Көптен күткен президенттік сайлау да өтті. Қазақстан халқы өз қалауын білдіріп, таңдаулы тұлғасының мерейін үстем етті. Ақ жарқын елін ақжарылқап күнге адастырмай бастайтын ай мүйіздік ақ серкедей айтулы көсемін тап басып танып, мұғдарлы мұратқа жеткізеді деп сенім артты.
Қоғамның дамуына әсер ететін әр саланың мамандары да өз пікірлерін ашық білдіріп қана қоймай, нақты қолдау көрсетті. Яғни, құрылысшылар, жеке кәсіпкерлер, саясаткерлер, әлеуметтік саланың мамандары, өнер адамдары, жұмыскерлер өз мүмкіндіктерінің молайған, жұлдызды шақтарында жақсылықтарының жалғасуы үшін өз Президенттерінің тұғырын мықтап, тұлғасымен қайта қауышты. Ал, өзінің де, өзгенің де екі дүниесінің қамын жеген мұсылман жамағатының да жауапты сәттерде жайбарақат жатпағаны белгілі. Өйткені, Алла қасынан келген ақиқат қана қай кезде де өміршең, адамдарды дұрыс көзқарасқа бағыттайтын темірқазық десек, сайлау қорытындысының салиқалы аяқталғаны бәріміз үшін де шүкірлік етер бағалы байлам екені белгілі. Сондықтан да, отандастарымыздың аламанға түскен азаматтардың арасынан Нұрсұлтан Әбішұлын абзал көрген тарихи таңдауының сырын пайымдау үшін Алланың аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттеріне сүйенсек, артық болмас еді.
Тағдырымыздың тізгінін сеніп тапсырған айшықты тұлға туралы оқырмандармен ой бөлісу шариғаттың шартына қайшы келмейді. Керісінше, өзара кеңесіп іс жүргізу – мұсылманшылықтың елеулі сипаты болып есептелінеді (3: 159, 42: 38).
Қазір қапталдасып қатар жатқан көрші мемлекеттерге қарағанда Қазақстандағы негізгі ерекшелік – тамылжыған татулық пен ұлтаралық келісімнің тұрақтылығында болса керек. Мұндай жетістікке қол жеткізудің сыры неде? Менімше, оның себебі мемлекет басшысының имандылығында жатыр. Ислам дінінің негізгі құндылықтарын бойына сіңірген Елбасы өз еліне бейбіт күнді көксемеуі мүмкін емес. Өйткені, Ислам және бейбітшілік сөздерінің арасында толық үйлесімділік бар. Бұл екі сөз де “ас-саләм” түбірінен туындайды. Алла Тағала да Өзін (ас-Саләму) Бейбітшілік сыйлаушы ретінде сипаттаған. Бұл Алланың тоқсан тоғыз көркем есімінің бірі. Сондай-ақ, “ас-саләм” – сәлем беру, аман-сау болу, бағыну, бас ию, татуласу, келісу деген мағыналарды да береді. Бұл мағыналар адамдарға асыл қасиет, аяулы сезім сыйлағаннан басқа зияны жоқ.
Қайсы бір адамдар Ислам игілігін ұлттық мүддеге қарама-қайшы келеді деп айтады. Ол мүлде бекер сөз. Енді біз Ислам көзқарасы бойынша ұлттық мүддемізді сөз етелік. Ресми дерек бойынша республика халқының жартысынан астамын қазақтар құрайды. Қандастарымыздың қадір-қасиетін қамдап, қандай да бір қажеттілігін қанағаттандырып отыру – Елбасымыздың ең алдыңғы міндеттерінің бірі болуға тиіс деп талап қоюға да қақымыз бар. Алланың кітабы – Құран Кәрімге жүгінсек те осы ойымыздың орынды екеніне көзіміз жете түседі.
“Әй, адам баласы, шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, һауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы” (49: 13).
Алла Тағала адамзатты ұлттар, рулар етіп жарату себебін бір-бірлерін танулары үшін екендігін айтады. Егер де ұлттар мен ұлыстардың өзіндік ерекшеліктері болмаса, бір-бірінен айырып қарау қиынға түсер еді. Ендеше, ұлттық ерекшеліктердің болуын Ислам діні жоққа шығармайды. Алайда, ол ерекшелік шариғат шартына сай болуы керек. “Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың” деген сөздер осыны меңзейді. Бір қызығы, ел сенім артқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Біз, тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек” деген сөзі жоғарыдағы Алланың аятымен қалай үндесіп тұр десеңізші! Бұл – қазіргі Елбасымыздың жаны Исламға жақын екенін көрсетпейді ме? Ендеше, Алла деген адамға сенім артқанымыз имани шешім емес пе?
