Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


БАБАМЫЗ БЕЙБАРЫСТЫҢ НОҒАЙ ХАНЫМЕН ЖАЗЫСҚАН ХАТТАРЫ


image

Өткен қараша айының басында Египет Араб Республикасының Президенті Хосни Мүбәрактың Астанаға сапарлап келгені белгілі. Сол сапарда Хосни Мүбәрак Мысырдағы бүгінде азып-тозған әйгілі Сұлтан Бейбарыс мешітінің көп кешікпей қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатынына уәде берсе, біздің Елбасы да бұл істен Қазақстанның шет қалмайтынын, өз үлесін қосуға әзір екендігін айтқан-ды.

Мысырды билеген Бейбарыс Сұлтан бабамыз кезінде Алтын Орда ханы Беркенің Шыңғыс хан ұрпақтары ішінен бірінші болып ислам дінін қабылдауына ықпал еткені белгілі. Египеттің барша мешітінде оқылатын Құтба намазы кезінде осы Берке ханның да аты аталып, үлкен құрмет көрсетілген. Ал осы баһадүр бабамыздың Берке ханның мирасқоры Ноғай ханымен жазысқан хаттарын білеміз бе?

АЛТЫН ОРДАНЫ МҰСЫЛМАН ДІНІНЕ КІРГІЗГЕН – БЕЙБАРЫС

Қыпшақ атының тұяғымен дүниені дүбірлеткен Бейбарыс Сұлтан 1260 жылы Мысыр тағына отырысымен крестшілер мен моңғолдарға қарсы «жиһад», яғни Аллаһ жолындағы қасиетті соғысын бастайды. Батыс христиан мемлекеттері тарапынан ұйымдастырылған кресті жорықшылар мен Құлағу хан бастаған моңғол шапқыншылары өзіне қарсы әскери одақ құру мақсатымен бір-біріне елшілер жібере бастағанын естіп-білген Бейбарыс сұлтан да өзіне тірек болатын мықты әскери және саяси одақтас іздейді. Сөйтіп, 1261 жылы Еділ жағасындағы Берке ханның басты ордасы алтын мұнаралы Сарай-Беркеге елшілер аттандырып, екі арада дипломатиялық қарым-қатынас орнап, нәтижесінде әскери-саяси одақ құрылады.

Бейбарыс Египеттің байлығы мен ұлылығын көрсету үшін Алтын Орда ханына таңсық нелер ғажайып сый-сияпат: алтын жазумен әшекейленген Құран, піл, жираф, маймыл, зебр, тотықұс,т.б. экзотикалық хайуанаттар мен тіл үйіретін тәтті шербеттер жібереді. Берке ханға жолдаған хатында оны қасиетті ислам дініне кіруге үгіттейді. Ал Берке хан оған жауап хатында: «... Мен ислам дінін қабылдадым. Ислам дінін Алтын Орда мемлекетінің ресми діні етіп жарияладым. Құлағумен менің етім мен қаным бір болса да, ол Аллаға және оның пайғамбарына иман келтірмейді, сондықтан қарсы соғысамын» дейді және шын мәнінде Құлағуға қарсы соғыс ашады.

Осылайша Бейбарыс Сұлтан Шығыстан Құлағу бастаған дүлей күшті тоқтатып, Шам еліндегі крестшілерді талқандайды. Кейін бұл одақ онан әрі тереңдеп, Бейбарыс Берке ханның туған қызына үйленеді және өзінің үлкен ұлының атын Берке деп қояды. Мекке мен Мединеде, Құддыста, Египеттің барша мешітінде оқылатын Құтба намазы кезінде Беркенің де аты аталып, үлкен құрмет көрсетіледі. Осы орайда біз оқырманға жан-жақты мағлұмат беру үшін Бейбарыс Сұлтанның көпшілікке әлі беймәлім емес Берке ханның мирасқоры Ноғай ханымен жазысқан хаттарының түрік тілінен аударылған нұсқасын беріп отырмыз.

НОҒАЙ ХАНЫНЫҢ СҰЛТАН БЕЙБАРЫСҚА ЖАЗҒАН ХАТЫ (1220-1271)

«Мені мұсылмандар қатарына тұрғызған Аллаға тағзым етемін. Пайғамбарлардың соңғысы, тура жол сілтеуші Алланың жібергендерін насихаттаушысы әрі Оған тағзым етушілердің қолдаушысы Мұхаммедтің (Ә. С.) бауырлары болған жерлестеріне жүрек жарған сәлемімді ұсынамын.

Менің жазып отырған хатымның екі басты маңызы бар: біріншісі – Сізге деген ұзақ өмір тілей отырып, сау-сәламаттарыңызды білу; екіншісі – Ертуғаннан естуімізге қарағанда, әкеміз Берке ханның балаларының, туған-туыстарының ішінен ислам дініне кіргендерімен хабарлассам деген екенсіз. Біз осындай жайлы хабарды естігеннен кейін діни ағайындарына бауырлықпен қараған, дініне берік Сұлтан Бейбарысқа деген сүйіспеншілігіміз арта түсті. Қиыр шетте жүріп мұндай іске қадам басу тек қана Аллаға бар жан-тәнімен тағзым етуші адал мұсылманның қолынан келеді.

