ҚАБАНБАЙДЫҢ ҚОСАҒЫ
Ол атақты Малайсары батырдың қарындасы Майсара сұлу еді Қабанбай батыр... Тәуелсіздік жылдарынан бері бұл бабамыздың ерлігін дәріптеуге кең жол ашылды. Оған соңғы 15 жыл ішінде елімізде Қытай мен Моңғолияда жарық көрген 20-ға жуық дастан мен роман, жыр-қисса мен зерттеу еңбектер анық дәлел. Бұл жолы біз батырдың жорық жолы емес, оған адал жар бола білген Майсара жөнінде сыр тартсақ дейміз. Түрлі зерттеулерден байқағанымыз, оның, негізінен, үш жансерігі болған сияқты.Ол — Қубас ат, адал жары Майсара және ер қызы Назым. Әсіресе Майсараның орны ерекше бопты. Ол жорықта ерлік көрсеткен қарулас серігі, өмір бойы айнымаған ақ жүректі зайыбы, дастарқаны мол, пейілі кең, үйіне ұйытқы болған дархан мінезді Жан екен. Бұл қысқа тұжырым ғана, енді мысалға жүгінейік. Майсараны алғаш І.Есенберлиннің «Жанталас», романында кездестірдік.
Онда аты Гәуһар делінген. "1723 жылы жоңғарлар жетпіс бес мың қолмен жеті топка бөлініп, тұтас қазақ сахарасына шабуылға өтеді" ("Қаракерей Қабанбай", 2000 ж., 50-б.). Ал 1724 жылы Түркістанға қауып төндіреді. Осы жақта Қабанбай да жауға қарсы күресті ұйымдастырушы болып жүреді.
Бұл жердегі күштің жетпейтінін сезген ол мұндағы батырларға тапсырмалар беріп, өзі қалың қол жинап келу үшін Арқаға аттанады. Бар қазақты көтеру керек деп есептеген ол атқа мініп жүрмек болады. Сол мезетте атын жетелеп "сусар бөрік киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта береді.
Одан кейінгі әсерлі сәт осы "Жанталас" романында былай суреттеледі. "Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, — деді маржандай әппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісін аяғына салған қас батырдың колтығынан ұстап, жоғары көтере бастады...
— Рахмет, құрбым, — деді Қабанбай жүрегі кенет дүрсілдеп айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады!...
— Айтқаныңыз келсін!
— Қош бол, қарындасым!... — Қабанбай атының басын тежей қалды. — Кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім, қарындасым?
— Атым Гауһар... Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасымын, - қыз бұ жолы сүйріктей әппақ саусақтарын үсынды. — Алла сау-сәламат көрісуте жазсын!
— Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!
— Қош болыңыз!" (24-6.). Қабанбай ұзап барып артына қараса, Гәуһар ақ орамалын алып екі-үш рет бұлғайды. "Гәуһар десе Гәуһар екен" деп Қабанбай іші елжіреп, жүрегі өрекпіп ұзай береді. Бұл екеуінің алғаш танысқаны, тілдескені. Қандай инабатты, әдепті, тіпті мәдениетті түсінісу, сөйлесу.
Лебізінен еркелік те, тектілік те сезіледі. Шынтуйатына келгенде Гәуһардың ерке болып өсетін жөні де бар екен. Туған ағасы Малайсары да аттың жалында, түйенің қомында жүріп, Қабанбай және басқа батырлармен қатар үнемі сапта болып, жан аямай жауға қарсы соғысқан аты әйгілінің бірі еді. Қарындасы Гәуһар да соның касында жүріп сан жорыққа қатысқан ержүрек қыз.
Қ.Жұмаділовтің "Дарабоз" дилогиясында Гәуһар қыз есімі Майсара деп аталады. Шын атын жұрт өзгертіп Гәуһар деп атап кеткен көрінеді. Кейінгі кездегі байқауымызша, осы есімі тұрақты айтылатын болып жүр. Қ.Жұмаділов оның Қабанбай батырмен алғаш жүзбе-жүз келіп, тілге келуіне қызықтьі мына бір штрихты келтіреді.
Түркістанды қорғау кезінде осы жақта болған Қабанбай көзі түсіп, ынтызары ауып жүрсе де Гәуһарға ләм дей алмай, өзін тежей береді екен. Бұрын үйленгендігі, екі-үш баланың әкесі болғандығы себеп бұған. Соның шешілуін жоқ жерден келген ажалдан Қабанбайды Майсараның құтқарып қалуы сәтін келтірген. Ол былай бопты.
Бірде Қабанбайдың шатырдан шыққан кезін аңдып жау оны атып өлтірмек болыпты. Соны байқап қалған Майсара садақ оғымен жансызды сұлатып салған. Соны көрген батыр: "Мені ажалдан алып қалған ақ тілеулі періштем өзің екенсің ғой... Міне, мен бүгіннен бастап сенің жаудан түсірген олжаңмын. Ендігі өмірім сенікі", депті. Майсара қалай құп алмасын мұндай жөн сөзді.
Бұл жерде Қ.Жүмаділов екі мәселеге назар аудартады: біріншісі — Майсараның қағылездігі, мергендігі, екіншісі — сүйіскен екі жүректің алғаш табысуы. Жазушы Қ.Жүмаділов "Дарабоз" дилогиясында Майсараның батырға ұқсас бейнесін іші-бауырыңды елжіретіп жіберерліктей етіп былай суреттейді: "Аяғына шоңқима көксауыр етік, үстіне кестелі жарғақ шалбар, қатипа камзол киіп алған.
Оның сыртында жеңіл бектер сауыт, басында алтындаған болат дулыға. Кемер белдікке қыстырып койған қос өрім қолаң шашқа, жәудіреген ұялы нәркес көз бен кайқы кірпікке қарап айырмасаң, саптағы сарбаздай болған да қалған". Жас кезінде де талай жорыққа қатысқанда Майсара осылай сапқа қосылатын болған ғой. Ал әлгі киінісі ұзақ бір жолға шыққанын білдіреді. Жазушының өз уақытындағыдай бейнелеп беруінде еш мін жоқ.
Майсараның ерлігін паш ететін жәйттерді жоғарыдағы кітаптардан басқа да еңбектерден ұшыратамыз. Жас арудың бір ерекшелігі асқан сұлулығы, көз тоймас әсемдігі болса, екіншісі — ел есінде "Гәуһар батыр" аты қалған жаужүрек ерлігі еді. "Қаракерей Қабанбай" кітабында З.Сәнік пен Б.Садықан "Кіші жүздің ханы Әбілқайыр отыз мың әскер, орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға өтпек болып жатқанда, " Гәуһар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайдың қасына барып, оларды жау жағдайы жөнінде толық мәліметпен қамдайды",— деп жазады (40-6.).
Бұдан бұрын жазылған "Жанталаста" І.Есенберлин Майсараның-Гәуһардың қайсарлығын, беріктігін, жүректілігін, еліне берілгендігін суреттегенде өзінің де алабұртып, іштей толқып отырғанын сезінесің. Жоңғарлар Түркістанға шабуыл жасамақ күндерінің бірінде Әбілқайыр ханға хабар бермек боп бір қыз шауып келе жатады. Бір топ адаммен шолғынға шыққан Сыбан Раптанның қызы Хоча оны байқап қалып артынан қуа жөнеледі. Зорға дегенде қуып жетіп қолындағы қыларқанын лақтырып қыздың мойнына салып, колға түсіреді. Қайда, неге бара жатқанын сұрап әурелейді.
Қыз бір айтқан сөзінен қайтпайды: "Мен сендерге ештеңе айтпаймын, өлтірсеңдер өлтіре беріңдер, деп қасарысып тұрып алады. Сонда қыздың қайсарлығына ызаға булыққан Хоча оны өлтіруге бұйырады. Жас ноян Шәңгерек арашаға түседі. Қыздың сұлулығы ноянның жүрегіне ұшқын тастап жібергендей болады бір жағынан. Болашақ қосағы болмақ Шәңгеректі қызғанып не істерін білмей аласұрады Хоча. Сол кезде шолғыншылар бір қазақ жігітін ұстап әкеледі.
Енді қыздың көзінше жігіттің тақымына қыларқан салып бір-екі бұраттырады. Жігіттің құлындағы дауысы жан түршігерлік боп шығады. Соның бәрін көріп отырған қыз сұп-сұр болып, ернін тістеп міз бақпайды, нәзік жанды болса да, көзіне жас та іркілмейді. Тағы бұраңдар деп Хоча бұйрық бергенде тұтқын жігіт шыдамай сұрақтарына жауап беруге ыңғай білдіреді.
Сөйтіп ол өзінің Әбілқайырдың барлаушысы екенін, Әбілқайыр мен Сәмекенің қанша қолы барын, қазір қай жерде, Түркістанға қарай қашан аттанбақ болып жатқанын айтып береді. Манадан бері жігітке жиіркенішпен өшіге қарап тұрған қыз шалт қимылмен атылып, жетіп келіп, қолындағы алмас кездікті жігітке сілтеп үлгереді.
