Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Стамбулда Шыңғысханнан сыр шертетін шежіре табылды


image

Стамбулдағы Топ-Қапы мұражайында сақтаулы тұрған “Шу’аб-е пәнжгане” (Бес тармақ) деген атпен танылған парсы-моңғол тілдерінде жазылған көне ғылыми еңбек – Орталық Азия және Иран халықтары тарихы үшін маңызды құжат болып табылады. Бұл дереккөз әр кезеңде билік құрған патшалардың шежіресінен сыр шертеді. Оның көшірмесі таяуда шығыстанушы ғалымдар Әшірбек Мүминов пен Нәпіл Базылханның ат салысуымен елге жеткізілді.
“Шу’аб-е пәнжгане” шежіресінің көшірмелерін саралай келгенде, осы дереккөздің әр түрлі аталғандығына көз жеткіземіз. Онда араб, моңғол, бәни Исраил, христиан-еуропалықтар және хытай-қидан қауымы шежіресі арқау болғандықтан да, осы еңбек “Бес тармақ шежіресі – Шу’аб-е пәнжгане” деп аталыпты.
Дегенмен жақсы сақталған қолжазбаның мұқабасындағы атауы – “Кетаб-е насабнаме-йи мулук” (Патшалар шежіресі кітабы) деп көрсетілген. Дегенмен оның титулдық бетінде “Джами’-е тарих берәсме асхаб-е хизанатул-бейт Қасым сұлтан ибн Сейд Ахмад хан...” (Сейд Ахмадтың ұлы Қасым сұлтанның қазына серіктерінің рәсімі бойынша жалпы тарих) деп таңбаланған. Мұқабада қағазға жазылып, жапсырылған атау кейін жазылған десек, оны қолжазба мазмұнына қарап, бертінде қойылған атау ретінде қабылдауға болады.
Ал кітаптың кіріспе мәтініне қарағанда, бұл қолжазбаны “Джами’ат тауарих” (Жалпы тарих) сериясына жататын шежіре деп таныған абзал. Автордың жазуы бойынша, “Шу’аб” аталатын осы жазба ілгеріде жазылған “Джами’-ат тауарихтың” қосымшасы болып табылады.
Титулдық беттің жоғарғы бөлігінде: «Мәктуб-е оурақ ики иуз ирме дуғз» (Екі жүз жиырма тоғыз парақтан тұратын жазба) – деп түрікше жазылған. Қолтаңбасына және сиясының ұқсастығына қарағанда, осы тіркесті қолжазбаны көшіруші жазған деп шамалауға болады. Беттің төменгі жағында парсы тілінде «Әдад-е варақ 226 (Парақтар саны – 226)» және түрікше «227 йапрак» деп парақ саны цифрмен көрсетілген. Мұның бертінде жазылғаны сиясынан көрініп тұр. Қолжазбаның қазіргі сақталған нұсқасы 226 парақтан тұрады.
Бұл қолжазба Хорасанда жазылған болуы мүмкін. Қай кезде, қай шамада жазылғанын дөп басып айту – әзір қиын. Дегенмен аштарханидтер сарайында сақталды деген шығыстанушы Широ Андоның мегзеулеріне қарағанда, қолжазба тарихын кемінде ХVІІ ғасырдан әрі деп шамалауға болады. Қолжазба Топ-Қапы мұражайына 1927 жылы өткізіліпті.
Әзірге осы еңбектің авторы мен көшірмешісі белгісіз. Алайда қолжазбаның “Джами’ат тауарих” атауы мен ондағы моңғолдар шежіресінің кеңінен тарқатылуына, оның ішінде илхандар әулетіне мән берілгендігіне қарап, оның авторын Фәзлолла Рашидаддин деп долбарлауға болады. Автор көзі тірісінде өз еңбектерінің жыл сайын бір-бір көшірмесін әзірлеп, көрші елдерге жөнелтіп отырғаны белгілі.
