Қазақстандағы кәрi қыздардың санын түгендеп, жыл сайын көбейiп бара жатқанынан тағы шошып, етегi жасқа толып жүретiн Мақаш көкеме тағы бiр «қайғы» қосылғалы тұр. Ол елiмiздегi сүрбойдақтардың жайы. Тек қана қыздарымыз соқа басы жүрсе мейлi дермiз, бүгiнде салт басты өмiрге етi үйренген жiгiттерiмiздiң де саны көбейiп келедi.
Қазақ баласын он үш жасында отау иесi деп санайды. Ежелгiнiң дәстүрiне салсақ, баласына сол жаста құда түседi. Қызығы сол, баласын белi бесiктен шықпай жатып үйлендiрген қазақ «үйленген оңай, үй болу қиын» деп отбасы тауқыметiне қорқа қарайды. Бүгiнде қыздарымыздың алдында отбасы құрудан бұрын, күйлi қызметке қол жеткiзу мақсаты бар. Ал, жiгiттерiмiз пәтер жалдап күнелткен кезде басы артық мәселе етiп отбасы мен әйел, бала-шағаны қайтсiн?
«Бас екеу болмай, мал түгел болмайды» дейтiн қағида да осыған орай айтылса керек, онсыз да аз халқымыздың саны отбасы құрудан басын алып қашатын жiгiттер мен отбасынан бұрын қызметiнде өсiп өркендегендi қалайтын қыздарымыз тұрғанда көбейе қоймаса керек-тi. Батыста жастардың 80-90 пайызы отбасын екiншi мәселе етiп қарап, қызметте өсудi қаласа, бұл үрдiс бүгiнде Ресейде де бар көрiнедi. Ресейге келдi дегенше, Қазақстанға келдi, орысқа келдi дегенше, қазаққа келдi дегенiмiз жөн. Бұл бiзде де бар.
Бойдақтық мәселесi бiздi ғана емес, көршiлес елдердi де алаңдатып отыр екен. ТМД көлемiнде бойдақтықтан зардап шегетiн Қазақстан мен Қырғызстан болса, әзiрге мұндай мәселеден iргесiн аулақ салған тек өзбекстан мен Тәжiкстан көрiнедi. Ресей бала туу саны азайып бара жатқандықтан, дүниеге әр нәресте келген сайын 250 мың рубль сыйақы тағайындағанын халқына мәлiмдегелi қашан?!
Әрiптестiң сөзi:
- Журналистiк сапармен барған Атырау облысының бiр ауылынан мен шын мәнiнде көзiме жас алып қайттым. Қай аудан екенiн, қай ауыл екенiн жiгiттердiң намысына тимеу үшiн айтпаймын. Бiрақ, ондай өңiрдiң бар екенi баршамызға шындық. Сұмдығы сол, бiр ауылдың еркектерi түгелдей сүрбойдақ екен. Алдының жасы 40, соңы 18-ге келген азаматтың барлығы қазақтың әр қызы мойнын бұрып, бiр қарайтын азамат-ақ. Бiрақ, жер астынан газ шығу себептi белсiздiк ауруына ұшырап, үйлену бақытынан айырылған. Күндiз күн көзiмен шағылысып көрiнбесе де, түнде иен далаға шыққан адам ауылдың айналасына мың-мың сiрiңке жағып қойғандай әсер алады. Сөйтсек жер бетiне шығып тұрған газ екен бұл… Газ өндiретiн орында жұмыс iстеген, сол газдың үстiнде өмiр сүретiн халықтың денсаулығына келген залал әлгiндей…
- Ойбай-ау, неге көшiп кетпеске деймiн?-мен.
- Қайдан көшсiн, ауыл-орманын тастап қазақ қайда барушы едi. Басқа жерде жұмыс қайдан болсын? Газ болса да, басқа болса да сол өңiрде жұмыс iстеп жанын бағып отыр емес пе?- деп әрiптесiм өзiме сұрақпен жауап бергенде ғана ойланып қалдым.