Кездік дәл жүрек тұсынан қадалады. Сол қызды ақыры Шәңгерек ноян ретін келтіріп босатып жібереді. Тұла бойы ашу-ыза кернеген Хочаға "Қызды мен босатпағанымда сен оны бәрібір өлтіретін едің", — дейді Шәңгерек. Қызғаныштан не істерін білмей жүрген Хочаға: бұл себеп болып, жас ноянды ол да өлтіреді.
Қыз босап шыққан бойда Әбілқайыр ханның әскеріне қарай тартып отырады. Ханға жоңғар шапқыншылары жөнінде керекті мәліметтер жеткізеді. Бұл ер қыз — Гәуһар еді. Оның сұлулығы мен қайсарлығына бас ұрған жоңғар нояны Шәңгерек одан гөрі өзінің өлгенін артық санайды, сол үшін ол мерт етіледі. Егер Гәуһардай қыз кездеспесе, тірі жүріп, Хочамен қосылар ма еді, қайтар еді.
Қызықты бір мағлұмат мынау — әлгі Хоча кейін Абылайханның көп әйелдерінің бірі болған екен.
Шәңгеректің Гәуһарға ғашық болып қалып, ол үшін өзін өлімге қиюы тегін болмаса керек. Гәуһарға көздің сұғын қадаған жалғыз Шәңгерек емес екен. "Сан айқастан өткен, сонау Қытайдың шекарасындағы Халкадан Түркістанға дейін дамзаттың нелер сымбаттысын кездестірген қалмақ жауынгерлері Гәуһарды көргенде, мөлдір су түбінде жатқан жарқыраған гәуһар тасты көргендей естері шықты. Шәңгерек ноянның бірден Гәуһарды өлімге қимай араша түсуі де содан еді", - деп жазған І. Есенберлин ("Жанталас ". 1976, 65-6.).
Сөйтіп қаламгер көсіліп жатқан ұлан-ғайыр кең далада Гәуһардан асқан сұлу жоқтығын мақтаныш ете суреттеген. Батырдың бәйбішесі, яғни алғашқы зайыбы керей қызы Ханбибі екен. Қабанбайдан, Қ.Жүмаділов пен З.Сәніктің айтуларына қарағанда, жеті ұл, бес қыз тараған көрінеді. Солардың ішінде Қабдеш Үмбетей, Сырымбет, Байтоқ, Едіге Ханбибіден, Әлі мен Назым қыз Майсарадан десе, Зейнолла Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтоқ, Дойнақ, Әлі деп жеті ұлдың атын атайды, қайсысы қай әйелден екенін көрсетпейді. Қалайда ұрпақ жалғастығының белгісіндей болған балпанақтай жеті ұл батырға зор қуаныш әрі үлкен мақтаныш әкелсе керек. Олар "Жеті Қабанбай" атанған.
Үздіксіз жортуылда жүріп, анда-санда от басына келіп кетіп жүргені болмаса, ( үй шаруасына қарайтын, әйелдері мен балаларына көңіл бөлетін батырдың мұршасы да жоқ еді. Сондықтан бар ауыртпалық екі әйелдің мойнына түсетін. Сол жағынан қарағанда Майсараның тағы бір қыры, басқалардан бөлек ерекшелігі айқын аңғарылады. Ол — оның күңшіл еместігі, Ханбибінің үлкендігін сыйлап, тіл табысып, көкірек көзімен түсініп Қабанбай шаңырағын шайқалтпай, үй-жайына ешбір дақ түсіртпей керегесін кең ұстай білуі. Екі әйел екі отау тігіп, екі бөлек отырса да сыйласып жүрген. Ол Ханбибіге де байланысты еді Бәйбіше өктем мінез көрсетпеген. Екеуі де өсек-аяңнан аулақ болыпты.
Той-томалақты, әртүрлі қызық-қуанышты екеуі ортақ санаған. Сондықтан Қабанбайдың төңірегіндегі батырларға аяқтарынан тік тұрып құрмет-қошемет көрсету жазылып қойған ереже сияқты еді оларға. Бұдан Майсара — Гәуһардың қонақжайлылы ерекше көрініс береді. Бірде Қабанбай топ адаммен Майсара отырған отауына келеді. Сол сәтті Қ.Жүмаділов: "Ақ кимешек-шаршысы, қос етек көйлегі мен оқалы камзолы зипа бойына құп жарасқан, дәденді сұлу әйел жаңа үй сарайында жасы үлкендерге алыстан иіліп сәлем етіп, қашанғы әдеті бойынша күйеуінің атын өзі келіп ұстаған", - деп бейнелі суреттейді. ("Дарабоз, Бірінші кітап. 65-6.).
