Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚАЙ ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛДЫ?


image
Биылғы "Қазақ күнтізбесінде" сәуір айының басында қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатындығы жазылған. Кейбір ресми құжаттарда да осылай корсетіліп жүр. Ал тарихшылар бұл жөнінде басқа деректерді алға тартады. Қалай дегенмен де қазақ хандығының құрылған күні — мемлекеттігіміздің іргетасы қаланғаны ұлтымыздың ұлықтанған күні екені анық. Ендеше бұл жайындағы әр түрлі болжамдарға нүкте қойылып нақты тұжырымға тоқталатын уақыт келген сияқты. Пікір алмасу — шындыққа жетелейді. Белгілі ғалым, тарих гылымының кандидаты Берекет Кәрібаевтың қазақ хандығы жайындағы зерттеу мақаласын осы мақсатта назарларыңызға ұсынып отырмыз.


XX ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуы сонау қола дәуірінің соңғы кезеңінде пайда болып, жалғасын тапқан этникалық, рухани, мәдени, діни, сондай-ақ ХІІІ-ХІV ғасырлардағы саяси жаңғырулардың заңды жалғасы екендігі белгілі.


Тарихтан әрбір этнос өзіне тән мемлекеттік құрылым қалыптастырғанын көреміз. Осы тұрғыдан біз қазақ хандығын саяси қондырма деп қарайтын болсақ, оның арғы жағынан жаңа бір этностың, яғни ұлттың пайда болғанын байқаймыз. Ал ұлт бар жерде мемлекеттік құрылым қалыптастыруға ұмтылады.


Кейінгі кезде республикалық қазақ басылымдарында Қазақ хандығы 1456 жылы құрылуына байланысты биыл оның 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту мәселелері көтеріліп жатыр. Бұл өте құптарлық іс. Бірақ қазақ хандығының дәл қай жылы қандай жағдайларда құрылғандығын ғылыми тұрғыда анықтап алу қажет. Қазақ хандығы жайында алғаш ғылыми пікір жазған орыстың көрнекті шығыстанушы ғалымы В.Вельяминов-Зернов еді. Ол кісінің тұжырымдары XX ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін басшылыққа алынып келді. Алайда мен осы тақырыпты ұзақ зерттеудің нәтижесінде Қазақ хандығының қай жылы құрылғандығы жөніндегі әртүрлі жылдарға тап болдым. Олар — 1428, 1445, 1456, 1458, 1460, 1465-1466 жылдар. Енді бір дерек бойынша Қазақ хандығы 1470-1471 жылдар аралығында құрылды делінеді. Мұндай әрқилылық болашақта үлкен дау тудырып, мемлекеттігімізге, ұлттығымызға күмәнмен қараушылар қатарын көбейтуі әбден мүмкін. Бұлардың әрқайсысын талдауға көп уақыт кететіндіктен мен 1456 жылға байланысты пікір айтайын. Себебі осы жыл ресми құжаттарға кіріп бара жатыр ғой. Сонда бұл дерек өзі қайдан шықты дегенге келейік. Жоғарыда аты аталған В.В.Вельяминов-Зерновтан шыққан.


Ол кісінің пікірі 1980 жылдарға дейін үстемдік алып келді. Қазірдің өзінде де оны қолдаушылар жеткілікті. Себебі В. Зернов Ресейдің Қасым қаласындағы ханзадалар тарихын зерттей келе мынадай қорытындыға келеді. 1602-1610 жылдары біздің Тәуекел ханның немере інісі Ондан Сұлтанның ұлы Оразмұхаммед хандық құрған екен. Қасым хандығын зерттей келе ол кісі Оразмұхамедке тоқталады. Оның шығу тегін зерттей келе Жәнібекке дейін жетеді.


Сөйтіп Керей мен Жәнібекке келгенде жаңа деректер қолданады. Шын мәнінде қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты басты дерек Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидың "Тарих-и Рашиди" атты еңбегі болып табылады. Бұл еңбектің екі нұсқасы бар. Біріншісі, парсы тілінде. Екіншісі, Ш.Уәлиханов тапқан ұйғыр тіліндегі нұсқасы. Осы екі нұсқада да Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға көшуі жан-жақты баяндалады. Моғолстанның ханы Исан-Бұға бұл екі сұлтанға Шу өңірінен жер беруі — Моғол хандығы тағына қауіп төндіріп тұрған туған ағасы Жүніске Керей мен Жәнібекті тосқауыл ретінде пайдаланған болатын.


1428 жылы Ақ Орданың ханы Барақ қаза тапқаннан кейін Дешті Қыпшаққа Әбілхайыр хан сайланды. Ол мықты билеушіге айналады. Бүкіл Мауреннахрды өзіне қаратты. Уақыт өте келе "көшпелі өзбектер" мемлекетінде Әбілқайырға қарсы ру-тайпалардың қарсылығы өсе түседі.


Моғолстан ханы Исан-Бұғаға наразы бірнеше тайпа Әбілхайыр ханның қоластына өтіп кетті. Сондай-ақ Әбілхайыр ханның күшеюі Алтын Орда, Сібір хандығы, Ноғай ордаларына да қауіп төндіре бастады. XV ғасырдың 50-ші жылдары Моғолстанның да ішкі және сыртқы саяси жағдайы онша жақсы емес еді. Осынау күрделі саяси жағдай қазақ хандығының құрылуына қолайлы әсер етті. Алайда М. Дулати Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға келуін Исан-Бұға кезінде болды дей тұра "Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан — біздің жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдан басталады..." дегенді айтады. Осы мәліметке сүйеніп тарихшылардың көпшілігі Қазақ хандығының құрылуын 1465-1466 жылдар деп есептейді. Бұл жылдарға дейін, яғни 1462 жылы Исан-Бұға қайтыс болып кеткен еді. Олай болса, Керей мен Жәнібек хандардың 1462 жылға дейін Сыр бойына көшкендігі анықталады. Ендеше бұл екі ханның Моғолстанға келген кезі 1458-1459 жылдарға сәйкес келетіндігін ғалым Т.И.Сұлтанов та қостайтындығын байқатады. Ол кісі Қазақ хандығының құрылғандығы туралы мәліметтердің дұрыс емес екендігін алғаш рет дәлелдеген ғалымдардың бірі.


Енді Қазақ хандығының қай жылы құрылғандығын анықтап көрейік. Әбілқайыр өлгеннен кейін Мауреннахрдың жаңа билеушісі Әбу Сайд барлық әскери күшін Хорасан жаққа бұрып, Исан Бұғаға қарсы оның ағасы Жүністі жібереді. Бұл — 1455-1456 жылдар аралығы. Жүніс-ханның Исан-Бұға ханмен алғашқы шайқасы 1456-1457 жылы болды. Ал, 1457-1458 жылдан бастап ол ашық шайқастан гөрі күш жинақтауға көшеді. Оның себебі де жоқ емес. Дәл осы 1457-1458 жылы Қашқар билеушісі Әмір Сайд Али қайтыс болды. "Тарих-и Рашидиде " ол туралы:"Әмір Сайд Али қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай 866 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша — 1461-62) Исан Бұға қайтыс болады. Хандық билік оның ұлы Дос Мұхаммед ханға тиеді..."делінеді.


Керей мен Жәнібек хандардың бір жыл ерте емес, не бір жыл кеш емес, дәл 1457 жылы Шу бойына келіп, екі хан иеліктерінің ортасында хандық құруы Исан-Бұға ханды күшейтіп, ал Жүніс ханға тосқауыл болған дейміз. Керей мен Жәнібек хандардың 1457-ші жылы келгенін, тіпті жылдың қай мезгілде болғанын тарихи аңыз да растайды — "Тышқан жылы қара күзде" Керей мен Жәнібек сұлтандардың Мойынқұмға келгендері туралы мәлімет бар. XV ғасырдағы тышқан жылы ол қай жыл? XIV ғасырдың 40-50 жылдары жазылған Масут ибн Осман Кухистанидың "Тарих-и Абулхайырхани" атты еңбегінде Әбілхайыр ханның қай жылы өлгендігі туралы: "57 жасында тышқан жылына сай келетін 874 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша 1469 жыл — Б.К.) оның жаны о дүниеге ұшты" делінеді. 1469 жыл — тышқан жылы болса, оның алдында өтіп кеткен тышқан жылға 1457 жыл сай келіп түр. Ал "қара күзіміз" қараша айы. Сонда Керей мен Жәнібек хандар 1457 жылы қараша айында Шу бойына келіп, қыстап шыққан және келесі жылы көктемде, яғни 1458 жылы наурыз-көкек айлары ішінде Керейді хан сайлаған. Алғашқы ханы Керей хан болған қазақ хандығы осылайша дүниеге келген.


Тағы бір айта кететін нәрсе — "Тарих-и Рашиди" авторы кейбір даталарды шамамен жуықтап көрсететіндігі. Терең үңіле қараған адамға М. Дулатидың жуықтап алған жылдары аралығында 6-7 жыл-ай айырмашылық бар. Мәселен, Тоғылық Темір хан 1362-1363 жылы қайтыс болса, ұлы Қызыр хан 1368-1369 жылға дейін туған делінеді. Сондай-ақ Ұлықбектің өлген жылы 1449 болса, ол 1455-1456 жылға дейін өлгендігі айтылады. Сол сияқты қазақ хандығының құрылған жылы біздің зерттеуіміз бойынша 1458 жылға сай келіп тұр. Ал "Тарих-и Рашидиде" қазақ сұлтандарының билігі 1465-1466 жылдан басталады деп жазылған. Айырмашылығы тағы да жеті жылдай. М. Дулати мәліметтері көбінесе аңызға негізделгенін жоғарыда айттық. Онда Керей хан он жылдай билік етті делінген. М. Дулатидың он жылын нақтыласақ, жеті-сегіз жылға сай келеді. Бұл да 1458 жылы Керей хан болып сайланғанын анықтай түседі. Яғни, 7-8 жыл билік етіп барып, 1465-1466 жылы қайтыс болғандығын айғақтайды.


"Тарихи-и Рашиди" авторы Керейден соң оның ұлы Бұрындық хан билікке келді десе, XVI ғасырдың алғашқы жылдары жазылған шейбанилық "Фатх наме", "Шейбани наме" деректерінің мәліметтерінде XV ғасырдың 70-жылдарының басындағы оқиғаларда қазақ ханы деп тек Жәнібек хан ғана айтылады. Бұрындық әкесінің ұлысында билік етуі мүмкін. Ал хандық билікке Жәнібек келген. Оның билігі 1465-1466 жылдан басталған.

Жәнібек хан мен Қасым ханның арасында билік еткен Бұрындықтың хандық билікте отырған жылдарын есептемегенде XIX ғасырдың 20-жылдарына дейін қазақ хандығын билеген хандардың барлығы Жәнібек ханның ұрпақтары. "Тарих-и рашиди" жазылған тұста қазақ қоғамындағы хандар мен сұлтандардың бәрі Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері болып келеді. Олардың кейбірін, мысалы, Қасым ханды, Жаныш, Таныш хандарды, Мамаш ханды, Жан Хайдар сұлтанды, Қарыш сұлтанды, Әдік сұлтан мен ұлдары, Тахыр хан мен Бұйдаш ханды М. Дулати өз еңбегінде атап өтеді. Оның айтуынша, 1512 жылы Сайд хан Қасым ханның ордасына келгенде оны күтіп алуға 30-40 сұлтан шыққан. Олардың бәрі Жәнібек ханның ұрпақтары. Содан болуы керек, "қазақ сұлтандарының билігі", яғни Жәнібек хан ұрпақтарының билігі 1465-1466 жылдан, яғни Жәнібек ханның билікке келуімен басталады деп "Тарих-и рашиди" авторы жазса керек.


Мұндай деректерді "Тарих-и Рашидиден" көптеп келтіруге болады. Олай болса, жоғарыдағы айтылғандарды тұжырымдай келе біз тағы қазақ хандығы 1458 жылы құрылған деп санаймыз. Алдағы 2008 жылы қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл толады.


Қазақ хандығының қай жылы құрылғанын анықтау біздер үшін ауадай қажет. Себебі, бұл бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ежелгі мемлекет екендігін дүние жүзі елдері алдында дәлелдейтін бірден-бір құжат болып табылады. Болашақ ұрпақ біздің мемлекеттігіміздің мерейтойларын әлі талай рет ресми түрде тойлайтын болады. Сол кезде ғалымдар арасында дау шығып, бірі олай, бірі былай деп жатса ел-жұрттан ұят болатыны анық. Ендеше оны бүгін анықтап алғанымыз дұрыс.

"Президент және Халық" газеті №14 (029), 07.04.2006 ж.

Авторы: Жазып алған Әділет ЖҰМАБЕК, тарихшы
2006-04-17

2481 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.35Rating: 4.35Rating: 4.35Rating: 4.35Rating: 4.35 (барлығы 54 дауыс)

comment Пікір жаз (1 жазылған) 
  • Керемет жазылған деп айтсам қалай болады?
(Уақыты June 2, 2009, 11:54 PM Нұрлан)


Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар