Халықаралық Абай клубының «Аманат» кітапханасы тағы да екі тың кітаппен — қазақтың қос ойшылы, ұлы ақындары Абайдың «Өлең — сөздің патшасы» және Шәкәрімнің «Жол табалық ақылмен» атты шығармаларымен толықты. Халқымыздың ұлы ойшылдарының артына қалдырған сөздерін бүгінгі күнгі ұрпақтарына жеткізу міндетін қазіргі заманның көрнекті жазушысы, Лондондағы халықаралық Абай клубын ұйымдастырушы Роллан Сейсембаев мойнына көтеріп алыпты.
— Қазақ халқының ұлы ақыны, данышпан ойшылы, композитор, аудармашы және көрнекті қоғам қайраткері Абайдың әдеби мұрасы — өлеңдері, поэмалары, аудармалары, философиялық ой-толғаулары — қазақ әдебиеті тарихының баға жетпес қазынасына, халқымыздың рухани мәдениетінің биік өресіне айналған.
Абай — кемеңгер даналығымен, зор көрегендігімен, жүрегінің асқан сезімталдығымен көпшілікке қарсы тұра білген қайсар батылдығымен Алланы танып-білген Ақиқат Ерені. Ақынның еркін де шалқар дүниетанымы, асыл тастай жарқыраған ақындық таланты, өлмес рухының асқақтығы қазақ халқына таусылмайтын рухани азық һәм жол нұсқаушы шапағатты нұр. Сондықтан бүгінгі күнде де, алдағы уақытта да ұлы Абайдың шығармалары ұмытылмай, әр шаңырақта оқылуы шарт сияқты.
Шаһкәрім Құдайбердіұлы — Абайдан соңғы Дешті-Қыпшақтың ең көрнекті тұлғасы, ұлы ақыны, ғұлама ойшылы, қайталанбас сазгері, озық аудармашысы һәм қоғам қайраткері. Бұл кітапта ақынның қасіретті жаны, кеніш көңілі, трагедиялық тағдыры айқын таңбаланған.
Шаһкәрімнің мол әдеби мұрасынан өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Ақынның өлеңдерінде, поэмаларында, философиялық ой-толғауларында бір пендеге ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сырлы мұң бар. Бір қаламгерге ғана емес, бар ойшылдарға тән қамығу-қайғы бар. Бұл қасиет — өлең өресін, өнер биігін айқындайтын биік меже. Бұл біздің туған тілімізде, ұлттық әдебиетімізде Абайдан соң ғана мүмкін болған биік жетістік.
Шаһкәрім — Абайдан соңғы ең танымал есім. Абайдан соңғы ең көрнекті тұлға, — дейді кітаптарды жаңартып басып шығарып, халыққа ұсынып отырған жазушы Роллан Сейсембаев. Ұлтымыздың ұлы ғұламалары, ескірмес ой иелерінің шалқар дүниетанымдары, нұрлы жандары, сәулелі тебіреністері, өзгеше бітімдері, биік мақсаттары, ақыл-ойларының тереңдігі қазақ халқының арымайтын рухани биігі болып қала бермек.
qazaq.kz