жылына бiр дүркiн пұлы мен малының зекетiн беру.
5. Қаржысы жетсе, қолынан келсе, өмiрiнде бiр рет қажыға бару.
Аталған бес үлкен негiздi жүзеге асырған кiсi мұсылман деп аталады.
Пайғамбар (с.ғ.с.) Исламды баяндай келiп былай дейдi: «Ислам - бiр Аллаһтан басқа сиынуға лайық ешбiр күш иесi жоқтығына, Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһтың елшiсi екендiгiне куәлiк келтiру, намаз оқу, ораза үстау, зекет беру және қолы жетсе қажыға бару деген сөз» (Имам Муслим).
Исламның иман және iс-әрекетпен байланысы қандай?
Исламның имандық сенiмi, iс-әрекетi бiр-бiрiнен бөлiнбестей бүтiндiкте және бiрiн-бiрi толықтырып отыратындай қоян-қолтық қатынаста болады.
Ислам дегеннiң өзi - иман және оның iс-қимылы деген сөз.
Өйткенi, сенiм-наным мен шариат талаптарына сай iс-қимыл бiртұтастықта ғана Исламға дәлел болады.
Сондықтан да Құранда иман үнемi оның iс-әрекетiмен байланыста баян етiлген.
Аллаһ Тағала иман мен оның iс-амалын былай баяндайды:
«Күдiксiз иман келтiрiп, түзу iс iстегендерге Аллаһ сүйiспеншiлiк бередi» (Мәриям, 19:96).
Аятта баяндалғандай адам көңiлiнде махаббат пайда болуы да Исламның шарапаты шығар.
Аллаһ Тағала Ақыретте жәннаттан орын алу тек Исламның, яғни иман келтiру мен оны iс жүзiне асырудың нәтижесiнде ғана болатынын былай хабарлайды: «Расында иман келтiрiп, түзу iс iстегендер үшiн Фердаус жәннаты қонақ үй болады» (Кәһф, 18:107).
Адамдар Ислам дiнiне қалай кiредi?
Ислам дiнiне «Ләә иллаһа Иллаллаһу, Мухаммә-дур Расулуллаһ» деген кәлима тәййибаны оқып, оның мағынасын бiлiп, оған сенiп, мойындаған кез келген адам кiредi.
Кәлима таййибаның мағынасы қандай?
Кәлима таййибаның мағынасы: «Аллаһ Тағаладан басқа сиынатын ешбiр күш жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһтың елшiсi» дегендiк.
Бұл кәлима иман мен Исламның мағыналарын толық қамтитын ықшам кәлима болғандықтан, дiнге кiрушi әрбiр адамнан ең әуелi осы кәлиманы айту талап етiледi.
Пайғамбар (с.ғ.с.) кәлима таййиба жайында былай дейдi:
«Кiмде-кiм Ләә илләәһә Иллаллаһ десе, оның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi, оның мал-мүлкi және жаны қорғалады, оның (иман келтiргенi немесе екiжүздiлiк жасауы) есебi бiр Аллаһтың қолында, Аллаһ өзi есеп алады» (Имам Муслим)
Қандай адам мүмiн және шын мұсылман болады?
Жоғарыда аталған 6 иман шартына және Құранда, хадистерде баяндалған ғайыптарға сенген адам мүмiн және мұсылман болады.
Аллаһ Тағала шын мүмiн туралы былай дейдi: «Шын мәнiнде Аллаһқа, оның елшiсiне иман келтiргендер - мүмiндер. Сосын күдiктенбей, Аллаһ жолында малдары, жандарымен соғысқандар, мiне, солар шыншылдар» (Хужрат, 49:15).
Ислам дiнi өзiне кiруге адамдарды зорламай ма?
Ислам дiнi өзiне адамдарды зорлап кiргiзуге қарсы. Адамдарды өзiне кiруi үшiн ұсынатын Ислам дiнiнiң арнаулы жолы бар.
Ол - адамдарға әуелi Исламның мәнiн толық түсiндiру, онан соң Құран Кәрiмдi оқып түсiндiру, әр адамның алдына бұл дiнге қаласа ғана кiруiн, қаламаса тастауға ерiктi екенiн ұғындыру жолы.
Аллаһ Тағала Мұхаммедке (с.ғ.с.) насихат жасаудың әдiсi амалы туралы былай дейдi: «Құранды сiңiрiп оқып беруiң үшiн бiз оны бөлiмдерге айырып, аз-аздап түсiрдiк» (Исра, 17:106).