Президенттікке үміткер Н.Назарбаев сайлау алдындағы бағдарламасында: “Мен сендерге ешқашанда ертегіге пара-пар уәделерді берген емеспін” деп мәлімдеді. Бұл да мұсылманшылық. Себебі, адамдарды уәдемен алдап, арбау – шайтанның сипаты. Сондықтан, кім үйіп-төгіп уәде берсе – оған сеніп қалмау терең жауапкершілікті қажет етеді.
Мәселенің мәніне терең бойлау үшін, енді біз “Ислам діні патшалыққа қалай қарайды” деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Алла Тағала Өзінің аятында (2: 247) адамдарға патшаны Алла сайлайтынын, оны білімде әрі тұлғада артық қылатынын анық айтады. Сондай-ақ, Алла әкімшілік-билікті қалағанына беретінін де ескертеді. Ел мен Елбасының арасына от жағып, ірікті салу – Жаратушының заңдылығына сай келмейтін үлкен бүлік. Себебі, Алла Тағала: “Ей, иман келтіргендер, Аллаға, Пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бой ұсыныңдар…” (4: 59) деп бұйырған жоқ па еді?! Яғни, Алла патшаға бағынуды мойнымызға жүктеп қойған екен. Сонда, патшаға мойынсұну бізге уәжіп болады. Ал, уәжіпті мойындамау – мұсылманшылыққа жат қылық. Бұл Н.Назарбаевқа қатысты сөз. Өйткені, ол бірден-бір іс жүзіндегі Президентіміз болып саналады. Ал, ағымдағы патшаға бағынбау – күнәһарлыққа бастайтын қатерлі іс екенін естен шығармауымыз керек. Оның арты әр түрлі бүлікке ұласып кетуі мүмкін. Осы тұста “патшалыққа қарсы шығатын Исламда да ағымдар жоқ емес қой” деушілер табылып қалар. Ол рас. Соның бірі – Хизбут-тахрир. Мақсаттары – халифат құру. Олар өздерін дұрыс жолдамыз деп есептейді, бірақ, қателеседі. Өйткені, мұсылмандар халифалық мемлекетте өмір сүрмесе болмайды деген ұғым Құранда да, сүннитте де жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Халифат отыз жыл өмір сүреді” деген. Яғни, Әбу Бәкр (р.с.), Омар (р.ғ.), Осман (р.ғ.) және Әлидің (р.ғ.) халифатты басқарудағы билігі аяқталуымен отыз жыл тәмәм болады. Содан кейін билікті алған Мағауия (р.ғ.) алғашқы патшалықтың негізін қалаушы болып табылады. Осы мәліметтерге сүйенген атақты Ислам ғұламасы ибн Тәймия осыдан он ғасырдай бұрын Ислам дінін ұстану үшін халифаттың болуы міндетті емес екенін дәлелдеп шықты. Бірақ, ол: “Ірі мемлекетсіз дінге қауіп төнетінін, ал, имандылықты қолдамаған мемлекет рақымсыздыққа қарай бет бұратынын” ескертуді де ұмытпаған еді. Н.Назарбаев осы талап-тілектің үдесінен шығып отырған Президент. Оның өзінің ойы да осы тұрғыдан алыс кетпейді. Енді, ағымдағы Президентіміз жазған мәтіндерден үзінді келтіріп көрейік:
“Ислам, қасиетті Құран, әрқандай саяси күрестерге қарсы. Керісінше, Құранда “дінде зорлық жоқ” деген бұлжымас қағида бар”.
“..біз дінді қару етіп өкімет басына келушілерді құптамаймыз. Қазір жалған діндер көп…”
“Саясат күнде өзгереді. Ал дін мәңгілік”.
“Біз сүннит (Пайғамбар жолын ұстанған) мұсылмандарымыз және осы жолдан айнымауға тиіспіз…”.
Еліміздің жетпіс пайыздайы мұсылман халқы болғандықтан, біз де Президентіміздің иман келтіріп, Ислам дінін ұстанған адам болуын әлбетте қалаймыз.
Бұл тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының алар орны айрықша. Олай дейтініміз, жоғарыдағы келтірілген үзінділер Н.Назарбаевтың Алланың кітабы – Құран Кәрімді, Пайғамбарымыздың өнеге-өсиетті-хадистерді оқып, оған амал етуге құлықты екенін анық аңғартады. Оның екі мәрте Меккеге барып кіші қажылығын атқарып қайтуы да осы ойымызды дәлелдейді. Қасиетті Құранның орысша аударма-нұсқасы 11 мың данамен Ресейдің жоғары оқу орындарына тегін тарату үшін шығарылуы, сондай-ақ, Қазақстандағы бірден-бір исламтанушы дін қызметкерлерін дайындайтын оқу орны Нұр-Мубарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ашылуы, Астана мен Алматы және облыс орталықтарындағы бірнеше үлкен мешіттердің салынуы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырылуы жайдан-жай емес шығар. Ал, Назарбаевтан басқа президенттікке үміткерлердің бағдарламаларында Алладан келген ақиқат дін жөнінде бір ауыз сөз болмағаны нені білдіреді? Бұл жәйт кімнің басқару ісінде береке болуы мүмкін екенін көрсетпей ме? Әрине, ел сайлаған Мемлекет басшысы біздің бұл сенімімізге лайық болса керек. Өйткені, алаш халқын Алланың ақ жолынан көргісі келетінін бүгінгі Елбасымыз бүкпесіз айтып жүрген жоқ па? “… халық Алласына, тәңіріне сеніп, ертеңгі күнін, ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисіне сәйкес өмір сүрсе деймін” (Н.Назарбаев). Ол шыншыл, иманды болып, адамдарды әділдікке шақырудың өте жақсы іс екеніне сенімі кәміл екенін айтудан жалыққан емес. Өйткені, ол қит еткенді қиып түсетін қылышынан қан тамған аумалы-төкпелі алмағайып заманда да айтарын айта білген айтулы азамат. Оның он бірінші қыркүйектен кейінгі қиянат иелерінің қисынды-қисынсыз қаралауынан қаймықпай, қасқайып қарсы қарап тұрып Исламды қорғап сөйлеуі имандылығынан деп айтпасқа шара жоқ. “Исламдық қауіп-қатер деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанмен, оның үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан мифтік қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақтылы қорғаудың қажеттілігін сөз ететін кез келді” (Н.Назарбаев, “Сындарлы он жыл” кітабынан).
Міне, осылай алты қарыс азуын айға білеген алпауыт басқыншыларға қарсы батылдық танытып: “Исламның әлемге қауіп төндіріп тұрмағанын, қайта, әлемнің Исламға қатер төндіріп тұрғанын” алғаш рет айтқан біздің бүгінгі Елбасымыз емес пе еді?
Сондықтан да, Қазақстан мұсылмандары арасында Назарбаевқа наразылар жоқтың қасы. Қайта оның тұлғасын тым биіктен көргісі келетіндер көп. Олар өздерінің Елбасын Ислам әлемінің игі адамдары құрмет тұтатынын мақтанышпен еске алады. Әсіресе, екі Харамның қызметкері (марқұм) Фәһд патшаның айрықша құрметінің арқасында Нұрағаңның қасиетті Қағбаның ішіне кіруі әр тілеулес қазақтың сүйсіне айтатын әңгімесіне айналғалы қашан! Сонда, Елбасымыз Аллаға дұға жасап, алақанын жайып: “Халқыма, қазағыма байлық-береке, бірлік, бейбітшілік бере гөр” деп тілеген екен. Шын ықылас-ниетпен, шариғаттың шартын сақтап, Қағбада жасалған дұға қашан да қабыл болады дейді білім иелері. Әйтеуір, осы оқиғадан кейін Қазақстан қарыштап дами бастады деп әркім-ақ айтып жүр.
Бізге қай кезде де Аллаға арқа сүйеген президент керек. Өйткені, “Аллаға сүйенген дөп басты, адамға сүйенген адасты” дейді даналар. Аллаға бет бұрған Елбасы өзіне алғаусыз сенген адамдарды алдамаса керек-ті. Сондықтан, дауысымызды дау-дамайсыз ағымдағы Президентке бергеніміз болар елдің болаттай беріктігін көрсетсе керек.
Негізінде патшаны сайлайтын – патшалардың Патшасы – Алла Тағала. Ол Алла билікті қалаған адамына ғана береді. ( 3: 26). Ал, адамдар дауыс беру арқылы патшаны сайлауы – себеп қана. Адамдар патшаны өзіміз сайлап алдық дегенмен, бәрібір оның бәрі Алланың қалауымен ғана жүзеге асады. Адамның таңдауы Алланың қалауына сәйкес келіп жатса, ол Алланың разылығын табады, сансыз сауапқа ие болады және жақсылықтарға жолығады.
Нұрсұлтан Назарбаев – Алланың қалауымен бүгінгі күнде билік иесі болды. Алла қаласа бола бергені абзал. Өйткені, бізді дініміз патшаға қарсы шығып тайталасуға бұйырған емес. Біздің бүгінгі Елбасымыздың тағына таласуға және оған қарсы шығуымызға ешқандай мұқтаждығымыз жоқ. Ал патшаны өзіміз қалағандай етіп өзгерткіміз келсе, біз өзімізді-өзіміз өзгертуге тиісті боламыз. Қауым өзгермей – патша өзгермейді.
Авторы: Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ, ақын.
egemen.kz