БІЗ - ҚАЗАҚ, ҚАНДАЙ ЕЛ ЕДІК?
Аллаһқа шүкір! Біз мұсылманбыз, дініміз — ислам, кітабымыз — құран! Егер, осы сенімге берік келетін болсақ, Аллаһ тағаладан адам баласын жаратқан сол бір қадым шақта алғашқы адам қауымының арасында біздің де ата-бабамыздың жүргені Аллаһқа хақ, адам баласының қисынды ойына сиятын әңгіме.Егер "Құранның жолымен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі!.." деген Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне келетін болсақ, біздің елдік қағидамыз осы желімен жүретіндігі, әлем мойындаған ақиқаттарға бет бұратынымыз шындыққа айналмақ дүр.
Нәпсілікті, түрлі ағымдағы сенімдікті доғарып, адами ақыл-естің қалпымен өткенімізді сараласақ, біз жоқтан бар болмағанбыз. Адам баласының тарихы қай тұстан басталар болса, біз де сол кезеңнен бастау аламыз!!!
Арғысын ұмытыппыз, бергісінен бастайық. Ежелде ес білмеген замандарда, Азия құрлығының құрсағында бір тосын да, ғажайып ел өмір сүрген екен. Сол елдің мекен еткен ен даласын XVII-XX ғасырдағы ғылыми тілмен "көшпенділер мекені" деп жалпылай атапты: Хұн депті, Сақ депті, Түрік депті, Тұран депті, Қыпшақ депті, Моңғол үстірті депті... сан алуан саққа жүгіртіпті. Кімде-кім бір кітаптың, бір тілдің қарасын таныса, сол оқығандарының қолайсыз тұстарының барлығын бізге тел беріпті, Аллаһты ұмытып бізді айтса, әлем бәсекесінде жеңіске жетердей-ақ!.. Ал, біздің әсілдік тұрғысынан бағалап, Құран кәрім арқылы Аллаһтан айтылған "Біріңді бірің танып, біліп жүрсін деп ру еттік, ұлыс еттік сендерді!" деген аят жолына ешкімнің де батылы жетіп бара алмапты. Сол "оқымыстылардың" барлығы адамның санасына жетпейтін дүниені оқығандай, сол дәуірді — қазақ дәуірі деп атап қалса әкесі өлетіндей, одан қалды алтынға оранып, көрде жатқан бабаларымыз тарпа бас салып, ұрып жығатындай, әйтеуір, бізге қатысты тарихқа "зайырлы" бола тұра үрке қарапты!..
Осылайша, әр алуан атақпен аталған бабалар бірде аса дәуірлеп, бірде бөгделердің илеуіне түсіп, онымен тынбай бүгінде адам баласының "ата тарихы" аталып жүрген елдермен тайталаса өмір сүріп, өздерінің баба топырағында, сол бабалардың салтын, тілін, дәстүрін сақтаған халпымен
XXI ғасырдағы мына біздерге жетіпті!. Сөйте тұра, біздің тарихымызды "тұтқыш" пен "тұтырқыны" білмейтін, "сырға" мен "сыралғы досты" айырмайтын, тілімізден мақұрым бөгде оқымыстылары зерттепті. "Әдіп қабырға" мен "Әп (жұп) қабырғаны" айырмайтын ғанзулар хатқа түсіріпті. Бүгінгі күн жерде жатқан тесік түйме тозбайтын заман, біздің өткендегі қаңсығымыз қазір өзімізге таңсыққа айналыпты.
Әсіресе, Алтын Орда күйреп, көшпелелірден "бақ тайғаннан" кейін, біздің тарихымызды елеп, бізді адам санатына қосатын "мәдениеттілер" (таласы болса, тас тарихтаны алып келсін! — Х.Ж.) тумапты. Баба тарихымыздың сорабына түскен Олжас Сүлейменов "әсіре ұлтшыл, күллі Кеңес иелігіне қауіпті адам!" аталып, жолдан қайтыпты. Әлбетте, Аллаһ бәрін көреді, бәрін сезеді, сол Аллаһ мүсіркеп арада 30-40 ғасыр өткеннен кейін бабалар ұрпағына тәуелсіздігін сыйлапты. Бұл - бүгінгі Алматыны Астанаға көшіріп жатқан, іргесі бүтін - Тәуелсіз Қазақстан!!!