Мұның мәнi қаласаңдар иман айтыңдар, қаламасаңдар өз қалыптарыңда қала берiңдер, сендердi өздерiң қаламаған iске ешкiм зорламайды дегендiктi бiлдiредi.
Ислам дiнi өзiне кiрудi ешкiмге еш уақытта зорламаған және зорламайды да. Өйткенi, Ислам дiнi өз тәлiмдерiнiң, идеяларының озықтығына және Ислам шариатының (заңдарының) әдiлеттiлiгiне ғана сенедi.
Аллаһ Тағала былай дейдi: «Дiнде зорлау жоқ. Расында туралық азғындықтан ажыратылады. Ендi кiм жауыздыққа қарсы келiп, Аллаһқа иман келтiрсе, сонда ол үзiлмейтiн берiк тұтқаны ұстады. Аллаһ әр нәрсенi естушi, бiлушi» (Бақара, 2:56).
Мұсылмандар кәпiрлерден үстем боп тұрған кезде де оларды дiнге кiруге зорламаған.
Бұл жөнiнде былай делiнедi: «Егер мүшiрiктерден бiреу сенен пана тiлесе, онда оған Аллаһтың сөзiн тыңдағанға дейiн пана бер. Сонан соң оны бейбiт орнына жеткiз. Бұл олардың түк бiлмейтiн ел екендiгiнен». (Тәубе, 9:6)
Иман артық және кем бола ма?
Иман - сенiм болғандықтан, оның артықтығын толықтығы, күштiлiгi деп, ал аздығын әлсiздiгi, нашарлығы деп түсiнген жөн.
Ол Аллаһ Тағаланы еске түсiрiп, оған сиынумен толығады және нығаяды, ал күнә жасап, жамандыққа бой алдырумен иман кемидi және нашарлайды. Аллаһ Тағала былай дейдi: «Нағыз мүмiндер Аллаһ еске алынса, жүректерi қобалжиды, оларға Аллаһтың аяттары оқылса, сенiмдерi артып, Раббыларына тәуекел қылады» (Әнфал, 8:2).
Демек, иман Аллаһ Тағаланы зiкiр етумен нығаяды, Аллаһты естен шығарумен нашарлайды.
Иманды қуаттандыратын, арттыратын iстер қайсылар?
Иманды қуаттандыратын және толықтыратын, кемелдендiретiн iстер мыналар:
1. Iлiм
Iлiм - Аллаһты тануға жетелеушi, Аллаһты тану сенiмдi нығайтуға себеп болады, сенiмнiң нығаюы - иманның күшеюi және кемелденуi деген сөз.
Аллаһ iлiм туралы былай дейдi: «(Мұхаммед) оларға: «Бiлгендер мен бiлмегендер тең бола ма», - де. Шын мәнiнде ақыл иелерi ғана ғибрат ала алады». (Зумәр 39:9)
Аллаһ Тағаланың былай дегенi де бар: «Аллаһ жаратқан құлдары iшiнде шын мәнiнде ғалымдары ғана Аллаһтан қорқады» (Фатыр, 35:28).
Аллаһтан қорқу иманның кемелдiгiн байқатады. Ол, әрине, iлiмнiң, бiлiмнiң арқасында болады.
2. Iс
Жақсы iс - пенденi Аллаһқа жақындата түсетiн қазығы берiк арқанға ұқсайды. Аллаһқа жақындық иман кемелдiгiнiң белгiсi.
3. Пiкiр бiлдiру, зерделеу (ақылға салу)
Әлем кеңiстiгiндегi Құдайдың құдiреттiлiгi туралы толғану, ойлау Аллаһты тануға жетелейдi. Құдайды шын тану иманды нығайтады.
Құранда адамдарды ойлануға үндейтiн аят көп. Аллаһ Тағаланың құдiреттерiн жан-жақты зерделеп, ақылға салып тану - ғибадатты жарқырата түсетiн асыл жақұт.
4. Аллаһ сөзiн жатқа айту
Құран оқу, оның аяттарын айтып, тәсбих тарту арқылы Аллаһты дәрiптеу, Құдай сөздерiн жатқа айту да иманды көрiктендiрiп, көркейте түседi әрi Аллаһ деген ықылас пен сүйiспеншiлiктi арттыра түсерi сөзсiз.
Имандылықты байқататын белгiлер қайсылар?
