Ата-анаға ұлдан гөрі қыз бала жақын ба?
Бауыр етің – балаңның бәрі бірдей, бірін артық, бірін кем көрмейсің. Қазақ ұлды қара шаңырақтың иесі деп жақсы көрсе, «Қыз – өріс» деп қыз баласын да бетінен қақпай өсіріп, еркелеткен. Қыз, ұл болып Жаратқан ием теңестіріп отырмаса, ұрпақ қалай жалғасады? Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана. Кейбір ұлттарда ата-ана қыз баламен бірге тұрады. Олар үшін жазылмаған заңдылық – бұл. Ертеректе кеткен қызды сағалағанды қазақ намыс көретін. Ал қазір біздің ұлтта да күш кетіп, қауқар азайған ата-анасын қолына алған қыздар жиі кездесетін болды. Өзінен кейінгі бауырларын да «сүйрелеп» – оқытып, жұмысқа орналастырып, шыр-пыры шығып, бәйек болып жүргенін көзбен көріп жүрміз. Сонда ұлдан гөрі ата-анаға қыз баланың жақын болғаны ма?
Нүкетай МЫШПАЕВА, Қазақстанның халық әртісі: – Менің жалғыз перзентім бар, қызымды айтам. Ұлым жоқ. Сондықтан ұлдың қандай екендігін туған-туыстардан, айналамдағылардан көріп жүрмін. Әйтсе де сырттай оларға ешқандай пікір білдіргім келмейді. Бір жағынан алып қарағанда, ұл-қыз деп бөліп қарағанның өзі біртүрлі ерсі. Ұл болса да, қыз болса да оған Құдай сана-сезім, адамгершілік берсін. Дегенмен қыз – ең бірінші ана. Ал ана ешкімге жаманшылық жасамайды. Қандай нашар қыз болса да ол ата-анаға, отбасына жақын болады. Өйткені әйел заты – отбасының ұйытқысы. Мысалы, менің жеңгем қазір қартайды. Қасында отыратын адам жоқ. Ұлдардың бәрі бөлек-бөлек отбасы болып кетті. Өз отбасы болса да, ара-арасында жүгіріп келіп ата-анасына қарасатын қыз бала. Қыз баладан артығы жоқ. Қыз баланың да жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Керемет тәрбие беріп, оқытқанның өзінде адам баласы жолдан таям десе, түк емес. Біреудің айтқанымен біреу жүрмейді. Сондықтан да әркімге Құдай сана берсін. Жалғыз қызым МГУ-ді, аспирантураны бітірді. Қалада өсіп, тәрбие алғанымен өте сыпайы болып өсті. Тіпті ер балалардың үйге телефон шалып, мазамызды алған кезі болған жоқ. Мен кейде «осы қызым күйеуге шықпай қалар ма екен?» деп те ойланатынмын. Жоқ, дер кезінде тұрмыс құрды. Өз отбасы болса да, жаны қалмай маған қарасып тұрады. Біз бөлек тұрамыз, бірақ ол үнемі жағдайымды біліп отырады. Нағыз жанашырым. «Қыз баланың жолы жіңішке» деп жатамыз, бірақ қыздардың көңілі дарқан.
Рахман ОМАРОВ, артист, тележүргізуші: – Ол тәрбиеге байланысты. «Не ексең, соны орасың» деген қазақтың сөзі бар. Жастайынан балаға қандай тәлім-тәрбие бересің, ол өсе келе соның қайтарымын көресің. Ата-анаға ұл не қыз жақын деп бөлуге болмайды. Олардың жаратылысына, мінезіне, табиғатына да байланысты болуы мүмкін. Біреулер іштей жақсы көріп тұрғанмен, соны дәлелдей алмайды. Ал енді біреулер сөзімен де, ісімен де ата-анасына, туған-туысқа, тіпті дос-жаранға деген көңілін білдіріп жатады. Сондықтан да мұны бір жақты алып қарауға мен қарсымын.
