ДАРЫНДЫ БАЛА ҚАНДАЙ?
Бала — өмір мәні. Қанша шаршап жүрсең де, сәбидің тәтті қылықтарын көргенде жүрегің жадырап сала береді. Бала аяғына тұрып, ержеткенше ата-анаға оңай тимейтіні белгілі. Әйтсе де, ана болу, әке болу - саналы адам үшін құдайдың берген бақыты. Өз шаңырағында бала болмаса да, жастай қосылған әйелімен ажырасуға бата алмай, басқа әйелдегі баласынан алыс болған бір адамның: "Өмірдегі өкінішім - баламның кішкентай кезін көрмегенім, оның қалай өскенін көре алмағаным", - дегені бар. Бұл бәрімізге де сабақ болуы керек. Алланың сыйы - бала екенін түсініп, оған қызмет ете білу керек.
Балаға қызмет ету, оны ел қатарына қосу дегенді, ең алдымен, ата-ананың өзі дұрыс түсіне білгені жөн. Менің балам қалайда басқалардан ерекшеленіп тұратын болуы керек деп, ұстаздар мен басшыларды ақшаға "сатып алып", оларға неше түрлі жағымпаздық жасаумен, баласына өмірге икемді болудың сыры осы дегенді үйрететін көріністерді де байқамай жүрген жоқпыз. Ондайларға қарап отырып, жаның ашиды, олар қолданатын мұндай тәсілді бейшаралық демеске амал жоқ. Өйткені, балаға қызмет ету оның бойындағы құдай берген қабілет қасиетті дамытып, оның бала қуанышына айналуына жағдай жасау, міне, бұл ақылдың ісі. Бұл баланың көңілін табу, оның дегенінің бәрін жасап, бетімен жіберу деген сөз емес. Әр нәрсенің шегі бар, сондықтан бала "қой" дегенді білуі керек. Ал баланың бәрін білгісі келетін, көргісі келетін құштарлығына тосқауыл қоймаңыз. Мәселен, менің шаңырағымда қырық жасқа жақындағанда құдайдан тілеп алған бір қызым бар. Өз аяғынан жүре бастағанда далаға алғашқы шыққан кезінен қызық көретін нәрсесі - жол жиегіндегі бардюрмен жүру.
— Құдай-ау, жұрттың бәрі еркін жүретін кең жолмен жүрмейсің? — деп есі кірген соң өзіне айтып та көрдім.
— Осылай қызық, — деді.
— Жарайды, — дедім. Қызығушылығы бар адам жаман бола қоймас деп, қанша асығыс болып жүрсем де, осы ой үшін оған көнуге тура келді.
Ең алдымен, баланы бар жан-тәнімен сүйе білу керек. Оның осынау өмірге икемді болуы үшін оған сай білім дарыта білу керек, ал мүның кілті - өзіңізде, сіздің балаға қызмет ете білуіңізде жатыр. Адамның өкпесіне ауа қандай қажет болса, мынау жарық дүниеге келген сәбидің миы үшін жан-жақты мәлімет те соншалықты қажет нәрсе, тағы бір маңызды жағдай - бала миының көп нәрсені сіңіре білуі үш жасқа дейінгі керемет қасиеті. Сондықтан бала өссін, сосын өзі түсінеді деп, жүре берсеңіз, кеш қаласыз. Жұмыс басты больш жүрген көпшілігіміз балабақшаға апарғанымыздың өзіне мардымсып, білім беру мәселесін шектейміз. Бала өз ата-анасына жақын болмаса, өзін қызықтырған нәрсесін сұрай алмаса, өмірдің несі қызық? Баланың сөйлегісі келген уақытында да аузына қақпақ қоятынымыз бар ғой, мұнымыз, тіпті, ұят. Баланың сөйлегені дұрыс, бұл оның адамдармен араласа білуіне жол ашады. Әрі ғалымдардың пікірінше бұл кішкентай дарынды баланың бір қасиеті деп танылады екен.
Ол әрі байланыс құралы, әрі сөздік қордың байлығы. Бұл баланың белсенді өмір сүру қабілеттілігі, керемет қызығушылығы мен есте сақтау қабілетінің ерекше екенін байқауға болады. Тіпті, сіз ұмытып қалған нәрсені оның айтып отыратыны бар емес пе? Осының өзі бала ойының жүйеге түсе бастауы деп біліп, оның ой ойлай білуіне, қажет тұсында пайдаға жарата білуіне жағдай жасау керек. Бұл тек қана сөзге шешендікті үйретіп қоймайды, есеп шығаруда да, конструкторлық еңбекте де, басқа салаларда да өз тиімділігін беруі ғажап емес. Оның дәлелі - жасына қарамай, әлі келмейтін қиын мәселелерді шешудің жолын ұсынғысы келетін жағдайлардың болуы. Бұл - дарынды баланың батылдығы.
Өзге көп бала түгілі, бір отбасындағы балалардың өзі бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан дарынды баланы тәрбиелеудің қатаң үлгісін ұсыну қиын, дегенмен баласын түсінгісі келген әр ата-ана оның әр ерекшелігіне мән беріп, оны дамыта білгені жөн. Педагог-ғалымдар дарынды балалардың көпшілігіне мынадай алты жағдайда ерекше бөліп атайды. Ол: интеллектуалдылық, академиялық жетістік, шығармашылық ойлау, ортамен байланыс және өз ортасына жетекшілік жасай білуі, көркемөнерге қабілеттілігі, қимыл-қозғалысқа бейімділігі. Мұны дарынды бала қабілетінің әр қыры деп те қабылдауға болады, әйтсе де, балаға көп көңіл бөле білетін адамдар бұл аталған ерекшеліктердің көп ретте бір-бірін толықтырып тұратынын байқайды.
Кітап қадірін білетін отбасының баласы тым кішкентай кезінен кітапқа әуес келеді. Бала кітапшадағы суреттерді көріп, не салынғанын білгісі келеді, мұның өзі сәбидің танымын оятады. Бұдан кейін сурет қана емес, кітаптан көрген әріптер мен сандарды есте сақтап, олардың қалай жазылатынын үйренгісі келеді. Кітап оқыған кезде аландамай, бар зейінін сала тыңдайды. Күндіз жұмыста болсаңыз, кешкі мезгілде, тым болмаса, ұйықтар алдында балаңыз кітап оқып беруіңізді сұраса, шаршағаныңызды сылтау етпей, ертегілерді оқып беріңіз. Оның өзінде мәтінге байланып қалмаңыз, оқып отырып, бала ұғымына мейлінше жеңілдеу, түсінікті сөздермен айтқан дұрыс. Қажет болса, артистік өнерге салып, кейіпкерлердің рөліне кіре алсаңыз, баланың кітапқа, ертегіге деген керемет қызығушылығын арттырасыз. Одан сіз де ұтылмайсыз, бала да сізден бөлектенбейді.
Сондай-ақ мұндай балалар қолдарындағы нәрсенің санын білуге, өлшеп көруге ынтызар болады. Тірліктегі әр жағдайдың өзінен шағын сабақ беруге болады. Сөйтіп математикалық белгілер мен сандарды үйрете беруге мүмкіндік ашылады. Болашақта дарындылығын көрсететін бала сәби кезінен бастап айналадағы табиғат құбылыстарына да бейтарап қарамайды. Жаңбырдың, қардың, бұлттың қалай пайда болатынын сұрайды, қалайда жауабын тауып беруді ойлаңыз. Кейбір балалар сіз ұсынған нақты жауапты қабылдамай, адам күлерлік өзіндік шешімін айтуы мүмкін. Оны өз баламнан байқап жүрмін. "Айтқанды ұқпайды екенсің", - деп ұрсудың керегі жоқ, мұның өзі себеп пен оның салдарын өзінше түсінуге тырысатын ерекшелігі деп қабылдаған жөн.
Мұндай балалар ойын үстінде де, сабақ үстінде де тыңнан бір нәрсені ойлап, оның өзіндік шешімін тауып отырады. Осылайша көзге түсе бастаған соң ортамен қарым-қатынасы реттеліп, сол ортаға жетекші бола бастайды. Бұл баланың жаңалық аша білетін қабілетіне тосқауыл қоймау қажеттілігі ескерілуі дұрыс. Дегенмен бала өміріне қауіпті жағдайларды алдын ала ескертіп, санасына әбден сіңіріп қою керек.
Өзімен қатарлас балаларға жетекші бола білген бала өз мойнына жауапкершілік ала да біледі, бастама көтере біледі. Балалар да оны тындап, одан ақыл-кеңес сұрайды.
Ән мен би, музыка сәбиді ең керемет бір әлемге жеткізгендей болады. Аяғын енді ғана тік басқан баланың өзі әуеннің ырғағына елітіп, өзінше билей бастайды. Музыкалық қабілеттілік құдай берер ерекшелік десек те, бала қуанышы үшін оның бойындағы қызығушылыққа кедергі қоймай, жанына рахат сыйлар әсемдікке жол аша білсек, қатал бала бола қоймас.
Күн жылына ата-аналардың біразы кішкентайларды ауаға шығарып, олардың ойындарын бақылайды. Ал кейбір ата-аналар бес-алты жастағы балаларын есі кірген адам санай ма, әлде көршілерге сене ме, әйтеуір, қараңғы түскенше өз беттерімен жіберетінін көріп жүрміз. Бір аулада тұрған соң көрші хақы ғана емес, әлдеқалай жағдайға ұрынып қалмауы үшін оларға да бас-көз болып жүруге тура келеді. Сондай балалардың кейбірінен сурет салуға немесе дене қимыл-қозғалысына батыл бейімділікті байқап, шіркін-ай, бұлардың осындай қабілеттерін дұрыс арнаға бағыттай білсе деген тілек туады. Ал олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ата-анасын неге ойландырмайды деп ренжудің өзі жөнсіз сияқты, өмірді білмей жүрген жоқпыз ғой. Алақандай бір бөлмеде бес жан — ата-анасы және үш бала тұрып жатқан отбасының оларды түрлі үйірмелерге апаруына мүмкіндігі жоқ шығар. Бүгінде үйірменің бәрі ақылы ғой. Сондықтан қабілетін байқатқан балаларға үкіметтік көмек Кеңес дәуіріндегідей аулалық үйірмелердің көптеп ашылуын қолға алу қажеттігі сезіледі. Дарынды балалар көп нәрсені біледі, әлеуметгік теңсіздікті тез байқап, жас жандарына көлеңке түседі.
Мұндай жағдайда оларға үлкендер көмек ете білуі тиіс. Өз бастарында алалық, теңсіздік, қиындық болған соң қабілет-дарыны бар бала өзгелердің де қиындығына ортақтаса алады, қалайда көмектескісі келеді. Олар өте әділ болғысы келеді. Жас көңіл тығырыққа тірелмес үшін үлкендер мүмкіндігінше жағдайды түсінуіне көмек етуі керек.
Сонымен сәбидің дарынды бала екенін қалай байқауға болады? Ол баланың ойлау және есте сақтау қабілеттерінің күштілігі, байқампаздығы, әр нәрсені білуге құштарлығы, өзі әуестенген іске бар ынтасымен берілуі, өз ойларын жақсы жеткізе білуі, қандай мәселе болса да, оны өзі шешкісі келетін жауапкершілігі болуы оны өз ортасынан ерекшелеп тұрады. Осының бәрін ой елегінен өткізгенде балаға қызмет ету керектігін түсінесіз, ал бұл оған дос бола білуден басталады. "Не ексең, соны орасың" деген халық даналығының іс жүзіндегі нәтижесін көреміз. Бала бүгінде сіздікі болғанымен, күні ертең азамат қатарына қосылғанда бүкіл халықтың адамы болады. "Қазақ неге осылай?" деп жүргендердің көбі әуелі өзінен, өз отбасынан бастап, өз баласына дұрыс көңіл бөліп, бұлақ көзін ашқандай, шынайы қабілетті дамытуға қызмет етсе, біз ешбір ұлттан кем емес дарынды балаларды тәрбиелей алатынымызды дәлелдеу, ең алдымен, біздің қазақы қоғамға, әрбір қазаққа сын болуы керек.
«Адам ата - Хауа ана» газеті №4(73), 2006ж.
Авторы: Риза Әлмұханова, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты 2006-04-05
1239 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|