Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


ЖЫЛ ҚҰСТАРЫ НЕМЕСЕ ЕКІГЕ ЖАРЫЛҒАН ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ ТУРАЛЫ


image

Қазақ елі қазір екіге жарылып тұрған сияқты. Бірі осы елдің отын оттап, суын ішіп жүрген, Қазақстанды екінші отаным деп санап, тағдырларын осы елмен байланыстырғандарымен, Қазақстан деп аталатын унитарлық мемлекеттің негізін қалап отырған байырғы ұлттың тілін де, салт-дәстүрі мен тарихын да білмейтін, білмеген соң онша жанашырлықпен қарай қоймайтын, егер мүмкіндік бола қалған жағдайда атажұрттарына көшіп кетуге іштей әзір топ та, екіншісі осы елдің ыстығына күйіп, суығына тоңуға пейілді, Қазақстанды атажұртым, Отаным деп қабылдап, осы елде ақырғы демі біткенше тірлік кешуге бел байлаған жергілікті халықтың өкілдері. Алғашқы топқа ана тілінің уызына жарымай, өзге тілде тілдерін сындырған, өзге ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін саналарына сіңірген орыс тілді қазақтарды да жатқызуға болады.

Сонау кеңес заманынан бері бір-бірімен сырттай сыпайы қатынас сақтаса да, іштей аңдысқан, бір-бірімен ымыраға келісе алмайтын осы екі топтың ара-жігі таяуда жаңа дизайндағы теңгені айналысқа енгізер тұста тағы да айқындалып қалды. Бекболат Тілеухан, Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров сияқты депутаттардың жанайқайы, зиялы қауым өкілдерінің басшылық тізгінін ұстап отырғандарға жазған ашық хаттары алғашқы топты селт еткізбеді.

Шынын айтқанда олар қазақтардың жаңа дизайнды теңгеге неге сонша шүйлігіп жатқандарын онша ұға да алмаған сияқтанды. Ұлттық Банктің басшыларының Мәжілісте депутаттардың сауалдарына берген жауабы мен теледидар журналистерінің жүргізген сауалнамалары осыны анық аңғартты. Жаңа дизайнмен жасалған теңгені айналымға енгізуге болмайды деп шырылдап жүргендердің бәрі қазақ тілді қазақтар да, жаңа ақшаны ауыздарының сілекейлері құри мадақтап, тамаша, ғажап деп тамсанып жүргендер орыс тілді қазақтар мен өзге ұлттардың, негізінен «ұлы» халықтың өкілдері болды. Қазақ қоғамы қазір екіге жарылып тұр.

Оның түп тамыры сонау кеңес заманындағы бірінші, екінші сортты ұлттарға бөліп, ұлтсыздықты, дінсіздікті, дәстүрсіздікті санаға сыналап сіңірген зымиян саясатта жатқандығы белгілі. Қазақтың зиялылары кеңес үкіметі билікке келе бастаған тұста-ақ екіге жарылған-түғын. Бірі кеңестік солақай саясаттың қолшоқпарларына айналса, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты көзі ашық, болашақты бағамдай алатын ұлтжанды азаматтар оған барынша қарсыласқан. Міне, сол текетірес кеңес заманының өн бойына созылды. Оның ақыры желтоқсан көтерілісіне ұласты. Желтоқсанда алаңға шығып, бастарын бәйгеге тіккен жастар бүгінде біреулер айтып жүргендей әлдекімдердің арандатуымен, тасада қалған саясаткерлердің қолшоқпары болған жоқ-ты.

Оларды алаңға алып шыққан күш намыс болатын. "Малым жанымның, жаным арымның садағасы" дейтұғын ғасырлар бойы ата-баба тәрбиесі арқылы санаға берік сіңген түсінік ар-намысты бәрінен жоғары ұстап, сол жолда тәуекелге бару - желтоқсан көтерілісінің де, кешегі ұлттық төл теңгеміздің жаңа дизайнын енгізуге қарсы шығудың да түпкі себебі осында болатын. Ал ар деп аталатын қасиетті бәрінен жоғары қойған қазақы сананы түсінбейтін алғашқы топтың өкілдері бұл жайды ұқпағаны және ешқашан ұқпайтыны бесенеден белгілі.


Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында тың игереміз деп, шын мәнінде, комсомолдық жолдамамен келіп жаңа пәтер алып, мол табыс тауып, рахатты тұрмыс құрамыз деп жан-жақтан миллиондаған адамдар ағылды. Солтүстікте тақтайдай түзу асфальт жолдары, оқтай түзу көшелері, ыстық-суық суы, газы тартылған жайлы пәтерлері бар селолар мен қалалар жарыса бой көтерді. Олардың тұрғындарының 90 пайыздан астамы жан-жақтан бақыт іздеп келген келімсектер еді. Шын мәнінде жайлы тұрмыстың бәрі де солар үшін жасалды.


Өзім туып-өскен, негізінен жергілікті халық өкілдері тұратын Қызылорда облысында су, газ құбыры тартылған ауылдарды кездестірген    емеспін, ал жолдамамен жұмыс істеуге барған кезімде солтүстік облыстарда қаладағы пәтерлерден еш кем емес котедждер бой түзеген селоларды талай-талай аралаудың сәті түскен. Онда тұрып, рахатты тұрмыстың бал дәмін татып жатқандардың 95 пайызы өзге ұлттың өкілдері болғандығы да рас.

Солтүстік облыстардың темір жолдары түгел электрлендіріліп, қалааралық электр пойыздары жүйткіп жатқанда, оңтүстікте әлі күнге дейін қара түтінін будақтатқан тепловоздар жүр. Бұл да сол тұстағы кеңестік астам саясаттың салдары болатын. Ал 90-шы жылдары өтпелі кезеңнің ауыр кездерінде оқтаудай тегіс асфальтты көшелері, ыстық-суық суы, газы бар жайлы пәтерлерден тұратын солтүстіктегі селолар қаңырап бос қалды. Жайлы тұрмыс үшін жат елге келген тың игерушілер бастарына сәл қиындық түсісімен жиған-тергендерін алып, үй-жайларын сатып, жайлы тұрмыс іздеп басқа жаққа түп көтеріле көшті.


Ақмола облысының бұрынғы Қима ауданының Ешім деп аталатын кеңшары болды. Ондағы тұрмыс, жайлы пәтерлер, мектебі мен клубы анау-мынау қалалардағыдан көш ілгері болатын. Сол селода қазір жиырма шақты үй ғана қалды. Бәрі қазақ отбасылары. Басқалар әлдеқашан басқа жаққа жансауғалап көшіп кеткен...


Ал өзім туып-өскен ауылда тұрмыс қандай ауыр болса да ешкім ешжаққа көшкен жоқ, ауылдың түтінін түтетіп, тұрмыс қиындығын елмен бірге көріп жатыр...


Өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында түп көтеріле көшкендердің кейбіреулері еліміздің жағдайы түзеліп, халықтың тұрмысы жақсара бастаған кезде қайта көшіп келуде. Ал таяуда Ресей президенті Владмир Путин өзге елдердегі қандастарын шақырып еді, Қазақстанды екінші отанымыз, енді ешқайда көшпейміз деп жүргендердің біразы елеңдесіп, тағы да қопаңдай бастады. Біраздан бері үні естілмей жүрген "Лад" қоғамы мен казактар да дауыс көтеріп, орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру, басшы қызметтер арасындағы қазақтар мен орыс ұлтының арасындағы алшақтықты жою жайлы мәселе қозғауға көшті.


... Көктем шыға даланы у-шуға толтырып жыл құстары келеді. Осы жыл құстары туралы ақындарымыз қанша жыр жазбады, сазгерлеріміз қанша ән шығармады. Нұрғиса ағамыздың "Құстар әнін" білмейтін қазақ жоқ бүгінде. Ал сол жыл құстары, ақындарымыз бен сазгерлеріміз көкке көтерген жыл құстары, күз түсіп күн суыта жылы жер іздеп басқа жаққа үшып кетеді.


... Торғай деп аталатын кішкентай ғана құс бар. Қазақстанның барлық аймақтарында өмір сүреді. Шықылықтап жүріп дән тасып, балапандарын өсіреді. Жаздың ыстығында, қыстың суығында бір тыным таппай, ыстыққа күйіп, суыққа тоңа жүріп, тағдырын туған жеріне байлап, ажалды да туып-өскен жерде қарсы алады. Жыл құстары сияқты жылы, жайлы жақты іздемейді. Бүгінде екіге жарылған қоғамымыз екіге жарылған құстардың жайына ұқсайтын сияқтанады. Жайлы, жылы тұрмыс іздеп, өмірінің мәнін сол рахатты тірлікпен өлшейтіндер мен туып-өскен жері мен елін ардақ тұтып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, өле өлгенше елі, жері үшін ғұмыр кешетіндер - қазіргі қоғамымыздағы бірін-бірі түсіне алмайтын, көзқарастары да, тұрмыс тірліктері де ұқсамайтын екі топ.

