Бүгінгі кей ұрпақ бойында мейірім неге аз?
Біз білетін мұсылман елдерінде қарттар үйі атымен жоқ. Онда әрбір қарияға Мемлекеттен жеке дара әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қарттар үйі - кеңес заманының сарқыншағы, содан қалған белгі. Жақсы ма, жаман ба? Оны таразыға салар біз емес. Тек осы ғимараттың табалдырығын аттасымен көзі жәудіреген, келген кісіге үмітпен қарайтын қарияларды көргенде көңілің алай-дүлей болады. Мұнда баласы да, асыраушысы да жоқ қарттар бар. Мұнда ұлы да, қызы да бар қариялар бар.
Қаусаған қасиетті қара шалмын,
Бұл күнде қара шалмен
санасар кім?
Жанымды жегідей жеп
қарттар үйі
Күн сайын қуат кеміп аласардым.
Онша тар емес еді, пәтерің де,
Осында тастап кеттің, әкелдің де.
Сыныптай сырт
айналса-туған балаң,
Тірідей өлгені ғой-әкенің де...
Сондай тірідей " өлген" қарт менің алдымда отыр.
- Сен қызықсың, оларды мен неге іздеуім керек? ...
- Байтұрсыновтың айтқанына жүгінсек...
- "Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады," дейсің гой. Сонда жан дүниемді отқа орап, жарамсыз заттай жалғыз қалдырған көрсоқырлардың опасыздығына кешіріммен қарап, жақсылықтан күдер үзбеуім керек пе?
- Кектеніп, өштесетін де уақыт емес.
- Арпалысам майдан етіп денені,
Кейде ашуым, кейде ақылым жеңеді.
Соның бәрін жөндестіріп сабырмен,
Қазір мені аман алып келеді, - деген екен, ертеректе бір ақын. Менің жағдайым да өлең мазмұнымен өзектес. Өштеспеймін. Бірақ, бәрінен тірілей айырылуың, ешкімнің іздемеуі, сағынбауы бақытсыздықтың ең үлкені шығар. Өзім Қызылордаға қарасты Жалағаштың Жаңаталап ауылында туып өскенмін.
Сол жерде көгердік-көктедік, еңбек еттік. Нсгізгі кәсібім күріш егу, мал бағу болды. Кейіннен теміржол саласында да атқарған азды-көп еңбегім бар. Тоғыз ұл, үш қыздың әкесі атандым. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жүрдік. Бәрі неден басталғаны есімде жоқ. Тек 1980 жылы босағамызды аттаған келін отбасымызға қалай келді, солай береке, ауызбірлік ыдырады. Енесі де соның ығына жығылды.
Әйтеуір не керек, ақыр аяғында шешесі, балалар мен келіндерін бөліп, Жалағаштағы үйге жалғыз өзімді тастады да кетті. Әдепкі уақытта үшінші ұлым қайтып келіп, жанымда жүрген, кейіннен оны үйлендірдім. Бір күні келін бала екеуі қалаға қыдырып қайтамыз деді де содан жоғалды. Сөйтсе, мұндағы шешесі оны азғырып жібермей қойған екен. Басыма жазылғаны осы шығар, бірнеше жылдан бері қайғы-қасіретпен жалғыз күресіп келемін. 73-тегі адамның бойында жігер қашанғы бола берсін, өзім әбден қажыдым. Былтырғы тиген тұмаудың аяғы бүйрек, асқазан, геморой ауруларына шалдықтырды. Әлі айығатын емеспін. Оның үстіне он жылдан бері қолқам ауыратын. Төсек тартып жатқаныма бүгін үш күн, көп жүруге рұқсат етпейді.
- Әке, әйеліңіз бен балаларыңыз сонда сізге қандай кінә тағады?
- Алла әйелді есті қып берсе екен. Қатынның қырсықтығынан қанша үйдің тіршілігі сүреңсіз күйде. Кінәм - арақ ішкенім.