Оған мына белгiлер жатады:
1. Мiнез-құлық
Жағымды мiнез-құлық, сөз-әрекет, табысты iстер - мұның бәрi кiсi көркi.
Жағымды мiнез-құлық иманның кемелдiгiн паш етедi. Аллаһ Тағала Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы былай деген: «Сен шынында аса биiк мiнез-құлық иесiсiң» (Қалам, 68:4).
Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейдi: «Ең кемел мүмiн - ең жағымды мiнез-құлық иесi» (Имам Тирмизиден).
2. Аллаһқа және Оның елшiсiне сүйiспеншiлiк
Аллаһ Тағала мен Оның елшiсiнiң (с.ғ.с.) әлемдегi бар нәрседен сүйiктi болуы және бұл сүйiспеншiлiктiң барлық iсте, сөзде байқалып тұруы имандылықтың белгiлерi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейдi: «Кiм де кiмнiң бойынан үш қасиет табылса, ол иманның нәрi мен дәмiн татқан саналады. Олар: Аллаһ пен оның Пайғамбары бар дүниеден сүйiктi көрiнуi, ең жақын тұтқан досы жалғыз Аллаһ болуы, егер бiреумен қастасса тек Аллаһ үшiн қастасуы және иманнан жаңылуын отқа тасталғандай сезiнуi».
3. Аллаһтан қорқу
Аллаһты шын таныған адам Оның ұлықтығын таниды, Аллаһтың айбынынан қаймығады және өзiнiң Аллаһты өз дәрежесiнде қадiрлей алмағанын мойындайды.
Мiне, бұлар да имандылықты байқататын белгiлер. Аллаһ Құранда былай дейдi: «Аллаһ жаратқан құлдары iшiнде шын мәнiнде ғалымдары ғана Одан қорқады» (Фатыр, 35:28).
4. Жақсы iстер
Жан дүниенi тазартатын, өмiрдi көрiктендiретiн жақсы iстер де имандылықты байқататын белгiлер. Сондықтан да Құранда иман үнемi жақсы iстермен байланысты көрсетiлген.
Өйткенi, егер де иман жақсы iстерден ажырайтын болса, саядан да, миуадан да жұрдай боп қураған дараққа ұқсап қалады.
Сенiмсiз жасалған жақсы iстер де көзбояушылық немесе алдамшы iс сияқты. Аллаһ былай дейдi: «Расында иман келтiрiп, түзу iс iстегендер үшiн Фердаус жәннаты қонақ үй болады» (Кәһф, 18:107).
Иманның жемiстерi
Имандылықтың, Аллаһқа сенудiң пендеге таттырар жемiсi көп. Бiз солардың бастыларын ғана атап өтемiз:
1. Тура жолда болу
Иман адамды тура жолға бастайды. Өйткенi, дұрыс, жол табу - иман мен жақсы iстердiң нәтижесi. Сондай-ақ, ақыретте жәннатқа орналасу да дұрыс, тура жолда жүрудiң нәтижесi.
Бұл жөнiнде Аллаһ былай дейдi: «Расында сондай иман келтiрiп, iзгi iс iстегендердi Раббылары астынан өзендер ағатын Нағым жәннатының жолына салады» (Жүнiс, 10:9).
2. Азаткерлiк
Иман адамды басқалардың құлдығынан азат етедi. Өйткенi иман ақиқатты - бiреуге пайда не зиян келтiру тек бiр Аллаһтың қолынан келетiн iс деген сенiммен Оған ғана сиынуды талап етедi.
Мұсылман осы сенiмнен айнымаған қалыпта өзiнiң толық бостандықтағы азат адам екенiн сезiнедi. Бас бостандығын қорғауда бiр Аллаһтан басқа ешбiр жан иесiнен қорықпайды.
Аллаһ мүмiн атаулының зұлымдық алдында қайтарар жауабын Мұхаммедке (с.ғ.с.) ескертiп былай деген: «(Мұхаммед) Бiзге Аллаһтың жазғаны ғана болады. Ол бiздiң Иемiз. Мүмiндер Аллаһқа тәуекел қылсын де» (Тәуба, 9:54).
3. Жеңiс
Иман мүмiн атаулыны жеңiске жеткiзедi. Аллаһ Тағала шын мүмiндердi қырғыннан, апаттан сақтайды және дұшпанынан үстем болуға жеткiзедi.
Бұл - Аллаһтың уәдесi. Ол жөнiнде Аллаһ былай дейдi: «Мүминдерге жәрдем ету бiзге мiндет» (Рум, 30:47).
4. Қанағат
Иман адам бойында қанағат тәрiздi асыл қасиеттi де қалыптастырады. Өйткенi, иман шындығы, тән азығы Аллаһтың қолында, бiр Аллаһтан басқа азықтандырушы жоқ деп үйретедi.
Аллаһтан жеткен ризықты терiп жеу сенiң өз сыбағаң деп насихатталады. Бұл жөнiнде Құранда былай деген: «Аллаһ Тағала қалаған кiсiнiң несiбесiн кеңiтедi және тарылтады» (Рағыд, 13:26).
5. Бейбiтшiлiк (амандық), тыныштық
Иман кiсiге бейбiтшiлiк - амандық әкеледi. Дүниеде көп адам зорлыққа, зұлымдыққа, әлдекiмге есесiн, ақысын алдыруға да тап болады.
Қарымтасын қайтара алмайтындар да болады. Олар қайғы-уайымсыз, құзырлы өмiр сүруге талаптанғанда бұл дүниеде ала алмаған есесiн алып беретiн, тартқан зиянын төлететiн әдiлеттi Аллаһтың барлығына сенiммен қарауға, ақыретiн күтiп, өзiн-өзi тоқтатуға, көңiлiн жұбатуға иман себепкер болады. Қарымтасы мен есебiн ақыреттен күтуге үйренедi.
6. Қайсарлық пен сабырлылық
Иман адам басына түскен қаза-қайғы, қасiреттер алдында күйрей күйзелмес шыдамдылықты, берiк ұстамдылықты қалыптастырады.
Өйткенi, иманның шындығы басқа түсер өлiм-жiтiм, қаза-қайғы бiр Аллаһтың бұйрығымен болатын табиғи құбылыс деп түсiнудi талап етедi.
Сондықтан, мұсылман адам басына түскен барлық қайғы-қасiреттi сабырмен, ризалықпен көтередi. Төзiмдiлiк көрсетедi.
Иманның жемiсi көп. Оларды түгендеп шығу оңай емес.
Иманнан, Исламнан шығаратын қауiп-қатер қайсылар?
Олар мыналар:
1. Ислам дiнiн мойындамау.
2. Аллаһ Тағалаға шәк келтiру.
3. Сиыну iсiн немесе дұға оқуды Аллаһтан бөтендерге (басқаларға) арнау, сол iстерiн Аллаһқа жетедi деген сенiмде қателесу.
4. Кәпiрлердiң секталарына, ұстаған жол-жосықтарына келiсу.
5. Басқалардың жолын Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жолынан артық көру.
6. Құранмен, хадистермен негiзделген Ислам тұжырымдарының әлде бiрiне шәк келтiру, жәбiрлеу.
7. Мұхаммедтi (с.ғ.с.) мойындамау немесе жәбiрлеу.
8. Мұсылманның зияны үшiн кәпiрлермен бiрiгу.
9. Басқа заңдарды Ислам шариатынан жоғары қою.
10. Сиқырлық жасау, яки сиқырға сену.
11. Тiлмен Исламды айтып, көңiлiнде мойындамау немесе шәк келтiру.
12. Ислам тәлiмдерiнен терiс айналу немесе оған шәк келтiру.
13. Аллаһтың кiтабы, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахих хадистерi бойынша шығарылған шешiмдердi мойындамау.
14. Балгерлер мен сәуегейлердiң, сиқыршылардың айтқанына сену. Бұл жөнiнде Пайғамбар (с.ғ.с.) «Кiмде-кiм балгер, сиқыршылардың, сәуегейлердiң айтқанына сенсе, ол Мұхаммедке (маған) келген дiнге кәпiр болады» деген (Имам Ахмад).
15. Аллаһ Тағаланың әмiрiне бой ұсынбау немесе шындыққа көзi жетiп тұрып оны мойындаудан бас тарту. Iбiлiстiң кәпiр болуы да дәл осылай болатын.
Бұл туралы Аллаһ былай дейдi: «Сол уақытта перiштелерге: Адамға сәжде қылыңдар дедiк. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бiрақ Iбiлiс бас тартып, дандайсып қарсы келушiлерден болды» (Бақара, 2:34).
Бұл баяндалғандар күпiршiлiк - бөлiктерi. Олардың әлдебiреуiне кiрiптар болған адам Исламнан, иманнан шыққан боп есептеледi.
Аллаһ Тағала бәрiмiздiң иманымыздың толықтығын қабыл етсiн. Әмин.