Майсараның тағы бір ерекшелігін атар болсақ, ол оның балаларына деген ілтипаты, олардың жан-жақты тәрбие көрген азамат болып өсуіне мән беруі. Қабанбайдың кенже ұлы Әлі абыздыққа дейін жеткен. Өзінің құрсағынан туған Әліні әулетті де өнегелі жердің қызына үйлендіруді армандайды Майсара. Келінді өзі таңдап, оны құтты орнына қондыру үшін барын салады. Сөйтіп Қызай елінің Қарқара деген қызына үйлендіреді. Той жасау қамының қарбаласын Ханбибі мен Майсара басқарады. Тойга аттанған адамдардың сән-салтанаты қандай керемет.
Сол көріністі көрсете келіп Қ.Жүмаділов Майсараны ерекшелей бейнелейді: "...Өңі таймаған, өз жасына лайық көрікті, кербез бәйбіше боп толысқан Майсараның бүгінгі салтанаты ерекше. Ол қазір күміс ер-тұрманды жалдас торының үстінде шалқия түсіп, кілең киіт, жыртыс артқан жүкті түйені өзі жетелеп келеді. Бір арманға қолы жеткендей әлі сыны кетпеген ақсары жүзінде қуаныш нұры шалқиды. Солай болатын да жөні бар. Өйткені, бұл Майсараның өзі таңдап, еңбектеніп түсірген алғашқы келіні". ("Дарабоз". Екінші кітап. 220-б.). Бұл екінші келін, алғашқысы қалмақ қызы Мүней (оны Мөней деп те атайды).
Майсара қызы Назымға да көп көңіл бөлген. Өзін баулыған ағасы Малайсары сияқты, ол да қызын еркін өсірген, ұлша киіндіріп, "ерке, шолжаң" қып өсірген. Одан ол әдепсіз, көргенсіз, ұятсыз болған жоқ. Үлкендерді сыйлау, алдарынан өтпеу, иіліп сәлем беру сияқты ибалы, әдепті мінез Майсарадан қонған десе болады. Анасы оны садақ ату, семсерлесу тәсілдеріне де жаттықтырады, ерлікке, батылдыққа баулиды. "Әке көрген оқ
жонар, ана көрген тон пішер" демекші, Назым өжеттілігімен, қайсарлығымен көзге түсіп, батырлардың сапына қосылып, Қабанбайдың жорықтардағы серігі шешесі Майсараның орнын басады.
Соның бір дәлелі — қазақ қыздар жасағын басқарған Назымның әлденеше рет соғыста ерлік көрсеткенін, атойлап қамал бұзғанын ескеріп Абылайханның өзі оған алтын кісе сыйлапты, Назымның осындай ержүрек болып өсуі — Майсара тәрбиесінің жемісі, сөйтіп қызы да "Назым батыр" атанған.
Бөле-жара айтатын нәрсе, Майсара "ғұмырында батырдың көңіл-күйіне кірбің түсіріп көрмеген екен. Сондықтан о дүниелік болар шағында Қабанбай риза көңілін былай білдіреді: "Сен екеуміз аттың жалы, атанның қомында, жорықта жүріп табысып едік. Өзіңнің туған ағаң — марқұм Малайсары батыр сен екеумізге батасын беріп еді... Тосын төгілген жастық жалын, асау арын саған келіп байсал тапқан. Одан ары төсек желігін іздеген мен жоқ. Ханбибі екеуің от басының құты, қос қанатым, қос тұғырым болдыңдар. "Күндестің күлі де күндес", дейтін ырың-жырың біздің шаңыраққа бас сұқпапты.
Сол үшін де рахмет сендерге. Не дейін, тәңірім осы берекелеріңнен айырмасын! Жаман айтпай жақсы жоқ, мен олай-бұлай боп кетсем, балалардың арасына жік түсірмей, ауыл-аймаққа ұйытқы болыңдар!"
Майсараға батыр ризалығы үлкен баға, одан артық сыйдың керегі жоқ. Ал айтқан аманаты — зор міндет, ауыр жүк. Толқып, толғанып шерткен сырында батырдың жан-жүрегінде кылаудай реніштің ізі сезілмейді, қайта риясыз ризалық пен үй-іші, ел-жұрт іргесі сөгіліп, шаңырақ шайқалмай, береке-бірлігі берік болуы қамын ойлаған арманы аңғарылады. Қабанбай ұрпағының өсіп-өркендеп шартарапқа тарағаны сол аманаттың орындалуының дәлелі деп білеміз.
"Егемен Қазақстан" газеті №90-93 (24346), 26.04.2006ж.
Авторы: Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ
399 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|