Қасиетті Рамазан айы аяқталысымен әлем мұсылманда­рының алдында Исламдағы бес парыздың бірі – қажылықты орындау мақсаты тұрады. Бұған республикамыздың мұсылмандары да қосылып, өздерінің ниеттерін білдіре бастайды.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылдағы әдетпен бұл жауапты да маңызды діни шараның дайындығына ерте бастан кіріскен болатын.

Қажылық сапар — қасиетті парыз

Қасиетті Рамазан айы аяқталысымен әлем мұсылмандарының алдында Исламдағы бес парыздың бірі – қажылықты орындау мақсаты тұрады. Бұған республикамыздың мұсылмандары да қосылып, өздерінің ниеттерін білдіре бастайды. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылдағы әдетпен осынау жауапты да, маңызды діни шараның дайындығына ерте бастан кіріскен болатын.

Шілде айында Сауд Арабиясы Корольдігі­нің қажылық істері жөніндегі министрі Абд ас-Салам әл-Фарисидің шақыруы бойынша қажылыққа қатысты мәселелерді талқылау үшін құрамында Қазақстан Үкіметі жанын­дағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі Аманбек Мұқашов, Қазақстан қажылары қауым­дас­ты­ғы­ның төр­аға­сы Марат Сәр­сен­баев, “AІR-ASTANA” әуе ком­па­ния­сы вице-президенті Азат Бектұров бар ар­найы делегация Бас мүф­ти­дің бастауымен Ко­роль­дікке іссапармен барып қайтты.

Делегация Сауд Арабиясы Ко­роль­дігінің қажылық министр­лі­гі­не қарасты “Көлік кәсіп­ода­ғы­ның” президенті Мұхаммед Зикрия бен Хасан Жауһаржи, “Біріккен өкілдіктер кеңесінің” президенті Фарук Салих Абу Зайд, “Түркия, Америка, Еуропа және Австралия қажылары” бас­қарма­сының президенті Абдул­ла бен Омар Аладдин мырзалармен және Мадина қаласындағы “Гидтер қауымдастығының” басшы­лы­ғы­мен кездесіп, Жидда әуежайында қазақстандық қа­жы­ларды қарсы алу, республика қа­жыларын Мекке, Арафат, Мина жерлеріне тасымалдау мәселе­ле­рін талқылап, Қазақстаннан ке­летін туристік фирмалармен бір­лесе жұмыс істеу жайын анық­та­ған соң, дінбасы Қазақстан мұ­сыл­мандары діни бас­қармасы мен Сауд Арабия Ко­рольдігінің қажылық ми­нис­тр­лігі арасындағы келісім-шартқа қол қойды.

Осы кездесу барысында Саудия тарапы 2006 жылғы қажылықты ұйымдастырудағы кейбір өзекті мәселелермен таныстырып, Қа­зақ­стан та­ра­пы­нан келетін туристік фирма­лар­дың іс-әрекетіне баға беріп, кейде олардың кей­бірінің талап деңгейінен шыға бермей­тін­дік­терін де атап өтті. Мәселен, өткен жылы “Аф-аф” деп аталатын фирма “Сауд Арабия­сы­ның қажылық министрлігімен тікелей ке­лі­сім-шартқа тұрдық, Қазақстан қажылары­ның барлығын біз апарамыз” деп елді дүр­лік­тіріп, мұсылмандар арасында түсінбестік ту­ғызған. Ал шын мәнінде мұндай фирма Сауд Арабиясының қажылыққа қатысты құзырлы мекемелерімен ешқандай қатысы жоқ болып шықты.