- Бәлкім, шектен тыс ішіп, отбасыңыздың берекесін алған шығарсыз?
- Ішсем ақылымды ішкенім жоқ. Мал бақсам да, егін ексем де тек соларға болсын, "қарындары тоқ, көйлектері көк" боп елмен бірдей жүріп-тұрсын , еңселері түспесін, - деп барымды арнадым. Өзімнен бұрын солардың қуанышын артық көрдім. Өзге әкелер сияқты менде немере - шөберенің тәтті қылығына тоймай, ұл-қыздарымның қызықшылығына ортақтасып, бақытты өмір кешуді аңсайтынмын.
Жасымда көрген бейнетімнің зейнетін көрер күнім алыс емес шығар,- деп үміттенетінмін (көзіне жас үйіріліп, үнсіз отырып қалды.) Өміріме, өрісіме балайтын өз балаларым өзекке тепсе, жүрегімнің жартысына айналған жан-жарым ақ адал махаббатымды аяғына таптаса, мендегі өмірдің не мәні қалды дейсің. Арман мен үміт кернеген кеудем осы күні өксік пен өкінішке толы. Ішім күйіп, жүрегім жылап жатыр. Қайтейін, тұрлаусыз тағдырымның талқысына шыдаймын-да...
Қамқорлығына алған үкіметке мың алғыс. Жақсы жағдайлар жасалуда. Өзін Молдабек Ақыпбаев деп таныстырған 73-тегі қария жанын жегідей жеген ішкі толғанысын бізбен осылайша бөлісті.
Ал, көпшіліктен оқшаулау ғана ойлы кейіппен айналасына көз салып отырған әжей әңгімесін былай бастады:
- Аты-жөнім - Ұлмекен Серғалиева. Қызылорданың Тереңөзек дейтін қыстағында тұрғанмын. 1993 жылы шалым қайтыс болғаннан кейін 1995 жылы осында келдім.
- Балаларыңыз бар ма?
- 4 қызым, 3 ұлым бар.
- Сізді күтуге біреуінің де мүмкіндігі жоқ па?
- Маған қалай қарасын, өздері ауру болса. Менің өзіме бір адам керек.
Қиналып жүрсе де ішінен шыққан балалары үшін шыр-пыр боп маған біраз ұрысып алды. Ана жүрегінің кеңдігін қарасаңшы.
- Сонда бәрі бірдей ауру ма?
- Қыздарым тұрмыста. Ұлымның екеуі жындыханада жатыр. Біреуі мүгедек. Әне, қызымның өзі де келе жатыр.
- Сәлеметсіз бе, газеттен едім. Сіздің анаңызбен аз-кем сыр бөлісіп...
- Қарттар күніне орай ма?
- Оған қатысы жоқ.
- ?...
- Есіміңіз кім?
- Айгүл.
- Өзіңіз жассыз, анаңызды асыраушысы жоқ адамдай "Қарттар үйіне" қалай қиып әкелдіңіз? Кейбіреулер анасының басқан ізіне зар боп жүрсе...
- Жағдайым жоқ, әйтпесе қолыма алар едім. Күйеуіммен заңды некелеспегенмін де.
- Жиі қатынап тұрасыз ба?
- Анда-санда.
- Әже, қыздарыңыздың барлығы осы қалада ма?
- Иә, бәрі айналамда, жақын. Мүмкіндіктеріне қарай келіп тұрады.
Әңгіме осымен тәмам болды. Жүректері жаралы, мұңы мен сыры ортақ мейірімге зәру жандардың арасында әжептәуір лауазымда болғандары да, өзегін өкініш өртеген өзге ұлт өкілдері де кездеседі.
Ғимараттың сырт жағындағы жоғарғы бөлігіне "Қызылорда облысы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі" деп жазылыпты. Босағасын аттағаннан бойыңды аяныш сезімі билейді.
«ДАЛА мен ҚАЛА» газеті, №47
qazaq.kz