Қазақтың тарихын қай дәуірден бастап жазуға болады?! Оңайлығын ойласақ, қазіргі бізге ең жақын тұрған Жетісу — Сақ дәуірінің үшінші ғасырынан бастайық. Бұлай болған күннің өзінде оның алдында тұрған қазақ қауымының тарихы үңірейіп бос қалады.
Адам баласының тарихы — "кеңсе тауары" емес!.. Түрік дәуірі дәуірлеген (тасқа тарих жазған кезден) кезден бабаларымыз өмірге келіпті десек, адам баласының бір күнде пайда болғандығы жоққа шығады. Тегінде, картопия (бұл атауды біздің ауыл осылай атайтын) еккен жерден картопия аласың, сөк еккен жерден сөк аласың! Адам баласы пайда болған кезде, солардың арасында тілсіз бабамыздың, адам баласына тіл пайда бола бастаған түста біздің тілмен сөйлейтін бір қауымның жүргендігі ешкімге де күдік тудырмасы белгілі!..
Қазақтан бұрын қытай туған, қытайдан бұрын қазақ туған немесе үндістен бұрын негір туған, негірден бұрын Христоффор Колумб туған десек — Маркстің ілімі арқылы адам болып кеткен маймылдың өзі күлереді!..
Ендеше, қасиетті оқушым мен сіздің жүрегіңізді ширықтырмай, бұған дейін бізге тарих сабағынан дәріс беріп келген "ұстаздар" пәнінен бөлекше бір әңгімені бастайын: Хат танитын бала біледі біздің құрлықтың көне тарихы Қытайдан басталады. Қытай өлкесінен бергі қазақ даласына дейінгі аралықтағы ескі молада Сақтардың алтын табыттары бар! Бірақ, олар жазба тарихқа нақты мәнімен тарих болып ескерілмейді. Есесіне, Қытайдың аңыздан бастау алатын мұрағаттық қағаз жазбалары сөз сөйлейді. Енді, сол қытайдың бізге қатыстырып, қағазға түсірген тарихынан дәйек келтірейік. Оның қаншалықты маңызды екендігін оқырман қауым өзі саралай берсін...
Қос өркешті түйенің сүйегі табылған Аляска құйғанын да санадан ысырып тастайық!
Сөйтіп, әйгілі қытай жазбаларына ғана жүгініп, соған көз жүгіртейік:
Ежелгі аңыз кейіпкері Фу Сиден бастау алатын қытай тарихында Хұндар туралы: "Бұдан бес мың шамалы жыл бұрын қытайдың ең әуелгі қағаны Фу Си, Шэн Нун, Хуан Ди деген үш Хуанның соңғы хуаны Чинггис қаған туылардан үш мың сегіз жүз елу сегіз жыл бұрын бұл дүниеде болған. Соның тұсында Хунь Юйді біздің бабаларымыз солтүстікке қуған" деп жазады да, Фу Сиді Ежелгі қытай аңызының батыры. Жылан денелі, адам кейіпті болған. Фу Сидің аңызында адамдардың балық ұстайтын ау ойлап тапқаны, жабайы аңдарды қолға қалай үйреткендері, алғашқы музыка аспабының пайда болуы сондай-ақ Фу Сидің қытай жазуының негізін салғаны айтылады. Шэн Нунды да бұқа басты, адам кейіпті аңыз бейнесі етіп көрсетеді. Хуан Диді ежелгі қыайдың аңыз кейіпкері, Сары хан деген атаудан пайда болған. Сары ханның тұсында адамдар садақты, қышқұмыра жасауды ойлап тапқан. Киім кию үрдісі мен әшекейлік өнер пайда болған деп түсіндіреді.
Ғажабы - осы тарихты хатқа түсірушілер аңыз кейіпкерінің туған жылын дөп басып біледі! Міне, біздің өзгелердің қағаз тарихынан бабаларымз туралы оқып-білетін ең құнды деректер!
Баласына тиген "жеңілтек апалардан" туған бабаларымыздың қытай жазбаларындағы баяны осылай екен. Осылайша, баба тарихына көз жібертіп отырасыңдағы "Керқұла атты Кендебай", "Тау көтерген Толағай" (толағай атауы да моңғолдың жазба тарихында басты рөл ойнайды), "Ер Төстіктерді" қағазға түсіріп, тарих ете салмаған бабаларға ашуың келеді...