Қажылықты ұйымдастыруға байланысты Сауд Арабия Корольдігінің құзырлы меке­мелерімен жасалған келісім шарттарды жүзеге асыру мақсатымен 2005 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Үкіметі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығында қажылықты ұйымдастыруға мүдделі мемлекеттік ұйымдардың және қажылықты ұйымдастыруға ниет білдірген туристік компания басшыларының қатысуы­мен мәжіліс өтті. Онда 2006 жылғы қажылық­қа байланысты Сауд Арабия қажылық ми­нистрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптары нақты түсіндірілді. Мәжіліс қорытындысы бойынша қажылықты ұйымдастыру ҚМДБ арқылы жүзеге асыры­ла­тындығы және аталмыш іс-шараны ұйым­дастыруға ниет білдірген туристік фирмалар Діни басқарма арқылы және оның қойған та­лап­тарына сай қызмет етуі тиістігі туралы шешім қабылданды. Осыған орай ҚМДБ туристік фирмаларға қажылық жұмысты жо­ғары деңгейде ұйымдастырып, болашақ қажы­лардың тұрмыстық жағдайын, денсаулық­тарын қадағалау мәселелерін шешу туралы және республика атына кір келтірмеу жөнінде міндеттеме жүктеп, қажылықтың талап дең­гейіне лайық атқарылуы қажеттігін түсіндірді. Бұл Қазақстанның қажылық ғибадатын орындаушы отандастарымызға мейлінше жағдай жасау үшін қарастырылған іс-шаралар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республиканың туристік фирмалары ішінен өт­кен жылы қажылықты ұйымдастыруда жақ­сы жетістерге қол жеткізіп, қажылар ризашы­лы­ғына бөленген “TTN” туристік фирмасы­мен келісім шартқа тұрды. Бұл туристік фир­ма басшылары алдын ала Мекке, Мадина қалаларында болып, болашақ қажылардың қонақүйі, көлігі мен ас-суына қатысты мәселелерді шешіп қайтты. Қазір олар қажылыққа ниет білдірген үміткерлердің құжаттарын қабылдап, тиісті дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Елімізде қажыларды Алматыдан Жиддаға тікелей алып бару аса қиын мәселе болып отыр­ға­нына қарамастан, “TTN” туристік фирмасы бұл мәселені оңды шешу жағын қарастыруда. Осыған байланысты олар отандық “Южная” әуе компаниясымен келісім шартқа тұрып, Алматы-Жидда бағытымен тікелей ұшақ ұшыруды көздеп отыр. Бұл жерде айта кетер бір жайт, қа­жыларымызды ұшақпен тасымалдау мәселесінде еліміздің Көлік және коммуникация министр­лігі, сондай-ақ республикадағы басты әуе ко­м­па­нияларының бірі “AІR-ASTANA” шарасыздық та­нытты. Осыған байланысты отандық туристік компания әртүрлі жолдармен қажыларды тасы­малдауды ұйымдастыруға әрекет жасауда. Жал­пы қажылықты ұйымдастырудағы басты мәселе, еліміз азаматтарын Алматы-Жидда бағытымен тікелей тасымалдау. Осыған байланысты респуб­ликаның құзырлы мекемелеріне бұл мәселені келешекте оңды шешуді қаперде ұстауды өтінер едік.
Иә, қажылық мерзімі таяп келеді. Сауд Ара­бия­сының Қазақстандағы елшілігі де қажылыққа баруға ниет етіп, тілек білдірушілерге “виза уақыты аяқталып қалды” деп асықтыруда. Ал ағайындар әлі де жайбарақат сияқты. Алматыға келуге мүмкіндігі жоқ алыс облыс, аудан, ауыл­дағы азаматтардың қажылық тәртібі жайлы өз облыстарындағы өкіл имамдардан сұрап білуіне болады. Бұл жайлы имамдарға күнілгері тап­сырылған. Қазір әрбір облыстағы ірі мешіттер осы істі бастап кетті. Үміткерлерге қосымша ескер­теріміз, бұл ел аралап, қызықтап, тамаша­лап қайтар саяхат емес, қажылық Алла тағала алдында парыздарын өтейтін аса жауапты сапар. Оның шарты мен қағидасын орындау ләзім. Бұған тағы бір қосарымыз – қажылыққа бару­шылар Діни басқарманың қажылық бөлімінің компьютерлік жүйесінен өткені абзал. Ол алғашқы жарық көрген “Қазақстан қажылары” кітап-альбомының келесі томын дайындауға, сол арқылы келешек ұрпаққа қажылық жайлы нақты дерек, шежіре қалдыру үшін де қажет.

Ал енді қажылықтың маңызы, мәні туралы шариғат тұрғысынан түсінік берер болсақ, қажы­лық Исламдағы бес парыздың бірі. Ол туралы Құран Кәрімде: “Ақиқатына келсек, адамдардың ғи­бадат етуі үшін тұңғыш салынған үй Меккеде. Бүкіл әлемдегі қасиетті және тура жолға бас­тай­тын үй сол. Ондағы қасиетті белгі Ибраһимнің орны (яғни, Ибраһим халилулла­ның табанының табы қалған тас). Ол үйге кірген адам еш нәр­се­ден қатерсіз болады. Мұнда келуге мүмкіндігі болған адамның бәрі Алла үшін сол үйді қа­жы­лық етуге қарыздар…” (“Әли Имран” сүресі, 96-97-аяттар) делінген. Сонымен бірге хазреті Мұ­хам­мед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың “Күмәнсіз, Алла тағала сендерге қажылықты парыз етті, қа­жылықты орындаңыздар” және “Кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық пары­зын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жа­пы­рақтар секілді төгіледі. Ал, Мадина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып аман­да­са­ды…” деген хадис шә­ріп­тері бар. Мұсылман өзі­нің жан дүниесі күнә­дан таза және Жаратқан Раб­бысының құзырына пәк болып баруды армандайды. Ал, қажылық па­рызын мүлтіксіз абыроймен орындаған пенденің анадан туылған сәбидей кіршіксіз таза болатындығы жайлы Алла елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: “Кімде-кім Алланың үйіне қажылық ғибадатын орындап, онда ешбір күнә немесе жат қылық жасамаса, ол пенде еліне қайтқанда анасынан туылғандағыдай күнәдан пәк болады” деген.
Иә, қажылық мұсылманның өз адал қара­жа­ты және бар болмысымен орындайтын құл­шы­лығы. Бұл ғибадатқа түйірдей атаққұ­мар­лық немесе даңққа бөлену секілді жат ниет араластырмау қажет. Мұсылман қажылық па­рызын өтеу жолында барша қиыншылықтарға сабырлылық танытқаны үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Аллаһым, қажының күнәсін және қажы дұға еткен пенденің күнәсін кешір”, – деп дұға жасаған.

