КЕЛГЕНДЕР КЕБЕРСІП, КЕТКЕНДЕР КӨБЕЙГЕНІ НЕСІ?
Тарғалаң тарихтың тар соқпақ, тауқыматті тағдырын басынан өткеріп бүгінге жеткен қазақ халқының бармаған жері, көрмеген соры бар ма? Бабалар басы қайда қалып, аналар жасы қайда тамбады. Ұлтымыз бақыты бастан ұшып, бостандығы қолдан кткен қаншама қыйыншылықты жылдар көшін өткізе отырып, шұғылаға шомған азаттықтың ақ таңын қайта жалғады. Құдай бостандықтың қос тізгінін қолға берді. Осындай тарихи кезеңде қиырдан Қазақстан деп қара тартқан қандастарымыздың қатар молайтып қуантқандары да, қайта көшіп қан жылағандарыда жетерлік.
Шеттен оралған қандастарымыздың көзіне ең алдымен Ата-жұрттың айбыны болып желбіреген көк байрақпен шегара қызметіндегі саралаға оранған солдаттар түсері қақ. Мекенім деп алып ұшқан көңілдеріне алыстан алданыш балған көк байрақ аңсаған отанының қарсы алып желбіреткен қуаныш жалауындай сезілгенімен ұсқынында ұлы ұлттың рухы жоқ, басына кәтел киген барымташыдай болған шегарадағы кіртійген көк көздермен сүлкіні түскен шекпенді туысқандарымыздың барымтасына ілініп, қалтасынан қағылып, түйгенінен тоналып, салындары суға кетіп Атамекенге аяқ басқанын тауба сезініп, осығанда шүкірлік етіп елге оралады. Жат жерден арып-ашып көрмесе де жаны жасып жеткен ола алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Елім деп жетіп өксігін басқандай болады.
Тарихи Отаны болғанмен жәйі белгісіз бөтен жер. Бауырына басар ешкім болмаған соң, майламалы баспанадан бақытын тапқан, өзінен бұрынырақ келген ағйын-туыс, дос-жаран, таныс-білістерін тауып өзінше тірлігіне көшеді. Ана-мына мекемелерге жүгіріп, бітіретін көп құжаттардың күйбіңіне кіріседі. Өзі қазақ, тілі орыс мекеме қызыметкерлеріне аудармашы жалдап, азаптанып жүріп жұмысын бітіргендей болады. Сонымен шекесіне басқан қарғыс таңбадай «Оралман» атын жамылып, Қазақстан жұмыссыздары мен баспанасыздардың қатарын молайтып, қазақ атына қарасын қосып кете береді.....
Шеттен келген қандастарымызға мемелекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар да жоқ емес. Бірақ соның көбі айғайлап айтуға Атандай көрінгенімен нақтылы іс жүзінде өте мардымсыз. Жоғарыдан жеңілдік күтіп, куботаға тіркелгендердің қаншалары қатардан кетіп көз жұмды. Ал, ақша немесе баспана алғандардың сол аралықта жүгірген жанталасы мен толтырған қағаздарының том болғанын айтқанда тыныш тірлігіңе шүкірлік етесің...
Ауыз толтырып айтар қамқорлықтардың бірі - жоғары оқу орындарына екі пайыздық жеңілдікпен оқушы қабылдау. Мұның өзі, бүгінгі таңда Ата-жұртқа ат басын бұрғандардың дені жастар екенін ескерсек өте аз көрсеткіш. Соның салдарынан қаншама қыз- жігіттеріміз бақытын басқаның босағасынан тауып, жетім бұрышты жағалап жүр. Солардың ішінен ата-анасы жат елде қалып, жалқы басы қазақ елінің бір өкілі болса да қатары молайсын деп Қазақстан азаматтығын қабылдағандары Оралармандарға жасалатын барлық жеңілдіктен мақұрым қалып, жергілікті халық қатарында қаралатыны ақылға сыймайды. Бүгінгі тірлігін жоғары оқу орнында білім алып, жатақхананы мекендеп, тұрмыс қаражатын талшық еткен олардың ертеңгі күні қалай болмақ? Қорғаны не болмақ? Ал, оқу орнын бітіргендерінің мемелекеттік жұмысқа тартылуы жоқтың қасы.
Келген қандастарымыздың қаптаған қиындықтармен қыйғылықтарға көндікпей қайта көшкеніне көңілің суып, жаның түршігеді. Оны көрген өзге елдегі бауырластарымыздың бағыты қайдан оңалсын. Келгеніміз кеберсіп, кеткеніміз көбейгені несі?.
Кейбір халық қамын қарнымен ойлап, ат басынан алысты көрмейтін ағайындарымыздың, оралмандар кезінде қашып кеткендер, енді тәуелсіздік алғансоң қайта келіп жатыр. Олар бізге не береді,- деген қатын өсектің төңірегіндегі сауатсыз сөздермен надан ойларын ортаға салады. Бірлікте ойланайқшы. Түрткіл дүниенің жүзіне тарыдай шашыраған қазақтардың көп бөлімі Қытайдан кеткені белгілі. Олай болса, бүгінгі «оралман» қамытын киген қандастарымыздың кешегі осынау ұлан ғыйыр мекенімізді ат тұяғымен таптап, аналарымыздың шәшін, бабаларымыздың басын жұлған жоңғар шапқыншыларын ел шетінен шығара қуып, ел іргесінің бекінісі болып қоныстанған батыр бабаларымызды ұрпағы екенін еш түсіндіріусіз-ақ тарих парағы айқындаған ақиқат емес пе еді. Ал, оралмандар не берді деген жайға көзі ашық, көкірегі ояу әр адам жауап таба алады.
Жетпіс жыл бодандықтың бұғауында болған Қазақстан үшін кешегі көп тарихымыздың көміліп, салт-санамыздың, тілімізбен дініміздің орамы кетіп, өрнегі өшкені белгілі. Азаттық алғаннан бері ес жыйар жасқа жетсекте бұл жағынан машеулік танытып келе жатқанымызды әлем біледі десек артық емес. Осындай сәтте, Қазақстан үшін Алланың сыртқа сақтаған аманатындай қаймағы бұзылмаған қазақ қалпында қаншама өрім жастарымыз, ғалым-жазушы, қайраткерлер, өнер иелері келді. Егіздің сыңары, біреудің жалғызы келді. Олар бойындағы барымен нәрін, керек болса жанын береді. Олардың не орыс емес, не қазақ емес шұбар тілде шүлдірлеген талай қазаққа тегін ұқтырып, тілін үйреткені өз алдына бөлек әңгіме. Осыдан артық не дәметіп, не күтеміз?. Осындай жәйді біле тұра онсызда тірлігі тағдыр тәлкегіндегі қандастарымыздың көліне күл шәшіп, көңіліне кірбең салғанымыз қай ақылдының ісі?.
Қазақстан күні ертең әлемдік өреде қазақ елі болып танылып, өзінің ырықты орнын сақтап қалу үшін мемелекет жан санының негізгі бөлігі қазақ ұлты болуы шарт. Олай болса, жас отанға жас ұрпақтан үміт күтіумен бірге, шет елден есейіп жеткен қандастарымызға неге тыйымды қамқорлық етіп, қара шаңырақ астына алмасқа? Неге шетке ағылған көп мұнайдың аз бөлігін іркіп солардың қамын ойламасқа?. Неге кең даламыздан жәйлі орын беріп, ойынхана мен шетелдік шенеуніктер қаптаған қаламыздан солардың есебіне баспана беріп, бауырға баспасқа?. Неге тіл тағдыры-ел тағдыры деп ұрандатқанымыз да арына ана тілін арқау еткен, таза қазақ тілді қандастарымызды үкімет қызыметтеріне араластырмасқа? ...Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы егемен елімізден солар үшін не көмек көрсетіп, жақсылық жасасақта жетер үлес бары анық. Тек қазаққа қазақ мейірін төге білсе.
Жоғарыдағы әңгімелерден шет елден отаным деп оралған қандастарымыздың барлығы үкіметке алақан жайып, арқа сүйеп отыр деген ой келіп шықпайды. Өз табан ет, маңдай терімен еңбек етіп, баспана алып, бақытын тауып, бағытын түзегендерде жетерлік. Әрине, барлығының жағдайы ондай мүмкіндікке жете бермесі белгілі.
Әрқашан Отан тұтастығы мен ұлт тағдырын назарынан тыс қоймайтын ел ағалары, ендігі кезекте де жерім деп жетіп, елім деп енші сұраған қандастарымызға қамқорлығын асыра түсер деп сенеміз.
Авторы: Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ
213 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|