Біреуі үнемі жайлы тұрмыс, жылы орын іздеп, қайда жақсы жер болса сонда барып, ұшып-қонып жүретін жыл құстары сияқты да, екіншісі туған жердің суығына да, ыстығына да төзіп, сонда туып, сонда өлуге пейілді ешқандай ақын өлең-жырға қоспайтын қарапайым торғайға ұқсайтын тәрізденеді.


Табанының бүрі жоқтар үшін басты мақсұт – рахатты молшылық тұрмыста өмір сүру, атақ-даңқ пен биік мансапқа қол жеткізу. Ондай рахат қай елден, қай жерден бұйырса, сол елге баруға жан тәнімен пейілді. Олар үшін ар түсінігі сияқты намыс, ұят дегендер де жасанды, жылтыр сөз ғана.


Егер намыстары болса Ұлттық Банктің тізгінін ұстап отырған азаматтар ана тілдерін аяқ асты етпес еді. Қазірдің өзінде сұраншақ, сақау деп аталып жүрген теңгені айналымға шығармас еді. Оның дизайны бүгінгіден мүлде басқа, онда ұлттық мақтанышымыз әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс сияқты ұлы тұлғаларымыз бен қазақы қалпымызды, салт-санамызды білдіретін рәміздер салынған болар еді. Егер оларда ұят болса, қарапайым халық күндерін әзер көріп, Бақай, Шаңырақ сияқты елді мекендердегі қандастарымыз баспанасыз қалып,

қайда барарларын білмей далада қалған қазіргі жағдайда айына 365 мың доллар жалақы алып, миықтарынан күлмес еді...


...Бүгінде алпауыт мемлекеттердің санатына енген Оңтүстік Кореяның экономикасының негізін қалаған ДЭУ корпорациясының президентінің үстінен қылмыстық іс қозалып жатыр. Оған үлкен көлемде салық төлемеген деген айып тағылуда. Миллиардтаған доллар ақшасы бар, шет елдердің біріне барып бой тасалап, рахатты молшылықта өмір сүруге мүмкіндігі мол ол өз елінде қалуға бел байлапты. Ал талайлардың маңдай терімен тапқан ақ-адал ақшаларын алдап алып, шет ел асып кеткен Смағұлов сияқтылар жат елдерде жан бағып, рахатты тұрмыс құрып жүріп жатыр...


Қоғам қашан екіге жарылуын қойып, осы елді мекен еткен адамдардың бәрі ұлтына, дініне қарамай қазақстанды ортақ отанымыз деп санап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы елдің жақсысы үшін қуанып, жамандығы үшін күйіне алатын бүтінге айналмақ?! Бәлкім, ондай қоғам болашақта, қазіргі қазақ тілінде оқып, ана тілінің уызымен тіл сындырып жүрген ұрпақ өсіп, ел тізгінін ұстаған кезде орнайтын шығар?!. Ал әзірге соқыр мен мылқау сияқты бірін бірі түсінісе алмайтын екі топ лажсыздан бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп жатқан жайы бар...


... Жыл құстары жайлы, жылы жер іздеп, ұшып кеткелі қашан. Ақындар жырға қосқан аққулар мен тырналар қазір Анадолы мен Африканың өзен-көлдерін сағалап, қиқулы көңілді тірлік кешуде.


Алғашқы қар жауды. Күн суытып, қаһарлы қыстың белгісі білініп қалды. Ағаш басында бүрісіп отырған сұр торғай анда-санда шықылық-шықылық етіп жан-жағына мойнын соза қарайды. Жақындап қалған ызғарлы қысты қаперіне алмайтын сияқты. Өйткені ол әу баста-ақ, осы жердің суығына тоңып, ыстығына күйсе де ешқайда кетпей, туған жерде өле өлгенше тірлік кешуге белін бекем байлаған...

qazaq.kz


1065 рет оқылған | Nov 21,2006 | жазған: | irgetas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.82Rating: 4.82Rating: 4.82Rating: 4.82Rating: 4.82 (барлығы 34 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар