Заң жүзінде дінді мемлекеттен бөлек дегенімен бүгінгі қоғам болмысында бұл екеуінің аражігін айыру мүмкін емес. Себебі, адамның тәні мен ішкі жан дүниесі өзара үйлесімді дамиды. Кешегі кеңестік тұстағы дінді “апиын” санау көзқарасы көбіміздің әлі күнге ұстанымымызға айналып, санамызда қалып қойған.
Дін десе талай зиялы қауымның көз алдына мешіттерге күні кешеге дейін кебіс, мәсісін сүйрете басып, барып-келіп жүретін шал-шауқандар мен сақалдары омырауына түскен, дағарадай сәлделі молдалар елестейді. Өйткені, исламның үлкен өркениет пен мәдениет, ғылым мен білім екенін әлі толық ұғына алмағандар арамызда баршылық. Мұның бірден бір себебі – бүгінгі ең қуатты насихат құралы – бұқаралық ақпарат – баспасөз бен телеарналар дінімізге үстірт қарайды, тіпті оны саясатпен шатастырады. Мұның да себебі жоқ емес. Дін дұшпандары исламға түрлі “изм”-дерді таңып, жұртқа құбыжық етіп көрсетуге, одан шошындыруға барынша тырысып бағуда. Көзі ашық, көңілі ояу кім-кімге де белгілі, ислам діні – Аллаһтың хақ жолына бастайды. Әлгі айтылған “изм”-дерге үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Ислам кім-кімді де сеніміне, түр-түсіне, әлеуметтік жағдайына қарай бөліп, алаламайды. Халықты бірлік пен ынтымаққа үндейді, адалдық пен ізгілікке бастайды. Ешкімге де зәредей қиянат жасауға қоспайды. Осы дініміздің асылдығын көпшілікке насихат түрінде жеткізу кемшін екені рас. Осы кемшіндікті және дін туралы заңымыздың осалдығын пайдаланып, қазақ топырағында өніп, өспеген, тамыр жаймаған неше түрлі келімсек, жат секталар мен ағымдар ту сыртында тұрған шетелдік алпауыт діни ұйымдардың жан-жақты қолдауымен діни сауаты шамалы қандастарымызды алдарқатып, өздеріне тарту үстінде.
Еліміздегі діни ахуалды мемлекеттік тұрғыдан бір жүйеге келтіріп, реттеудің қажеттігі әлдеқашан пісіп жетілген-ді. Әділет министрлігінен арнайы Дін істері комитетінің құрылғанына да санаулы ғана айлар өтті. Осы мерзім ішінде комитет төрағасы Ералы Тоғжанов өздерін таныта аларлық деңгейде келелі екі жиын өткізді. Оның алғашқысы – еліміздегі тіркелген конфессиялар жетекшілері бір дөңгелек үстелде бас қосып, діни ахуал жайына қанығып, ұстанымдарымен танысты, ой-пікірлерімен бөлісе алды. Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының алғашқы құрылтайын өткізген елде өзіндегі алуан сенімдегі өкілдер жетекшілерімен осылайша бас қосуы осы орайда үлкен серпілістің басталғанынан хабар бергендей.
Екінші бас қосу Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен аталмыш комитет пен Парламент сенатының бірлескен “Дін, ғылым және БАҚ: үнқатысу және ынтымақтастық” тақырыбындағы республикалық конференцияға ұласты. Әлемдік және дәстүрлі дінбасшыларының екінші съезі қарсаңында ұйымдастырылған бұл конференцияға Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының Секретариаты, ғалымдар, журналистер, республикалық діни орталықтардың басшылары қатысты.
Еліміз зайырлы, ар-ұждан еркіндігі берілген. Әйтсе де, таза адамгершілік пен ізгілікті ту еткен, ел халқының 70 пайызы ұстанатын дініміздің насихатына бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде әсіресе, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ірі телеарналардың осы кезге дейін тиісінше мән бермей келуі расында да аса ойланарлық-ақ мәселе. Конференцияда Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма бастығы Кенжеболат Жолдыбайдың сөзінен белгілі болғанындай, мемлекет тарапынан тек қана “Қазақстан” ұлттық телеарнасы мен “Хабар” агенттігіне руханият мәселелерін насихаттауы үшін ғана жылына 638 сағат беріледі екен. Көрермендер осы екі басты телеарнадан асыл дінімізге қатысты жарытып нендей хабар көре алды? Әлі күнге жүйелі түрде берілетін арнайы бағдарламасы жоқ. Діни басқарма осы екі арнаның да басшылығына қанша уақыттан бері арнайы діни бағдарлама ашу жөнінде өтініш жасаумен келеді. Мәселе қаржыға тірелген соң, демеушілер де тапты. “Хабар” агенттігі өзінде арнайы діни бағдарлама ашудан үзілді-кесілді бас тартып, еліміздің белгілі аймағына ғана тарайтын “Ел-арнаны” ұсынды. Телеарналардың діни хабар жасауға неге құлықсыз екені түсініксіз. Соңғы басшылығы ауысқанша “исматуллашылардың” мінберіне айналған “Қазақстан” ұлттық арнасы енді дінімізге шындап бет бұрып, оң қабақ таныта бастағаны қуантады.
Ел мен жер тұтастығын сақтауда дініміздің тұтастығын сақтаудың маңызы айрықша. Бұл күндері секталарды былай қойғанда, Ислам атын жамылған неше түрлі ағымдар мен керітартпа топтар жамағат арасында өздерінің іріткі туғызатын қитұрқы іс-әрекеттерін жүргізу үстінде. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның “Ел аумағында Ханафи мәзһабын берік ұстану қажеттігі“ жөніндегі ұсынысы құптарлық-ақ. Ол: “Ханафи мәзһабын мойындамау ұлтымыз бен оның ерекшелігін мойындамау, оған қарсы әрекет ету деп бағалануы керек”, — деді.
Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы: “Дінге экстремизмді таңу да, экстремизмді діннен іздеу де түбірінен қате. Экстремизмді қоғамдағы түрлі келеңсіздіктердің “жемісінен” іздеу керек”, — деді. Одан әрі халық қалаулысы “Дін – мемлекеттен бөлек” деген тұжырыммен келіспейтінін ашық білдірді. Зайырлы мемлекет саналатын Польшаның және тағы да басқа еуропалық елдерде шіркеулер мемлекет бюджетінен қаржыландырылатынын мысалға келтірді. Дінтану, мәдениеттану орталық ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынды.
Осыдан кейін ҰҚК-нің жанындағы ғылыми-зерттеу институтының белді қызметкері баяндама жасап, Ислам діні туралы қайдағы бір көңілге қонбайтын ұшқары пікірлерді алға тартты. Конференцияға қатысушылар тарапынан баяндамашының бұл қасаң пікірлеріне тиісінше тойтарыс берілді.
Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті дінтану факультетінің доценті Бағдат Бейсенов: “Қандастарымыздың өзге секталар мен ағымдарға өтуінің басты себебі – діни білімсіздіктен. Сондықтан халқымыздың діни сауатын ашып, көтеру, діни білікті мамандар дайындау қазіргі уақыт талабы”, — деген пікірі қолдау тапты.
Конференцияда көптеген оңды да пайдалы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Оның әрбіріне қатысушылар тарапынан сол мезетінде-ақ тиісті бағасы беріліп отырды. Конференция осынысымен де құнды әрі пайдалы болғанын атап көрсету ләзім. Дін комитеті бұл бағытымен діни ахуалды жақсартумен қатар оның қордаланған түйінді мәселелерін шешуге де атсалысады деп сенім артуға негіз бар.
Авторы: Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.