Сонан бұл қытай тарихнамалары "Құпия шежіремен" ерекшеленетін моңғол тарихына келгенде Хұн атауын аяқ астынан моңғол етіп өзгерте салады... Ся ұлысынан кейін Шан ұлысы, Жоу ұлысы пайда болып, Шан ұлысы Моңғолды Гуй Фан, Жоу ұлысы Зиньжун немесе Шан Жун деп атап жүреді. Сонан бұл ұлыстар Цинь ұлысы, Жао ұлысы, Янь ұлысы болып жалғасады да, моңғолдармен шекаралас ғұмыр кешеді. Сөйтіп жүріп "моңғолды" Иц Юйг атандырып, көп ұзамай құртып жоқ қылады. Солардан кейін Янь ұлысы Дун Худы құртып, мыңдаған шақырымға ығыстырып, қала қорған түрғызып, Ақ қамалдың ірге тасын қалап, "моңғолдардан" сақтанады. Осылайша қытайдың жазба тарихнамасы Иц Юй деген ежелгі Моңғол ұлысының атауын қазіргі Шань Си аймағының Хан Жан фудың Нан жоуы сол. Осылайша қытайдың жазба тарихы бізге ежелгі бабаларымыз — Сақтарды да, Хұндарды да түгелдей Моңғолдар етіп нандырып, сонан уақыт өлшеміне келгенде "тағылар" атауымен ауызымызды жабады!..
Осылай жүре-жүре орта ғасырға келіп, Шыңғыс қағанды тудырады. Осы тұста келгенде де, Шыңғысты жоқтан бар етпеу үшін теңіз-мұхиттардан, қарлы шыңдардан асатын алып кейіпкер — Бөрте Чинодан тудырады. Дәл осы тұста бабаларымыздың тас жазуын аттап кете алмайды. Тонұқүқтың бітік жазуындағы: "... келетін әңгіме Бөрте Чиноның моңғол үстіртіне келуіне қайталанып, Шыңғыс қағанның баба тарихы да" деп басталады. Ал, енді қарлы шың, теңіз көлдерді кешіп кете беретін бабаңның тарихын "р" мен "л"-ды айырмайтын қытай жазбасынан білте алып іздеп көр! "Білте" мен "Бөрте" екеуі де бір атау болып шыға келеді...
Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы: "Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!" деген ұлағатты сөзін осыны ескертіп айтты ма екен, әйтеуір өзгелердің жазуынан өз тарихыңды оқыған тұста әке мен баланы, бала мен күйеуді ажырата алмай, аңырайтын кезің көп болады екен. Демек, бір сөз шындық. Ол қазақтың тарихы адам баласы пайда болған күннен бастау алғандығы. Біздің айтпағымыз тарихты жоққа шығару емес, сол тарихты аңыздан ажыратып алу! Осы тұста дүниеге: "Бөрілі байрақ ұраным, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!" деген тосын бір ұран пайда болған. Сөйтіп бұл ұранда аталған "Бөрі" атауы кең әлемді кезіп кете барған. Оның бір данасы "Қорқыт ата" кітабында қалған. Әлем тарихының зерттеу еңбектерінде бөрілер атауы осылайша дараланып,
"ҚанБөрі" (Байбөрі) атаулары халықтардың ауыз әдебиетіне ене бастаған. Жоғарыда Тонұқұқ пен Бөрте Чиноның көшіне қатысты тұстарды нақты дерек емес, аңыздан алынған оқиғалар деуіміз де осы жерде анықталады. Осы тұста да Қытай ғалымдары "Хор" ("Қорқыт ата есімінің басқы буыны" атауын) "Хон-хұн" деп жазып, тарихи жазбаларға үлкен нұқсан келтірген... Қордың ұлы Қорлар "Хұн" аталып шыға келген де, "Қор" атауы қазақ тілінде "Қордың қызы" болып сақталып қала берген.
Осылайша, қытай, манжу тіліндегі аралас тарихымызды ақтарып отырамыздағы, соның ішінен өзімізге қатысты деректердің шаңын қағып, саралап, жарыққа шығаруды көздейміз.
«Жас қазақ» газеті №4. 27.01.2006 жыл
Авторы: Жүкел Хамай 2006-01-28
554 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|