Жалпы дiн тұрғысынан алғанда бойдақтыққа оң көзбен қарамайды. өйткенi, мұсылманның отбасын құрып, мейлiнше көп балалы болғаны дұрыс. Пайғамбарымыздың өзi үмбеттерiне «Үйленiңдер, көбейiңдер, мен о дүниеге барғанда өз үмбеттерiмнiң көптiгiмен мақтанамын» дейтiн өсиетi бар. Осы ретте, Алла Тағаламыздың «Мен өсiп өнсiн деп барлығын екеу жараттым» дейтiн сөзiн де естен шығармағанымыз ләзiм. Отбасын құру парыз болмаса да, мынадай сөздерден кейiн сүннет екенiн түсiнiп, екеу болуға ұмтылған оң. Жалпы, еркек және әйел жыныстылардың табиғи заңдылығын өтемей тұра алмайтындары сирек. Дәрiгерлердiң айтуынша, мұндай болмаған жағдайда ауруға да ұшырайды екен. өзге дiндерде дiнбасылар мен дiниқызметшiлерге үйленбейтiн, отбасын құрмайтын қатаң заң болса, Ислам дiнiнiң үндеуiн кез келген мұсылман құп алуы шарт та шығар…
Ендi елiмiздегi жалғыз демограф Мақаш Тәтiмдi тыңдап бағыңыз:
- Кәрi қыздар немесе бойдақтар деп аталатын топқа бiз ажырасқан немесе күйеусiз бала туып алғандарды қоспаймыз. 25 пен 50 жас аралығындағы азаматшаның барлығы кәрi қыз санатына жатады. Бұлардың санына келсек, 250 мыңнан асып жығылады. Қазақстандай адамы аз мемлекетке 250 мың деген өте үлкен көлем. 250 мың туылмаған бала, 250 мың көтерiлмеген шаңырақ. Кәрi қыз деген атау өте ауыр. Сондықтан да, ауылда қазiр кәрi қыз жоқ. Ал, қалада кәрi қыз деген ұғым жоқ.
Осы секiлдi жiгiттерiмiз қаншама? Не әскерге бармай, не түтiн түтетуге шамасы жетпей, не болмаса түрмеде отырған, тiптi, жұмыс iздеп, өзге елдерге қара күш ретiнде ағылғандары қаншама. 250 мың кәрi қыз бар десек, 250 мың сүрбойдақтың да болуы мүмкiн. Кәрi қыз болып отырған 250 мың қыздың теңi осы 250 мың сүрбойдақ едi, бiрақ, қыздар көн етiктiнi менсiнбеймiн деп уақытын оздырып алды. Мен сүрбойдақтардың нақты санын бес жылдан кейiн айтамын. өйткенi, сүрбойдақтың жасы 35 пен 55 арасы. Оның үстiне еркектер 35-40 жасында да үйлене бередi. Қорыта айтқанда, елiмiзде 400 мың бойдақ бар. Бұл Қазақстан халқының 4 пайызы деген сөз…
Көнекөздер бойдақтық мәселесiнiң өрiс алғандығын бұрынғы кезеңдегiдей екi жастың танысып, табысуына себепкер болатын жеңгелердiң жоқтығынан деп бағалайды. өйткенi, сол кезеңде бүтiндей таныстыру агенттiктерiнiң рөлiн жеңгелер ойнап, тiптi салтымыздағы «жеңге көйлек», «қол ұстар», «бұрым сипатар» деген үрдiстердi де ойлап тапқан. Сондықтан да қыз iздеп шыққан жiгiттiң сәттiлiгi үшiн де «жолы болар жiгiттiң жеңгесi шығар алдынан» деп жақсы мақал қалдырған.
Қайнысының олқы тұсын жасырып жауып, қайынсiңлiсiнiң осал тұсын жақсы етiп көрсетiп, екi жас отбасы құраған кезеңде де үйренiскенше ортада дәнекер болатын да сол жеңге болса керек. Бiрақ, бүгiнде мұндай дәстүрден алшақтап қалдық. өткеннiң мәйегiн ауылдан табамыз десек те, ауылдан қалаға ағылып жатқан кәрi қыздар ауылда ақ некеге дәнекер болатын жеңгенiң жоқтығын көрсетедi.
«ДАЛА мен ҚАЛА» газеті, №46 (175), 01.12.2006ж.
Авторы: Л. БӨКЕЙХАНҚЫЗЫ
2006-12-01