Гауһар ӘЛІМБЕКОВА, әнші: – Әрине, қыз бала жақын. Жалпы, ата-ана тәрбиесін көрген ұл мен қыздың санасы болса, онда олардың ата-анаға деген мейірімі бөлекше. Дегенмен отбасылық тұрғыдан алып қарағанда, ата-ананың, бауырларының қамын қыз сияқты ойламайды. Қыз бала әкеге де, шешеге де жақын. Сырласып отырып, жағдайын біліп, жан ұшырып жүргені. Күнделікті өмірде байқап жүргенім осы менің. Ол отбасының бірлігін, берекесін үнемі ойлайды. Тұрмысқа шығып кеткен күннің өзінде оның бүйрегі бұрып тұрады. Жалпы, ақылды қыз-келіншектер мынау – төркінім, мынау – қайын жұртым деп бөлмейді. Күйеуінің ата-анасын да өзінікімен бірдей көріп, оларға иіліп қызмет жасап, ақ батасын алып жүрген келіншектеріміз бар. Мен өзім әлі тұрмыс құрған жоқпын. Бірақ қызмет бабымен алыста жүрсем де, өз туған-туыстарымның барлық жағдайымен үнемі таныс болып отырамын. Қолымнан келсе, көмегімді аяп қалғым келмейді. Қазір әкем де, шешем де дүниеден озды, бірақ соның өзінде бауырларымның жағдайы мені әр кез ойландырады. Солардың денсаулығының, жағдайының жақсы болғанын жаным қалайды. Негізі бұл сұрақтың өзі бекерге қойылып отырған жоқ. Байқап отырсаң, ер балалар көбіне келіншегінің ықпалымен кетіп қалады да, туған-туыстың қамын көп ойлай бермейді. Ал ақылды әйелдер екі жақты тең ұстап, бірдей көріп қарым-қатынас жасайды. Бұдан отбасының бірлігі нығаймаса, ортаймайтыны анық. Әйелдерді «Қырық жаны бар» деп бекер айтпаған ғой. Әйелдер әрқайсысының қамын ойлаймын деп күйіп-пісіп, шыр-пыр болып жүріп-ақ қартайғанын білмей қалады. Ал әкенің де, шешенің де орны бөлек. Олардың өмірдегі орнын тілмен айтып жеткізу қиын. Сондықтан да тіршілікте олардың қадірін біліп, сыйлап, құрмет көрсеткенге не жетсін?!
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы: – Қыз бала жаратылысынан әке-шешеге, бауырға шын жанашыр. Өйткені оның жүрегі нәзік жаратылған. Ата-анаға да, бауырға да қыз байғұс шырылдап ара түсіп жүреді ғой, өзі. Аналары ертерек қайтыс болса, өзге бауырларына ана да бола салады. Дегенмен әкенің орнын басар аға да бар. Өз басымдағы жағдай солай болды. Жалпы, бұл әр отбасында алған тәрбиеге байланысты. Рас, ата-анаға, бауырға қыз баланың жақын, жанашыр болатыны шындық. Содан кейін де, мен «Әпке» деген шығармамды жазғанмын. Ол «ертеңгі күнім не болады?», «Осы жақсылығым қайта ма, қайтпай ма?», «Өзім жалғыз қалып қалмаймын ба?» деп ойламайды. Жеке бақытын, өмірін де ұмытып кететін жағдай өте жиі кездеседі. Тұрмыс құру, бала сүюді де кейінгі кезекке қалдыра беріп, жалғыз қалып қоятын жағдайлар өмірде кездесіп тұрады. Ол сонысына өкінбейді де және бауырларынан қайтарым күтпейді. Сонда да көз жасын ешкімге көрсетпей, бауырларының аман-есен жер басып жүргеніне қуанып, өмірін жалғастыра береді. Ондай жағдайлар, әрине, өте өкінішті. Жастығын, бүкіл өмірін қиған әпкенің қадірі – өте жоғары. Қазақтың арасында осындай бауырмашылық бар. Әсіресе, қыз балаларға тән қасиет бұл. Мен «Ескі үйдегі екі кездесу» атты шығармамда мынадай аңызды мысалға келтіргенмін: о дүниелік болғанда ата-ананы, ұл-қызды, жалпы, адамзат баласын таразыға тартады екен ғой, кімнің кінәсі – көп, кімнің кінәсі – аз деп. Сол кезде пенденің аты – пенде, Ата-анаға бір-екі мысқал жетпей қалса, қыз бала келіп, қолындағы бет орамалды тастап жібереді екен. «Салмағы болсын, алдымен жұмаққа сендер барыңдаршы, содан кейінгісін көрерміз» деп. Бұл бір – адамның жүрегін елжірететін нәрсе. Міне, қыз бала осындай. Әйтеуір қандай жағдайда да, күйеуі қаншалықты қатал болса да, ата-анасының хабарын біле алмай отыра алмайды қыз бала. Әрине, ұл балалар аман болсын, шаңырақтың иесі, тегіңнің жалғасы, кейде хабарласпай да жүре береді. Мүмкін, еркекке тән қасиет осы шығар. Қаталдық та керек болар. Ол да босаңси берсе не болады?!