Осы хатты жазып, Ертемір мен Тоқ Бұғадан жібердік. Басты мақсатымыз осы негізгі ниетімізді жеткізу еді. Біз ислам дінін қабылдадық. Алланың біреу екендігіне, оның күші мен құдіретіне бас иіп, Елшісін бүкіл мұсылман қауымының сенімімен қабылдаймыз. Біз әкеміз Берке ханның жолын қуушымыз. Яғни әкеміз сияқты біз де мұсылмандармыз. Жаратқанға бас иіп, оның әміріне теріс келетін істерден алыс тұрамыз. Хаттарымыз жалғасып тұрсын. Біз Сізбен бір дененің екі қолындаймыз. Сізге ұнағандар бізге де ұнайды. Сізге қарсы болғандарға біз де қарсы тұрамыз».

СҰЛТАН БЕЙБАРЫСТЫҢ НОҒАЙ ХАНЫНА ЖАЗҒАН ЖАУАП ХАТЫ (1270-1271)

«Бұл хатпен Алла жолында бүкіл өмірін арнаған, жүректерінің нұры жүздерін жарқыратқан, мұсылмандардың көмекшісі болған Ноғай ханның мәртебелі үлкен мәжілісіне сәттіліктер тілеймін. Аллаһ оның жүрегін иманмен толтырсын, осы өмір мен ақырзаманда ең жақсыларын нәсіп етіп, оның өміріндегі іс-әрекеттерін бұғанға дейінгі игі іс иелерінің табыстарына жеткізсін.

Одан келген сәлем хат шексіз қуантқанымен қатар шаттыққа бөледі. Біз оның мазмұны мен мағынасына аса мән берушіміз. Дініне бекем және Аллаға басқа құдайлар қосушылармен соғыста Берке ханның жолын қуған ұрпақтарының ізгі істерін айтып өтуді жөн көрдік. Осы іс біздің де басты мақсатымыз. Біз Алла Тағаланың «Іздегеніміз осы» деген сөзін оқыдық. Оның құдіретінің арқасында мұсылмандар тобын көбейтіп, олардың кәпірлермен діндері, Алласы үшін соғысқандарына куә болдық.

Осындай жиһадтардың куәсі бола отырып, Мұхаммед (Ә.С.) пайғамбардың ізін қуушылармен бірге боламын дегендігін есімізге түсірдік. Біздің басты мақсатымыз осыларды айта отырып, әрбір басқан қадамдарыңызбен оған жақындай түскендіктеріңізді айтқымыз келеді. Жиһадта Жаратушымыз жар болған Берке ханның ұрпағына Алланың сәлемін жолдаймыз. Кәпірлер осы өмірдегі соңғы басамақта кімнің тұратынын білетін болады. Аллаға құдайлар қосушылардың көмекшілері әлі де опық жейді. Зәлімдерге көмектесетін жанашырлар жоқ».

«БЕЙБАРЫС РӨЛІНЕ ЖҮРЕГІМДІ ҚАЛДЫРДЫМ»

Бейбарыс Сұлтан дегенде бәріміздің есімізге өмірі аңызға айналған қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Нұрмұхан Жантөрин еске түседі. Сұлтан Бейбарыс образы әртістің ең шебер сомдаған қайталанбас туындысы екені талассыз. Оның бір себебі тым тереңде жатыр. Тарихтағы бала Бейбарыс ата-анасынан кішкентай кезінде ажыратылып, шет жұртқа құлдыққа сатылып кете барған. Сөйтіп, Бейбарыс жетімдіктің ащы тақсіретін тартып, туған Отанын жүрегі қарс айырыла сағынумен күн кешеді. Дәл осылай 1928 жылы дүниеге келген Нұрмұхан аға да қырық бес жасқа келгенше әкесін білмей өседі.

Жантөрин деген тегі де шешесі Ғазизаның фамилиясы. Әкесі төңкеріс кезінде қызыл белсенділердің айтағымен айдалып кете барған. Сол бойы ажырап қалған. «Бейбарыс» фильмі қанды оқиғамен, іле-шала өліп жатқан әкесінің қасында: «Көке...Көке...» деп еңіреп жылаған жападан-жалғыз кішкентай баланы көрсетумен басталатыны есіңізде ме? Көкесін іздеген осы өксікке толы дауыс көкесін іздеумен өткен Нұрмұхан ағаның жүрегін қарс айырылдырып, жан жарасын қозғағаны анық.

Фильмдегі кейіпкері мен өз тағдыры біреу әдейі көздегендей сәйкескен актер дәл осы жетімдік пен туған жеріне деген сағынышты Бейбарыстың ішкі әлемінің лейтмотиві етіп алады. Режиссер Болат Мансұров осы лейтмотивті фильмнің өн бойында қыпшақ әні арқылы әдемі өріп отырады. Бейбарыс рөлін орындағаны үшін Нұрмұхан ағаға Тверь қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальде «Актер мамандығына қосқан жарқын үлесі үшін» сыйлығы беріледі. Осылайша фестиваль қонақтары – 250 талантты актердің ішінен Н. Мордюкова екеуі топ жарып шығады. Актердің өзі де кетерінде «Бейбарыс рөліне жүрегімді қалдырдым» деп кеткен екен...

«Айқын» газеті, №47 (137

qazaq.kz


605 рет оқылған | Dec 09,2006 | жазған: | irgetas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.89Rating: 4.89Rating: 4.89Rating: 4.89Rating: 4.89 (барлығы 36 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар