Парижде болған Шоқан ба, Сұлтанғазы ма?
Көпшілікке мағлұм Кеңес кезеңіне дейінгі Ресей басылымдарында ғана емес, басқа да архив, музей қойнауларында қазақтардың өмір салты мен кешегі өткен-кеткен қайраткерлеріміз бен тіпті аты-жөні белгісіздері де туралы көптеген бейнесуреттер сақталынып, бізге жеткені белгілі. Осы мәселенің соңына түсе бастағанымызда-ақ байқағанымыз, арғы-бергі тарихымыздың қоғамдық өміріне қатысқан халқымыздың белгілі тұлғаларының бейнесуреттерінің сақталуы әбден мүмкіндігі екендігі. Тек ыждаһатты түрде іздестіру қажет. Төменде біз Ресейдің "Нива" журналының 1891 жылғы 11-нөмірінде жарияланған атақты Абылай хан немересі Ғұбайдолла сұлтанның тұқымы Сұлтанғазы Болатұлы Уәлиханов туралы деректі мақаланы аударып және фотосуретімен қоса беріп отырмыз. (№1 сурет).
Сұлтанғазы Уәлиханов туралы оқушы қауым жалпылай ғана білгендіктен, мақаладағы және оған қоса ізденіспен табылған архивтік деректер де қызықтырар деген ойдамыз. Мақалаға Б.П. деп қол қойған адамның фамилиясы – П.Быков деген орыс жазушысы. Оның мақаласының қолжазбасы Ресей Ғылым академиясының қарамағындағы Орыс әдебиеті институтының архивінде жатыр. Мақаладағы келтірілген фактілерге қосымша дерек. Сұлтанғазы Болатұлы Уәлиханов 1844 жылы туған. Өмірінің соңғы кезінде Петерборда тұрған. Тұрған мекенжайы да белгілі. 1890 жылы Пушкин көшесі, 10-үй, 19-пәтерде тұрған. 1876 жылы Санкт-Петербургта өткен ориенталистердің ІІІ халықаралық съезінде оның мүшесі болып сайланады. Сұлтанғазы Көкшетау уезіндегі Қотыркөл болысында тұратын інісі Хасеннің баласы Ескендірді өзімен бірге Петерборға алып келеді. Оны Ресейдің сорпа бетіне шығарларының балалары оқитын ұлы князь Алексей Николаевич атындағы үкімет гимназиясында оқытып, кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде білім алдыртып, оны 1896 жылы бітірткізді. Сонымен бірге үкіметтік Сенаттың геральдия департаментінің ұйғарымымен, немерелес інісі Ескендірге гимназияда оқып жүргенде-ақ мұрагерлі дворяндық атақ берілуіне Сұлтанғазының тікелей ақыл-кеңесі мен ықпалы болды. Алайда Уәлихановтар әулетінің Көкшетау уезінде ұланғайыр жері, малы болғандықтан, Ескендірге оқып жүргенде стипендия беру туралы Сұлтанғазының өтініші қанағаттандырылмайды. 1895 жылы Сұлтанғазы Уәлихановтың Францияда болғаны туралы архивтік дерек көздері де қуаттайды. Осы жерде айта кететін нәрсе, бір кезде сөз болған Шоқан Уәлихановты кейінірек «Парижде көрдім» деген А.Е.Врангель естелігіндегі дерек Шоқанды Сұлтанғазымен шатастырып алғаннан болар. Суреттегі Сұлтанғазының бейнесі Шоқанға ұқсастығы анық көрініп тұр. Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің жас кезінде Шоқанның інісі ханның қара шаңырағының иесі Қоқышпен кезігіп әңгімелескенін және Абылайды көрген қариялардың айтуынша, Шоқанның оған ұқсайтынын айтып отырушы еді деп жазған болатын. 1864 жылы М.Г.Черняев отрядына көптеген орыс зиялыларымен бірге суретші М.С.Знаменский де қатысып, күнделік жазып және отряд жорығына қатысты. Өзі салған суреттер альбомын қалдырып кеткен. Олар қазір Орталық музей қорында сақтаулы тұр. Міне, осы суреттердің ішінде Сұлтанғазының қарауылшысының бейнесі де бар. Астына "Сұлтан Ғазы Төре Уәлиханның һәмба қаруын ұстаушы жігіт" деп жазылған. (№2 сурет). Ал келесі №3 суретте киіз үй, шатырлар тігілген, сусын ішіп отырған екі кісі, шатыр ішінде трубка тартып, фуражкалы әскери адам жүрелеп отыр. Ең қызығы, осы адам, анықтап қарасаң, не Шоқанға, не Сұлтанғазыға ұқсайды. М.Г.Черняев отрядында Шоқан мен Сұлтанғазыдан басқа офицерлік әскери шендегі азиялықтардың болмағаны белгілі. Сондықтан шатырдағы адам не Шоқан, не Сұлтанғазы болар деп топшылаймыз. Ағайынды Шоқан мен Сұлтанғазы туралы сөз қозғалғанда: екеуі бір-бірімен дүрдараздау болатын. Ол басқа әңгімеге арқау болатын сөз. Тек сөз арасында айта кеткеніміз де. Бір қызық жайт. Сұлтанғазының әкесі Болат Ғұбайдоллаұлы "Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу" жырын жырлаған ерен жыршы болған. 1828 жылы депутациямен Петерборға барғанда Сенатта сол жырды жырлаған. Әлкей Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар А., 1985, 297, 315-бет. Ә.Марғұлан. Екі мың жыл жүректі тербеткен жыр/ "Жұлдыз" №2, 1985, 158-бет. Әкесі сияқты Сұлтанғазы да қазақтың ескі әңгімелерін көп білетін, әнші, домбырашы болған. (З.Уәлиди). Ғ.Ахмедов. Алаш "Алаш" болғанда. А., 1996, 122-бет. Өзі өнерпаз болғандықтан, маңайына өнерпаз жігіттерді тарта білген. Оған дәлел – Жаяу Мұсаның соның жанында болуы. Жаяу Мұсаның Қазан университетінде сақталған күнделік қолжазбасында белгілі әншінің өзі жазған мәліметтеріне қарағанда, ол жас кезін көбінесе Қызылжар мен Омбыда өткізіп, онда Сұлтанғазы Уәлихановпен жақын болады және оның әскеріне кіріп, тауық жылы (1862) Тобыл қаласына барады. 1864 жылы Сұлтанғазымен еріп, Жаяу Мұса Черняев әскерінің оңтүстік жорығына қатысады, Польшаға да барады. Ә.Марғұлан. Қазан университетінің кітапханасындағы қазақ қолжазбалары// "Ақиқат" №5, 1994, 68-69-бет. Сұлтанғазы Петерборда тұратын қазақ-мұсылман зиялыларының басын қосып, әр түрлі шаралар өткізетін. Сондай бір отырыс Сұлтанғазының басшылығымен 1889 жылы 5 ақпанда Петерборға Орынбор және Уфа мүфтиі Сұлтановтың келуі құрметіне арналады. Бұл отырыста "Қазақтың Демосфені" деп аталып жүрген бір қазақ студенті (тегі Б.Қаратаев болуы мүмкін – М.Ә.) жалынды сөз сөйлеген. Петерборда татар тілінде газет шығару мәселесі де сөз болған. Жат жер - хроника// "Дала уалаятының газеті" 1889, №9, Адам, қоғам, табиғат А., 1994, 92-93-бет Кейін оны Петерборда біреулер өлтіріпті деген сөз бар. С.Созақбаев. Жеті жұрттың тілін білген// "Ақиқат" №10, 1994, 54-бет Ал Міржақып Дулатов "Хан Абылай туралы мақаласында "Марқұм генерал Сұлтанғазы Уәлиханов" дегеніне қарағанда, оның генерал шенін алып, 1912 жылға дейін қайтыс болғанын аңғаруға болады. (М.Дулатов. Хан Абылай//Шығармалар. 2-том, А., 1997, 44-бет) Сұлтанғазы Уәлиханов ("Нива" журналы, №11, 1891 ж.)
Жуықта қырғыз-қайсақтардың Ұлы және Орта жүздерінің соңғы билеушісінің немересі Жоғарғы Мәртебелі императордың мұрагері патшазаданың лейб-гвардиялы атаман полкінің полковнигі Сұлтанғазы Болатұлы Уәлиханның офицерлік шендегі қызметіне отыз жыл толды. Бүгіндері бұл еңбегі сіңген, білімді офицерді ата-бабалары Ресейге шабуыл жасап, мазалаған қыр өңірінің жабайы ұлы деп ешкім ойламас та еді. Алайда Ұлы жүз бен Орта жүздің билеушісі Уәлиханның 1824 жылғы қазасынан соң осы ордалардың қазақтары Ресей империясына түпкілікті қосылғанымен, үлкен әкесі Ғұбайдолла осы ғасырдың басындағы жиырмасыншы жылдары орыстарға қарсы қырғи-қабақ пиғылда болды. Уәлиханның үлкен баласы Ғұбайдолла сұлтанға біздің үкімет көп сыйлықтар, подполковник шенінің патентімен елшілік жіберген болатын. Грамотада ол аға сұлтан деп аталғанымен, Ғұбайдоллаға бұл мәртебе ұнамады. Онымен қоймай, үкімет Көкшетау қойнауына қала салуға жер беруді талап етіп еді. Егер орыстар қала салуға деп жерді күштеп тартып алуға ниеттенсе, онда оның зардабына өздері жауап береді деп, ол аталған қойнауды беруге келісімін бермеді. Сыйлықтарды алудан бас тартты. Бұндай жауаптан соң үкімет ханды ұстау үшін бірнеше рет шақырды. Алайда айлакер Ғұбайдолла шақырғанға бармай, орыстарға қарсы ымырасыз күрес бастады. Өзінің інілері Кенесары мен Наурызбай сұлтан басқарған орданың біраз бөлігін Ұлытау мен Кішітауға қарай қозғап, өзі Қытай империясының шегарасына таяу Баянауыл қойнауында орнығып, өзін, яғни Ғұбайдолланы Ұлы және Орта жүздің ханы етіп мойындатуға Қытай императорына елшілік жібереді. Баянауылдан Кенесары мен Наурызбайға қосымша қол жіберіп, біздің отрядтарға қарсы күресті бағыттап отырады. Төрт айдан кейін Ғұбайдолланы қазақтың ханы және Қытай империясының ұлы князі Ван-гуні деп мойындайтын грамотаны алып, Қытайдан елшілер оралды. Қазақтардың ескілікті салты бойынша Ғұбайдолла ақ киізге отырғызылып, хан тағына көтеріледі. Шегаралық орыс өкіметі мұны ести сала Баянауылға үш жақтан отряд жіберіп, бірақ қақтығыстан соң Ғұбайдолланы 90-ға жуық жақын билерімен қоса тұтқынға алып, Тобыл губерниясындағы Березов қаласына жер аударады. Бұл кезде Ғұбайдолланың үлкен баласы Болат 16 жаста еді. Үкімет әкесі бас тартқан сыйлықты енді оған жіберіп, оны майор шеніне көтереді. 1853 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Болат сұлтанды үлкен ұлы Ғазы Болатқа жөні түзу, дұрыс білім беруге үгіттеп-ақ бақты. Генерал-губернатор Г.Х.Гасфорттың бұл харекеті текке кетпей, тоғыз жасар Ғазы ағасы Қанқожа және 80 қазақпен бірге Омбыға жіберіліп, Сібір кадет корпусына оқуға түсті. Сұлтан Ғазы Болатұлы 16 жасында корпустағы оқуды корнет шенімен бітіріп, Батыс-Сібір генерал-губернаторы қарамағына жіберілді. Біраздан соң генерал Гасфорт жас офицерді Қара Ертіс бойына іссапармен жіберіп, өз бетімен жүрген Семіз Найман және басқа руларды қол астына қаратуға барлық шараларды қолдана отырып, ықпал жасауға ұмтылды. Шыққан тегі қазақтарға