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Адам ата – Хауа ана», «Жұлдыздар отбасы», «Неке қияр», «Жұлдыз жорамал» газеттерінің бас редакторы: – Біз еуропаланып бара жатырмыз ғой. Біздің халық баяғы қазақ емес. Бұдан 100 жыл бұрынғы қазақтың менталитеті қазіргілерден басқа. Тіпті біз Азияда тұрғанмен еуропалық дәстүрге ілесіп бара жатқанымыз анық. Олардың әдет-ғұрпы, салт-санасы бізге сіңіп бара жатыр. Ол жақсы ма, жаман ба, мен оны айта алмаймын, бірақ қазіргі адамзат баласының даму қарқыны, ырғағы, бағыты соған ыңғайланып келеді. Оның үстіне кейінгі ғасырда ер мен әйелдің табыс табуы, қоғамдағы белсенділігі де бірдей. Бұрынғы тек ұл бала ғана ата-ананың, отбасының тірегі деген ұғым жойылып барады. Қыздар отбасында, жалпы, қоғамда көбірек белсенді болғаннан кейін ол барған жерінде де билік құрады. Сондықтан ол не істеймін десе де, істей алады. Әрі ол қызметкер, табыскер болуы да мүмкін. Қолында билік тұрған соң, ол өз отбасына төркін жағын көбірек жақындатуы, тіпті соларға көмектесуі мүмкін. Күйеуінің туысқандары бас сұға алмайтындай жағдайда қалатын кездер де жиі кездеседі. Негізі, үйдегі «ауа райын» қалыптастыратын әйел. Әсіресе, сырттан келгендер әйелдің қас-қабағына қарайды. Кімді үйге кіргізгісі келсе, соны қабылдайды да, ал жақтырмағанын қабағынан байқатып отырады. Тіпті туған ата-енесі мен қайны-қайын сіңілісі болсын сол үйдегі әйелдің қабағына қарайды. Соңғы кезде қыз балалардың ата-анаға жақындау болып бара жатқаны рас. Қыздың беделі артып бара жатыр. Оның үстіне қыздар табиғатынан жаны нәзік, жанашыр. Негізі, еркек пен әйелдің психологиясы екі бөлек. Еркектер ақылды да, әйелдер сезімтал. Сондықтан да әйелдің ең негізгі қасиеті – мейірімділік. Кейде сұлулық тән деп жатады. Жоқ, бұл интимдік жағынан. Мейірімді, қайырымды болғаннан кейін ол ең алдымен, өз бала-шағасы мен ата-анасын, бауырларын ойлауы заңдылық. Міне, сондықтан да кейінгі кезде ата-аналардың өзі «Ұлдан қайыр жоқ, ол біреудің жетегінде кетеді. Ата-анаға қыз жақын» деп жатады. Негізі, бұл еуропалық ұғым. Географиялық жағдайға байланысты олар бізге орыстар арқылы келіп жатыр. Бірақ бізге соңғы кезде сіңісті болып барады. Жылдан-жылға осындай бағыт қалыптасып келеді. Бірақ оны жаман деп айтуға болмайды. Дегенмен біз азиялық болғаннан кейін, түбі бәрібір ұл бала негізгі текті, қазіргінің сөзімен айтқанда, фамилияны алып жүретін болғандықтан мұндай жағдайда олардың беделі түсіп қалады деп ойламаймын. Түбі бәрі өз орнына келеді. Әйел де, еркек те отбасында өз функциясын атқаратын болады.
Бетті дайындаған Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
1145 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|