БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ҚАЛАЙ ШЫҒАРАДЫ?
Қазақ халқында ұсақ-түйектен басталатын той-томалақ жетерлік. Бірақ олардың әрқайсысының астарында үлкен мән жатқаны аян. Солардың бірі, қала тұрғындары жас отбасы - Еркін мен Ботаның отасқандарына 8 жыл болыпты. Осы аралықта олардың несібелеріне Алла тағала бір перзент берді. 22 ақпанда дүниеге келген Алинаны туған-туыс жиылып, көктемнің алғашқы күндерінің бірінде қырқынан шығарды.Қазақ халқының ата-баба дәстүрі бойынша жаңа туған балаларды қырқынан шығару үлкен той болып саналатыны белгілі. Халқымыз перзентті өмірге келген күнінен бастап оның ауру-сырқаудан аулақ болуын қадағалаған. Әрбір істелетін ырым баланың болашағы мен денсаулығына ерекше әсер ететінін айта кеткен жөн. Дүниеге келген ұл бала болса, оны дүниеге келгеннен кейін қырқынан 30 күн асқанда шығара беруге рұқсат болса, қыз баланы 40 күн асқанда бір-ақ шығарады екен. Бұл өмірге әке-шешені сағындырып келген Алинаның ата-анасы қырқынан шығару дәстүрін қазақтың салттарына сәйкес бұлжытпай орындап, атап өтті.
Алинаның анасының дос қызы — кіндік шешесі атанып, қызына арнап манеж, арба (коляска) мен киім-кешектерін алып келді. Сый-сияпат пен балаға қажетті заттар кіндік шешенің мойнында екені де байырғының салты екені белгілі. Кіндік шеше нәресте өсіп, бойжеткен шақта да, қыз балаға екінші анасындай жақын болып кетуі де зандылық.
Ең алдымен қойдың 41 құмалағын санап алып, оны жуып-шайып таза жылы суға салады. Оған қоса алтын-күміс сақиналар салынып жиылған келіншектердің арасында әр-түрлі тілектер, әндер айтылып, баланы суға еппен шомылдырады. Бұл әрине көпті көрген әжелердің-апалардың жұмысы болып саналады. Ал жас келіндер соны көздерімен көріп, болашақ немерелерін өздері жуындырып-шайындыруға бейім болуы шарт.
Нәрестенің шашы, тырнағы да осы кезде алынады. Осыларға және ит көйлегін кигізуге ер адам таңдалып, ырымдарын жасаған соң әр қайсысына үй иесі жұғысты болсын деген ырыммен өз сый-сияпаттарын үлестірді. Қырқынан шығару рәсімінде де «тойбастар» айтылады.
Дастархан басына жиылған қариялар ата-салтымыз бойынша үлкен астан кейін баталарын жасап, балаға деген тілектерін білдіреді. Баланың ата-анасының өмірлеріне бағыт беріп, жол сілтеп, шаңырақтарында тойдың көп болғанын тілесіп жатады. Ауылды жерлерде де, қырқынан шығару кеңінен аталып өтеді. Ат жарыс, көкбар т.б. ойындар болады. Ал қала тіршілігінің ахуалы бір бөлек. Дегенмен салтқа берік қазақ халқы қалалы жерлерде де той-томалақтарды кеңінен атап өтуге барын салады. Тағы да бір айта кетерлігі, бұрынғы салт бойынша баланың кіндік шешесі атанған келіншек, той болып жатқан шаңырақтан көңілі қандай затқа ауса, не қаласа да соны алушы еді. Қазір мүлде өзгеше екен. Үй иесі қыздың кіндік шешесіне не бергісі келсе соны тарту етеді. Қолына алтыннан сақина не болмаса басқа да бағалы сыйлықтар беріп қошаметтейтін көрінеді. Нәрестенің шілдеханасынан бастап, қырқынан шығатын кезеңін т.б. өмірдегі әрбір қуанышын қазақ халқы той қылып атап өтуге қүмар. Біздің жомарт та, дархан халықтың басты ерекшеліктері де осында болса керек. Қазақ шаңырағында әрдайым той болып, қуаныштары азаймасын!
«Azamat.kz » газеті №9. 10-16 наурыз 2006 жыл
Авторы: Аяулы Тынышбайқызы
985 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|