Мұсылман үмметінің рухани ордасы Мекке. Сондықтан да Мекке барша мұсыл­ман үмметі үшін аса қа­сиетті де қастерлі. Онда Алла тағаланың үйі – қасиетті Қағбаны тұр­ғыз­ған Ибраһим (ғ.с.) мен Ис­маил (ғ.с) пай­ғам­бар­лар күн кешті. Хазреті Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пай­ғам­барымыз осы қалада дүние­ге кел­ді. Қасиетті Құран Кәрім­нің алғашқы сүрелері де осында уахи етілді. Әз Мұ­хам­медке (с.ғ.с.) пай­ғамбарлық кел­ген. Осы үшін де Мекке әрбір мұ­сыл­ман үшін аса қым­бат, жүрегіне де соншалық жақын.

Меккеде Исмаил пайғамбар (ғ.с.) сәби кезінде апасы екеуі ғана қалып, шөлден көмейі кеу­іп, шыр-шыр етіп жы­лаған кезінде Алла тағала сәбидің тобығы тиген жер­ден бұлақ ашады. Исмаилдың (ғ.с.) анасы Хад­жар ана тез арада, жан-жаққа жайылып бара жат­қан бұлақ көзін қо­лы­мен жинай алмай зам-зам (тоқ­та, тұр) деп дауыстап жібереді. Бұлақ та бір арнаға жиылып тұрып қалады. Сол күннен бастап бұл бұлақ “зам-зам” бұ­лағы, “зам-зам” суы деп аталып кет­кен деседі діни риуаяттар. Бұл оқи­ғаны әз пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.) есіне алған кезде “Алла тағала Хаджар ананы рах­мет етсін, егер ол кісі бұлақты зам-зам деп тоқ­татпа­ған­да Меккені су алып кетер еді” деген.

Бұл құм басқан шөлейт зам-зам бұлағы пайда болмайынша ел қоныстайтын мекен емес еді. Қажылыққа барған әрбір мұсылман осы бұлақтың суын ішер алдында Алла тағаладан тілек тілеп дұға етсе, Жаратқан пендесінің дұға-тілектерін қабыл етеді.
Қажылыққа барған мұсылмандар міндетті түрде Мадина қаласына барып, пайғамбары­мыз­дың қабірін зиярат етеді және “Масжид-набауи” (Пайғамбар мешіті) мешітінде намаз оқиды. Аталмыш мешітте оқылған намаздың сауабы жайлы Алла елшісінің (с.ғ.с.): “Менің мешітімде оқылған намаз өзге мешітте оқылған мың намаздан абзал…” деген.

Қажылықты ниет еткен кісі өзі жоқта отбасын ішіп-жемнен тарықтырмайтын, табысы мен мал-мүлкінен зекет және мұқтаждарға садақа беретін, жасаған күнәлері үшін Алла тағаладан кешірім сұрап, тәубеге келген мұсылман болуы құба-құп. Сонымен бірге шариғат талаптарына сай қажылық парызын өтеуге ниет еткен мұсылманның ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, жасы кәмелетке толған және қажылық шығынын адал еңбегімен тапқан болуы шарт.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы­мыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты облыс имамдары­мен кездескен кезде қажылықты ұйымдастыру талап деңгейіне сай болуын тапсырған бола­тын. Сондықтан да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл сауапты да, маңызды діни шараға үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Өзінің алқа мәжілісінде қажылыққа дайындық мәселесін талқылап, имамдарға тиісті тапсырмалар берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тікелей жұмыс істейтін туристік фирманы таңдау барысында да оның мүмкіндігі, басшыларының іскерлігі, қажылардың жағдайын жасауға деген талпынысы және қажылықтың сауап іс екенін түсініп, қажылық парызды атқаруға барынша көмек көрсетемін деген ниеттері басшылыққа алынды. “TNN” туристік компаниясының басшылығы биылғы жылғы қажылық науқанында жоғары деңгейде өткіземіз деп құлшыныс білдіріп отыр. Біз де өз тарапы­мыздан оларға сенім білдіре отырып, талапты да күшейтіп отырмыз. Алла бұйыртса, қажылыққа ниет білдірген бауырларымыз қасиетті Мекке, Мадинаға барып, өздерінің бесінші парызын орындап, аман-есен елге оралады деп сенеміз және Жаратушы иемізден соны сұраймыз.

Авторы: Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.