үлкен әсер еткендіктен, Сұлтан Ғазы өзінің ісінде біршама табысқа жетіп, генерал-губернатордың ықыласына еселене бөленді. Іссапардан қайтып келген Ғазы Болатты сол кезде Омбыда жүрген азиялық әулетті әскери тұтқындар Қоқан хандығының өкілдері Атабек датқа, Әлішер датқа және Қоқан ханының туысы Шиғауылдың жанына қояды. Ғазы Болаттың Сібір корпусына түскен жылдары бұл оқу орнын оның туысы Уәлиханның соңғы әйелдерінің бірінен туған саяхатшы, "Жоңғария очерктері" мен Шығыс туралы басқа да еңбектердің авторы, 1865 жылы қайтыс болған сұлтан Шоқан Уәлихан бітірген болатын... Генерал Дюгемель... Ғұбайдолланың тікелей ұрпақтарының қазақтарға зор ықпалын аңғарып, сақтық үшін жас корнет Ғазы Уәлиханды Тобылға осы қалада орналасқан полкке тіркеп ауыстырды. Жазықсыз жаладан қапаланған Ғазы Болат жаңа қызмет орнында не бары екі апта болып, алты айлық демалыс алып, Петербургке тартты. Бұл жерде ол сол кездегі соғыс министрі Д.А.Милютинге жолығып, өзінің астанада қызмет еткісі келетінін айтып, патшаға хабарлауын өтінеді. Патша ағзамның Жоғарғы Мәртебелі жарлығымен Сұлтан Ғазы Уәлихан Ұлы Мәртебелі патша ағзамның қазақ-орыс полкінің лейб-гвардиясының санатына тіркеліп, бұл полкпен бірге поляк бүлікшілеріне қарсы жорыққа қатысты. Сонан кейін Орта Азияға аттанып бара жатқан әскери экспедицияны естіп, орыс үкіметіне пайда келтіру ниетімен М.Г.Черняев отряды жасақталып жатқан Алатау округі мен Ұлы жүз қазақтарының бастығына барып, қызметке Верный бекінісіне ауысты. Бүкіл қазақ милициясының бастығы болып тағайындалып, ол Әулиеата қаласына бара жатқан жолда жолай Ұлы жүздің аға сұлтандары Тезек пен Әли Абылайхановтармен туыстығын пайдаланып, ешкімге бағынбай, өз бетімен жүрген Дулат және қарақырғыз /Бурут/ тайпаларын орыс бодандығына өтуіне ықпал етті. Бұл экспедициядан кейін Қоқан бекінісі Әулиеатаны алған кезде Сұлтан Ғазы Уәлихан "жекелеген ерлік" көрсетіп, отставкаға шығып, қайтадан Ұлы Мәртебелі император патшазаданың лейб-гвардия атаман полкіне қызметке шақырылып, соның қарамағында бүгінгі күнге дейін есепте тұрып жатыр. 1879-1881 жылдары Сұлтан Ғазы Болатұлы атты әскерлердің оқу эскадронында /қазіргі уақыттағы атты әскерлердің офицерлік мектебі/, ал таққа отыру салтанаты уағында ол Жоғарғы Мәртебелінің жарлығымен Хиуа ханы мен Бұқар тағының мұрагері /бұл күнде Бұқар әмірі/ жанында құрметті тілмаш міндетін атқарды. Сонымен бірге ол шегара өкіметінің тапсырмасымен елшіліктер мен дүнген депутацияларын қабылдау үшін Қытай империясына бірнеше рет барып қайтты. Өзіне туыс халықтар мекендеген облыстардағы хал-ахуалдарды жетік біле отырып, Сұлтан Ғазы Уәлихан Шығыс тарихы жөнінде көптеген материалдар жинақтап, зерделеп те отырады. Айтпақшы, жуықта ол "Новое времяда" Ресейдің ішкі губерния тұрғындарын Ақмола даласына аудару мәселесіне өзіндік пікір білдірген мақала да жариялады. (П.Б.)
Марат Әбдешев, байырғы музей қызметкері
567 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|