Қолжазба мұқият көшірілген. Онда патшалардың тек-тұқияны кесте жүйесімен беріліп отыр. Мәтін аз. Ата-бабалар аты кесте жүйесімен тармақталып кете береді. Бұл еңбектің кіріспесінде шежіренің маңызы жайында айтылып, ондағы кестені қалай пайдалануға болатындығы да егжей-тегжейлі түсіндірілген. Айталық, моңғолдар ұрпағын таратқанда, ұлдың аты – шеңбер сызық ішіне, қыздың аты – квадрат сызық ішіне келтіріліп отырады. Кіріспеде келтірілген Құран аяттары мен хадистер қызыл сиямен жазылған. Содан кейін келтірілген кесте де қызыл сиямен сызылып, ондағы адам аттары қара сиямен жазылып отырған.
Кіріспе 8 парақтан тұрады. Мәтіннің басында орта ғасырларға тән Аллаға мадақ (тәмхид), пайғамбарға мадақ (верд) аз берілген. Алайда мәтін ішінде шежіренің не үшін керек болатындығы пайғамбармен байланысты түсіндірілген. Онда автор пайғамбар тұлғасы және оның мәртебесі жайында біршама тоқталған. Сондайда ол адамзат шежіресін пайғамбарға дейін және пайғамбардан кейін деп екі бөліп қарастырады. Тарата айтқанда, автор пайғамбарды бұл арада адамзат тарихының өлшемі ретінде көрсетуге тырысқан.
Кіріспеде ілгеріде жазылған “Джами’ат-тауарих” кітабына түсінік үшін көпшіліктің ұғымына лайықты жеңіл шежіре жазылу керектігі айтылады. Сонымен қатар қолжазбаның тағы бір тұсында бұрын жазылған “Джами’атты” толықтыру мақсатымен де осы еңбектің жазылғандығы атап көрсетілген. Кіріспеде әр шу’аб – қауымның шежіресінің кесте бойынша берілуіндегі айырмашылықтарға да жеткілікті түсінік берілген. Сөйтіп, патшалардың аттары аталған тұсқа олардың қайда, қандай аймақта, кейбір тұста қанша жыл билік қылғаны баяндалады. Сондайда белгілі ірі тұлғалар болса, автор олар жайында неғұрлым тұжырымдалған мәлімет беруге тырысады.
“Шу’абтың” тілі негізінен, парсы болғанымен, моңғол ұрпағы, Шыңғысхан тегі тарқатылар тұста адамдардың аты моңғол тілінде де келтірілген. Моңғол тіліндегі атаулар кейіннен қосылған қосымшаға ұқсамайтын болғандықтан, шежіре авторы парсы, араб, түркі, моңғол тілдерін білген болса керек.
Шежіре Адам атаға сипат беріп, оның ұлдарын тарқатумен басталады. Одан кейін Мұхаммед пайғамбардың 48-інші атасы Шис пайғамбардан бергі тегі тармақталады. Сол ретпен араб, моңғол, бәни Исраил, христиан-еуропалықтар және хытай-қидандар патшаларының шежіресі тарқатылған. Мұның ішінде арабтар, моңғолдар және қидандар шежіресінің Орталық Азия мен Иран тарихына тікелей қатысы бар.
Қорыта келгенде, көне Мәуереннәхр және Түркістан жерінде билік құрған хандардың дені Шыңғысхан тұқымынан болғандығын ескерсек, осы шежірені зерттеу арқылы Орталық Азияның ортақ тарихына жаңа парақтар тіркелуі мүмкін. Бірегей данасы ғана сақталған және кейінгі бірқанша шежіре, тарихтың жазылуына мұрындық, дереккөз болған “Шу’аб-е пәнжгане” шежіресін жұмыла зерттеу – тарихымыз үшін қажеттілік болып табылады. Оны аударып, шежіреге қамтылған елдер тарапынан тиісті бағасын беру де кезек күттірмейтін мәселе.

aikyn.kz


288 рет оқылған | Nov 23,2006 | жазған: | irgetas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00 (барлығы 24 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар